Ақтөбе-Лаэти – Алтын орда мемлекетіндегі өндірістік қалашық

Жошы ұлысы тарихы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігі тарихында үлкен орын алады.
Жошы ұлысының тарихи, мәдени мұрасы бәріне ортақ. Алтын Орданың жүрегі Дешті Қыпшақ даласы, әсіресе төменгі Еділ бойы болды. Төменгі Еділ бойы Жошы ұлысының экономикалық және саяси орталығы болды. Сауда жолдарының торабына айналған бұл аймақ мемлекет ыдырағанға дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Алтын Орда хандары осы жерлерде көшіп жүрді. ХІІІ ғасырдың 40-50-жж. дейін Алтын Орда хандары Төменгі Еділ бойында қалалар құрылысын жүргізе бастайды. Бұл қалалардың бәрі өзіндік сауда қатынастары мен қолөнері дамыған орталықтарға айналды. Алайда үлкен қалалар мен олардың айналасындағы маңызды аймақтар туралы жазба деректер өте аз кездеседі, тек археологиялық және пәнаралық зерттеулер берген тұжырымдардан қорытынды жасауға мүмкіндік бар.
Ақтөбе-Лаэти қалашығы – Атырау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан Алтын Орда дәуіріне жататын ірі қолөнер орталығы. Көптеген жылдар бойы Каспий теңізінің астында қалғандықтан, археологиялық зерттеулер де кеш жүргізілген. Тек теңіз суы қайтқан кездері ғана орта ғасырлық қала орны білініп, керамикалық ыдыстардың сынықтары мен сүйектер шашылып жатқаны назар аудартады. Жергілікті өлкетанушылардың назарына іліккен қала орнына осы кездерден бастап археологиялық экспедициялар жіберіле бастайды.
Еділ өзенінің төменгі ағысы бойында орналасқан орта ғасырлық Алтын Орда дәуіріне жататын Ақтөбе-Лаэти қаласы – қолөнершілер қаласы болғанын археологиялық қазба жұмыстары дәлелдейді. Олай деуге басты себеп, қала орнынан шеберханалардың көптеп табылуы. Шыны, сүйек және темірден жасалған ақауы бар бұйымдардың, сонымен қатар сәндік қолөнер бұйымдары – моншақтар, әшекейлер, тіпті алтын теңгелердің табылуы бұл жерде осы бұйымдар өндірілді деген тұжырым жасауға бастау болғаны анық. Қаланы алған зерттеп, ғылыми айналымға енгізген Л.Галкин. Лаэти – лайлы жер деген мағынаны білдіреді деген зерттеуші ХХ ғасырдың 70-жылдарының ортасында Жайық өзенінің Каспий теңізіне құятын сағасында орналасқан қала туралы қолөнер және өндірістік қала болған деген тоқтамға келді. 1989-1991 жылдары қала орнында өлкетанушы В.К.Афанасьев басқарған Гурьев археологиялық отряды Л.Галкин бастаған жұмыстарды жалғастырды. Тәуелсіздік жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетінің ғалымдары қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Зерттеулерге қарағанда қаланың мәдени қабаттары жақсы сақталған. Қалада әйнек, металл және зергерлік бұйымдар шеберханалары болғаны жайлы қала орнын зерттеген археологтар мен зерттеушілердің барлығы бір ауыздан дәлелдеп отыр. Өндіріс кезінде ақаулы болып шыққан немесе жарамсыз болып қалған әшекей бұйымдары Ақтөбе қалашығынан да табылуы Алтын Орда дәуірінде бұл қала өндіріс шеберханалары шоғырланған қала болуы мүмкін деген ойға жетелейді.
Қала орнында бір ғана мәдени қабаттың табылуына қарап, қаланың өмір сүрген уақыты қысқа болғанын аңғарамыз. Алтын Орда дәуірінде құрылып, Алтын Орданың ыдырауымен бірге өмір сүруін тоқтатқан қала тарихының аяқталуына Әмір Темірдің Тоқтамыс ханға шабуыл жасауы себеп болды деген пікір тудырады. Екінші бір себебі Каспий теңізінің су деңгейі көтерілуіне байланысты қала орны су астында қалған деген пікір.
Келесі бір мәселе, қалашықтың Алтын Орданың астанасы болған Сарайшық қаласына өте жақын орналасуы Ақтөбе-Лаэти қаласының қалалық статусына күмән келтіреді. Дегенмен зерттеушілердің еңбектерінде қаланың шығу тарихына қатысты тұжырымдар кездеседі. Мысалы, Г.А.Федоров-Давыдов қыпшақтар моңғол жаулаушыларынан ұлыстық жүйені және қалалақ отырықшылықты алды, яғни моңғол жаулаушылығы нәтижесінде малынан, жерінен айырылып кедейленген қыпшақтар хан ордасы маңына орналасып, отырықшылыққа көшті, сөйтіп, көршілес отырықшы халықтарға шабуыл жасап, тұтқын қолөнершілер мен шеберлерді хан иеліктеріне орналастырды. Олар көшпелі ақсүйектерді егіншілік пен қолөнер бұйымдарымен жабдықтап отырды. Осылайша отырықшы мекендер пайда болып отырды деп түсіндіреді. Өзге де зерттеушілер моңғолдар жаңа қалаларды өндіріс орталықтарына айналдырды, арнайы қолөнершілерге салынған қалалар болды, ол қалаларға жаулап алынған жерлерден шеберлерді күшпен әкеліп орналастырды, ал кейінірек өзге елдер мен қалалардан бейбіт жолмен шақыру үрдісі орын алды деген секілді көптеген пікірлер айтады.
Ең алғашқы ғылыми зерттеулерден-ақ ғалымдар қаланы қолөнершілер қаласы деген пікірде болды. Себебі әйнектен және зергерлік бұйымдар жасайтын шеберханалардың орындары мен металл өңдейтін орындар болғаны анықталды. Сонымен қатар археологиялық зерттеулер кезінде табылған әр түрлі елдердің ақшалары, алтын, күміс және мыс тиындар табылды. Сауда керуен жолында орналасқан Ақтөбе-Лаэти қаласы қолөнер бұйымдарын Жошы ұлысының өзге қалаларына жеткізіп отырған және Орта Азияның қалаларына сауда-саттыққа шығарып отырған деген жорамал жасауға итермелейді.
Қазан университетінің ғалымы Л.Ф. Недашковский кішігірім қалалар ірі қалалардың айналасында орналасып, ірі қалаларды қолөнер өндірісі өнімдерімен жабдықтап отырды деген пікір айтады. Орта Азиялық қалалар мен Алтын Орда арасындағы сауда керуен жолдарында орналасқан осындай кішігірім қалалар санатына Ақтөбе-Лаэти қалашығын да қосқанымыз дұрыс.
Жошы ұлысындағы материалдық мәдениет пен қолөнер дәстүрінің синкреттілігіне қарамастан, (барлық көршілес елдердегі параллельдердің болуы) Алтын Орданың қолөнер өнімдерінің өзіндік ерекшелігі оларды өзге орта ғасырлық мемлекеттердің қолөнер орталықтарының бұйымдарынан ажыратуға мүмкіндік береді. Алтын Орда қалаларындағы қолөнершілер кварталдарға бөлініп тұрған, усадьбалық қол өнер дамыған. Алтын Орданың усадьбалық формада жоспарлап салынған өзге қалаларынан ерекшелігі – Ақтөбе-Лаэти қаласы кварталдарға бөлініп, нақты жоспарланған. Зерттеулер кезінде әр кварталдың әртүрлі шеберханаларға арналғаны байқалады. Зергерлік, металдан, шыныдан, темірден, сүйектен қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберханалар, балық тұқымдарынан өнімдер дайындайтын шеберхана, мыс өңдейтін орындар кездеседі. Демек, қолөнердің көптеген түрлері дамығаны белгілі.
Алтын Орда қалаларындағы ең дамыған қолөнер өндірісіне қыш өндірісі жатады. Сыры жоқ немесе сырсыз қызыл қыш керамикасы алтынордалық археологиялық ескерткіштердің негізгі материалы деп айтуға да болады. Олардың формасы айқын, өрнектері қарапайым, негізінен сызықты, толқынды өрнекпен әрленетін. Осы тәрізді қыш қолөнер жәдігерлері Ақтөбе-Лаэти қалашығынан табылған өндіріс ошақтарынан табылды. Өндіріс ошақтары әр түрлі болып кездеседі. Мысалы, кей ошақтардың ішінен металл қалдықтары табылса, кей бөлмелерден қыш ыдыстардың сынықтары табылды. Қыш ыдыстарының бір түрлері айналмалы станокта жасалды, тағы бір түрлері жапсырма әдісімен жасалғаны білінеді. Станокта жасалған қыш ыдыстар көбінесе қызыл түсті болып келеді, кейде сұр және ашық түсті ангобпен (ангоб – қыш бұйымға жұқа қабатпен жапсырылған ақ немесе түрлі-түске боялған балшық. Әдетте қышты күйдіргеннен кейін оның түсін өзгертетін пигмент қосқан) қапталған қыш түрлері де кездеседі. Бірен-саран кашиннен жасалған қақпақтар да кездесіп қалады. Кашиннен жасалған бұйымдар, біздің білуімізше, фаянстар мен жартылай фаянс ыдыстар қатарына жататын ақ балшықтан жасалатын ыдыстармен бірге Ираннан келген. Әдетте фаянстар мен жартылай фаянстар ыдыстарға металл секілді немесе жылтыр беріп әрлеу үшін қолданылған. Ондай ыдыстар жасау Иранның Рей және Кашан қалаларында көп таралған. Сондықтан болар, осындай керамикалық балшықтың түрі – кашин бұйымдар Кашан қаласының атауымен кашин бұйымдары деп аталып кеткен. Кашиннен жасалған бұйымдар Орта Азияда ХІІ ғасырлардан бастап тарала бастады.
Еділ бойындағы Алтын Орда қалаларында кашиннен жасалған бұйымдар хорезмдік балшықтардан ерекшелігі аз болды. Жаңа Сарай қаласынан табылған кашин ыдыстардың балшығының түстері күлгін түстес болып келетін, ол хорезм стиліндегі кашин ыдыстардан осы түсімен ерекшеленетін. Алайда кашиннің түсіне қарап қана хорезмдік немесе жергілікті кашин деп бөлу өте субъективті пікір болар еді. Сонымен қатар, түстердің ерекшелігін айыру да оңай емес. Ақтөбе-Лаэти қаласындағы ыдыстарды дайындауда кашин көп қолданылмаған. 2018 жылы жасалған археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған 22 сырлы ыдыс сынықтарының тек екеуінің балшығы кашиннен жасалған, өзге ыдыстардың сынықтарының құрамы қызыл қышты өңдеп жасалған.
Ақтөбе-Лаэти қалашығының орнынан табылған қыш бұйымдар үлкенді-кішілі хұмдар, құмыралар мен қазандар, табақтар мен түбек, тостағандар, шығырлар мен шырағдандар және қақпақтар түрінде кездеседі. Сырлы ыдыстар мен сынықтары қызыл, жасыл, сары, ақ, ашық көк түстерге боялған.
Археологиялық қазба жұмыстары кезінде басқа да бұйымдармен қатар лазурит, шыны және пастадан жасалған моншақтар, алтын жапсырмалар мен түймелер, жұқа сымнан жасалған алтын сырғалар мен сырғаның бөліктері кездеседі. Сондай-ақ зергердің әшекей бұйымдар жасайтын қалыбы да табылды. Пастадан, кашиннен және тастан жасалған моншақтардың түстері әртүрлі, көгілдір, сары, қызғылт, көк, жасыл, қоңыр, ақ және ала түстер кездеседі. Көгілдір түсті үшкір және қара домалақ көбірек табылса, арасында сарғыш түсті және өте сирек қызыл моншақтар да кездесіп қалады. Көз тәрізді әдемі моншақтар, ойық моншақтар және де жасымық тәрізді, спираль тәріздес моншақтар да кездеседі.
Алқа түзбегіндегі моншақтар, бас киімдегі, киімдердегі моншақтар тек сән үшін ғана тағылмаған, олардың әрқайсысы білгілі бір мағынаны білдірген. Әйелдер мен ерлер киіміне тағылған моншақтар тұмар ретінде, қорғаныс ретінде де қолданылған. Мысалы, кей тұмар моншақтар байлық шақырады десе, тағы бір түрлері жамандықтан қорғайды, үшінші бір тұмар түрлері әйелдерге көп құрсақ көтертеді деген наным-түсініктер болған. Осылайша, киімнің сыртынан тағылған моншақтар немесе түйреуіштер белгілі бір мәнге ие болған. Әйелдер каури бойтұмарларын тағып жүрген, ол байлық пен көп балалы болудың белгісі деген түсінік болған. Бирюза жеңіс тасы болып саналды. Ал өрнектелген көк түсті моншақтарды әйелдер тағып, қорғаныш қасиеті бар деп, қара түсті көбінесе ерлер жауынгер белгісі ретінде таққан. Сұрақ белгісі бейнесіндегі сырғалар маржаннан немесе ақ әйнектен жасалған, ақ түстің сакральды мәні болған. Яғни Алтын Орда дәуіріндегі моншақтар тек сәндік, эстетикалық мәнге ғана емес, сонымен қатар көзмоншақ, тұмар, қорғаныш қасиетіне де ие болған.
Кодекс Куманикус қыпшақ сөздігінде шеберхана технологиясына қатысты chura – ұстахана, temirzi – темірші, altunči – алтыншы, bičak – пышақ, egau – егеу, comur – көмір, čacuč – шапқыш, cheschač – қысқаш сияқты сөздер кездеседі. Бұл сөздердің бәрі Ақтөбе-Лаэти қалашығына қатысты сөздер. Алтын Орда дәуіріндегі Ақтөбе-Лаэти сияқты өндіріс ошағы болған қалаларда ұстаханалар мен шеберханалар әшекей бұйымдарды өндіріп, өзге елдімекендер мен қалаларға таратып отырды. Көшпелі халықтың керек-жарағын тек үлкен қалалар мен орталықтарда ғана емес, осындай кішігірім қалашықтарда өндіріс ошақтарын салу арқылы қамтамасыз ете алатын еді. Жүргізілген қазба жұмыстарын қорытындылай келе Ақтөбе-Лаэти қаласы – Жошы ұлысының қолөнер өнімдерін шығаратын және оны саудалайтын кішігірім қалаларының міндетін атқарды деген тұжырым жасауға болады.
ХХ ғасырдың 70-жылдары басталған тарихи-археологиялық зерттеулер бүгінге дейін үздік-создық жалғасып келеді. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жас ғалымдары Ақтөбе-Лаэти қаласының тарихнамалық мәселелерін зерттеумен үш жылдан бері ғылыми жоба аясында айналысып келеді. Ақтөбе-Лаэти қаласының орнын зерттеу үрдісі әлі де жалғаса берері сөзсіз.
Анар Арепова
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының аға ғылыми қызметкері