Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:50, 02 Наурыз 2023

Ақтөбем – бақытым!

None
None

Ажары ақ таңдай арайлым,

Қаламды саяма балаймын.

Жанымды баураған көркіне,

Жүрекпен қуанып қараймын.

Күнімдей күлімдеп жайдарлым,

Гүліңдей тербеліп, жайқалдым.

Бұлбұлдай бағыңда сайрадым,

Әуезді әніңнен,

Әдемі сәніңнен...

Ақтөбем, өзіңнен айналдым!

Думаны жалынды жастықтың,

Баянды мекені Бақыттың.

Жердегі жарығы жұлдыздың,

Мәңгілік серігі уақыттың.

             

Шуағын сыйлайды күндерің,

Арманын толғайды түндерің.

Көгіңде күмбірлеп күйлерің,

Түрлентіп өңірді,

Көркейтіп көңілді...

Жайлаудай құлпырған гүлдерің.

Сәулелі нұр толы аспаның,

Сыр тұнған мазмұнды дастаның.

Талпынған болашақ өріне...

Жасампаз жайдары жастарың.

Өмірдің өрнекті мәнісің,

Елімнің салтанат сәнісің.

Мерейлі мереке төрінде...

Ақтөбем – бақытым!

Гүл қалам, шаттығым...

Шабытпен шырқайтын әнімсің!

БАСТАУ

Жыр киесі!

Жел берші қаламыма,

Гүл бітірші шөлдегі қадамыма.

Жігер отын үрлеп қос қанатыма,

Табыстыршы танакөз таңдарыма.

Қауыштырсаң сәруар рауан таңға,

Бал ашпайын беймәлім алдағыға.

Таңырқамай тәкаппар тауларыңа,

Қанағатпен қарайын қолда барға.

Таң жарығын Анамдай өбейінші,

Бала болып қайтадан көрейінші.

Алқа тағып, Күнікей күн нұрынан,

Ай сәулесін кестелеп төгейінші.

Құлдыраңдап бұлақпен жарысайын,

Құлын-таймен шұрқырап табысайын.

Күн шуақта саялап ақ жаулығын,

Ұршығымен әжемнің «алысайын».

Көктемде аралап бағбан бағын,

Қызықтайын тіршілік қызған шағын.

Мейіріммен жан әкем қырдан терген,

Толтырайын құшаққа қызғалдағын.

Жайлауымның төрінде шаттанайын,

Сыр-сандықтың шашуын ақтарайын.

Жұлдызымды бағдарлап, «Құс жолымен»…

Сын сапарға сәтімен аттанайын.

Көкжиекке ұмсынған далам сайын,

Аңыз тұнған көгінде туып айым,

Тең-тең жүгін теңдеген көш-керуен…

Нар белінен бармақтай бақ табайын!

ҒАРЫШТЫҚ САҒЫНЫШ

Жарықтық, шексіз сағыныш!

Жан дүниемде сабылыс.

Жеріме көктем кешікті,

Қыр аспай алты ай қарлы қыс.

Айдыны шетсіз сағыныш.

Қанша жыл сырын аңсадым,

Ақжармажырға тамсандым.

Көктегі көркем ай-күнге                      

Қол созып, талай шаршадым.

Құшайын нұрын қас-қағым.

Жарықтық, берен сағыныш!

Аралдан терең қанып іш.

Байқоңырымнан шарықтап,

Биікке сонау алып ұш.

Самғауы ерен сағыныш.

Қабағын айдың бағармын,

Алауын күннің жағармын.

Кеңістік нәрін сіміріп...

Тазартып төрін сананың,

Жұлдыздан алқа тағармын.

Жарықтық, түпсіз сағыныш!

Ғаламның жұмбақ таңын құш.

Галактикалық «Құс Жолы» –

Ғаламшарларды жарып ұш.

Ғарыштық үнсіз сағыныш.

«Темірқазықты» табармын,

Ақшамда көріп қалармын.

«Тұмандықтарда» торықсам...

Тілектесіме балармын.

«Сүмбілеге» жол салармын.

Жарықтық, мәңгі сағыныш!

Зердемде тосын жарылыс.

«Жетіқарақшы» тосылсын,

Тұмарын жердің тағып ұш.

Жаһандық мәнді сағыныш.

Шабыттың асау пырағын,

«Үркерге» қарай бұрармын.

Таңырқатып көк әлемін...

Сейілтіп дымын тұманның,

Сауық-салтанат құрармын.

Жарықтық, Ұлы сағыныш!

Махаббатыммен жалын құш.

Пәкизат сезім бастауы...

Кернесін ойды дамылсыз.

Дидарынұрлы сағыныш.

Балқытып бойды мейірім,

Мұнартқан мұңнан сейілдім.

Жан жүрегімді кернеді,

Сәруардай пәк бір иірім.

Тебіренбейді енді кім?

Жарықтық, кәусар сағыныш!

Ғибратсыз аңыз нанымсыз.

Ақ-қара сынақ сапарда...

Жоғалар жалғыз жалынсыз.

Аспани жауһар сағыныш.

… Сейіліп түсім ақ сағым,

Тал бесік таңын қарсы алдым.

«Жер-Анам көркем екен!» деп,

Әлемге мен де жар салдым.

Құлын дауысты алып ұш...

Ғарыштық сырлы сағыныш!

ЕСКІ ҚҰДЫҚ

Ескі құдық, аманбысың,

Есте қалған заманбысың?

Ернеуіңе шөліркеген...

Еміреніп қарадым шын.

Ескі құдық, есенбісің,

Естен, сірә, өшермісің?

Ерке ұл-қыздар су тасыған...

Ертегілі кешегімсің!

Еміс-еміс естелік-үн,

Ескі құдық ескірмесін.

Есіл құнын енді білдік…

Ес те, сірә, кеш кіргесін?

Ебіл-себіл демің құрып,

Ентікпеші, Ескі құдық.

Ернеуіңнен дым кетпесін,

Есте жүрсін ескі ғұрып.

Еркеледім… жүзім жуып,

Елжіредім… өкпем суып.

Елдігімнің ақ қайнары

Ескірмесін, күні туып.

… Есен-сау тұр, ескі құдық!

ҚОҢЫР

Құм сағатын бағдарлап қоңыр ғалам,

Құс қанаты талатын қоңыр далам.

Құшағында қоңырқай тірлік кешкен…

Қарапайым, қой мінез қоңыр адам.

Құрақ әуен төгіліп қоңыр сырдан,

Қоңыр салқын жел соғып қоңыр қырдан,

Қаз-үйректер қонғанда қоңыр суға…

Қыран құсын ұшырған қоңыр адам.

Қарашықта тізіліп қоңыр жылдар,

Қарашада үздігіп қоңыр мұңдар,

Қоңыр үйдің түзіліп түндігінен…

Қия белге бастайтын қоңыр жолдар.

Қылқобыздан толқындап қоңыр саздар,

Қан тамырын қуалап қоңыр наздар,

Қоңыр бояу шашылып Ойжайлауда…

Қимастықпен қол бұлғар қоңыр жаздар.

Қарауытып шамшырақ қоңыр түзде,

Қамыққанда табиғат қоңыр күзде,

Қоңыр ойын тербетіп тереңінен…

Қайнарынан маржанын қоңыр сүзген.

СЕРПІЛІС

Қайдасың, қасқа соқпағым?

Бедерің бүгін от-сағым.

Құс жолымен бір тағдырлас...

Боз қалпыңды мен аңсадым.

Қайдасың, жайсаң соқпағым?

Құнарсыз, тіпті осал мұң.

Құлықсыз көше бергеннен,

Көмескі жалы құмдардың.

Қайдасың, қайран соқпағым...

Қасқайып қырға тартатын,

Қияға қомдап қанатын,

Қыранның жырын айтатын!

Қайдасың, ойлысоқпағым?

Көкжиегіңді жоқтадым.

Езіліп жүрек,

Еңіреп тілек...

Сағынышыммен еншілес,

Сыбаға сырдан сақтадым.

Сілкініп шерден… оралшы,

Сеніммен демеп, қол алшы.

Сипаты бөлек серігім...

Сезімсіз мезет жоғалсын.

АДАМ ЖАНЫ

...Ғазиз жаным!

Өзіңе не жетпейді?

  • Ақ нөсердей сезімім селдетпейді.

Өрекпіткен өткелдер ұмытылды,

Кешегідей өрімтал сыр шертпейді.

...Қайран Жүрек!

Өзіңе керегі не?

  • Өткен күннің қардармын дерегіне.

Көз ұшында сағымдай қарауытып,

Көкжиекте қалқиды берен кеме.

… Сынақ-Тағдыр!

Зәрусің неге тағы?

– Қатпарланып, шаршады қайран жады.

Ой сілемі салмақпен жаншығанда,

Шығарға жол таппайды адам жаны.

АҢСАРЫМ…

Бір аңсарым...

Тал бесігім – Шалқарымның,

Көптен қырын баспадым.

Жарқылымен жанарымның

Жылдарымды жасқадым.

Қашан жазам тағдырымның

«Ауыл» сынды дастанын?

Бала күнді сағындым шын,

Ұлы құмның жастарын.

Шын аңсадым...

Зеңгір көкте ай-күнінің,

Зерлі нұрын шашқанын.

Толқынданған айдынының,

Кемерінен тасқанын.

Ақбөкені кең жайлаудың

Қия белден асқанын.

Құлдыраңдап құралайдың

Көз ұшында қашқанын.

Қызықтасам...

Таңдарының алаулатып,

Көгінде нұр жаққанын.

Төрінде бақ жалаулатып,

Кешінде мұң батқанын.

Кермек ойға толған жанды,

Кернесінші асқақ үн.

Керек емес маған бағы,

Тіпті тағы басқаның.

...Өмірлік бұл аңсарым!

АҢЫЗАҚ

Төбеден төнген күн-патша,

Шұрайын жердің қуырды.

Бас қойып мөлдір бұлаққа...

Сусаған төлдер суынды.

Құп-құрғақ жел де қарсыдан,

Тыныштық бермей есірді.

Шілдеден қорып жас ұлан,

Отарын ойға көшірді.

Белдегі ыстық бұйрат құм,

Бұйықты шөлден булығып.

Бағытты суға кілт бұрдым,

«Бұйрығын» жаздың ұғынып.

Кеудесін жуып ыстық жас,

Жарықтық, жапан күрсінді.

Дауысың, тіпті жаңғырмас...

Аңызақ тілсіз біртүрлі.

АУЫЛДАМЫН…

Алтын бесік – ауылдамын,

Туып-өскен Шалқардамын!

«Тұсау кесіп» бауырында,

Күлімсіреп құшағында,

Жайлауында жайқалғанмын.

Жазираның төскейінде

Жас күнімде сайран салдым.

Жады толы естелікпен...

Жыл құсындай қанаттандым.

Мейірімді күні күлген,

Мөлдірейді жарық таңым.

Қол бұлғайды қыр беткейден,

Қаңбақ қуған балалығым.

Толастамай ақ жаңбыры,

Жадырасын жаз ауылым.

Жасытпасын қар-дауылы,

Аман болсын жан бауырым!

Қуат құйып жан-жүрекке,

Нәр сіңіріп тіршілікке,

Толқытатын, беу, Шалқарым...

Көлің толып ақ тілекке,

Жарқырай бер, мәңгілікке!

ТІРШІЛІК СУРЕТІ

Ізгілікпен тіршілік жалғасады,

Күзден кейін даланы қар басады.

Көкемарал күйімен көктеменің,

Жапандағы жұмсартып өктем реңін...

Қыс ызғары шуақпен алмасады.

Жасыл жаздың жұпары бал татады,

Думанымен жастықтың таң атады.

Жер мен көктің бір өзі елшісіндей,

Шым-шым сіңген тұныққа сәулелердей...

Көкжиекте жарықтық, күн батады.

Үкілеген үмітің түн асады,

Үлбірейді нәзікпен сыр шашағы.

Көк жүзінде толықсып Шолпан туып,

Тасқынымен сезімнің толқын қуып,

Ақ айдынның шәрбәті жыр шашады.

Ғашық көзбен өмірге құмартасың,

Әнмен тербеп тал, бұлақ, қырат, тасын.

Тіршілікте, дариға, мезет сайын...

Туған жерге жүрекпен тіл қатасың.

Жалбарынып тілейсің ақ батасын!

ШАЛҚАРДЫҢ…

Шалқардың...

Жап-жарық көктегі жұлдызы,

Жайдары өрімтал ұл-қызы.

Жайлаудың төрінде көк-жасыл,

Жайнайды гүлдері қырмызы.

Шалқардың...

Намысын қорғайды ұлдары,

Бәйгеде дес бермес тұлпары.

Кестесін көмкерген қыздары,

Күлімдеп өрнегін құрады.

Шалқардың...

Теңізден тереңдеу айдыны,

Таулардан биіктеу айбыны.

Құт қонған киелі аймақтың,

Ақ сәуле төгеді ай-күні.

Шалқардың...

Шаттығы мұхиттай шалқыған,

Жұпары саумалдай аңқыған.

Шоқтығы жанартау пейілдің,

Лебімен дүние балқыған.

Шалқардың...

Иманды кекілді ұлдары,

Ибалы бұрымды қыздары.

Биікте жұлдызын жағады,

Батамен самғаған жастары.

Шалқардың...

Баянды базарлы Бақыты,

Бағалы Ұлықұм жақұты.

Тіршілік қайнаған мекеннің,

Тұлпардай жүйткиді уақыты.

Шалқардың...

Киелі талбесік құндағы,

Мирасқа ақадал ұрпағы.

Атадан балаға аманат –

Тарихи шежіре құмдағы!

ҒАШЫҚ-КӨКТЕМ

Көктемімді сағынғанда,

Шерден алқа тағынғанда...

Саялап сезім бағын,

Өткенді еске аламын.

Бірге тердік қызғалдағын,

Құлпырған даланың.

Бейнеңді ұмытпадым,

Елестен құтылмадым...

Аңсаймын мен әніңді, жаным.

Көктеміңді сағынғанда,

Жұлдыздарға шағындың ба?

Сыңарсыз қамыққанда,

Сезімсіз жабықтың ба?

Налыдың ба жалғыздыққа,

Жол таппай бағыңа?

Еске алсаң нұрлы күнді,

Кездескен сырлы түнді...

Жырыммен, сен, жұбаншы, жаным.

Өзіңді мен сүйген едім,

Өртіңе мың күйген едім.

Сертіңе сенгенімде,

Сырымды шерткенімде...

Балап едім тағдырыма,

Бейкүнә таңыма.

Ұмытпа жасыл бақты,

Мәңгілік жастық шақты...

Сақтайық бір жүректе, жаным.

Шын сүйгендер кешіреді,

Махаббатым, кешір мені.

Жүректен ән арнадым,

Жанымнан жыр сыйладым.

Ертегідей көркем еді,

Бақыттың Көктемі.

Жанарда қалған елес –

Гүлдәурен қайта келмес.

Ғашық-Көктем… кешірсін бізді.

САРҚЫТЫ АТА-БАБАМНЫҢ

Қазақтың дана Қарттары –

Даламның қара нарлары.

Кеше мен бүгін арасын

Көшімен адал жалғады.

Жайлаудай дархан жүрегі,

Ауылдың алтын тірегі.

Қол бастап өткен батырдай,

Көш бастап дәйім жүреді.

Атқарып адал парызды,

Қайтарып елге «қарызды»,

Зерделеп өткен-кеткенді…

Шертеді күймен аңызды.

Жолбарыс жанды жүрекпен,

Жеңісті соққан білекпен,

Ұлтымның Ұлы мұратын…

Жеткерген таза тілекпен.

Дақ салмай намыс-арына,

Тасынбай қолда барына,

Сынақтан өткен сүрінбей,

Сүйеніш болып халқына.

Қабағын бағып Ананың,

Қалауын тауып баланың,

Жоқшысы сынды жұртымның…

Жалғаған жолын Бабамның.

Қырандай шолып асқарды,

Шарлаған зеңгір аспанды.

Батырлар рухын жаңғыртып,

Жырлаған ерлік-дастанды.

Кеудесі толып иманға,

Сыйынған Ұлы Аллаға.

Жығылған ұйып намазға,

Алданбай фәни жалғанға.

Қауышып жарық таңына,

Тал егіп бақыт бағына,

Әділдік туын жықпаған…

Жүгініп дала заңына.

Қорғаны Ару-Ананың,

Мақтаны қара баланың.

Намысы қалың Қазақтың –

Сарқыты Ата-Бабамның!

…Айбары Ұлы Даламның,

Қайнары Ұлттық санамның.

Батаңмен Елім өркендеп,

Мәңгілік жолын табармын!

АҢЫЗДЫ АСПАН

Қазағымның жұлдыз тұнған аспаны –

Қайталанбас жаратылыс асқары.

Қайран, Әлем! Шетсіз-шексіз сипаты...

Құштарлықтан толқығанда жас жаным,

Қаламымның сарқылмайтын дастаны.

Жоғарыдан жымың қағып әрдайым,

Жеңіл-желпі ашылмайтын сырдайын,

Жас күнімнен қызықтырған келбеті...

Жұлдызды аспан ғажаптарын жырлайын.

Жүрегімнің насымсөзін тыңдайын.

Сан мыңдаған ғаламшардың ішінде,

Жарықтауы ыстық болар кісіге.

Жұлдыздармен қабаттасып өрілген...

Жер бетінде адамдардың ісі де.

Ғалам мәні нұрсипатты пішінде!

Ежелгіден аңызға адам шөлдеген,

Ертегімен кей құсасын емдеген.

Елестеткен көздеріне аруды,

Ер Мергенді нысанасын көздеген.

Ескерткішін сайлап сырлы сөздермен.

Қазақ жұрты шешу үшін түйінді,

Зердесімен зеңгір Көкке сүйінді.

Түрлі теңеу тауып сансыз жұлдызға,

Бұлт торласа, аспан жүзін күйінді.

Бір үмітпен мен де іздейін «сыйымды».

Жарқыраған жұлдызды кім білмейді?

Жеті түнде көзіне кім ілмейді?

Жалғызсырап, бағытынан жаңылған

Жолаушыны жарығымен демейді.

Жыр нөсері ұшқынымен селдейді.

Темірқазық! Қазағымның аңызы,

Төл дүниетанымымның азығы.

Тапжылмайтын өз орнынан жарықтық,

Түнгі аспанның төріндегі қазығы.

Темірдейін тәртібі бар, анығы.

Тәулік бойы тапжылмайды орнынан,

Ажырамай еншісі бір тобынан.

Бағалаған бұл жұлдызды халқымыз:

«Адастырмас жалғызды...» деп жолынан.

Жарқырасын Темірқазық оңынан!

Тамсандырып ақ нұрымен Жер жүзін,

«Кішкене ожау» түнгі аспанда жүр жүзіп.

Шеткі екеуі көрінеді ерекше...

Сүйреткендей ұзын ақшыл шылбырын,

Төңіректеп Темірқазық жұлдызын.

«Ақбозат пен Көкбозатты» ел біледі,

Жұлдыздармен қапталдасып жүреді.

Шылбырымен өз-өздерін көгендеп,

«Үлкен ожау басын» сәл-пәл иеді.

Сан алуан көңілге сыр түйеді.

Қайран, «Жетіқарақшы» ғой атақты,

Кейде оқыс шығаратын «шатақты».

Күндіз-түні қарауылдап аттарын,

Шылбырымен жан-жағынан матапты.

Тұлпарлардың күйіне кім қарапты?

Таңғажайып түнгі аспанның төрінде,

Қиял жетпес Кеңістіктің көгінде,

Кішкентай бір жарқыраған ақ нүкте –

«Сегізінші» көріне ме көзіңе?

Сырын шертіп тұрғандай ма өзіңе?

«Үркердің» бір хас сұлуын аңызда,

Жетіқарақшы ұрлаған ба, расында?

Ұйқыдағы періште бір аруын

Торуылдап, айласын шын асырған.

Көңіл шіркін… су сепкендей, басылған.

Сол сұлуын қарауылдап жан-жақтан,

Анталаған қарақшылар қаптаған.

Күндіз-түні күзетумен жаухарын...

«Жетіқарақшыға» ас та батпаған.

Қалды ма екен қараулығы татпаған?

Турасында зердемен бір қараса,

Түпсіз ғалам… жұлдыздарын санаса.

Түрлі ойға жетелейді адамды...

Тек биікті армандай біл, балаша.

Таңғажайып, аспан төрі тамаша!

Тегтер: