Ақтау шенділері жұмыс істемейтін 5 әжетхана үшін 87 млн теңге жұмсаған
Ақтауда 87 млн теңгеге 5 әжетхана салынып жатқаны туралы ақпарат қоғам ашуын туғызды.
Әлеуметтік желілерге мониторинг барысында Ақтау қаласының әкімдігі қалалық жағалауда 5 қоғамдық әжетхана орнатқаны белгілі болды. Бірақ тұрғындар әжетханаларды пайдалана алмай жатыр.
Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің мәліметінше, Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мемлекеттік сатып алуды зерделеп, модульдік әжетханаларды орнату бойынша орындалған жұмыстар актілеріне қол қою рәсімдеріндегі сәйкессіздіктерді анықтады.
«Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі жұмыстардың нақты орындалмағанына қарамастан, шартқа қол қойылғаннан кейін 2 күн өткен соң жеткізушіге 87 млн теңге көлемінде толық соманы аударған. Бұл факт ақпаратты есепке алу кітабына тіркелді және тиісті тексеру жүргізу үшін ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жіберілді», — делінген хабарламада.
Аудиторлық тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтар расталған жағдайда, заңда белгіленген тәртіппен шаралар қабылданатын болады.