Ақсақалов қашанғы алдай береді?
ҚР премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсында вице-премьер Ералы Тоғжановтың Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапары туралы материалдар жарияланды.
Тоғжанов күні кешеге дейін премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған болатын. Сол Тоғжанов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, Астраханка және Полтавка ауылдарында болды.
Primeminister.kz сайтының хабарлауынша, Ералы Лұқпанұлы ауылға келген отбасылармен кездесті. 2016 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысына 11 мың азамат қоныс аударған. Облыс басшылығының мәліметінше, еңбекке жарамды 4,6 мың адам бар. 3,6 мыңы жұмыс істеп жүр. Мемлекеттік баспасөзде Тоғжановтың сапары тек жағымды жағынан жазылатынын ескеру керек. Оған салсаң, өңірде бәрі жайнап тұр, ешқандай күрделі мәселе жоқ сияқты әсер қалдырады. Ойпырмай дейсің, бизнеске гранттар мен несие алатын бақытты отбасылар, бай-бақуатты тұратын асқан бақытты шаруалар, іші-сырты жылтыраған жаңадан салынған мектептер. Мұның бәрі тура кеңестік дәуірдің рухындағы насихатты еске түсіреді. Журналистер Солтүстік Қазақстан облысына Маңғыстау облысынан көшіп келген тұрғын Фатима Нәбиеваның пікірін келтіреді. Ол жергілікті дәрігерлік амбулаторияда жалпы дәрігер болып жұмыс істейді.
– Солтүстік Қазақстан мені жылы қабылдады. Мұнда климат қолайлы, жақсы, жайлы өмір сүруге жағдайлар бар. Мен баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етілдім. Бізге барлық қажетті квоталарды берді, – дейді ол.
Ал енді неге екені белгісіз, әлгі порталдар Солтүстік Қазақстан облысының тағы бір тұрғыны Дәурен Тілеубаевтың пікірін жариялаған жоқ. Бұл азамат Солтүстік Қазақстанға Тараз қаласынан көшіп келгенде, мұнда ешқандай жұмыс таба алмаған. Жұмыспен қамту орталығы да оған еш көмек көрсетпепті. Дәл осылай жұмыссыз қаңғып қалған жалғыз ол емес. Көшіп келген көп қазақ жұмыссыздық пен тұрмыс жағдайының нашарлығына шағымданады.
– Көшіп келгенімізге үш жыл болды. Жұмыс жоқ. Әкімге талай бардық. Жұмыс орталығына бардық. Бізге жауап болмады. Бәрі үнсіз. Ешкім хабарласпайды. Ешкім біздің жағдайымызды сұрамайды. Мұндай жағдайда біз қалай өмір сүреміз?, – деп күйінеді Тілеубаев.
Биыл тамыз айында Stan.kz порталында «Жұмыссыздыққа тойдық» деген материал жарияланған болатын. Мақала авторы оңтүстік тұрғындарын еліміздің солтүстігіне көшіру бағдарламасының сәтсіз болғанын айтады. Бірақ жұмыссыздық пен сапасыз тұрғын үй мәселесін Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы жасырып, вице-премьерге өңірдің жақсы жақтарын ғана көрсетіп отыр.
Оңтүстік халқының бұрынғы «Еңбек» бағдарламасынан көңілі әбден қалған. Білікті мамандар мамандығына сай жұмыс таба алмайды. Мәселен, Покровка ауылының тұрғыны Мақпал Тоқтанаева білікті заңгер. Түтінімді түзеймін деген үмітпен СҚО-ға қоныс аударған екен.
Қоныс аудару бағдарламасына сеніп келген әйел ақыры өз мамандығы бойынша жұмыс таппады. Заңгер-мұғалім деген дардай мамандығы бар күйеуі мал бағып кетуге мәжбүр болды. Сондағы табатын жалақысы айына 49 мың теңгені құраған және мұндай айлық бұл жақтың жұртына таңсық емес екен. Бір жыл бұрын Ташқынбаев деген блогер Мамлютка ауылы туралы жазған еді. Оны тыңдасақ, ауыл тұрғындары 42 000 теңге алады. Ұстап қалатын салық-малықты алып тастағанда қолдарында 37 мың теңге тиеді. Ал бір мәшине отынның өзі 45 мың теңге тұратынын ескерсек, халық қалай күн көрмек?
Мамлюткадағы орташа жалақы 40-60 мың теңге. Ауыл тұрғындарын мазалайтын жалғыз сұрақ: «мұндай ақшаға қалай өмір сүреміз?». Петропавлдың өзінде халықтың көпшілігінің жалақысы жүз мың теңгеден аспайды. Ресеймен шекаралас жатқан Қарақоға ауылында халықтың орташа айлығы 42 500 теңгені құрайды. Тұрғындар тұрмысының төмендеп, өмірінің қиындап, нашарлап бара жатқанын айтады. Дүние атаулының бәрі қымбаттап барады. Ауыл тұрғындары тамақты дүкеннен қарызға алып, оның өзін бөліп төлейтін болған.
Жастар өңірден қашып жатыр. Солтүстік Қазақстандағы тұрмыс жағдайына қандастарымыздың да көңілі толмайды. Олардың арасында Солтүстік Қазақстан суық және қолайсыз жер деген пікір бар. Анау Сергеевка ауылында тарихи отанына оралған қазақтар үшін 45 үй салынған еді. Қазір оның жартысы бос тұр. Қалғаны құлап қалып, қазір қайта жөндеуден өтуде. Қандастар үйлерінің сыртқы сылағы түсіп қалғанын айтады. Кейбіреуі қыста жылыну үшін үйіне пеш қойып, от жағады.
Солтүстік Қазақстаннан соңғы бір жылда оңтүстіктен келген 600 азамат кетіп қалды. «Мынауың бір құрыған, оңбаған облыс екен» деп. Берген үйлері картон қорап сықылды, қыста қатып өлесің. Жаңбыр жауса, төбеден су тамады. Таңнан кешке дейін тамған суды трәпкімен сүртіп жүретін бір адам керек. Кей адамдар ылғалдың салдарынан ауру болған.
«Еңбек» бағдарламасына қатысушылардың бірі Болат Күжеков аймақты дамыту саясатына көңілі толмайтынын айтады. Бұл азамат та туған жері Шымкентке қайтуға мәжбүр болды. Тимирязев ауданындағы оған бөлінген үй көгеріп кетіпті. Қыста үйдің ішінде тонға оранып, малақай киюге мәжбүр болғанын несіне айтамыз. Оңтүстіктен келгендерге берген үйлері үйге емес, мал қораға көбірек ұқсайды дейді ол.
9 адамға арналған цех
Айтпақшы, вице-премьерге жеке кәсіпкер Жүкеновтің 9 адам жұмыс істейтін шағын цехын көрсетіп мақтанғаны қызық болды. Қолында бизнесті қолдаудың барлық қажетті тетіктері бола тұра, әкім Құмар Ақсақаловтың вице-премьердің алдында мақтанған бар жетістігі. Әй, нәтиже қайда?
Солтүстiк Қазақстан облысында Ералы Лұқпанұлына көрсетуге болатын бұдан үлкен кәсiпорын табылмаған ба? Неге екені белгісіз, облыс билігі әлемдегі ең ірі жиырма кәсіпорын қатарына енетін Обухов тау-кен байыту комбинатын көрсетпеді. Онда 250 адам жұмыс істейді. Техникалық қызметкерлер айына 200 мың теңгеден астам жалақы алады. Соңғы айлардағы орташа жалақы 1000 долларға дейін өсті.
Обухов тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері ай сайын жәрдемақы мен сыйақы алады. Сәбилі болған ата-аналар ақшалай сертификат алуға құқылы. Бір балаға бір миллион теңге. Екі бала үшін екі миллион теңге. Үш бала үшін үш миллион теңге беріледі. Жаңа туған нәрестелердің аналарына бала күтіміне байланысты жыл сайынғы еңбек демалысы төленеді. Компания ауыл тұрғындарына қолдау көрсетеді. Студенттерге гранттар мен шәкіртақылармен көмек көрсетеді. «Тиолайн» компаниясы бөбекжай мен балабақшалар салуды жоспарлап отыр.
Еске салсақ, кәсіпкер Ерік Әзенов Солтүстік Қазақстан облысында ауқымды жобаны іске қосуды жоспарлаған болатын. «Жақсы тұз Петропавл» кәсіпорны посткеңестік кеңістіктегі ең ірі тұз экспорттаушысы болар еді. Облыста 9 емес, 150 жаңа жұмыс орны ашылар еді. Зауыттың төлейтін жылдық жалақысы 900 мың долларды құрар еді. Компания билікпен ынтымақтасуға дайын болды. 60% дейін мемлекетке салық төлеймін деген. Бірақ олай болмады.
2016-2019 жылдар аралығында кәсіпкер әкімдіктің табалдырығын талай аттаған. Оған жер алуға рұқсат берілмеді. Кейінірек кәсіпкердің өзін сотпен тұншықтырды. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында әділетсіздік салтанат құрған мұндай жағдайлар өте көп. Солтүстік облыс басшыларының баспасөздегі керемет жетістіктері – өңірдегі шынайы болмыспен үйлеспей тұр.