Апаты көп облыстар әкімге қарық болды

Осы аптада әкімсіз қалған екі облыста жаңа тағайындаулар болды. Президент Жарлығымен Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының, Берік Уәли Абай облысының әкімі болып орнықты.
Бұған дейін бұл өңірлердің басшылары 14 ақпанда орындарынан босатылған еді. Үш күннен кейін Ермек Көшербаев үкіметтен қызмет тауып, премьер-министрдің орынбасары болып шыға келді де, Абай облысын басқарып келген Нұрлан Ұранхаев әзірге жұмыссыз қалды.
Ермек Көшербаев әкім болған бір жарым жылда өңірде бірнеше апатты жағдай болды. Шығыстағы жыл сайынғы су тасқынын айтпағанның өзінде адам өліміне апарған оқыс оқиғалар ел есінен шыққан жоқ.
Былтыр 31 тамызда Ертіс шахтасында төрт адамның денесі табылды. Шахтаның екі қызметкері мен мердігер ұйымның тағы екі жұмысшысы газдан уланып, көз жұмды. Тап сол 1 қыркүйекке қараған түні Артемьев шахтасында тағы бір мердігер ұйымның жұмысшысы ауыр жарақаттан қайтыс болды.
Одан кейін желтоқсанда Риддер жылу электр орталығындағы жағдай және бар. Онда да жөндеу жұмыстарымен дәнекерлеп жатқанда жазатайым оқиға болып, 6 адам зардап шекті. Облыс әкімі өзі барып, жағдайды бақылауына алғанын мәлімдеді.
Алайда жеке бақылауына алу мәселенің шешімі болса, қанеки?! Жалпы еліміздегі ЖЭО-лардың мүшкіл жағдайы әмбеге мәлім. Оның ішінде тап осы Риддердегі нысанның да жақсы жұмыс істеп тұрғаны шамалы. Бір қызығы, 2022 жылы жылыту маусымы басталған шақта бірнеше апатты жағдай болғаны бар. Соны жөндеуге мемлекет қыруар шығындалып, қазынадан жалпы құны 9 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды.
Сөйткен ЖЭО-ны кейін 2023 жылы жекеменшікте ұстап отырған компания мемлекетке тегіннен-тегін сыйлай салды. Жөндеуден көз ашпай, пайда бермейтін нысанды кім қажет етсін?! Табысынан шығыны көп ЖЭО сөйтіп жергілікті коммуналдық меншікке өтті.
Осынша ауыртпалықты екінің бірі мойнына ала қоюы да екіталай. Даулы істің бәрінде жүретін орынбасарлар осындайда таптырмас кадр емес пе?! Екі жылдан аса бірінші орынбасар болып келген Нұрымбет Аманұлы осылай апаты көп өңірдің бар жауапкершілігін мойнына алып отыр.
Ал Абай облысы құрылғалы бері 3 жылдан аса басқарған Нұрлан Ұранхаевтың орнына Берік Уәли жайғасты. Осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі рет баспасөз хатшысы болған ол бұған дейін Жамбыл облысында ішкі саясат басқармасын басқарғаны, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің жетекшісі, ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы болып істегені болмаса, еш жерде әкім болып көрмеген. Оның орнына «Қазақстан» ұлттық телеарнасында ток-шоу жүргізіп, «Хабар» агенттігін басқарғаны елге жақсы танылған.
Сөйткен Берік Уәли 2023 жылы маусымда ел тарихындағы ең үлкен орман өрті болған облысты басқаруға бара жатыр. Барлығы 15 адамның өмірін жалмап, содан кейін елімізде орманшылар мәртебесі заң бойынша қайта қаралғаны белгілі.
Ерекше айта кетерлігі, сол орасан зардап әкелген орман өрті болып жатқанда облыс әкімінің 20 жастағы қызының Cartier браслетін тағып, Hermes сөмкесін ұстап, Францияның әйгілі Куршавель тау-шаңғы курортында демалып жүрген суреттері әлеуметтік желілерде тарағаны жұрт есінде.
Екі әкімге де ендігі ортақ мәселе – уақыт белдеуінің өзгеруінен ұйқысы ауысқан жұрттың тілін табуға тура келеді.
Бекбол Амангелді