Ақ үйден шыққан Бозымбаев боз үйді менсінбейді
Ұлы математика ғылымында «қосылғыштардың орны ауысқанмен, қосындының мәні өзгермейді» деген аксиома бар.
Осы заңдылық біздің елдің саяси жүйесіне қатты ұқсайды. Өйткені отыз жыл бойы «қосылғыштардың» орнын ғана ауыстырып келеміз. Одан «қосындының» мәні өзгерген жоқ.
Жұмбақтамай, айтарымызды төтесінен қояйық. Халық мемлекеттен өзгеріс күтеді. Ал астана отыз жылдан бері бір әкімнің орнына екіншісін, бір министрдің орнына үшінші біреуін әкеліп отырғызуды реформа деп түсініп алған. Халық күткен өзгерістің, жақсылықтың бас-аяғы сол ғана.
Сөзімізге дәлел қажет болса, айта кетейік. Жуырда Алматы облысына Қанат Бозымбаев әкім болып келді. Аймақ басшысы келе сала облыстың әлеуметтік, экономикалық саласына реформа жасайтын шығар деп, ешқайсымыз дәмеленген жоқпыз. Үміттенген де жоқпыз. Өйткені ол – осы жүйенің «өнімі». Алайда Қанат мырза келісімен реформаны басқа жақтан бастады. Оны газетіміздің өткен санында сипай қамшылап жаздық. «Баталовтан қалған жиһаздарды пайдаланбаймын, шопыры да жұмыстан кетсін» дегені – асып-тасқан адамның ісі емес пе? Осы аптада Жетісудың су жаңа әкімі Қ.Бозымбаев бұрынғы басшы – А.Баталов отырған әкім резиденциясы мен кеңселерге жөндеу жұмыстарын бастап кетіпті. Бұрынғы әкім өзі отырған орындыққа у жағып, әкім резиденциясына вирус шашып кетпеген шығар? Шопырын ауыстырсын. Жиһаз бен көлікте тұрған не бар? Оның бәрін Бозымбаев қандай қаржыға ауыстырмақ? Қалтасынан емес, әрине, Алматы облысының бюджеті өтейді ол шығынды.
Бозымбаевтың ондай бозқырау бұрқасындарын әлі біраз уақыт еститініміз анық. Біреулер «Қанат Алдабергенұлының бойында жастық жігер, күш-қайрат бар, өңірдің гүлденіп-көркеюіне үлес қосатын шығар» деп дәмеленеді екен. Бірақ ол кезінде бюджеті он облысты орайтын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқарды. KEGOK электр желісі компаниясын билеп-төстеді. Жамбыл мен Павлодар облыстарында әкім болды. Сонда не істеді, не бітірді? Аяғына жеткізген, ауыз толтырып айтатын бір ісі бар ма? Ауызға анау дейтіндей еш нәрсе түспейді. Оның энергетика министрі болған кезіндегі «қожанасырлығын» айтпай кету күнә. «Бензин тапшылығына көрші елдер кінәлі. Біздің жанармай арзан. Сондықтан оны Ресей сатып алып жатыр» деген сылтауы сықақшылар таппайтын сөз.
Өнімнің шетелге сатылғаны жақсы. Мейлі, бензин болсын, нан мен ет болсын, отандық өнімнің сыртқа сатылуы – елге кіретін кіріс. Ондай жағдайды жасаған басшыны іскер деу керек. Бірақ бұл Бозымбаев бензин бағасын Ресей бағасымен теңестіремін деп тантыған жоқ па? Ол өнімді көбейтемін десе, әңгіме бөлек. Тек бағаны өсіруге ыңғайланып тұрды.
Жүйеге алпыс екі тамырымен сіңіп алған жаңа әкім сол министр кезінде мұнай өңдеу зауытын саламын деп «жаңалық» ашқан болатын. Оны да жұрт ұмыта қойған жоқ. Одан кейін «елордаға бірер жылда газ жеткіземін» деп соқты. Сол көгілдір отын Қарағандыда қалғып, Сарыарқада сағыздай созылып қалды ма, астана әлі көмір жағып отыр.
Бозымбаевтың әкімдік орынтаққа бұрын да екі рет отырғанын айттық. 2009-13 жылдары Жамбыл облысын басқарды. Небәрі 40 жасында. Қырықта мұндай лауазымға жеткендер өте сирек. «Ең жас әкім», «Өте іскер әкім» десті жұрт. «Жамбыл облысындағы әлеуметтік проблемаларды бір шешсе – Бозымбаев шешеді» деген әңгіме де тарады сол кезде. Алайда оның атын іскерлігі емес, жұртты базардан қуған «батырлығы» шығарды. Күнделікті нәпақасынан айырылғалы тұрған саудагерлердің «көшпейміз» дегеніне қараған жоқ, шулаған халықты сүйреп шығарып, қала ортасындағы базарды сүрді де тастады. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деуші еді бұрынғылар. Көнелердің сөзі бүгінгі Бозымбаевтарға өтпейтініне сол кезде көзіміз жетті.
Қанат Алдабергенұлы Павлодарды басқарғанда не істеді? Ел есінде қай ерлігімен қалды? Бұл туралы Керекудегі сенімді азаматтар бүй дейді: «Ол жергілікті жердің саяси һәм зиялы ортасымен шығыса алмады». Ол қандай саяси элита? Естуімізше, онда екі топ бар. Бірі – орыс ұлтшылдары, қит етсе аттандап, әкімдердің аузынан ұлттық кемсітушілік, бөлу, тілді алалау сияқты факторларды іздейтін топ. Екіншісі – қазақ тілі мен ұлттық мүддені қорғауды мақсат еткен ат төбеліндей орта. Қанат мырза осы топтың біріншісіне сеніп, екіншісін кеудесінен кері итергені жайлы кезінде талай жазылды. Айтпақшы, сол жылдары әкімнің ұлы Дәурен Бозымбаев «қыз зорлады» деген жаман атқа қалған болатын.
Қ.Алдабергенұлы Керекуді басқарғанда жергілікті саяси топпен, әсіресе бұрынғы аудан, қала әкімдерімен тіл табыса алмады. Бірнеше ауданның әкімін арт-артынан кетірді. Егер мәселенің бәрі жергілікті атқамінерлерді ауыстырумен шешілсе, онда Павлодарда Қанаттың жақсы аты қалар еді. Жиһаз ауыстырғыш әкім ендігі кезекте Жетісудың атқамінерлерін орнынан қозғайтыны анық. Қазірдің өзінде Баталов қойған аудан әкімдері қопаңдап отырған шығар.
Қанат Бозымбаевтың атын тарихта қалдыратын бір түйткіл бар өңірде. Егер соған шамасы келсе, Алдабергеннің ұлына жетісулықтардың алғыстан басқа айтары болмас еді. Әгәрәки, Қанат мырза осы екпінімен Ұйғыр ауданының атын ауыстырып тастаса, оның Жамбылды жарылқамағаны, Павлодарды қарық қылмағаны ел есінде қалмайды. Қазақ – таудай қателікті түйірдей жақсылықпен кешіре салатын халық.
Қ.Бозымбаевтың Алматы облысына келуін биліктің атом электр станциясын салу жоспарымен байланыстырып жатқандар да бар. Өйткені АЭС-тің әңгімесі Бозымбаев энергетика министрі болып тұрғанда шыққан болатын. Министр кезінде өтпеген сөзі әкім кезінде өте ме? Кім білсін, АЭС салынады деген Үлкен ауылы Алматы облысына қарайды. Ауыл мен аудан тұрғындарының рұқсатын алса, үкіметке тілдей қағаз беріп, халық келісіп отыр деуі бек мүмкін ғой.
Айтпақшы, осы материалды дайындап жатқанда сенімді азаматтардан Бозымбаевтың бозқырау «реформасы» туралы тағы бір жағымсыз әңгімені құлағымыз шалып қалды. Қанат Алдабергенұлы бұдан былай әкім қатысатын жиналыстарға журналистерді кіргізбейтін болыпты. Ақпаратты жергілікті баспасөзге әкімнің баспасөз орталығы дайындап береді-мыс. Онысын әркім өзінше жорып жатыр. Біреулер «әкім жиналысына қатысатын журналистер қайта-қайта медициналық тексеруден өтпеу үшін жасалған шара» дейді. Ал екінші топ «жаңа әкім келе сала төртінші билік өкілдерін ықтырып алмақшы» деген пікірде. Мейлі, қандай жағдай болсын әкім халқына жақын болуы керек еді...