Ақтөбедегі митингіде "сот жүйесінде қазақ тілінің сирек қолданылуын" сынады

15.09.2019, 02:00

3

14 қыркүйекте Ақтөбедегі ескі филармония алаңында жыл басынан бергі алғаш рет «рұқсат етілген митинг» өтті. Оған өздерін «мемлекеттік тіл жанашырларымыз» деп таныстырған 20 шақты адам жиналды.

— Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасы мемлекеттік тілге қырын қарайды. Адвокатура өз жарғысын ресми тілде яғни, орыс тілінде жазған. Мен осыған наразы болып, қалалық сотқа шағымдандым. Қалалық сот шағымымды қанағаттандырмады. Апелляциялық алқа да адвокатура төрайымы Якубенконы қолдап отыр. Тіл мәселесіне қоғам назарын аудару үшін митинг өткізуге мәжбүрмін, — деді Нұрбибі Есмағамбетова.

Сот шешімінде «адвокаттар алқасы мемлекеттік емес ұйым болғандықтан олардың тіл таңдау құқығы бар екені көрсетілген» деген адвокат «сот мемлекеттік тілдің мәртебесін түсіретін шешім қабылдады» деп санайды.

Митингіге жиналғандар қолдарына «Заңсыз сот шешімі жойылсын!», "Әділетсіздікке жол жоқ!" деп жазылған плакаттар ұстап тұрды.

Адвокат Есмағамбетованы қолдаушылардың бірі, жергілікті белсенді Бақыт Жаншаева «Заңсыз шешім шығарған судьялар қызметінен кетуі тиіс» деп санайды. Наразы топ өз талаптарын 15 қыркүйекте жақында құрылған ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне жолдайтынын айтты. 33 адам қол қойған хатта азаматтар «адвокатура мен сот жүйесінің мемлекеттік тілге құрметпен қарауын» талап еткен.

Ал Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрайымы Раиса Якубенко Азаттыққа берген сұхбатында «адвокатура мемлекеттік тілге әрдайым құрметпен қарайды» деп жауап берді.

— Менің әкем қазақ тілінде таза сөйлейтін. 93 жастағы анам да қазақ тіліне жетік. Қазақша сөйлей алмайтындығым болмаса, өзім де тілді білемін әрі құрметтеймін. Егер адвокат Есмағамбетова ақтөбелік судьялардың шешіміне разы болмаса, заңмен бекітілген тәртіп негізінде жоғарғы сотқа жүгінуге құқылы, — деді Раиса Якубенко.

Митингіге келгендер сот жүйесі ғана емес, қоғамның өзге салаларында да қазақ тілін қолдану аясы тарылып бара жатқанын айтты. Олардың кейбірі қазақ балабақшалары мен мектептерінде орын жоқ болғандықтан балаларын орысша білім беретін мекемелерге беруге мәжбүр екенін жеткізді. Жиында азаматтар билік өкілдерінің қазақ тілін «көзбояушылық» үшін ғана қолданатынын, іс-қағаздарының басым бөлігі бұрынғыдай қазақ тілінде жүргізілмейтінін айтты.

Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Маржан Жанасова «бұл екі адамның яғни, Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрайымы Раиса Якубенко мен адвокат Есмағамбетованың арасындағы кикілжіңнен туған дау» деп санайды. Маржан Жанасованың пікірінше, Ақтөбе облысында мемлекеттік тілдің ахуалы митингіге қатысушылар айтқандай мүшкіл емес.

— Тұрғындар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға сүйенер болсақ, облыста тілдік ахуал тұрақты. Қазақ мектептері көбейіп келеді. Мемлекеттік органдар іс-қағаздарының 98 пайызын қазақ тілінде жүргізіп отыр, — деді Маржан Жанасова.

«Конституциялық құқығым бұзылды» деген адвокат Нұрбибі Есмағамбетова жуырда жоғарғы сотқа да шағымданбақшы. Адвокатқа қолдау көрсетіп, екі сағат бойы Ақтөбеде мемлекеттік тілдің халі мүшкіл екенін айтқан белсенділерді әкімдік пен күштік құрылымдар сырттай бақылап тұрды.

22 қыркүйекте Қазақстанда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына 30 жыл толады. 1989 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі «Тіл туралы заң» қабылдап, оған сәйкес қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілген.

1997 жылы Қазақстан президенті бекіткен «Тіл туралы» заңның 4-бабында "үкімет мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілін азаматтардың еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті" деп көрсетілген.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13
  • Мегаполистің білім саласы автоматтандырылды
    13:46
  • Интернетте балаларға қауіпті тағы бір ойын пайда болды
    13:34