Апыл-ғұпыл зерттеу: Үкімет уақыт белдеуінен де жүйрік боп тұр

Қазақстан жаңа уақыт белдеуіне ауысқалы бері дау-дамайға тоқтау болмады. Былтырдан бері үкімет пен қоғам арасында қызу тартыс жүріп жатыр. Қазақстандықтар уақытты кері қайтару үшін 50 мыңнан астам қол жинап, петиция да жариялады. Бірыңғай уақыт белдеуі үшін үкіметті сотқа бергендер де болды. Жаңа уақыт белдеуінің адам денсаулығына кері әсерін тізіп, дәлелдеп шыққандар да бар.
Осының барлығын ескере келе биыл жыл басында сауда және интеграция министрлігі уақытты ауыстыру бойынша арнайы комиссия жұмыс істеп, зерттеу жасайтынын, бұл бастаманың қазақстандықтарға зияны бары немесе жоғы сол жұмыс аяқталғаннан кейін нақтыланатынын айтқан. Күні кеше сол комиссия өз жұмысын аяқтапты. Зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша уақыт белдеуінің өзгеруі халықтың өміріне ешқандай теріс әсер етпеген. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев осылай мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, уақыт мәселесін зерттеуге медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология салаларындағы ғылыми-зерттеу институттары, салалық сарапшылар, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары және мүдделі тұлғалар қатысқан. Зерттеу барысында бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына, энергия тұтыну және еңбек өнімділігінің әсеріне мониторинг жүргізілген. 40-тан астам метрика мен көрсеткіштерді қамтитын уақыт белдеуінің өзгеруі халықтың денсаулығына, энергия тұтынуға, еңбек тиімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, жол көлік оқиғалары көрсеткішіне, қылмысқа және басқа оқиғаларға әсерін бағалау бойынша зерттеу әдістемесі бекітілген. Энергия тұтыну бойынша ең жоғары жүктемелердің әсері бағаланған. Еліміз бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерде электр энергиясын тұтынудағы статистикалық салыстыру жұмыстары жүргізіліпті-міс. Еңбек қызметі бойынша да талдау жұмыстары атқарылған. Нәтижесінде уақыт белдеуінің ауысуынан халықтың өміріне ешқандай зиян жоқ, бұл бастаманың теріс әсері жоқ деген шешім шығарылған. Бұл шешімді мәжілісте шаттана жеткізген Шаққалиев комиссияның осы зерттеуі «даулы мәселенің нүктесін қойды» деп есептейді. Алайда сарапшылар да, қоғам да бұл даудың соңы емес деп санайды.
Түс ауғанда шам жағу
Бірінші кезекте сарапшылар уақытты өзгерту арқылы үкіметтің шикі шешім шығарғанын, енді оны қайта бұрынғы белдеуге өзгертсе, бастамашыл топ өз қателігін көпке жария еткендей болатынын, сондықтан да сауда және интеграция министрлігі «уақыттың өзгергені бақытқа жетуге кедергі емес» дегендей кейіп танытатынын айтады. «Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова ең алдымен осы зерттеу жұмысының өзіне біршама қаражат кеткенін мойындау керек дейді.
«Естуімше, денсаулық сақтау саласына қатысты зерттеу жұмыстарына ғана 160 млн теңге қаражат сұралған. Мұны үкімет қанағаттандырды ма, жоқ па, оны білмеймін. Бір білетінім, бұл зерттеу жұмыстары арзан тұрмайды. Бірыңғай уақыт белдеуі мәселесі әлемдік география мен экономикадағы маңызды факторлардың бірі. Уақыт белдеуінің басқарылуы әлеуметтік, мәдени, экономикалық салаларға әсер етеді. Мысалы, уақыт ауысқалы Қазақстан Ресейден электр энергиясын көбірек сатып ала бастаған. Былтыр жоспардан тыс 1,9 млрд кВт/сағат импортталыпты. Бұл алдын ала болжанған көлемнен 1,5 есе көп. Ең қиыны, еліміз Ресейден бұл электр қуатын қымбатқа сатып алған. Мұны энергетика министрлігі «уақыттың өзгеруіне байланысты емес» деп шаң жуытпайды. Алайда бір жылда елімізде халық саны күрт өсіп, кәсіпорындар көптеп салынып, индустриямыз дамып, зауыт-фабрикалар ашылған жоқ қой. Сонда бұл қайдан шыққан сұраныс?! Мұның уақыт белдеуіне тікелей байланысты екенін министр түгілі, қарапайым халық та біліп отыр. Түскі сағат 16:00-де күн қараңғылана бастаса, электр жарығын жақпай отыра алмаймыз ғой. Шығыс Қазақстанда тіпті түскі 15:00-де күн батып жатады. Үкімет Ресейден сатып алынған әр кВт үшін 30-50 теңгеге дейін көбірек қаражат төлеген. Енді сол шығынды жабу үшін биыл жыл басынан бастап тарифтерді қымбаттатып қоя берді. Сонда бір ғана уақыт белдеуін өзгертеміз деп осынша ұтылдық. Ал оның «халыққа әсерін зерттейміз» деп бюджеттен тағы да қаржы шығындадық. Уақыттың өзгеруіне қатысты бастаманың денсаулыққа кері әсері барын медицина мамандары да айтып жүр. Бірақ үкімет өз дегенінен қайтар емес. Негізінде, мұндай зерттеулер ең кемі үш-төрт жыл жасалады. Біз бір жылда-ақ зерттеп тастадық. Басқа істерді тындыруда да атқамінерлерде осындай шапшаңдық танытса қанеки», – дейді экономист.
Айтса айтқандай, 2024 жылы елде электр энергиясын тұтыну деңгейі 4 пайызға өскен. Энергетика министрлігі мұндай өсімді халық санының және экономиканың өсуімен байланыстырады. Министрліктің бізге берген дерегінше, уақыты бір сағатқа артқа жылжымаған еліміздің Батыс аймақтарында электр энергиясын пайдалану былтыр 10,4 пайызға артқан. Оның себебін былтырдан бері бұл аймақтарда инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанымен түсіндіреді.
Министр Алмасадам Сәтқалиев «елдің энергия тұтыну деңгейінің өскенін уақыт белдеуінің өзгеруімен байланыстырмау керек» деп есептейді. Ал уақыттың өзгеруінің халыққа әсерін зерттеген ғылым және жоғары білім министрлігі зерттеулерге мамандар айтқандай қомақты қаражат кетпегенін айтып ақталуда. Бұл жайында министр Саясат Нұрбек уақыттың өзгеруін зерттеу жұмыстарына сұралған 161 млн теңгені конкурс жариялаған кезде оны қайта қарап, 60 млн теңгеге қысқартқан. Артынан бұл байқауды өткізбеу туралы шешім қабылданып, бюджеттен бөлінген қаражат игерілмей қалған. Зерттеу алты бағыт бойынша, ғылыми институттар, энергетика министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі, әкімдіктер, еңбек министрлігі, сондай-ақ бірнеше мамандандырылған ведомстволар есебінен жүргізілген.
Жұмысты 8-де бастап, 9-ды күту
Осылайша, Арман Шаққалиев, Алмасадам Сәтқалиев, Саясат Нұрбек үшеуі уақыт белдеуінің өзгеруін барынша қорғаштап отыр. Ал мәслихат депутаттары «өңірлер өзінің айырмашылығына байланысты жұмыс кестелерін ауыстыруға болады» деген бастаманы қолдап отыр. Осыған байланысты қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самара, Күршім аудандары жұмыс кестесін таңғы 8-ден кешкі 5:30-ға дейін өзгертті. ШҚО әкімдігі де, аймақтың мәслихат депутаттары да (оларда қайбір таңдау бар!) «ерте басталатын жұмыс күні азаматтарға кешке жеке істерімен айналысуға мүмкіндік береді, табиғи жарықты тиімді пайдалану арқылы электр қуатын тұтыну төмендейді. Жарық уақытта жұмыс істеу тиімділікті жоғарылатады» деп ойлайды.
Хронобиолог Дана Өтегенова былай дейді:
«Әрбір әкімдік өзіне ыңғайлы уақытта жұмысын бастап, одан оны ерте аяқтап отырса, бұдан уақыт белдеуін ауыстырғаннан не пайда?! Онда «уақыт белдеуін ауыстырдық» деген аты ғана болады. Әр аймақтың жұмысты әртүрлі бастауы ішкі саясатымызға да әсер етері даусыз. Шығыс Қазақстанда жұмыс сағат таңғы 8.00-ден басталса, басқа аймақта 9:00-де басталса, шығыстағы азаматтар басқа аймақпен байланыс орнату үшін, құжат жіберу үшін сағат тоғызды күтуі керек пе?! Бұл жайт барлық аймақтардың жұмысты таңғы сегізге ауыстыруына әкеліп соқтырмай ма?!
Уақыт белдеуіне ауысудың өзінің тарихы бар. Мысалы, 2017 жылы үш американдық Джеффри Холл, Майкл Розбаш және Майкл Янг уақыт белдеуіне байланысты зерттеуі үшін Нобель сыйлығын алған. Олар өсімдіктердің, жануарлардың және адамдардың биологиялық ритмінің уақыттың өзгеруіне қалай бейімделетінін зерттеген. Ғалымдар дәлдікпен біздің ішкі сағатымызды, физиологиямызды, гормондардың деңгейі, ұйқы, дене температурасы және метаболизм сияқты маңызды функцияларды реттеген. Тағы бір мысал, аумағы алақандай ғана Франция 12 уақыт белдеуіне ие. Бірақ француздар табиғи уақытпен жүруге құлықты емес. Себебі француздар «уақытта айырмашылық болса, Еуропа елдерімен экономикалық байланысымыз кері кетеді» деп есептейді. Осы себепті сағат тілін Еуроодақ серіктестерімен сәйкес етіп, француздар ортақ стандартты сағат енгізген. Әртүрлі уақыт белдеулерінде орналасқан тағы бір ел – Қытай. Бұл елде меридиан сызығында 5 уақыт белдеуі бар. Қазір қытайлар бірыңғай стандартты «Бейжің» уақытымен жүреді. Еуропа елдерінің барлығы бір уақыт белдеуін қолданады. Үндістан, Непал, Иран серіктес елдерінің ыңғайына қарап, уақыт белдеуін қолданысқа енгізген. Уақыт белдеуінің кенеттен өзгеруі ағзаны күйзеліске шалдықтырып, бұл өз кезегінде жүрек-қан тамырлары жүйесіне кері әсерін тигізетінін мамандар айтып жүр. Ал біздің министрлер халықтың осы уақытқа үйреніп кетіп, тынышталуын күтіп жүр».
Нутрициолог Қарлығаш Атеева да адамның ағзасы мен асқорыту жүйесі уақыт белдеуіне байланысты жұмыс істейтінін растайды. Маманның ойынша, әрбір 1 600 км сайын уақыт белдеуі ауысып отыруы керек. Себебі батыстың уақыт белдеуі шығыстың тұрғындарына сай келмейді. Уақыт бір сағат артқа жылжығанда халықтың күн энергиясын тұтыну деңгейі төмендейді.
«Сәйкесінше күннен алатын серотонин гормоны мен Д дәрумені азаяды. Ғалымдар белдеу сағатынан озық жүру не қалыс қалу «джетлаг» синдромына шалдықтыруы мүмкін екенін айтады. Мұндай синдром кезінде адамның ұйқысы қанбайды. Үнемі шаршап, жүйкесі жұқарып жүреді. Бұдан обыр, диабет, қан тамырлары жүйесі аурулары туады. Әсіресе қатерлі ісікке шалдығу қаупі 15 пайызға артады. Мұны америкалық ғалымдар дәлелдеген. Мұны ескерместен бастама енгізу қате шешім болды», – дейді нутрициолог маман.
Сауда министрі Арман Шаққалиев шешім қабылданып қойғанын, өзінің ол шешімді «ешқашан қате шешім деп санамайтынын» былтырдан бері айтып жүр. Сөйте тұра, «бұл бастаманы әлі үш жыл зерттейміз» деп те айтқан. Яғни биылғы зерттеуі де, бұдан кейінгілері де (зерттесе!) шартты түрде ғана өтеді деген сөз. Министрдің өзі «қате шешім емес!» деп міз бақпай тұрса, «зерттеушілердің» аузы қайда қарап қисаяры белгілі ғой. Сондықтан Шаққалиев жұмыстан кеш батпай қайтқыларың келсе «таңғы бестен жұмысқа кірісіңдер» десе де таңғалмаңыз.
Қарлығаш Зарыққанқызы