«Ақпараттық» доктрина: Қорғансақ қалқан, сілтесек сойыл бола ала ма?
«Ештен кеш жақсы» дейді қазекем. Жөн сөз. Кеш те болса, елімізде «Ақпараттық» Доктрина қабылданды.
Президент қол қойды. Енді барды ұқсата білу қалды. Рас, ақпараттық қауіпсіздігімізге қамсау болатын бұл құжат тәуелсіздіктің алакөбең таңында қабылдануы тиіс еді. Кешіктік. Енді соның тақсіретін тартып жатырмыз. Тәуелсіздіктің бұйдасын қолға ұстағалы бері, билік – ана тілінде жарық көретін һәм хабар тарататын ақпарат құралдарының емес, өзге, терістіктегі көршінің тілінде сөйлейтін БАҚ-қа басымдық берді. Сол тілде хабар таратқандардың алдында құрақ ұшты. Олардың жазғаны мен айтқанына Інжілдің сөзіндей сенді. Бұл – бір. Екіншіден – сол терістіктегі көрші Ресейдің ақпараттық экспансиясына қарсы тұра алмады. Шегенделді деген шекарамыз орыс баспасөзіне ашық болды. Қазақстанда қазық қадаған ресейлік жүздеген телерадио және мыңдаған газет-журнал алаш баласы үшін жат, Ресейдің идеологиясын жүргізді. Тізеге салды, белден басты. Жұртты меңдуанадай улады. Оның ақыры – қит етсе, «Қазақстан емес, біздің отанымыз – Ресей. Жарылқаушымыз да, қорғаушымыз да сол ел. Қажет болса, дядя Воваға айтамыз» дейтін Қазақстан үшін аса қауіпті адамдар шоғырын қалыптастырды. Орыс шовинизмінің дәнегін септі. Кешегі Петропавлда болған оғаш оқиға соның бір көрінісі. Сепаратизмнің уына мелдектеген олар Қазақстанның тәуелсіз мемлекет екеніне де күмәнмен қарайтынын танытты. Мұндай жайттар соңғы кезде еліміздің славян жұрты басым тұратын шығысы мен солтүстік өңірлерінде жиі қайталана бастады. Яғни ресейлік ақпарат құралдары жүргізген «орыс әлемі» деген идеологиясы өз жемісін бере бастады. Бұл еліміздің тұтастығына төнген үлкен қауіп. Қайтпек керек?
«Біз ақпарат майданында» жеңіліске ұшырап жатқан мемлекетпіз. Сыртқы ақпараттық экспансияға, әсіресе ресейлік масс-медиа жүрігізіп отырған экспансияға қарсы тұрып, тұяқ серпуге жарамай жатырмыз. «Ақпарат кімнің қолында болса, әлем соның уысында» деген қағидаға иланбай, немқұрайдылық танытып келдік. Қазіргі ТМД кеңістігінде болып жатқан оқиғаларға соның ішінде – Ресей мен Украина арасындағы жанжалға зер салсақ, Ресей жағы Украинада түрлі-түсті революция болған жылдардан бастап, «орыс әлемі, орыс тілі» дегенді алға шығарып, орыстың мүддесі мен тілін қорғау үшін «ақпараттық шабуыл» жасауды қолға алды. «Украина деген ел болмаған, ол ежелгі орыс жері» дегенді ондағылардың санасына сіңірді. Тұтас отырған жұртқа сына қақты. Оның соңы – Ресейдің басқыншылық соғысына алып келгені белгілі. Бізде де сондай бір «ойын өрнегі» жүріп жатқан секілді. Ресей идеологиясына уланғандар әр-әр жерде орыс әлеміне арқа сүйеп, Қазақстанның мемлекеттігіне күмәнмен қарап, қилы әңгімелер айта бастады. Біз қорғанысқа көшуге мәжбүрміз.
Билік енді-енді ақпараттық қауіпсіздік жөнінде ойлана бастады. «Ақпараттық» доктрина соның бір көрінісі. Бірақ құжат болғанмен, оны жүзеге асыру оңай шаруа емес. Біз Ресей «басты рөлде» ойнап отырған Еуразиялық экономикалық одақ және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан лаж болса, бірте-бірте шығуымыз керек. Сүйте отырып, орыстың ақпараттық экспансиясын шектей аламыз. Әрине, Ресей бізді қандайда жолмен болсын орбитасынан шығармауға тырысып бағары хақ. Өйткені кеңес заманында Варшава шарты ұйымын қосқанда, орыс тілінде шүлдірлейтіндердің саны 500 миллионға жетіп жығалатын. Қазіргі күні ол шегірен тонның етегіндей қусырылып, 200 миллионға дейін түсіп кетті. Яғни Мәскеу орыс тілінің аясы тарыла беруіне мүдделі емес. Керісінше, славян жұрты басым одақтас республикаларда өзінің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы идеологиясын жүргізіп, үстемдікке ие болып, отыра бергісі бар» дейді саясаттанушы Ерасыл Ислам.
Ал «Президент және Халық» газетінің Бас редакторы, белгілі қоғам қайраткері МаратТоқашбаев: «Бұл құжат отыз жылға кешікті. Алайда кеш те болса, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін, ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға жасалған алғашқы қадам. Қазір Ресей телеарналары мен газет-журналдары, әлеуметтік желілері Қазақстанның ақпарат кеңістігін «меншіктеп» алған. Ешкімді кіргізгісі жоқ. Кеңес заманында көрші Қытайдың, Қырғыздың, Өзбектің хабарларын көріп, біліп отырушы едік. Тәуелсіздік алған соң, бұл үрдіс кеңейе түсе ме десек, керісінше болды. Ресейлік БАҚ елімізге батпандап кірді. Үстемдігін жүргізуде. Қазір соның шырмауында отырмыз. Осы орайда «Ақпараттық» доктрина Ресей БАҚ-ын бейтараптандыруға, орыс идеологиясын жүргізуіне тойтарыс беруі тиіс» дегенді айтады.
Рас, президент бекіткен «Ақпараттық» Доктринаның көтерер жүгі, жауапкершілігі ауыр. «Батар күннің атар таңы бар» дегендей, бұл Доктрина бір сөзбен айтқанда, сыртқы ақпараттық шабуылдан қорғансақ – қалқан, сілтесек – сойыл бола алса жарар еді. Ол үшін ақпарат министрлігі отандық бұқаралық ақпарат құралдарына, соның ішінде қазақ контентінің дамуына айрықша мән бергені дұрыс-ау. Өйткені қазақ баспасөзі ғана Алаштың мүддесін қорғай алатыны бесенеден белгілі.