Ақиқаттың Эйфель мұнарасы

Біз, аға буын өкілдері, қиыншылық атаулының талайын көрдік. Сұрапыл соғыс жылдарында ашқұрсақ өмір сүрдік, жата-жастанып оқыдық.
Жасымыз ұлғайған сәтте, 1960 жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне түсіп, талай тамаша ұстаздардың тәрбиесін көрдік. Бисембай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Зейнолла Қабдоловтың лекциясын сүйсіне тыңдадық. «Қожакеевтен құтылмайсыңдар!» деп, үрейімізді ұшырған Темекеңнің шекпенінен шықтық. Әнес Сарай, Ахат Жақсыбай, Кәдірбек Уәлиев, Нұрсадық Сарқожаев, Бексұлтан Нұржекеев, Төлен Әбдік, Қажығали Мұхамедқалиев, Үмбетбай Уайдин, Төлен Қаупынбаев – біздің курстастарымыз.
Туған жерге КазГУ-дің төсбелгісін омырауға тағып, екпіндеп Сыр өңіріне оралдық. Баспасөзде елу жылдай еңбек етіп, зейнетке шықтық. Қазір жас сексеннен асып, тоқсанның ауылына жақын тұрмыз. Өмір шіркін жүйрік екен, бәрі есікті ашып-жапқандай болып тұр.
Ауылдағы мектепте оқып жүргенде ауыл-үйдің әр шаңырағында, шопанның саптама етігінің қонышында «Лениншіл жас» жүретін. Жұрт іздеп жүріп оқитын. Қалаға келсек, әр көшеде дүңгіршекте «Лениншіл жасты» кезекке тұрып, алып жатқандарды көруші едік. Қазір қалада баяғыдай дүңгіршек жоқ. Бір кездері 300 мыңға дейін таралымы болған қайран «Лениншіл жас» қазір аптасына екі рет шығады, тиражы 25 мыңнан сәл асады. Амал қанша, қазақтың қаймағы – «Алаштың анасы» – Сыр өңіріндегі таралымға қарның ашады.
Біз кешегі редакторлар – Сейдахмет, Шерхан, Қалдарбектердің көзін көрдік. Әр жердегі тілшілер – Фариза, Болат, Орысбай, Әнестердің жазғанын тамсана оқитын едік. Сырлас, сыйлас болған Серік Әбдірайымұлының «Бозкілемі», «Армандастар» очеркін оқыған сәт естен кетпейді. Жауапты хатшы ретінде макетті сан құбылтып жасайтынын, әртүрлі бояулы қаламы түспейтін Серік менің әлі көз алдымда. Нағыз кемел шағында дүниеден өтіп кетті, қайран азамат. «Менің «Жас Алашым» деуші еді Серік.
Бірде Алматыға іссапармен келіп, Серікпен кездестім. «Санат» баспасында директор екен. Бірер кітабы шыққан екен, сыйға тартты. «Д.Қонаев», «Елу жыл – ел ағасы» туралы кітапты жазып, Димекеңнің алғысына бөленгенін айтты. Сәлден соң көзі көруден, аяғы жүруден қалған ақын Әбділда Тәжібаевпен кездесуге бірге барайық деп қолқалады. Ақын Тайманов көшесіндегі саяжайында екен, жүдеу көрінді. Үйде жалғыз отыр екен, көп сырды ағытты. Ғасыр Гомері – Жамбылмен талай жыл бірге болғаны жайында қызықты әңгімелер айтты.
– Серік, айналайын, саған риза болып жүрмін. Ат түгіл, адам үркер шақта Димекеңмен бірге жүріп, талай естелік, кітап жазғаныңнан хабардармын. Аға ұрпақты сыйламағандарды болашақ таспен ұрады.
Ақын күрсінді. Дауылпаз ақынды қарттық жеңе бастағаны байқалды.
Содан Серік екеуміз «Санат» баспа үйіне келдік. Тағы да сыр ағыттық. – Димекең үйімде болды. Көпқабатты үйімде отырып, сыр ағытты. Зайыбым Шәрбанның тәтті шәйін ішіп, дастарханда ұзақ отырды. Екі сөзінің бірінде «Ыза жерді баспаңдар, аспаңдар, саспаңдар!» деп бата береді. Көп сөзге жоқ екен жарықтық. Димекең маған екі рет автомашина сыйға тартпақ болды, бірінде «Жигули», екіншісінде «Волга». Екеуін де алғаным жоқ. «Ризамын, Димеке. Арамызда дүние жүргесін әртүрлі әңгіме өрбиді. Сіз бердім, мен алдым дейін» дедім.
Кейін Димекең Серіктің ғажайып қасиетін әр жерде айтып жүрсе керек.
Мен «Лениншіл жастың» елу жылға жуық тұрақты оқырманымын. Әр жылдарда жазылған тәуір дүниелерді қойын дәптеріме жазып жүруді әдетке айналдырғанмын.
Басылымның басшылары кейде әлдекімдерге жақпай қала ма, жиі ауысады. Ертеректе Нұртөре Жүсіп «Қош бол, менің сүйікті басылымым! Мен қызметтен кетіп барамын. Бірақ сенен қол үзбеймін» деп, ішкі шерін тарқата дүние жазғаны есімнен кетпейді.
Ертеректе, сонау 50-жылдары Камал Смайылдың Қарағандыда меншікті тілші кезі. Сол кезде «Қыз намысын кім қорғайды?» деген өткір мақаласы дүрбелең туғызып, жыл бойы оқырман хаттары тасқындағаны бар. Міне, өткір сынның құдіреті.
«Жас Алаш» – қазір қазақ баспасөзіндегі бірден-бір шындық айнасы. Билік басындағылардың шен-шекпеніне қарамай сынайды. Әкімдердің осал тұстарын дөп басады. Қалың бұқараның жанайқайын алдымен сезіп, көп талқысына салады. Тіпті кейбір билік басындағылардың таяу арада отставкаға кететінін біліп, болжайтыны таңырқатады. Әділеттік іздегендер «Жас Алаштың» есігін қағады, қоңырау соғады.
Қазір көптеген мекемелер, әкімдер «Жас Алашқа» әлі үреймен қарайды. Неге? Өйткені басылым шындықтың айнасы, әділдіктің ақ алмасы. Басылымда сескену, жалтақтық жоқ. Басыңнан бағың таймасын, шындық пен ақиқат айнасы. Сөз атасы – шындық. Сенің жасқанбай айтатыныңа оқырман риза. 100 жылдық мерейтойың құтты болсын! Басылым оқырмандары көбейе берсін!