Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:12, 03 Тамыз 2023

Ақталу мен үміт арасы

None
None

Біздің заманымыздың 124 жылы дүниеге келген платоншы философ Апулей Римдегі оқуын аяқтағаннан кейін еліне қайтуға мәжбүр болады.

Өйткені алып қалада өмір сүруді оның қалтасы көтермеді. 155 жылы ол жаңа ізденістер үшін Александрияға жолға шығып, Эя қаласының маңында дертке шалдыққан болатын. Оны бірге оқыған досы Понтиан емдеп, өзінің шешесіне үйленуін өтінеді. Пудентилла ханымның жасы қырықтан асып кетсе де, ажарын бермеген әйел болатын. Сонымен бірге, ол өте дәулетті жесір еді. Үйлену тойынан кейін Пудентилланың марқұм күйеуінің туыстары Апулейдің үстінен «қара сиқырмен айналысады» деп арыз жазып, сотқа берген. Сол сот отырысында философ өзін қорғап, ақтап алған болатын. «Метаморфозалар» атты еңбегінде автордың осы ақталу сөзі бізге түпнұсқа мәтінімен жетіп отыр. Ол – Апулей сөзі немесе апология деп аталады. Қазіргі мәтінде сот алдындағы өзін-өзі ақтаушы сөз немесе ақталу.

Тарихта апологияның озық үлгісі ретінде «Сократтың апологиясын» айта аламыз. Оған құдайларға құрметсіздік танытып, жаңа құдірет иелерін ойлап тапты деген айып тағылған еді. Сократ Апулейден 5 ғасыр ерте өмір сүрсе де, оның ақталу сөзі «апология» деп аталып жүр. Яғни Апулей өз ақталуының негізгі мәтінін Сократтан алуы ықтимал екенін айтып өткіміз келеді. Өйткені өзі платоншы философ ретінде Сократтың сөзін білмеуі мүмкін емес.

Жалпы ақталу, апология термині осы антика дәуірінде дүниеге келіп, бүгінгі күнге дейін қолданылып келеді. Бірақ сот отырыстарында емес, бұл сөз әдебиетте көбірік айтылатын сияқты. Қазақ әдебиетінде аталған терминнің жарқ еткені 2006 жыл болатын. «Ақын апологиясы» деген атаумен ақын Әмірхан Балқыбек қысқа әңгіме жазды. Ондағы айыптаушыны нақ басып айту қиын. Ол тылсым біреу ме, әлде автордың өзі ме? Осы тұста шығарма тақырыбындағы «Акутагава Рюноскэнiң iзiмен» деген сөзге көзіміз түседі. Жапон жазушысымен бұрыннан таныс адам бірден Акутагаваның  «Диалог во тьме» деп аталатын әңгімесін ойлауы кәнік. Өйткені Ә.Балқыбектің «Ақын апологиясы» дәл осы шығарма негізінде жазылған болатын.

Сонымен қысқа диалогтармен түнек ішінде жапон жазушысы кіммен сөйлесті? «Акутагаваның үш жаңалығы» атты Аркадий Стругацкийдің мақаласы бар-ды. Қазақ тіліне тағы біз сөз етіп отырған Әмірхан аударған. Оны қарап шығып, орысшасымен салыстыра отырып бізге қатысты тұстың ауырылмай қалғанын аңдадық.

«Түнектегі диалог» әңгімесінің бірінші бөлімі соңында жазушы сұрақ қояды:

Мен: – Тоқтай тұр. Көзіме бір көрінбей-ақ сырласыма айналған, сан-қилы сұрағыңмен ойлануға мәжбүр еткен сен кімсің?

Дауыс: – Мен бе? Мен таңсәріде Жақыппен айқасқан періштемін.

Бұл диалогтан бірнеше қорытынды шығаруға болады. Біріншісі – Құдай. Інжілдің «Жаратылыс» кітабында (Быть):

«Жақып жалғыз қалды. Біреу таңға дейін оған қарсы күресіп жатты

«Сенің есімің кім?» – деп сұрады.

 «Жақып», – деп жауап берді ол.

«Сенің есімің енді Жақып емес», – деді ол. «Сіздің есіміңіз Израиль болады, өйткені сіз Құдаймен және адамдармен күресіп, жеңіп шықтыңыз».

Сонда Жақып сұрады: «Айтыңызшы, сіздің атыңыз кім?».

Бірақ ол: «Неге менің атымды сұрайсың?» – деп жауап берді.

Сонда Жақып Пенуел деген жерге барып: «Мен Құдаймен бетпе-бет кездестім», – деді.

Інжіл тәпсіршілері қасиетті кітаптың осы тұсын Жақыптың өзімен-өзі айқасы деп түсіндіреді. Өйткені құдай жолына түскенде Жақып аспанға созылған баспалдақты көреді түсінде. Оның құдай туралы екінші түсі осы айқас болатын. Екі түстің арасында 25 жыл бар. Құдай оған осы айқас үстінде Израиль атты есім береді. Израиль – Құдайды көруші. Яғни Жақып өзімен-өзі айқаса жүріп Құдайды 25 жылда толық таныды.

Яғни Акутагава әңгімесінің бірінші тарауында автор өзімен-өзі айқасқа түседі. Осы негізде болса керек, сыншы Аркадий Стругацкий мақаласында: «Ар, Өнер және Шабытпен пікірталас жасады» деп жазды. Бір жағынан келгенде адамның шын өзі, шын бет-бейнесі – Ары. Акутагава осы армен бетпе-бет келіп отыр. Ол авторды аямайды. Шексіз көкірегі мен амбициясын ар жаныштап тастайды. Жазушының шегінерге жолы жоқ.

Екінші бөлімде автор жанына өнер келеді. Ол мейірімді болатын. Жазушының барлық келеңсіздіктерін ақтап алуға тырысып бағады. Осы тұста Акутагава керемет төңкеріс жасады. Ол өнердің алдына арының кейпінде келіп, бірінші бөлімде ақталған дүниесінің бәріне мойынсынады. Мысалы, арының алдында: «Махаббатты бәрінен биік қоймадым. Мен – ақынмын, суреткермін» деп көкісе, өнердің: «сен – ақынсың, суреткерсің. Саған бәрі жарасады» деген сөзіне: «рас, ақынмын, суреткермін және мен қоғам мүшесімін» деп, қоғам алдындағы жауапкершілігін мойындайды. Тіпті автор өнерді сөзінің соңында: «Сен төбетсің. Бір кезде төбеттің кейпіне кіріп, Фаусттың жан дүниесін жайлап алған ібіліссің» деп айыптайды.

Ал үшінші шабыт алдында автор мүлде дәрменсіз. Шабыт автордың қолына қалам ұстаған сәтінен бастап оны құлдығында ұстайтын дүние текті. Бірақ ол авторды айыптап, жерге тықпайды. Тек не үшін, қалай өмір сүру керектігін, кім үшін өмір сүріп, кім үшін аяқта нық тұру керектігін жазушының есіне салып кететіндей.

Әмірхан Балқыбектің де «Ақын апологиясынан» осы үш негізгіні байқаймыз. Бірақ соңғы шабыт туралы бөлім қазақ авторында бөлектеу.

Екі автордың жазуға құлшынысының жоқтығы «әлеуметтік жағдайға» тірелетіндей. Мысалы, Акутагава ар алдында «ең жоғары гонорарым – 10 йен» дейді. Ал «сенің әжептеуір жағдайың болған еді ғой» деген сөзіне: «Мысықтың маңдайындай жерім болған» дейді. Ал үйі туралы сөз болғанда автор: «Бұл үйдің шатыры еңсемді басады» деп қысқа қайырған.

Ә.Балқыбектің апологиясы да айыптаумен, ардың өктемдігімен басталады.

«Дауыс: «Асқақ ұшсаң, абайлап қон» деген сөздi бiлесiң бе?

Мен: «Иә. Бұл көне шумердiң сөзi. Мен оны әрбiр жазуға отырар сәтiмде iштей қайталаумен келемiн».

Дауыс: «Онда неге дандайсып, тоқмейiлсiп кеттiң?»

Мен: «Қарапайым журналист-әдебиетшiнi бұлай кiнәлай қоюдың жөнi болар ма екен? Мен тiршiлiк нәпәқамды тек мақала жазумен тауып келе жатқанымды ешқашан ұмытқан емеспiн. Ал айына әдеби тақырыпқа екi-үш мақала жазып, дайындауға тиiс адамның дандайсуға, бiле бiлсеңiз, уақыты да жоқ қой. Мақала жазу, бұл ендi, қара жұмыс. Ит сiлiкпең шығады».

«Тіршілік нәпәқа» деген сөзден-ақ қазақ авторының да жағдайы мәз емес екенін аңғаруға болар. Ол ар алдында жаза алмай жүргенін «мақала жазудан қолы босамайтынымен» ақтап алатын сияқты. «Ит сілікпең шығады»...

Бірақ Ә.Балқыбек те екінші бөлімдегі мейірімді өнермен тілдескенде ардың қатаң кейпін киіп ала салады:

«Дауыс: Бүкiл әлемнiң қайғысын бiр өзiң арқалағандай неге тұнжырап отырсың?

Мен: Өзiме деген сенiмiм семiп бара жатқан секiлдi. Соңғы кезде шарасыз хал кешiп жүрмiн.

Дауыс: Газеттiң жұмысы шаршатты дегiң келедi ғой?

Мен: Жоқ, олай айта алмаспын. Бiрақ iшiмде себебi белгiсiз әлдебiр құлазу жүрiп жатыр. Себебiн бiле алмай далмын».

Міне, автор ар алдындағы газет туралы, мақала туралы сөзінен қашып отырған сыңайлы. Ол өнер алдында шын бейнесін көрсетіп, өзінің жазбауын «құлазуға» жабады. Осы тұста қазақы «өнердің» мейірімі жапондық өнердің мейірімінен аздау көрінеді. Өйткені қазақы өнер авторды арашалап, ақтап алудың орнына оны қамшылай түседі. Жазуға, көркем дүние жазуға итермелейтіндей.

«Мен: Сен менi жұбатып отырып та жұлқылап алуға құмарсың. Айттым ғой, үлкен дүние жазамын деген ниет менiң қаперiм түгiлi, түсiме де кiрген емес.

Дауыс: Роман болмаса, хикаят жаз. Хикаятқа да тынысың жетпесе, әңгiменiң ауайын байқап бақ. Әйтеуiр бiрнәрсе жазуға тиiстiсiң. Және оның көркем дүние болуы шарт».

Осы тұста өнер алдындағы жауапкершілік деген ұғым шығады. Бірақ оның астарында – халық алдындағы жауапкершілік бар. Әрбір қазақ қаламгері бейсаналы тұрғыда өзін қазақ халқының алдында жауапты сезінетін сияқты. Тіпті әрбір «кішкентай халықтардың» қаламгерлері, өнерпаздары осыны сезінеді. Әлем алдында жүрген Димаш Құдайбергенов әр концертінде домбырамен бір ән орындайды. Шетелдік конкурстарға шыққан өнерпаздарымыздың көбі халқы жайында әңгіме өрбітеді. Бұл біздің өнердің, халқымыздың әлем көзінде әлі мойындалмағанынан туған комплекс. Ұлттық сананың инстинкті һәм қорқынышы. Ірі халықтардан шыққан жазушылар Нобель сыйлығын алып тұрып, актерлер Оскар статуеткасын қолдарына ұстап тұрып «әкесі немесе анасы жайында, тіпті сүйген қызы туралы» сөз сөйлеуі мүмкін. Бірақ біздің халықтан шыққан ешбір өнерпаз олай істемек емес. Олардың әрбірінің «қазақ» деп сөз бастайтынына кепілдік беремін. Ә.Балқыбекті де «қазақ өнерінің» сонша қамшылауы – осы «кішкентай халықтық» синдромнан болса керек. Әйтпесе өнері аса дамымаған жапон қоғамында өмір сүріп жатқан Акутагава өз халқының алдында жауапкершілік неге сезінбейді? Неге ол ұлт немесе халық емес, жәй ғана қоғам алдындағы, бала-шағасының алдындағы жауапкершілік жайында ғана айтады? Өйткені жапон мемлекетінің сол кезде-ақ әлемдік және экономикалық картада да өзіндік орны бар мемлекет болатын. Сол үшін ол жақтың авторлары халықты емес, өзін ойлайды. Өзін танытуды, өзінің күйзелістерін ғана ойлайды.

Дегенмен қазақ ақыны «қазақы өнер» алдында «қазақы ақталуға» басады.

«Мен: Мен қазақпын ғой, жазылмаған мiндеттерiм көп.

Дауыс: Акутагаваның «Тозақ азабын» есiңе түсiр. Әйтпесе, кеш болады. Көрген күнiң тозақ болып қала бермек. Ал қазақпын дегенiң құр бас сауғалау ғана», – дейді.

Иә, қазақылықтың жазылмаған міндеттерінің де жазуға қолбайлау болары шындық. Той-томалақ туралы сөзді соңыра шабыт та айтады. Осы шығарма негізінде қазақ әдебиетінің дамуына кедергі келтіріп жатқан бірнеше фактордың беті ашылып қалатындай:

Бірінші, әлеуметтік жағдай. Оны түзеу үшін жазушы журналист болады. Ал журналистиканың «ит сілікпеңді шығаратын жұмыс» екенін автор тағы жазыпта кетті. Бүгінгі ақын-жазушылардың да көбі осы мәселені айыптайды. Тіпті кейбірі «жазудан» жерінгенін де айтып жүр. Өйткені бүгінгі жазу бұрынғы газет-журналдың жанында түкке тұрмайды. Қазір қалам ұстағанның көбі сайттарға жазып, тіршілік нәпәқасын айырады. Ал сайтта бір минут жазбай қалуға болмас.

Екінші кедергі ретінде Ә.Балқыбек қазақы менталитетті алға тартады. «жазылмаған міндеттер». Туыстың тойына бару, асынан қалмау, қонақ шақыру… тағысын тағылар. Бұлар да автордың қолына кісен, аяғына тұсау болмақ.

Үшінші кедергі ретінде автор жазушының өз кінәсін алға тартады. Ол – жар салу.

«Дауыс: Көшiм хан туралы роман жазамын деп алты алашқа жар салған сен емес пе едiң?

Мен: Иә, мақаланың шырайын келтiру үшiн бiрде сондай бiр ойды сөз арасына қыстырып жiбергенiм бар-ды.

Дауыс: Әне, сол сөз ыңғайы үшiн айтыла салған жар салмаң, сенiң жаныңды мазалап жүр. Ендi ол өмiр бойы мазалайтын болады».

Айтылған сөз, жұртқа жеткен жоспар қарапайым өмірде адамды қамшылайтын болса (заманауи психологтардың пікірінше), қаламгерге кері әсер етеді. Өйткені ол айтқан сөзінің шеңберінде қалып кетуі ықтимал. Бұл шығармашалықтағы еркіндіктің шектелуі болмақ.

Әмірхан Балқыбек апологиясының үшінші бөлімін «Шабыт пен үміт» деуге болатын шығар. Өйткені жапон жазушысындай емес, осы тұстан қазақ авторының болашақтан үміт ететінін аңғаруға болады. Бірақ үміт артында күдік тұрады.

«Әуезовтің жазылмаған романы» туралы мақаламызда айтқанымыздай, ХХ ғасыр басында қазақ пен жапон әдебиеті бір деңгейден көтерілген еді. Оған не кедергі болғанын да айтып өткеміз. Сол сөзімізге Аймауытовтың ақталуы арқылы тағы бір толықтыра тоқталып өтсек.

Иә, Аймауытовтың да апологиясы бар. Жазушының «Елес» деп аталатын әңгімесін есіңізге түсіріп көріңізші.

« – Е, жолдас не жазып отырсың?» – деді.

– Сізге не керек? – дедім.

– Іріленбе, іріленбе. Түн бойы түк жаза алмай отырып, қатқаныңның басына көкимісің, – деді.

– Жазам ба? Жазбаймын ба? Онда сіздің жұмысыңыз жоқ. Менің жазуымды тергейтін сіз емес, жорналшылар, – деп, сырт бердім. Одан жаман әкіреңдеді.

–  Танымасаң, танытармын. Одан да шыныңды айт!

– Өзің қалай өктем сөйлейсің? Өзің кімсің? Партийный билетің бар ма? – деп қоқан-лоқыға салдым. Айылын да жиған жоқ, сықақ қылған кісіше, мырс етті».

Жазылу стилі жағынан Акутагава мен Әмірханның әңгімесінен айнымайды. Әрине, қазақ ақыны Акутагава ізімен жазғанын мойындайды. Бірақ Жүсіпбек Аймауытовтың апологиялық «Елес» әңгімесі жапон жазушысынан бұрын жазылған болатын. «Түнектегі диалог» 1926 жылдың желтоқсан айында жазылып, 1927 жылы авторы өлгеннен кейін жарыққа шықса, ақталу стиліндегі «Елес» әңгімесін Жүсіпбек 1921 жылы жазған еді.

Акутагава Жүсіпбек Аймауытовты оқыған ба деп сұрақ қою журналистік риторикаға сай келгенімен, әдебиетшілік сауалға мүлде жат шығар. Өйткені алты жыл ішінде аударылып, қазақ жазушысының әңгімесі жапониядағы Акутагаваның қолына түсті деуге ауыз бармайды және логикаға да сенуден бас тартады.

Осы тұста екі автордың ізденістеріне назар аудару керек шығар. Жапон қаламгерінің «жапон мен қытайда, батыс пен шығыстан тапқан 300 кітабым, 300 досым» бар деген сөзіне сенсек, оның Сократтан да, Апулейден де хабары болғанына сенеміз. Жүсіпбек Аймауытов та бұл авторларды білгеніне дау жоқ. Сонымен бірге екі жазушының да анық оқыған бір авторы болған. Ол – Достоевский. Адамның өз жанына үңілуін жапон әдебиетіне үйреткен автор. Қазақ әдебиетіне, әсіресе социалистік реализм бағыты келгенге дейінгі қазақ прозасына бұл автордың әсері басым болған. Дегенмен ХХ ғасыр басындағы қазақ романдарын зерттеген профессор З.Бисенғалиев:

«Қазақ романдарын Еуропа романтанушылары да басшылыққа алған ұстанымдарды қолдана отырып топтар болсақ, үндестік байқалады» дейді. Яғни ХХ ғасыр басындағы қазақ жазушылары орыс қана емес, сол кезеңдегі әлем әдебиетінен де мол хабардар болған. Ш.Құдайбердіұлы С.Мұқановқа жазған хатында: ««Әдiл-Мәрия» деген романымның көшiрмесi Алматыдағы осыннан барып қызметке тұрған Бағдәулет Құдайбердiұлында шығар. Оның тұрағы Алматыда Ленинский көшеде №63. Сол балада Американың Бичер Стоу деген әйелi жазған құлдар тұрмысы жайынан «Том ағайдың балағаны» деген қазақшаға аударғаным бар шығар» дейді. Бірақ бұл қазақ тіліне алғаш аударылған америкалық романның қайда кеткені белгісіз.

Өткен ғасыр басында жазылған қазақ пен жапон жазушыларының апологиялық әңгімелері туралы сөзімізді түйіндей келіп, ХХ ғасыр басында қазақ қаламгерлері әдебиеттің сол замандағы басты бағыты модернизмге құлаш ұрды деп айтқымыз келеді. Бұл туралы ғалым Б.Майтанов: «Сәл ертерек дәуірге көз салсақ, модернизм мен постмодернизмге хас мәтін құрамының байлығы мен әркелкілігі М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Бүркіт аңшылығының суреттері», Ж.Аймауытовтың «Елес», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсы», С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым», С.Сейфуллиннің «Біздің тұрмыс» шығармаларынан мол аңғарылады. Аталған туындылардағы интертекст, реминисценция, аллюзия көріністері өмір шындығын қалыптағы реалистік баяндаудан гөрі оны қабылдаушы субъектімен ара-қатынаста, жан-жақты танытуда зор нарративтік рөл атқарды. Модернистік прозада шарықтап дамыған сана ағымын суреттеу өнері М.Әуезов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев мәтіндерінде ұлттық дәстүр сілемдерін қалыптастырды, – дей отырып, – Поэзияда символизм мен импрессионизм көріністері, прозада экзистенциализм мен экспрессионизм (фрейдшілдік сарын) эстетикасына тән белгілер күрделі дүниетанымдық, көркемдік ізденістерге мұрындық болғанын жоққа шығару қате» деп сөзін тұжырымдайды.

Бірақ кеңестік билік өзімен бірге жаңа бағыт әкеліп, қазақ әдебиетінің табиғи дамуына кедергі келтірді. Жазушыларға сол бағытты сырттай таңып берді. Қазақ жазушыларының партияны мақтаудан өзге амалы қалмады. Міне, Жүсіпбек Аймауытов осы үшін ақталды. Алдағы ұрпақтан, халқынан кешірім өтінді. «Елес» әңгімесіндегі апологияға назар аударалық:

«Елес: Бүгінгі шенқұмарлық, кеңесшілдік, ата ру намысы, губерне намысы, орынға таласу, топтасу, жіктесу қандай күйде? Кім не үшін күресіп жүр? Бұларды жазуға тісі батқан жазушы шықты ма?

Осылардың әрбіреуі әңгіме, бір роман болуға жарамай ма? Төңкеріс жазушысы, төңкеріс ақыны болсаңдар осыны неге жазбайсыңдар? Төңкерістің мақсатын түгел жазбаған соң, жазушымын деп не керек? Осынша соны бай әңгімелер жатқанда, сөз таба алмай сандалып, «Қара боранға», «Зар заманға», «Асық жарға», «Қайға зарға» салынатын не бар? Қандай уақ нәрседен құралып, төңкеріс жемісі көрінбей ме?

Өткен жаз бір кедей шәкірт елге барып, өзіндей жиырма кедей баласын әкеліп,  оқуға түсіріп отыр. Бұл теңдікті кедей баласы қашан алып еді? Әне, сенің өз еліңде параходта жүк көтеріп, жер астында көмір қазып жүрген  талай жұмысшылар исполком болып отырғанын көрмейсің бе?

Мелшиіп не дерімді білмедім. Тесірейе қарап, тепсініп:

Елес: «Жазасың ба?» – деп, алты атарын суырып алды.

Мен: «Ша… м… мам… келмейді ғой, жолдас!»

Елес: «Ендеше, жазғаныңды қоясың ба?» – деп ақырып, мылтығын кезеніп, кеудеме тақады.

Мен: «Қояйын, қояйын… – дедім. Басып жібере ме, бойым шіміргіп, селк етіп, көзімді жұмып қалдым».

Бұл амалсыз бас сауғалаған адамның ақталуы болатын. Өткен ғасыр басындағы алып ойлардың күйреуі мен Алаш Орда идеясының күйреуі – алашшыл азаматтардың көбінің шығармашылығына да, тіпті өміріне нүкте қойғандай. Жүсіппек Аймауытов осылай «үмітсіздікке» ұрынғандай. Бірақ ол үміт қайта тірілді. Жаңа ғасыр басында жазылған Әмірханның апологиясының үшінші бөлімінде сол бір үміт қайта оянғандай.

«Мен: Дегенмен сен мынаны айтшы, шын талпынса қазақ баласының Акутагава мен Гарсиа Маркестерден де артық жазуға мүмкiндiгi бар ғой?

Дауыс: Бағанадан бергi әңгiменiң ненi дiттеп айтылғанын әлi аңғармаған екенсiң-ау. Мұндай әдебиетшi болғаныңа...»

Әмірханға шабыт осылай дейді. Біз де осыған сенеміз. Кәсіби әдебиеті басталмай жатып үмітсіздікке ұрынып, араға ғасырға жуық уақыт салып, қайта оянған асқақ үміт, асқақ идеялар ғасыры тумасына кім кепіл? «ХХІ ғасыр – қазақ әдебиетінің ғасыры болады» деген де сол «үмітті» Әмірхан Балқыбек еді ғой. Оның күнделігінде әкесі жазып берген мына өлең болатын:

«Мазаласа, мазаласын ой ғажап,

Кейбiр ойлар бола бермес бойға шақ.

Ертедегi эллиндiктер ұлының

Жақсы ойы үшiн бередi екен той жасап.

Жақсы ойлар үшін… жақсы идеялар үшін… жақсы шығарма үшін және ар алдындағы ақталудың көбейіп, өнер мен шабыт алдындағы ақталулардың азаюы үшін тост көтеріңіз немесе «әумин» дегейсіз. Бірінен соң бірін де істеп жүрміз ғой, бірақ...

Досхан Жылқыбай

Тегтер: