Ақшаңыз болса, сәби – сіздікі...
Соңғы жылдары елімізде бала сату бизнесі шарықтап тұр. Қазақ деген ұлтымызға жат нәрсе болса да, бұл үрдіс кейінгі кезде тіптен үдеп кеткен секілді.
Жақында ғана Алматы қаласының прокуратурасы балаларды сату туралы хабарландырулар жариялаған сайттарды анықтаған болатын. Органның мәліметінше, жас келіншектер жаңа туған нәрестелерінен заңсыз бас тартып, сайттар арқылы сатпақшы болған. Адам саудасы азайды деп жар салып жүргенімізбен, жақында ғана Қазақстандағы балаларды сатуға шетелдік сайттардың жұмыс істегені де анықталды. Шетелдік сайттың жұмыс жасап келгеніне жарты жыл болса да, сәби саудасы ойдағыдай сәтті жүргізіліп келген. Көбіне 1 жасқа дейінгі сәбилер саудаға салынған. Оның ішінде нақты анықталғаны алматылық келіншек пен түркістандық келіншек болып шықты. Бұл дегеніңіз – тірі жанды тауарға айналдыру деген сөз. Елімізде жастайынан от басқан қыздарға босанып, аяғынан тұрып кеткенше көмектесетін арнайы «Аналар үйі» ашылған болатын. Алайда от басқан қыз дейміз бе, көкек аналар дейміз бе, жасалынып жатқан жағдайға да қанағаттанбай, әйтеуір балаларынан құтылуға асық.
Ал баланың нарықтағы бағасы 100 мың теңгеден басталады. Кейбірі тіпті 50 мыңға, ал кейбірі бір миллионнан асқан бағаға сатып жатады. Тіпті алдыңғы жылдары Ақтөбеде ерлі-зайыптылар 5 жасар қызын 700 мың теңгеге сатпақ болған. Одан бөлек нәрестелерін Toyota Camry автокөлігіне немесе екі бөлмелі пәтерге айырбастамақшы болғандар да бар. Бұл сұмдықты жас қыздың ата-анасынан қорқып, ішінен шыққан баласынан құтылуға амалсыздан барып отыр дейін десек, ол бөлек мәселе. Ал отасқан ерлі-зайыптының нәресте саудасына баруы қоғам үшін тіптен қорқынышты жағдай. Елімізде бала сату не сатып алуға қатысты қарастырылған заң қатаң болса да, нәресте нарығының осы уақытқа дейін азаймауы мүмкін болмай тұр. Сонда да бала саудасына қатысты жазаларды еліміздің белгілі заңгерлерінен сұрастырып көрдік. Бұл жөнінде Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Тлеужан Жұмабекұлы бала сатуға қатысты жазалар кешірілмейтінін айтады. Яғни ол «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 128 бабына сәйкес, адам сату немесе оған қатысты мәліметтер жасау, не азғыру, қанауға қатысты 4 жылдан 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер сыбайлас түрде топтасып жасаса, оның жазасы өте ауыр болады. Яғни 7-9 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал сайттарға қатысты айтар болсақ, жалпы бала сататын сайттар болмауы керек. Болған жағдайда ол заңсыз. Бірақ қазір бала сататын сайттар қылмысқа жол ашып жатыр. Бала асырап алу дегенді бала сатумен шатастырмау керек. Бала асырап алу соттың тәртібімен ғана жүргізіледі. Сондай-ақ бала сатып алған адам мен сатқан адамның екеуі де адам сату фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни қылмыстық кодекстің 128-бабының І бөлігі мен ІV бөлігі бойынша 4 жылдан 7 жылға дейін, ІІ бөлігі сыбайлас топтардың бір немесе бірнеше рет жасаған қылмыстар бойынша 7 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, – дейді.
Көбіне бала сатуға қатысты қылмысқа қиын жағдайда қалған жас қыздар барып жатады. Бірақ жас қыздармен анасы да қосылып, бала сататын жағдайлар да кездесіп жатады. Жалпы іштен шыққан сәбиінен құтылғысы келетіндердің қулығында шек жоқ. Бұл қоғамның азғанын, отбасындағы құндылықтың жоғалғанын білдіреді. Сол себепті, елімізде қоғам болып, мемлекет болып, тосқауыл қоймасақ, ертеңгі күні келешек ұрпақтың азбасына кім кепіл?