Ақтөбе облысында су тасқынының қаупі сейілді

Биыл жылдағыға қарағанда су тасқыны қаупі біраз өңірлерімізді әбігерге салды. Соның ішінде Ақтөбе облысында ауа температурасының +9-дан 15 градусқа дейін күрт көтеріліп, жылынуына байланысты облыс аумағында сәуір айының басында су тасқыны қаупі орын алды.
Еріген қар суы қалаға кіріп, тұрғын үйлердің жөртөлелерін толтырды. Сәуір айының алғашқы аптасында су тасқыны салдарынан 119 саяжай үйін су басып, оның ішінде 1 саяжай үйі қирауға дейін жеткен.
Бүгінгі күні қауіп біршама сейілді. Қазір мамандар қауіп қайталанбас үшін алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Келер жылы су тасқыны қатері туындамас үшін аумақтағы су тасқыны кезіндегі жағдай сарапқа салынуда. Мәселен су тасқыны қаупі бар кезең басталған алғашқы аптада 315 адам эвакуацияланған. Оның ішінде 138 бала қауіпсіз жерге көшірілген. Мектептерге орналастырылғандарды ыстық тамақпен, жылы киіммен қамту жұмыстары жолға қойылған. Сондай-ақ Алға ауданында 30 жылқы Елек өзенінен құтқарылып, аумақты қорғау үшін жалпы 15 132, тәулігіне 2 800 қап төселген. Және жергілікті жолдардың толып кетуінің бір дерегі тіркеліп, Қобда ауданы, Жарық ауылына кіреберіс жол көпіріне қауіп төнген.
Жалпы су тасқынының алғашқы аптаснда жолдарды шайып кетуінің бес дерегі тіркеліп, тоғыз елді мекенмен жол қатынасы үзілген. Ол аумақтарда 939 үй, 3641 адам орналасқандықтан, аумақты байланыссыз қалдыру мүмкін емес екенін ескеріп, жолдарды жедел қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілген. Атап айта кетсек, Байғанин ауданында Миялы мен Оймауыт ауылдары, Қобда ауданында Өтек, Жарық және Қоғалы ауылдары, Ойыл ауданында Ақшатау және Көптоғай ауылдары, Мұғалжар ауданында Бұлақты және Құмсай ауылдарымен байланыс үзілген. Негізі елімізде төтенше жағдайдың арнайы картасы қарастырылған. Онда төтенше жағдай қаупі бар аймақтар назарға алынып, жылдағы көктемгі су тасқыны кезеңінде алдын ала ол өңірлердің қауіптілігі ескеріліп, алдын алу жұмыстары дер кезінде жүргізіледі. Сондықтан Ақтөбе облысының байланыс үзілген бұл ауылдардың да арнайы картаға енгізілуі қарастырылуда.
Ғарыштық мониторинг деректері бойынша облыс аумағының қармен жабылған аумағы ескеріліп, қардың көп бөлігінің еріп кеткені анықталған. Нәтижесінде мамандар қазір қауіптің толық сейілгенін айтуда. Мәселен топырақтың қатуы Мәртөк ауданы, Родниковка ауылында 10-нан Ақтөбе қаласында 58 см-ге дейін аралықта екені анықталған. Жалпы өңірдегі өзендердің көптігі де қауіпті еселеп отыр. Мәселен Ақтөбе қаласында тек қала аумағы арқылы 8 өзен ағады, олардың 6-ы қаланың негізгі өзендері Елек пен Қарғалыға құяды екен. Сондықтан өзендердің көптігін ескеріп, еріген қар суының ие бермей кетпесі үшін қазір мамандар жұмыс істеуде. Жалпы облыс аумағында Ақтөбе су қоймасымен реттелетін Елек өзені, Қарғалы су қоймасымен реттелетін Қарғалы өзені, Сазды, Жіңішке, Жаман Қарғалы, Тамды, Песчанка, Бұтақ өзендері бар. Сәуір айының басында бұл облыстың барлық өзендерінің арналары қарқынды толса, қазір біршама толастаған. Демек қауіп те сейілгені байқалады. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы билік өкілдері жолдарды толық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.
Ерзия Ерсұңқар