Ақсулықтар заңды жеріне қол жеткізе алмай жүр
«Жер мәселесі – негізгі өмір мәселесінің ең зоры» деген Әлихан Бөкейхановтың аталы сөзі, тиесілі жерін ала-алмай жүрген диқаншылардың өзегіне айналды.
Жуырда облыс орталығындағы соттар үйіне наразылығын білдіріп 100-ге жуық жалағаштық диқаншы қауым келді. Айтар базыналары, Ақсу ауылындағы «Сәрке батыр» серіктестігіндегі тиесілі жерлерін алып, егін салу. Бірақ серіктестік иевесторы «Ақ орда капитал» ЖШС 76 адамның 556 гектар жерін бергісі жоқ. Амалы таусылған шаруалар облыстың бас сотынан әділдік іздейді. Өйткені аудан әкімінің шығарып берген қаулысының күшін жойған облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шығарған қарары күріш науқанында диқандарды жіпсіз иіріп тұр.
Әңгіменің әлқиссасы, Жалағаш ауданы Ақсу ауылының тұрғындары екі жылдан бері заңды түрдегі тиесілі жерлерін ала алмай келеді. Аудан әкімдігі шағын шаруашылықты қолдап жерлерін алып беруге қаулы шығарғанмен қарсы тарап ол шешімге қарсылық білдіріп сотқа арызданған. Нәтижесінде, үш айлық процесте аудан әкімі шығарған шешімнің күші жойылсын деген үкім шығады. Былтырда егістіктен құр қалған шаруалар биылғы нәсіптен де айрылатынын сезіп жанайқайын білдірді.
«Егін уақыты өтіп барады, халық тағы аш қалады, нан тауып, өз жеріне егін еккісі келеді, бірақ қарсы тарап жерді бермейді», — дейді ауыл тұрғыны Айбек Қуанышбаев.
«Тиесілі жерімізді бермей отыр. Жер иелеріне берілетін дивидент дегенді де алған емеспіз, осы уақытқа дейін. Ал шаруашылықта істейтіндер жылына 1 қап күріш алады, ал біз сұрап барсақ қарызбыз дейді. Ауыл бөлініп кетті, керек десең қазір бір үйден бауырым екеуіміз бөлініп кеттік осы жер дауынан», — деп мұның шақты үлескер Нұрболат Исанбаев.
Сексендегі ақсақал Тынымбай Берлібекұлы, сот Жер кодексінің 101 бабына емес, ЖШС-нің ішкі жарғысына сүйеніп шешім шығарып тұрғанын айтады.
«Заңдылығында жер үлескерлері жиналыс өткізіп, жерді бөліске салу керек. Оны біз былтыр өткіздік, әкімдік өкілдері куә. Бірақ қарсы тарап қатысқандарын мойындамай отыр, біздің кемшілігіміз сол видеоға түсірмегеніміз. 2011 жылдан бері «Ақ Орда» инвестор боп келді. Егін егеді, күзде бар байлықты алып кетеді, ал ауылға түк жоқ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген мүлдем жоқ. Бұрынғы совхоздан қалған 50 орынды «Типовой гараж», «200 тонналық қойма», «Ауыл моншасы» секілді нысандардың, шаруашылық техникаларының бүгінде тозығы жетіп тұр. Ешқандай жөндеу, жаңарту жұмыстары жасалған жоқ. Ал ауылдағы «Ұстахана» талан-таражға түсіп, ақыры құрдымға кетті. Жылына 6-7 мың тонна күріш жинап отырған инвестор осының бәрін қолға алып, ауылдың жайын, халықтың қамын ойласа, біз де тілеушісі болып, тірлігіне болысар едік. Алайда «Сәрке батыр» шаруашылығының инвесторы өзін жақсы қырынан көрсете алмады. Бізге «Халыққа болсын!» дейтін, ауылға жаны ашитын инвестор қажет. Ондай азаматтар Жалағаш табанынан да табылады. Айта берсең шикілік көп. 11 жылда 8 директор ауысқан шаруашылыққа биыл тағы жаңа төраға келді. Инвестор Рахметов Алмас халықтан, үлескерлермен кездесуден қорқып, жасырын келіп директор сайлап кетеді. Енді келіп барлық мәселеге хабардар аудан әкімдігінің шешімін жоққа шығарып, жекеменшіктегі жерімізді тартып алмақшы. Былтырда егістен қалдық, биылда созып, әдейі қалдырып отыр. 76 үлескердің отбасындағы 300-ден астам адам биыл да тіршіліксіз, егінсіз аш отыра ма?», — деп күйінеді ақсақал.
Шаруашылық құрып, ағайындарымен бірге егін сала алмай жүрген ауыл тумасы Абай Боранқұловта жерін ала алмай, сарсаңға түсіп жүр.
«Екінші тарап «Сәрке батыр» ЖШС талап арыз беріп, 20 қаңтарда әкімшілік сот істі кіріске алды. Сот процесі 3 айға созылып, 6 сәуірде шешім шығарды. Бірақ судья Зәуре Жарылқасынова сот процесінде хаттамаға кірмейміз деді де, ал шешім шығарған кезде «ЖШС жарғысында жер үлесінен басшы шығарады» деген жазбамен шығарды. Бұл жерде біз Жер кодексіне сүйеніп тұрсақ, олар ішкі жарғыға сүйеніп тұр. Сонда қалай, Президенттің Жолдауда айтқаны қайда қалды? Жер заңды түрде өзіміздікі болса да енді бізге егін егуге, жұмыс бастауға рұқсат жоқ та, оларға бар. Осы жағдайды облыстың жоғары сотына айттық. Биылғы ақ егістен қалдық, енді соза берсе күріштен де қағыламыз», — дейді «АB-AGRO ORDA» ЖШС төрағасы Абай Боранқұлов.
Бұл мәселеге орай Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мәлімдеме берді.
«Сотта Жалағаш ауданы әкімінің 2021 жылғы 21 желтоқсандағы №280 қаулысымен «А» ЖШС-не Ақсу ауылдық округіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістіктегі барлық көлемі 584 гектар және 594 гектар үлесі ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ортақ үлестік уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен 2052 жылдың 21 ақпанына дейінгі мерзімге табысталғаны анықталған. Бұл қаулыға 2021 жылғы 29 желтоқсандағы №299 қаулысымен егістік жерлері мен басқа алқаптық жерлерінің көлеміне қатысты өзгерістер енгізілген.
«С» ЖШС-ы сотқа бұл қаулыларды даулап, табысталған жер учаскелері өздеріне тиесілі екендігін көрсеткен. Сотпен Қызылорда облысы Жалағаш ауданы әкімінің бұл қаулылары заңсыз деп табылған. Себебі, жер учаскесін бөліп беру туралы шешім қабылдау серіктестіктің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатады. Алайда «С» ЖШС-ы қатысушыларының бұл мәселе бойынша жалпы жиналысы өткізілмеген. Әкім қаулысы 2021 жылғы 5 сәуірдегі №1 хаттамасына негізделіп қабылданған. Бұл хаттама серіктестіктің жалпы жиналысының хаттамасы емес, жер үлескерлерінің жиналыс хаттамасы болып табылады. Бұл мән-жайлар жауапкердің назарынан тыс қалып, нәтижесінде заңсыз шешім қабылданған. Сот шешімімен жоғарыда аталған қаулылар заңсыз деп танылып, күштері жойылған. «Жалағаш аудандық жер қатынастары бөлімі» КММ-ы мен «A» ЖШС арасында жасалған жер учаскесін жалға беру шарттары жарамсыз деп танылды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ», делінеді хабарламада.
Бұл шешімге Жалағаш ауданы әкімдігінің бөлім басшысы келіспейтіндіктерін білдіріп отыр.
«Жалағаш ауданы әкімінің қаулысы заңсыз деп танылыпты. Бірақ, жерді бөлу туралы хаттама заңға сай толтырылған, сондықтан біз оған келіспейміз. Біз заңға сәйкес қаулы шығардық», — дейді бөлім басшысы Бабаназар Байболов.
Мәселені «Сәрке батыр» ЖШС серіктестігінен білгіміз келгенімен хабарласу мүмкін болмады. Есесіне серіктестіктің күріш егу науқанына кірісіп кеткенін әлеужеліден байқадық.
Енді ақсулық үлескерлер заңды жерлерін жергілікті сот қайтарып бере алмаса Жоғары сотқа шағымданатындарын айтады.