Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:28, 17 Тамыз 2021

«Әпетиті» сұмдық: 80 миллион теңге пара

None
None

Шенеуніктер жемқорлықтан рекорд жаңартып жатыр

Былтыр ТМД-ның мәдени астанасы атанған Шымкенттегі мәдениет басқармасының басы даудан арылмай тұр. Бұған дейін қалалық мәдениет үйінің директоры, белгілі әнші Сәкен Майғазиев тіркелмеген Демократиялық партияның белсендісі Аружан Дүйсебаеваның үстінен сотқа арызданған болатын. Бұл істің мән-жайы биыл Шымкентте Наурыз тойын тойлауға бөлінген 575 миллион теңгемен, белсендінің ютуб желісінде осыған қатысты жариялаған видеосымен байланысты.

Жуырда әнші сотқа берген арызын қайтарып алды. Инстаграмдағы парақшасында Сәкен Майғазиев осы сотқа қатысты 15 минуттық видеоүндеу жолдады. Онда әнші біреуге жала жабудың үрдіске айналғанына, оған көпшіліктің еріп кете салатынына қынжылыс білдірді. Ол видеода Аружанның әкесімен жасты өзіне «сен» деп сөйлегенін, «сайқымазақ», «жемқор», «құрметсіз» деп атағанын алға тартты. «Қаршадай қыз қасықтап жинаған абыройымды төге салды, ал сіздер оған сене саласыздар, мен соған таңғаламын», – деді әнші.

Сәкен Майғазиев Шымкентке атақ, байлық, мансап қуып келмегенін, қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенованың шақыртуымен барғанын, ал Наурызға бөлінген қаржы қала әкімінің бастамасымен, оның бірінші орынбасарының қостауымен, мәслихаттың мақұлдауымен, мәдениет басқармасы басшысының берген тапсырмасымен қаралғанын алға тартты. Сот қос тарапқа бітімге келуді  ұсыныпты. Алайда олар ортақ мәмілеге келе алмаған. Әңгімесінің соңында Сәкен Майғазиев үстінен ешқандай қылмыстық істің қозғалмағаны туралы антикордың хатымен таныстырды. 

Ал Аружан Дүйсебаева сот барысында видеосын әлеуметтік желіден өшірмейтінін, ешкімнен кешірім сұрамайтынын мәлім еткен. Ол кейінірек инстаграмдағы парақшасында: «Соңына дейін бармадық па? Әлі менің сөздеріме сараптама қорытындысы шығуы керек еді ғой? Жала жабуға жата ма, жоқ па? Неге оны күтпедіңіз?» – деп, соңында «Не болса да, Сәкен Майғазиев жеңілді» деп жазыпты.

Бізге белгілі болған мәліметтерге қарағанда, Сәкен Майғазиев Аружан Дүйсебаеваның үстінен жекеше айыптау арызын Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотына берген. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің «қорлау» бабымен жекеше айыптау қылмыстық ісі қозғалған. Сот отырысы Майғазиевтің келмей қалуына байланысты екі рет кейінге қалдырылған. 10 тамызда Майғазиевтің жекеше айыптаудан бас тартуына байланысты сот өндірісі тоқтатылған.

  Майғазиев сотқа арызды не үшін берді? Шамасы, өзінің «жерде жатпағанын», әлеуметтік желіде үдеп бара жатқан айыптаулардан басын арашалап алу үшін берген болуы мүмкін. Олай болса, арызынан неге бас тартты? Майғазиев бұл істен нәтиже шығатынына, дәлірегі Аружан Дүйсебаеваны қылмыстық жауапқа тарта алатынына күмәнданған сияқты.

Осы даулы іске нүкте қойылмай жатып сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі телеграм каналы арқылы Шымкент қаласы мәдениет басқармасының лауазымды тұлғаларының «аса ірі көлемде пара беруге әрекет жасады» деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. «Олар мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 80 миллион теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара беруге әрекет жасады деген күдікке ілінген. Аталған тұлғалар ұсталып, Шымкент қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген ресми ақпаратта.

Алайда артынша Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мекемеде еңбек демалысында жүрген үш маманнан басқа қызметкерлердің түгелдей, соның ішінде лауазымды тұлғалардың да жұмыс орнында екенін хабарлады.

Жұртшылықты екіұдай пікірде қалдырған істің мән-жайы әлі анықталған жоқ. Елді жаңылыстырып отырған кім? Антикор ма, әлде мәдениет басқармасы ма? Білдей басқарманың лауазымды қызметкерлері «сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады» деген күдікпен ұсталып, қамауға алынады. Берілмек болған параның көлемі 80 миллион теңгені құрайды. Мұндай оқиғаны басқарма басшыларының білмеуі мүмкін бе? Мүмкін емес шығар. Бірақ антикордың фактілерді ойдан қиыстырмайтыны да айдан анық қой. Біз осы жөнінде антикордың Шымкент қаласы бойынша департаментімен хабарласып, мән-жайды сұраған болатынбыз. Ондағылар агенттіктің таратқан мәліметі ресми екенін, оның өтірік болуы мүмкін емесін айтып отыр. Жұма күні Шымкент қаласы сотының баспасөз қызметіндегілермен байланыстық. Ондағылар тергеу сотымен мәдениет басқармасының қызметкерлеріне қатысты қамауға алу жөнінде ешқандай санкция берілмегенін мәлім етті. Қысқасы, шым-шытырық жағдай.

Егер 80 миллион теңгеге қатысты қылмыстық іс айыптау үкімімен аяқталса, жазалау шаралары басқарма басшыларын да айналып өтпейді. Ең қызығы, аса ірі көлемде парамен тоқтатылатындай бұл неғылған іс? Наурыз тойын тойлауға бөлінген қаражатқа қатысты емес пе?

Жалпы, оңтүстіктің шенеуніктері биыл сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша рекорд жаңартып жатыр. Жуырда Түркістан облысы Келес ауданында бір бөлім басшысының 30 миллион теңге парамен ұсталып, сотталғанын жазған едік. Өңірде осыншама көлемде парамен ұсталу бұрын-соңды кездескен емес. Мамырда антикор Түркістан облысы әкімінің бір орынбасарынан қорғануға құқығы бар куәгер ретінде жауап алды, ақыр аяғында орынбасар қызметінен кетті. Енді, міне, 80 миллион теңге пара. Шымкенттік шенеуніктер алуды ғана емес, беруді де қатырады екен.  

 Иә, пандемия кезіндегі атқамінерлердің «әпетиті» сұмдық!

Тегтер: