«Ақсақал әкімдерді» жас әкімдер қолдай ма екен?
Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде ауылдың жағдайы оңалмай қойды. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары ауыл шаруашылық өнімін өндірудің барлық түрлері бойынша одақтас республикалар арасында алдыңғы орынды бермеген қазақ ауылдары құрдымға кетті.
Қазірге жеткендері қалт-құлт етіп күндерін көруде. Инфраструктурасы тозған, мәдениет ошақтары оңтайландыруға ілікті, мектептері жабылып, дәрігерге зәру болып отырған шағын ауылдар қаншама?
Түп-төркініміз шыққан мекенге қатысты түйдек-түйдек проблемалар көп. Ел ішінде тіршілігі тұралаған ауылдардың тамырына қайта қан жүгіртуді көксеп жүрген бірегей жанашыр жандар да некен саяқ. Таяуда Қарағанды облысы әкімі жанындағы қоғамдық кеңеске мүше болған қоғам қайраткері, ауыл шаруашылық саласының құрметті зейнеткері Ниқан Омарханов күні кеше жаңа кеңес алдына келелі ұсыныс жолдады. Ол «Аймақ ауылдарын дамытудың 2022-2027 жылдарға арналған жол картасы» деп аталады.
– Өңірдегі ауылдарды оңалтудың 5 жылдық жоспарын өз ұлтымыз көп мекендейтін Ұлытау, Ақтоғай, Қарқаралы, Нұра, Баршын және Егіндібұлақ елді мекендерінен бастаған дұрыс. Жобада ауылдарды жабу жөнінде мүлде әңгіме жоқ. Жол картасында шағын елді мекендерді үлкен ауылдарға қосып, дамыту бағыты көрсетілген. Болашақта бөлінетін қаржы көлемі де осыған орай бағышталмақ. Мысалы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына республика мен облыстан бөлінген қыруар қаржы мақсатсыз жұмсалды. Айталық, кезінде Ақтоғайдағы Шайдаров атындағы саябақты көркейтуге 332 миллион теңге берілген екен. Ауылда саябаққа барып, серуендейтіндер сирек. Жергілікті халық: «Биліктегілер ақшаны саябақты сәндеуге емес, одан да бізге 20 пәтерлі үй тұрғызып беруге салғанда, берекесін көретін едік», деп өкпелеп жүр. Кейбір ауылда жабылып қалған мектептің шетіне асфальт төсеген. Ел: «Одан да орталық көшелердің жолын неге жөндемейді?» деп, шағым айтуда. Жақында облыс әкіміне кіріп, облыстағы 500-ге жуық ауыл кіретін 192 округтерді жаздың 3 айында аралап, ондағы білім, медицина, инфрақұрылым деңгейін, шаруашылықтарының ахуалын, кадр саясатын жіті зерттеп шығуға өтініш жасадым. Аймақ басшысы түсіністік танытты. Егер ойға алған зерттеу жұмысы мақұлданса, өңірдегі ауылдарды көтерудің стратегиясын нақтылауға болады. Қазірдің өзінде облыс аумағындағы елді мекендердің жері, малы, халқының шаруашылығы жайлы деректер жинап, жиырмаға жуық сауалнама жасап әзірлеп қойдым, – дейді Ниқан Омарханұлы.
– Кезінде үкімет ауылдарды екі топқа бөліп, үміт күтетін елді мекендердің көркеюіне қаржылай қолдау көрсетті. Сол мекендер дамудың даңғыл жолына түсті ме? Ешқандай оң нәтиже көрмедік. Ал жойылуы қаупі бар деген ауылдарда әлі тұрып жатқан азды-көпті халық тіршілігін жасап жүр. Бұдан шығатын қорытынды, кез келген ауылдың мал шаруашылығы қарқынды дамымай, оның келешегі бар немесе жоқ, деп шорт кесіп айту қисынға келмейді. Сондықтан біз секілді ауыл шаруашылығы саласының ұңғыл-шұңғылын білетін маманадардың білері көп. Мәселен, ауыл аймақтардағы азық-түлік өндірісін өркендетудің бағыты жайында ұтымды ұсынысымыз жетерлік, – дейді ілгеріде Шет ауданында әкім болған, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Кәкімжан Сарқанов.
– Мәселен, жекешелендіру реформасы басталған жылы 2500 адам тұратын Қарабұлақ кеңшары жабылып қалды. Ірі кеңшарда жаппай жұмыссыздық белең алды. Мектептің есігіне қара құлып салынды. Тұрғындар кәсіп пен балаларын оқытатын білім ошағын іздеп, жан-жаққа жөңкіле көшті. Қазір қаңырайды деген сол ауылда 30 үй тұрады. Осындай қолмен жасалған асыра сілтеушілікке енді бой бермеу керек, – дейді қоғам белсендісі Омарханов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», деп кесіп айтты. Президент қойған талапты тиянақты іске асыру үкімет пен атқарушы билік өкілдеріне сындарлы міндет.
Ал кезінде аймақтағы талай ауылдың сойқанын көріп, сондағы қиындықпен күресіп, қисынын тапқан тәжірибелі әкімдердің қоғамдық кеңес талқысына жолдаған ұсыныстары осындай. Алайда, ауыл өмірінен алыс және жергілікті жердегі жас әкімдер өмір көрген әріптестерінің стратегиясын құптай қояр ма екен?