«Ақ берік» сенімді ақтай ма?
Ұлт ұясы – Ұлытау өз күнін өзі көруге қадам басты. Апта аяғында жаңадан жасақталған облысқа да тосын тағайындау бұйырды.
Өңірге Берік Әбдіғалиұлының басшылыққа келуі – ұлытаулықтар үшін күтпеген сый болды. Біз тілдескен жұрт осылай деп қуанып отыр. Айтпағымыз бұл емес, алдымен мәселені неден бастау керек екені маңызды. Ұлытау аймағының бюджетін жаңадан жасақтау, әкімдікке жаңа кадрлар іріктеу, өңірдің экономикалық-әлеуметтік ахуалын құру, инвестиция тартудың тетігін қалыптастыру, инфрақұрылымды жаңарту, ауыл шаруашылығын көтеру, туризмді дамыту, руханият әлеміне серпіліс әкелу секілді тыңнан жол салатын шаруалар шаш-етектен.
– Еншісін алған облысты түлету күрделі іс. Жаңа аймаққа әкім боп келген тұлғаның қарымы жоғары. Ол сол өңірдің артықшылығы мен кемшілігін жақсы білетін азамат. Жаңа басшы Ұлытаудың барын көрсетіп, тапшылығын жойып, халық сенімін ақтайтынына кәміл сенемін. Жезқазған мен Ұлытау десе, алдымен алпауыт «Қазақмыс» корпорациясы ауызға ілінеді. Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорынның бұл аймаққа жасаған көмегін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ табиғи байлық кез келген сәтте таусылатыны анық. Демек, дайын қазынаға арқа сүйеуге әсте болмайды. Сондықтан келешекте Ұлытауда шағын және орта бизнестің түрі мен нысандарын көбейтіп, туризмді ілгерілету тетігін дамыту керек. Ал бұл орайда, Ұлытау тарихи-мәдени мұраларымен-ақ өңірді әлемге танытуға мүмкіндігі зор, – деген пайымда Аmanat партиясының Қарағанды облыстық атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков.
Қарағандылық қоғам қайраткері, Ниқан Омархановты кезінде Ұлытау ауданының халқы әкімдікке қалап шақырыпты. Бірақ оған бұл аймақты басқару бұйырмаған екен. Қарт саясаткер дербестік алған өңірдің бұрынғы проблемасы енді өзектілігін жаңғыртатынын айтуда.
– Жаңа басшыға ең алдымен құрылымдық мәселелерді шешу керек. Ең бастысы, маңайына іскер, елге жанашыр, жұмысқа адал, білімді, ұлтжанды кадрларды жинау үлкен сын. Бұл келешек жұмыстың шешуші бағыты деп түсінген жөн. Ондай азаматтар Жезқазған мен Ұлытауда бар. Екіншіден, бюджет қаржысын елге пайдалы етіп жұмсалуды тікелей бақылауда ұстауға міндетті. Сонымен қатар кенжелеп қалған ауыл мен ауыл шаруашылығын дамытуға басым көңіл аударған жөн. Шалғай өңірдің аумағы ауқымды, магистральды жолдардан шет қалған. Өңірдегі өндірістер қалыптасқан. Сондықтан көрші аймақпен іскерлік қатынас орнатып, экологиялық мәселелерді қатаң бақылауда ұстау қажет, – дейді тәжірибелі саясаткер Ниқан Омарханұлы.
– «Жезқазған облысы жабылған кезден бергі түйткілдер көп. Мәселен, «Жезқазған-Қызылорда» көлік жолы кеңес кезеңінен бері жөнделген жоқ. Қаражал мен Жәйремде ауыз судың кәріз жүйелері тозығы жетіп тұрғанына 20 жылдан асты. Оны қайта жабдықтауға 1 жарым млрд теңге қаржы керек. Жалғыз Жәйрем қаласында 11 мың халық тұрады. Негізі жобалық-сметалық құжат әзір тұр. Былтыр республикалық қазынадан 100 млн теңге қаражат бөлініп, ақша түскелі тұрғанда, облыс мәртебесі беріледі деп тоқтау салынды. Одан кейін, Жезқазған мен Қаражал халқын қан қақсатып келе жатқан қиындықтың бірі – емдеу мекемелерінде білікті дәрігер тапшы. Бұрынғы мамандар Қарағанды мен Нұр-Сұлтан қалаларына көшіп кетті. Келесі мәселе, Қаражал мен Жәйремге жаңа тұрғын үйлер салуды жандандыру керек-ақ. Жаңа әкім Берік Әбдіғалиұлы осы бастамаларды ілгерілетуге ықпал еткені абзал», – деген пікірде Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Марлан Шамбұлов.
— Үкімет мүшесі ілгеріде Жезқазған қаласына жетекшілік етті. Кейін Ұлытау ауданында екі мәрте әкім болғанда бірлесіп жұмыс істедік. Ол Жезқазған, Сәтбаев қаласының ахуалы мен ерекшеліктерін жақсы біледі. Осы тұрғыда, Әбдіғалиұлы Мемлекет басшысының таңдауына ілінген лайықты лауазым иесі деп айтуға болады. Жаңа әкімді қаржылық- экономикалық пұшпақтан әкім орынтағында болған кезде жинаған тәжірибесі алып шығатынына сенімдімін. Оған дәлелім бар. Кеше аудандық, облыстық және қалалық деңгейдегі Ұлытау облысы мәслихаттарының жиналысы өтті. Әкімдікке екі үміткер депутаттар алдына шығып, бағдарламаларын жариялады. Сондағы Берік Әбдіғалиұлының су жүйесін жөндеу, жол қатынасын реттеу, сыртқы аймақтармен байланыс орнатуға байланысты көкейге қонымды жоспары халық қалаулыларының көңілінен шығып, басым дауысқа ие болды. Жалпы Ұлытау өңірінің халқы әкімдеріне үлкен сенім білдіріп отыр, –дейді «Ұлытау» газетінің құрылтайшысы, жазушы Ахат Құрмансейітұлы. Өңірдегі ахуалды қалыптастыру жаңа әкімнің іскерлігі мен қырағылығына сын болмақ. Енді таныс та, бейтаныс – Берік Әбдіғалиұлын сіз бен біз басқа қырынан көретін боламыз.