Ақмола облысында саяси тұтқындарды босатуды талап етті

04.08.2019, 22:00

12

4 тамызда Ақмола облысы Целиноград ауданы Малиновка елді мекенінде орналасқан АЛЖИР музейінде (Совет одағы кезінде Қазақстанда болған отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері – ред.) бір топ азамат саяси тұтқындарды қолдау акциясын өткізді.

Елдегі саяси тұтқын ретінде танылған немесе сол статусқа лайық 28 азаматтың суретін ұстаған 20-дан астам азамат акция кезінде әр тұтқынның «не үшін қудаланғанына» тоқталып, кім екенін айтып отырды. Акцияға қатысушылардың әрқайсысы сөзін бітірген кезде бәрі бірігіп, «Бостандық!» деп айқайлады.

Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:

​Акция кезінде «Шаңырақ ісі» бойынша ұзақ жылға сотталғандардың бірі Арон Атабек, "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев, «елде тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деп экстремизм бойынша айыпталған көп балалы және жалғызбасты аналар Оксана Шевчук, Жазира Демеуова, Гүлзипа Жаукерова, «Жиһадшылар ісі» бойынша сотталған Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев, кәсіпкер Ескендір Ерімбетов, шымкенттік кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай, «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш сияқты ұзын саны 28 саяси тұтқынның аты аталды. Олардың арасында ақпарат құралдарында аттары сирек аталатын журналистер, рэперлер, блогерлер, қарапайым азаматтар болды. Тікелей эфир кезінде соны меңзеген қолданушылардың бірі «Мәссаған, біз білмейтін қаншама адам қамауда» деп жазды.

Жиналғандар шара барысында бұл азаматтардың пікір-көзқарасы үшін қудаланғанын айтып, жазықтан-жазықсыз қамауда отырғанын айтты.

— Өткен ғасырда 38-жылғы қуғын-сүргінге Сталинді кінәладық. Енді қазір кімді кінәлаймыз? Сталин заманы емес деп айтқанмен одан да өтіп кетті, — деді акцияға келгендердің бірі.

Шымкентте де бүгін бір топ азамат саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, қала орталығында акция өткізді.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында да осыған ұқсас акциялар өткен. Оларға қатысушылар елдегі саяси тұтқындарды босатуды талап еткен. Мұндай акциялардың соңғы кезде жиі өтуіне жақында соттың Мұхтар Жәкішевті түрмеден босатпау туралы шешімі түрткі болған.

24 шілдеде Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Жәкішевтің мемлекет алдында 99 миллиард теңгеден астам қарызы бар екенін айтқан судья оны қамаудан ерте босата алмайтынын айтқан. Қорғау тарабы денсаулығы әбден нашарлаған Жәкішевті қамаудан босатуға мемлекет алдындағы қарызы кедергі бола алмайтынын айтқан еді.

(Жаңалық толықтырылады).

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Жарты мүшелі жан жұртқа жігер беріп отыр (видео)
    10:22
  • Ар сатылды, кен шашылды
    09:55
  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16