Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:04, 25 Қазан 2022

Aq jol өзінің ақ жолынан тайған жоқ

None
None

«Қос тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын» демекші, жамбылдықтар халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы мен өңір тарихының шежіресіне айналғанЖамбыл баспасөзінің киелі қара шаңырағы — Aq jol газетінің 100 жылдығын қатар тойлады.

Жыл басынан танымдық, тағылымы мол шаралармен бастау алған басылым мерейтойы Тараз төріндегі «Баласағұн» орталық концерт залында рухани сазды кешке ұласты.

Аймақтағы бас басылымның мерейтойына еліміздің әр түкпірінен арнайы келген қаламгерлер мен жамбылдықтар, алдымен, Aq jol газетінің фототілшісі Ақәділ Рысмаханның «Таспада қалған тарих» атты фотокөрмесін тамашалады. Мұнан соң газеттің ардагері Тұрсынхан Толқынбайұлы құрастырған Aq jol-дың бір ғасырлық шежіресін қамтитын «Ғасыр шежіресі» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Салтанатты шарада ғасырлық тарихы бар газеттің ғибратты жолына арналған арнайы бейнефильм көрсетілді. Бұл ретте, басылымда ізі қалған қаламгерлердің есімдері аталып, еңбектері айтылды. Жиында сөз алғандар арасынан ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанның сөзі әсерлі шықты.

«Тәуелсіздікті жақындатқан да осы қаламгер қауым. Қазір ақпараттық кеңістіктің сүйкімі кеткен заман. Блогер дейтін, көрінген такси жүргізушісі де, аула сыпырушысы да журналистің кәсібіне араласып жүр. Ал, шын мәнінде, ақ адал, жанкешті еңбек етіп жүрген дәстүрлі басылымдағы біздің кәсіби журналистер. Солар ғана шынайы деректі халыққа жеткізеді. Қызылаяқ қыр кешіп, жалаңаяқ жар кешіп, шіліңгір шілдеде, қақаған қаңтарда журналистер түнде ұйқы көрмей, күндіз күлкі көрмей, бала-шағасынан алыста жүріп өте ауыр еңбек атқарады. Оның еңбегі бірде өтеледі, бірде өтелмейді. Сондай кезеңде өтіп жатқан ғасырлық той өте үлкен тарихи күн. Сондықтан нағыз журналистердің мерейтойы құтты болсын», – деп тілек арнады.

Ән мен жырға, би мен күйге өрілген ғасырлық мерейтойды Aulieata-media жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Оралхан Дәуіт қорытындылады.

– Ең алдымен, біздің қуанышымызды бөлісіп келіп отырғандарыңызға үлкен алғысымды айтамын. Aq jol-дың тойы жылдың басынан басталып кетті. Мерейтой тек ас ішіп, аяқ босатумен шектелмесін деп біз жылдың басынан өскелең ұрпаққа өнеге боларлық іс-шаралармен ерекшеледік. Сол мақсатымыз орындалған сияқты. Және сол шараларға қолдау көрсеткен облыс басшылығына айтар алғысымыз зор. Қандай жағдай, қандай кезең болса да Aq jol өзінің ақ жолынан тайған жоқ. Қазір де басылым заманға сай болуға, оқырманның жүрегіне жол табуға барлық амалдарды қарастыруда. Алар асуы әлі алда, сіздерге Aqjol-дың жасын берсін, жолдарыңыз ақ болсын, – деді Оралхан Дәуіт өз сөзінде.

Басылымның ғасырлық мерейтойында қаламы қарымды әріптестеріміз марапат алып, мерейлері өсті.

Тегтер: