Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:48, 28 Қараша 2020

«Ақ боз үй» Жаңақорғанда түсірілмек

None
None

Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясы ойлы оқырманға жіті таныс

Белгілі қаламгер, «Ақ боз үй» трилогиясының авторы Смағұл Елубаев Жаңақорған жеріне арнайы келді.  Бұл туралы басылымның байырғы тілшісі Қаныбек Әбдуов фейсбук парақшасында мәлім етті.

«Жәй келмеді, қаламгердің бұл сапары үлкен мақсатты жүзеге асыруға бағытталыпты» дейді жазбасында.

«Жазушы, драматург аудан әкімі Руслан Рүстемовтың қабылдауында болып, шығармашылық тұрғыда өзара пікір алысты. Алда атқарылар жоспарларымен бөлісті. Оның ішінде ең ауқымдысы Жаңақорған жерінде «Ақ боз үй» романы желісімен көркем фильм түсіру екен. Фильмнің сюжетіне ауданның киелі жерлері, әсем табиғаты сәйкес келеді. Сондай-ақ ұлттық құндылықты сақтап қалған, қазақы ауданның тыныс-тіршілігі де фильмге өздігінен сұранып тұр».

– Мынадай ауқымды істің біздің аудан көлемінде атқарылғаны, көркем фильм ауыл өмірін, ондағы халықты арқау еткені әрине қуанышты оқиға. Ендігі жерде біз өз тарапымыздан кино түсірушілерге қолдау көрсетуге тиіспіз, – деді аудан басшысы.

Бұған дейін 12 көркем фильмге сценарий жазған Смағұл Абатұлының «Сұрапыл Сұржекей», «Аңшы бала» фильдері кинофестиваль жүлдесіне ие болғанын білеміз. Ал, «Ақ боз үйдің» мәнісі бөлек. Ол – кешегі ашаршылық уақыттағы ауыр кезеңді суреттейді. Бүгін автор мен картина директоры және режиссері Қызылқұм беттің шағыл құмын аралап, ыңғайлы орындарды белгілеп жатыр» — дейді Қаныбек Әбдуов.

«Ақ боз үйге» келсек, ол өзінің көркем құрылымы, суреттілігімен де ерекшеленеді. Смағұл Елубайдың жазушылық шеберлігі осы шығармасынан айқын көрінеді. Романның жазылуына басты себеп – кеңес кезіндегі ашаршылыққа ұшыраған халықтың хал-ахуалы. «Асыра сілтеудің» ықпалы айбарлы аждаһадай ел ішін біршама күйзелтті. Ел басқарып отырғандардың осындай жұғымсыз қылықтарын, пасықтығын шынайылықпен көрсете келіп, әділеттілікке үндейді. Шығарма астары заманының жақсылары – білімді, парасатты дана адамдар, ел қамын жеген ерлер, береке-бірлікті ұстанған жандарды ұғындырады. Сол кезеңдегі елдің ауыр тұрмысын, халықтың басына түскен қиыншылықтарды, жұт болған ауыр жылдар қасіретін жазушы шынайылылықпен суреттеген. Мінекей, осындай ізденістер нәтижесінде «Ақ боз үй» трилогиясы жазылды. Романға арқау болған негізгі жағдай – 1930 жылдардың апаты, нәубетті заманның шырғалаңы.

Тегтер: