Ақшолақов нені жасырып отыр?
Халықтың қымбатшылықтан жаны қысылып жүргенде дизель отының қымбаттағаны тағы бір дүр сілкіндірді.
Яғни, дизель отыны бір жыл ішінде 41,5 пайызға қымбаттаған. Оның үстіне, дизелдің қымбаттауынан бөлек, тапшылығы да елді алаңдатып отыр.
Жазушы Шерхан Мұртазаның «Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз» дегеніндей, елімізде дизель отыны жеткілікті бола тұра, халық дизель іздеп сандалып жүр. Бұған дәлел ретінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасы төрағасының экономика мен қаржы жөніндегі орынбасары Дәурен Қарабаев «Самұрық–Қазына» брифингінде елімізде дизельдің жеткілікті түрде өндірілетінін айтып қалған болатын. Сонымен қатар Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов алдағы уақытта дизель отыны тек талондар мен лимиттер белгіленетінін айта отырып, дизель отыны жеткілікті бола тұра, себебін түсіндірместен 22 тамызда «Мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу туралы» бұйрығын күшіне енгізіп үлгерді.
Енді бұйрық бойынша шекті лимиттерге келетін болсақ, халыққа зиянын тигізбесе пайдасы жоқтың қасында. Себебі, біріншіден, дизель отынына берілетін шекті лимит 100 литр, ал жүргізушілердің багі 60-80 литр болса, лимитке іліне алмайды, 100 литрден асса 450 теңгеден алуына тура келеді. Қай жағынан алып қарасаңыз да халыққа тиімді жағы қарастырылмаған. Сондағы дизельге қойылған шекті лимит жағармай орталықтарына ғана тиімді болып тұрған сияқты. Болат Ақшолақов жағармайдың қымбаттауы отандық құжаты бар жүргізушілерге қатысы жоқ деп басу айтқанымен де, жүргізушілер бұл тиімділікті көрмек түгілі, иісін де сезе алмай отыр. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, елдегі дизель отынының қымбаттауының салдарынан жүк көлігі жүргізушілері дизель отынын таппай, жанармай бекеттерін аралауға мәжбүр болуда. Жүк көлігі жүргізушілерінің сөзінше, жанармай бекеттерінде 20-30 литрдан артық отын алуға шектеу қойылған. Сол себептен, жүргізушілер әр бекетке барып, кезекке тұруға мәжбүр.
Енді Қазақстан бойынша дизель отынының бағасын саралап көретін болсақ, Алматы қаласы бойынша дизель отының бағасы – 225 теңге, Нұр-Сұлтанда – 230 теңге, Орал, Көкшетау, Қостанай, Петропавл қалаларында – 260 теңгеге өскен. Ал шетелдіктерге 450 теңгеден дегенімен де, жанармай бекеттерінде бұл жағдай нақты қадағаланып жатқандығы шамалы.
Дизель отынының жыры бұлай жалғаса берсе, газдан шыққан шу секілді халық арасында тағы да дүрбелең тумасына кім кепіл? Өйткені елдің есінен кетпес қаңтар қырғынына басты себеп – Энергетика министрінің тірлігі еді. Себебі, қаңтар қырғынында газдың бағасы шарықтап, тапшы жағдайға жеткен еді. Соның салдарынан елде дүрбелең тууына алып келді. Ал елдегі сол қырғын Ақшолақовтың басына әлі тимеген секілді. Газдың бағасы сол күйі шарықтап тұр. Жалпы Ақшолақов министрлікке келгелі жыл басында электр энергиясы, газ, жанармай, дизель отынында да тапшылық болып, бағалары қымбаттағанның үстіне қымбаттауда.
Еліміздегі осындай қымбатшылықтарға қатысты мәжіліс депутаты Еділ Жанбыршин: «Жанар-жағармай дефициті. Біз мұнай мен газдың үстінде отырған елміз, үш мұнай өңдеу зауытымыз бар. Бұл қалай сонда? Осыларды жүйелі шешуге бағытталған жобалар да көрінбейді. Бұл біреуді кінәлау емес, халықтың айтып отырған назы мен сыны. Ел қатты қиналып отыр. Жағдайымыз ескі Қазақстаннан да жаман болып кетті деп айтып жүргендер де бар. Сол себептен, биліктің барлық тармағына жаңа, таза адамдарды алу қажет. Тек мемлекет мүддесін ойлайтын. Ондай азаматтар 19 млн халық ішінен табылады. Екііншіден, паразиттерді құрту керек. Әйтпесе қоғамда үлкен «эпидемия болады» деп пікірін білдірген еді».
Мәжіліс депутатының айтқанындай, билікке тек халықтың жағдайын түсінетін, эгоизмге салынбай жұмыс істейтін басшылардың келгені керек. Бұлай болмағанда, жұмыссыздықтан титықтаған халық ертеңгі күні дымсыз қалмасына кім кепіл?