Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:41, 13 Қыркүйек 2022

Ақселеудің аяғынан да, таяғынан да жеген-ау

None
None

Темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған қазақтың қолынан қара тасқа жан бітіру келмей тұр.

Тағы да ұлтымыздың бір ұлы тұлғасын қорладық. Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында Ақселеу Сейдімбектің тас мүсіні бой көтерді. Негізі, алты Алашқа сауын айтып, ат шаптыратындай жаңалық! Бірақ тастан қашалған тұлғаның таудай мүсінінде мін көп. Аяғы бір қарыс, таяғы тұтамдай ғана. Құдды ерте заман ертегілеріндегі ергежейлі дерсіз.

Қазақтың ұлы тұлғаларын қорлап, қортық бейне жасау — біздің елде дәстүрге айналып барады. Қайбір жылы Өскеменде Абай мен Михаэлистің мүсіні бой көтерген болатын. Мүсін деп айтудың өзі ұят. Балшықтан илеген баланың батпағы сияқты. Белі қайсы, мойны қайсы, біліп болмайсың. Көзге қораш, көңілге жүдеу бірдеме. Одан кейін Алматының іргесіндегі Бесағаш деген ауылда Мұстафа Өзтүріктің бір тұтам тастұғыры пайда болды. Батырға көзі тірісінде құрмет көрсете алмағанымыз аздай, өлгеннен кейін де аямай, қорладық. Өзтүріктің бейнесі бір қараған кісіге жемтікке қонақтаған құмайға ма, қарақұсқа ма ұқсайды. Жаман құстай жалбайып әлі тұр.

Бір жыл бұрын ғана Хантәңірдің бауырына қасқайтып тұрып, Мұқағали Мақатаевтың тас бейнесін тұрғыздық. Ол да қып қызыл даудың астында қалды. Жемқорлардың араны ашылғаны соншалық, қара тастың өзінен қарпытып қалатын болған. Нарынқолдың атқамінерлері «Мақатаевтың аяғынан бірнеше сантиметр ауытқушылық байқалды» деген түсініксіздеу уәж таратты баспасөзге. «Бірнеше сантиметр» дегені таудай ақынның қадірін қашырды. Қадірі демекші, жұрт Мақатаевтың мүсінін Қадір Мырза Әліге көбірек ұқсатып жатты сол кезде.

Он саусағы олақ мүсіншілер одан кейін Қонаевтың кескен теректей бейнесін шапты. Әлгі мүсінді көргендер оны өнер туындысынан гөрі, құрылысшылар құятын үйдің бетон тіреуіштеріне ұқсайтынын айтқан болатын-ды. Артықтау айтылған сын болар. Бірақ ащы айтпасақ, мін түзелер емес. Мейлі Ақселеу, мейлі Қонаев, мейлі Мақатаев болсын, бұлардың бәрі – бітімі бөлек тұлғалар. Ат жақты, ұзын бойлы, бүркіт қабақты.

Өнертанушылар сурет өнерінде мұндай ерекшеліктер көп кездесе бермейтінін, мүсіншілерге мұндай артықшылық ауадай қажет екенін айтады. Онысы рас, домалақ жүз, толық дене көп қазақта кездесетін бейнелер. Ал біздің мүсіншілер артық емес, қортық қылған Қонаев, Мақатаев пен Ақселеулер көп қазақта кездеспейтін жалпақ бет, жуан қарындар емес. Сондықтан жағы пышақтың қырындай, қабағы бүркіттің қабағындай, құлжа тұмсықты, тұлғасы таудай ұлыларымызды тастан қашау аса қиын болмайтыны анық. Керісінше, бұл мүсіншілердің оң жамбасына келетін бейнелер. Біздікілер соны қарық қылмады.

Ұлытаудың атқа мінерлері «Ақселеудің ескерткішін туыстары жасатты. Оған әкімдіктегілердің қатысы жоқ. Мемлекеттік бюджеттен де, жергілікті қазынадан да бір тиын шығын шыққан жоқ», дегендей, уәж келтіріпті. Мәселе кімнің тапсырыс бергенінде емес. Әңгіме Ақселеу бейнесінің жұтаңдығында. Мұндай қораш дүниенің ашылуына Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы келмеуі керек еді. Келді ме, онда анадай ергежейлі ескерткішті ашқызбауы керек еді. Әкімдік жауапгершіліктен басын қанша алып қашса да, құтылмайды. Өйткені мүсінді қоятын жерді кім береді? Әрине, әкімдік бермесе, біреудің қорасына қоймаған шығар. Бұл этнограф марқұм Ақселеуді ғана қорлау емес. Бұл қазақ деген ұлы халықтың тұлғаларына түкіру.

Өнер туындысының қай-қайсысы болсын, қаражатқа тірелетіні анық. Ағасына ескерткіш қойғысы келген Ақселеу Сейдімбектің бауырлары осындай қортық мүсін болсын демеген шығар. Біздің мүсіншілер – не тастан жеудің тактикасын жақсы меңгерген, не дұрыс бейне жасауға өрелері жетпейді. Өздерінің қолынан келмесе, мүсін жасай алатындарға берулері керек еді. Ондай маман көп. Маңғыстаулық Болатбек Салаев қазақ батырларына жан бітіріп жүрген жасампаз мүсінші. «Ауылдағының аузы сасық» десек, Алатаудың арғы бетіндегі қырғыздың атақты мүсінші қызы Тамилаға берулері керек еді. Шыңғыс Айтматовтан шедевр жасаған шебер Ақселеудің аяғынан да, таяғынан да жемей, Сарыарқаға кеудесін беріп, айбынды Ақселеу жасар еді ғой. Біз осы сынды Мақатаев пен Қонаевтың мүсінін қорлаған кезде де жазғанбыз. Бірақ ешкім пысқырмады, сабақ та алмады. Кім білсін, күні ертең Қабдешті, арғы күні Әбдіжәмілді қоямыз ғой...

Осы жазбамызды газетке дайындап жатқанда, Ұлытау облысынан шұғыл хабар түсті. Бір күн ғана тастұғырға тұрғызған Ақселеуді әкімдік сындырып жатыр екен. Орнына ағынан да, таяғынан да жемей, дұрыс мүсін қоятындарын айтқан. Соны әуелде жұртты шулатпай, халықты дүрліктірмей, жасауға болмас па еді?! Әлде, идеологияға жауаптылар халықтың бос уақыты болмасын, ерікпей, шулай тұрсын деп, ортаға осындай «көкпар» тастап қояды-ау, сірә!

Басқа – басқа, Ақселеудің мүсіні баланың балшықтан жасаған олақ ойыншығындай болып қалғанын Ұлытау әкімі Берік Әбдіғали бір көргеннен түсінуі керек еді…  

Тегтер: