Ақылы жолдың азабы...
Соңғы жылдары еліміздегі ақылы жолдардың санын еселеп көбейтіп келе жатқан биліктің негізгі мақсаты халыққа сапалы қызмет көрсететін жолдарды ұсынудан бұрын халық қалтасын қағып, бюджет қоржынын толтырып қалу екенін уақыт көрсетіп отыр.
Мәселен, биылғы жылдың алғашқы қарында Алматының айналасындағы ақылы жолдарға халықтың наразылығы жоғары болды. Өйткені тазартылмаған жолдар халықтың қауіпсіздігіне жауап бере алмай отыр. Осыған дейін де талай рет ақылы жолдарда ірі жол көлік апаттары тіркелген болатын. Әйтсе де сапасы мен қызметі талапқа сай емес ақылы жолдар халықтың құқығын бұзып отырғанымен қоймай қалтасын да қағып отыр.
Мәселен, қазір елімізде 2,2 мың шақырым ақылы жол бар екен. Биылғы жылдың басынан бері ақылы жолдан 20 млрд теңге табыс түскен көрінеді. Жолға жауаптылар жиналған қаражат жолдарды күтіп ұстау мен жөндеуге жұмсалатынын айтады. Ал ақылы деген атына сай, көлік жүргізушілеріне ұсынылатын сапалы қызмет пен қауіпсіздік деңгейіне кім жауап береді? Мәселен, биылғы жылы бірнеше рет қар жауса да Алматының айналасындағы ақылы жолдар тазартылмады. Ақылы жолға жауапты құзырлы орындардың ешқайсысы жауапкершілікті мойнына алмаған соң ашынған халық әлеуметтік желі арқылы наразылықтарын білдіріп жатты.
Осы орайда айта кетер жайт, шетелде ақылы жолда ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне басымдық берілген. Ал біздің еліміздегі қардан тазартылмайтын, дұрыс ойластырылмаған, бетоннан салынған тас жолдардың кейбір бөлігінде көпір астындағы судан шыққан будың бетон үстін мұзға айналдырып, жиі көлік апатын тудыратыны көп айтылады. Әйтсе де ақылы жолдардан қаржы жинап алуды білгендер, көлік жүргізушілерінің сынын естімеген сыңай танытады. Солардың бірі көлік жүргізуші Ербол Әлімбек: «Қаланың сыртынан қатынап істейтіндіктен, ақылы жолмен жиі жүрем. Биыл қараша айының аяғында жауған қардан соң Қонаев Алматы бағытындағы жол тазаланбады. Мұндай жүйе әбден дамыған АҚШ-та ақылы жолдардың қары бірінші тазаланады. Мысалы, тым көп мөлшерде қар жауған кезде жүргізушілер ақылы жолмен өтуге тырысады, себебі қызмет сапасы жоғарғы деңгейде көрсетіледі. Тегін жолдар екінші орынға қалады. Демек бұл жерде, ең алдымен, қауіпсіздік қамтамасыз етіледі», – дейді.
Ақылы жол деген аты дардай жолдарымыз қызметі талапқа сай болмаса да көлік жүргізушілерін қарызға батыруда. Мәселен, жақында ҚР ИИДМ автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бахтияр «қазақстандықтардың ақылы жолдар бойынша 5 млрд теңгеден астам қарызы бар. Аталған сома өткен жылдың 23 қарашасынан бастап, биыл 1 желтоқсан аралығында жиналды. Көлік иелері ақылы жолдар бойынша қарызын белгіленген уақытта төлеуі тиіс. Мысалы, көлік иесінің 300 мың теңге қарызы болса, ол берешегін кестеге сай 2 жыл көлемінде төлейді. Төлемесе ақылы жолға қарыздар қазақстандықтарға кейбір жолдармен жүруге шектеу қойылмақ. Дегенмен біз ақылы жолдардан бас тарта алмаймыз. Жалпы 15 желтоқсаннан бастап елімізде жаңа абоненттік төлем жүйесі енгізіледі. Ол бойынша ақылы жолдар екі түрге бөлінеді. Бірінші, жабық жүйе. Яғни «Астана-Щучинск», «Қарағанды-Астана», «Алматы-Қапшағай» тасжолдары бойынша қарызы бар көлік иелері берешегін өтегеннен кейін ғана жүре алады» деп мәлімдеді.
Өздерінің ыңғайына қарай тиімді жасалған жүйе бойынша көлік жүргізушілері ақылы жолдардың ақысын дер кезінде төлеп отыруы тиіс. Төлей алмаса, енді ол жолдармен жүре алмайды. Бұл қаншалықты әділ? Заңгер Берік Нұрмұхамбет: «Ақылы жолдар қазақстандықтардың құқығын бұзып отыр деп ойлаймын. Өйткені ақылы жол болғаннан кейін, яғни шет мемлекеттен алынған үлгі ретінде ол жерде тегін жол да болуы тиіс. Тегін жолдың сапасы дұрыс, ал ақылы жол одан да асып түсуі тиіс. Ал қазақстандықтарда таңдау жоқ, тек бір ақылы жол, сол себепті де бұл халықтың құқығын бұзады. Алдағы уақытта халықтың қалтасын қаққанымыз аздай, оларды қарыз етіп, оның үстіне қарызын өтемесе ақылы жолмен жүргізбей қою халық құқығын бұзу», – дейді.
Расында да Қытайда да ақылы көлік жолдарымен қатар қарапайым тасжолдар салынған. Біріншісі әлдеқайда ыңғайлы, қауіпсіз және жылдамырақ болғанымен, әлеуметтік теңдікті сақтау үшін халықтың барлық топтарына лайықты балама жасалған. Ал біз балама жасамақ тұрмақ, ақылы жолдың өзінің сапасын талапқа сай ете алмай отырмыз. Айтпақшы, Германияда атақты автобандарымен қатар, қалааралық маршруттардың желісі бар. Кей елдердің билігі баламаның жоқтығынан ақылы жолдардан бас тартты. Ал біз жыл өткен сайын халықты қинаудың сан түрін ойлап тапқанша, халық қалтасын қағудан да бұрын талапқа сай қызмет етуді қашан ойлаймыз?!