Ақ Жайықта «Шалқар толқыны – 2022» ән байқауы өтті
Батыс Қазақстанның інжу-маржанына айналған Шалқар көлі жағасында республикалық «Шалқар толқыны-2022» ән байқауының жеңімпаздары анықталды.
Екі күнге созылған өнер додасына Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Павлодар және облысымыздың аудандарынан барлығы 20 әнші қатысып, Шалқар жағасын әсем әнге бөледі.
Бұл байқау аудан төрінде осымен үшінші мәрте өтіп отыр. Осыған дейін, нақтырақ айтқанда 2017 жылы «Шалқар толқыны» облыстық деңгейде болса, 2018 жылы республикалық деңгейге көтерілген.
Байқаудың бірінші күнінде қатысушылар Шалқар ауылдық округінің орталығы Сарыөмір ауылына ат басын бұрып, дайындықтарын пысықтап, көл жағасында демалуға мүмкіндік алды. Хамза Есенжанов атындағы мектепті аралап, мұражайды көзбен көрді.
Ән додасының екінші күні қатысушылар үшін нағыз сын сағаты соқты. Олар екі кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде Қазақстан композиторларының ел, жер, Отан тақырыбындағы әндерін шырқаса, екінші кезеңде Ақжайық өңірінің ақын-копозиторларының шығармаларын орындады.
Байқау нәтижесінде республикалық ән байқауының Гран-при иегері болып Атырау облысы Индер ауданынан келген Мұратбек Жұмашев танылды. Ән байқауының І орынын оралдық Рустам Хафизов еншілесе, ІІ орынды қазылар алқасының шешімімен екі қатысушы тең бөлісті. Олар Қостанай облысынан келген Тасқын Әжібай және Бөкейорда ауданының әншісі Рауан Қажығалиев. Ал қаратөбелік Рүстем Ақташев және Ақтөбе облысынан келген Нұржан Әбжан ІІІ орынды місе тұтты.
Сонымен қатар Бәйтерек ауданының өнерпазы Ақан Жекеков, Орал қаласының намысын қорғаған Балауса Әжгереева және Павлодар қаласынан ат терлетіп келген «Самғау» квартеті байқаудың дипломанттары атанды.
Теректілік Айбек Дәулетқалиев, Атырау қаласынан келген Ержан Мырзахметов, Ақжайық ауданының әншісі Рысбек Жанаисов, Бөкейорданың өнерпазы Ерасыл Сәрсенбекұлы, Казталов ауданының әншісі Еділ Мақсотов, Ақтөбе облысынан келген Ердәулет Қуандық, тасқалалық Әсия Тоқсанова, сырымдық Нұрлыбек Байнияз, Бөрлі ауданының әншісі Аружан Баймурзина, Жәнібектің өнерпазы Райымбек Каримов және Ақтөбе облысы, Алға ауданынан келген Сандуғаш Тұрмуханбетова алғыс хатқа лайық деп танылып, естелік сыйлықтарды еншіледі.