АҚШ-тың елшісі өндірісті өңірге қызығушылық танытты

АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюм өндірісті өлкеге танысу мақсатында келді.
Дипломаты мен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың кездесуі кезінде өңірдің экономикалық ахуалы туралы етене сөз болды. Тараптар болашақта білім беру саласы бойынша ынтымақтастықты дамытудың мүмкіндіктері туралы да мәселе қаузады.
– Еліміздің индустриалды өңірін қара және түсті металлургия, тау-кен өнеркәсібі және машина жасау саласы құрайды. Биылғы жыл басында облыстың сыртқы сауда айналымы 2,5 млрд АҚШ долларын құрады. Қарағандыдан шығарылатын өнім әлемнің 54 еліне, оның ішінде АҚШ-қа да экспортталады. Облыс аумағындағы америкалық компаниялардың қарамағында қазір 6 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар сауда, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, жылжымайтын мүлік пен операциялар, білім беру сияқты салаларды қамтиды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімі АҚШ- пен бірлескен кәсіпорындар құруға және шетелден инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайын екенін жеткізді. Жобаларды іске асыруға «Сарыарқа» ЕЭА және Saran индустриялық аймағында мүмкіндік мол екенін атап өтті аймақ жетекшісі.
– Дипломатиялық миссия аясында Қазақстанның барлық өңірлерін аралауға тырысамын. Өңірдегі жағдаймен танысу үшін алдымен Қарағанды облысына келдім. Себебі, елдің экономикалық әлеуеті жайлы көбірек білу қызықты, – деп атап өтті Дэниел Розенблюм.
Елші сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған шаралар жайлы білуге ынтықты.
– Шағын және орта бизнесті дамыту – басым бағыттардың бірі. Біз бизнеске барынша қолайлы жағдайлар жасаймыз. Атап айтқанда, әкімшілік кедергілерді азайту, жергілікті жерде кәсіпкерлерге қолдау көрсету, оларға жеңілдетілген несие беру секілді нақты жәрдем түрлері әкімшілік тұрғысынан жүзеге асуда. Аймақта кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалары бар. Осындай қолдаудың арқасында облыста кәсіпкерлік субъектілердің саны жыл сайын артып келеді. Жұмыс істеп тұрған өндірістер кеңейіп, жаңа кәсіпорындар ашылуда, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Америка елшісі аймақтағы бірқатар кәсіпорынды аралу жайында жоспары барын жеткізді. Дипломат облысқа жасаған сапары барысында Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханасындағы американдық оқу залына барып, ағылшын тілін меңгерген студенттермен кездесу өткізді.