АҚШ-та афроамерикалық азаматтың өлімінен кейін бірнеше қалада наразылық акциясы өтті

30.05.2020, 20:22

21

АҚШ-тың Миннесота штатында 46 жастағы афроамерикалық азамат Джордж Флойдтың өлімінен кейін жұма күні бірнеше қалада наразылық акциясы өтіп, наразылар көліктер мен дүкендерді өртеп, жергілікті полиция ғимаратына өрт қойды. Әзірге толық емес ақпарат бойынша, ешкім зардап шекпеген. Қазір Миннеаполис көшелерін полиция қызметкерлерінен бөлек ұлттық гвардия сақшылары бақылап тұр. Наразылық шаралары жұма күні АҚШ-тың өзге қалаларына тараған. Олардың арасында Атланта, Нью-Йорк, Сан-Хосе қалалары бар.

29 мамырда Миннесотада Миннеаполис тұрғыны Джордж Флойдың өліміне тікелей қатысы бар деп айыпталған бұрынғы полицей Дерек Шовин тұтқындалды. Бұған дейін полиция қызметкері Шовиннің Флойды тұтқындау кезінде оны тізесімен басып, тұншықтырып жатқаны туралы видео әлемдік ақпарат құралдарына тарап кеткен.

Куәгерлер мен әуезқойлар түсірген видеокадрды сараптаған мамандардың айтуынша, Дерек Шовин Джордж Флойдтың «демала алмай жатырмын» дегеніне қарамастан мойнын қысып ұстап бірнеше минут босатпаған.

Бастапқыда Флойд ауруханада қайтыс болды деп айтылды, кейінірек ауруханаға бара жатқан кезде көз жұмғаны хабарланды. Оны жедел жәрдем көлігіне көтеріп жатқызған кезде өлімалды халде болған. Дәрігерлердің пікірінше, оның жанында болған кез келген адам оған жылдам көмек беруі тиіс болған еді, алайда мұны ешкім жасамаған.

Бұрынғы вице-президент, АҚШ президенттігінен үміткер Джо Байден марқұмның отбасына көңіл айтып, жесірімен сөйлескен.

Дерек Шовинге «күш қолдану арқылы кездейсоқ адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылды. Миннесота штатының заңы бойынша, бұл бап бойынша 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оқиғаға қатысы бар тағы үш полицейдің әрекеті зерттеліп жатыр.

Жұма күні таңертең Миннеаполистегі наразылықтан хабар таратқан CNN тілшілерін полиция ұстап, кейінірек босатқан. Мәселеге Миннесота штатының губернаторы араласып, журналистердің оқиғадан хабар таратуға құқығы бар екенін айтқан.

АҚШ президенті Дональд Трамп қала басшылығын жағдайды бақылауда ұстай алмады деп айыптап, қалада тәртіп орнату үшін ұлттық гвардия мен әскерді жіберуі мүмкін екенін ескерткен. Трамп бұған дейін Флойд отбасына көңіл айтып, әділет министрлігінен Флойд өлімін зерттеуді жылдамдатуды сұраған.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Солтүстік Қазақстанда бүтін бір ауыл қар суын ерітіп ішіп отыр (видео)
    09:35
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    11:36
  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57