Апорт алмасы азайып барады
Алматының эталонына айналған апорт алмасының бүгінгі жайы мен болашағына қатысты мәселелер талқыланды.
Алматы облысы Талғар ауданында өткен Garden Day-Aport шарасына сала мамандары, ЖОО, ҒЗИ басшылары, агробизнес өкілдері және халықаралық сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысты. Олардың жалпы саны 200-ден асады. Соның ішінде Болгария, Польша және Түркиядан қонақтар келген. Алмалық ауылындағы Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Талғар» өңірлік филиалы базасында көрме ұйымдастырылып, баяндамалар жасалды, талқылаулар өтті.
Апортты алманың ең көне сорты деп айтуға да болады. Ол осыдан ондаған ғасыр бұрын Еуропаға тарап, одан кейін Америкаға жеткен. Бертін келе Украинаға, ары қарай Ресейге де тарады. Апорт қысқа төзімді, жемісі сапалы сорт ретінде танылғандықтан сұранысқа ие болғаны сөзсіз. 1865 жылы Верный қаласына отбасымен көшіп келген Егор Редько Жетісу тауларындағы жабайы алма мен апортты теліген. Содан бастап апорт Жетісу өңірінің символына айналды. Статистикаға келер болсақ, 1945 жылдары апорт бақтарының көлемі 3700 гектарды құраса, 1970 жылғы есеп бойынша 18 000 гектарға жеткен. Кейіннен маусымдық қолайсыздықтардың кесірінен елдегі бақтар өле бастаған. Мәселен, 1984 жылы небәрі 7000 га бақ қалды. Ал 2023 жылғы есептер бойынша бар болғаны 2458 га қалған. Осы мәселені шешу мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігі зерттеулерді қаржыландырып, бірнеше жобалар бастаған. 2011-2012 жылдары «Байоверсити», «ПРООН» халықаралық жобалары жүргізіліп, апорттың іріктелген 115 клонынан коллекция құрылды. Одан бөлек, Қазақ өсімдік қорғау және карантин институты мен Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты сиверс алмасы мен апортты зерттеу жұмыстарын қолға алған. Жоғарыда аталған Garden Day-Aport шарасында сол зерттеулер туралы баяндамалар жасалып, талқылаулар өтті. Қазақстанда бау-бақша шаруашылығын дамытуға арналған шарада апортты жаңғырту, сақтау мәселесі көтеріліп, бау-бақша және ауыл шаруашылығындағы озық технологиялар таныстырылды. Әсіресе генетикалық зерттеулер мен қазіргі биотехнологиялар жағы назарға алынды. Одан соң, Қазақ жеміс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Талғар» филиалында бес гектар жерге апорттың Алматы және Қанды-қызыл сорттарының аналық көшеттері отырғызылды. Бұл көшеттер апорттың 115 түрінің ішінен дәмі мен ауруға төзімділігі бойынша ең үздіктерін іріктеу арқылы алынған деді мамандар. Көшеттерді отырғызу кезінде институт ғалымдарының әзірлеген технологиясы қолданылған. Бұл тұқымбақ болашақта сау апорт көшеттерін өсіруге көмектеседі. Зерттеулер туралы Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Талғар филиалының директоры Сағи Сайранұлы былай дейді:
«Апорт сортын қайта жандандыру ғылыми негізделген көзқарасты талап ететін шаруа. Зерттеулер нәтижесінде Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауынан жабайы алма популяциясының 30 формасы жинақталды. Олар әртүрлі вирустардан «сауықтырылды». Алынған көшеттерді 2015 жылы помологиялық тәжірибелік баққа отырғыздық. 2022 жылы алғашқы өнім алынды. Жоғарыда айтылған ғылыми жұмыстар оң нәтиже көрсетті. Демек, алдағы уақытта жұмысты одан әрі жандандыру арқылы көне сорттарды да қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бар деуге әбден болады. Ал болашақта жабайы алманың генетикалық қорын кешенді және жетік зерттеу жұмыстарын қолға алып, қажетті формаларды іріктеу, селекциялық жұмыстар жүргізу қажет. Сондай-ақ қолданбалы ғылыми жұмыстардың саны мен сапасын арттырғанымыз жөн. Әсіресе апорттың, құнды клондарын іріктеу және коллекция құру, аналық бақтары мен ағаштарын көбейту, селекциялық үрдістерді күшейту маңызды».
Иә, апортқа «қамқор болу» мен ғылыми тұрғыда тиянақты жұмыс істеуге қажеттілік бар екені сөзсіз. Соңғы есептерге сүйенсек, өткен жылы Қазақстан 251,5 мың тонна алма өндірген, оның 98,5 мың тоннасы импортталған. Биылғы бірінші жартыжылдықта 40,9 миллион долларға 94 мың тонна алма импортталған. Алайда Қазақстанның алмаға сұранысы 300-320 мың тонна да, өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 60 пайыз ғана. Бұдан бөлек те, бау-бақша шаруашылығын дамыту елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикасы үшін маңызды. Оны жауапты министрлік те жиі айтады. Сондықтан бағбандарға жан-жақты қолдау, инвестициялық субсидиялар артпақ.
Ақжол Мейірбек
Алматы облысы