Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым...

Иә, М.Шаханов қазақ халқының ғана емес, түркі тектес халықтарының мақтанышы, саналы өмірін халқының бақытына арнаған азамат.
Әлі де әділдік пен адалдықтың ақ жолында шаршамай-шалдықпай, қайраткерлігін дәлелдеп келеді. Халықтың ықыласынан артық құрмет бар ма, сірә? «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болуы — заңдылық деп түсінеміз.
2012 жылдың көктем айы болса керек, Шымкент қаласынан бейтаныс біреу маған телефон шалды. Сондағы айтқаны, жақында Шымкентте М.Шахановтың 70 жасқа толуына орай кездесу болатынын алға тартты.
«Сонымен қатар осы кездесуде сұхбаттасулар мен пікір айтушылардан мақала жинап, кітап шығарамыз. Соған байланысты, cізден М.Шахановқа қатысты өз пікіріңізді жазсаңыз, дұрыс болар еді», дегені. Мен келісімімді беріп, «Мұхтар Шахановқа деген жүрек сезімім» деген естелік жазып, хат жіберген болатынмын.
Сонымен, хат айтылған жерге кетті. Келді деген хабар да жетті. Бірақ менің қолыма кітап тиген жоқ. Кітап жарық көрді ме, көрмеді ме, ол жағы маған белгісіз. Ендігі жерде бізге мынандай ой келді: «Неге біз Қызылорда облысынан екі мәрте Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланған халық жазушысы, белгілі дарабоз ақынды елге шақырып, кездесу жасамаймыз», деген.
Осы ой да орындалды. Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда қаласындағы филиалы арқылы шақыртып, Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында халықпен кездесу ұйымдастырылды. Халықтың көптігі сондай, 700 орындық театр залына сыймай, даладан теледидар арқылы сөзін тыңдағандар да болды. Осы кездесудің бас-қасында жүргеніме Аллаға мың рақмет айтамын.
Неге жүрмеске?! Алаш жұртының қадірлі перзенті емес пе?! Өкінішке қарай, айта кетейін, осы кездесуге билік тарапынан қарсылық болмаса да қолдау білдірген бір шенді шықпады. Ақынмен кездесуге әкімшілік тарапынан ықылас білдірген адам да табылмады. Бірақ ұлтымыздың мақтанышы халық сүйіспеншілігіне бөленіп, көңілі көтерілгендей болды. Бұл жағдай өзіне белгілі жайт болса керек, өйткені өр мінезді, кімге де болса шындықты бетке айтатын ақынды кім жақсы көре қойсын. Әсіресе билік жағы ұната бермейтіні рас. Халық аман болсын!
Заман да өзгерді, адам да өзгерді М.Шахановқа деген көзқарас та оң сипат алып келе жатқан сияқты. Ал ақын әлі күнге дейін шындық пен әділдік үшін ерекше батырлық, күрескерлік, табандылық танытып, адамгершілік мінез білдіріп келеді. «Халық жады жаңылмас», деген бар осы шығар?!
М.Шахановқа барлық жақсылықты тілеймін, денсаулығының зор болуына тілектестік білдіреміз. Ақынның 70 жылдығы республика көлемінде аталмай кеткені өкінішті-ақ. Биыл 80 жасының төбесі көрінді. Аталып жатса нұр үстіне нұр болар еді.
Құрметті «Жас Алаш» газетінің редакция алқасы, менің сіздерден өтінішім, «Мұхтар Шахановқа деген жүрек сезімім атты» мақала 10 жыл бұрын жазылған болатын. Сол қалпында, өзгертпей, жіберіп отырмын. Басылымға шығып жатса, сіздерге мың алғыс. Рақметім зор.
Ақиық ақын Мұхтар Шахановқа пікір айту, жазу біздің қолымыздан келе бермейтін дүние. Айтатын болсақ, тек көрген білгенімізді, ықыласымызды ақынға деген сезімді білдіреміз. Өйткені дарабоз, ешкімге ұқсамайтын, құбылыстарға, тарихқа, өмір сүріп жатқан ортаға байланысты өлеңдері терең мазмұнды, кімді де болса ойландыратын туындылар. Сонымен қатар, өмірге деген қызығушылығы, сүйіспеншілігі, адамдар арасындағы махаббат өлеңдері қатар жазылып, жұртшылық көңілінен шығып, жүрекке ұялап, халқымыздың ән-ойын кештерінде айтылып жататын ерекше құбылыс.
М.Шаханов бір рулы елдің ғана емес, Алаш жұртының қадірлі перзенті, әдебиетте шоқтығы биік тұлға, ұлтымыздың мақтанышы десек, артық айтпаған болар едім. Мұхаңның кейбір өлеңдеріне таңғаласың, тек түсінуге санада саңылау керек сияқты. Адам өмірі, оның қуанышымен қайғысы, отан сүйіспеншілігі, бақытты болуы туралы қай заманда болмасын өлең арнамаған ақын болмаған шығар. Бұл тұрғыда жазған өлеңдерін сүйсіне тыңдап, риза боласың.
Жыл сайын Алматы қаласында Мұхаңның ән кештері өтіп жатады. Сол кештердің бір-екеуін ой елегінен өткізсек. Біріншіден, жиналатын халықтың Мұхаңа деген сүйіспеншілігі сезіліп тұрады. Сол кештерде халық Мұхаңның кейбір өлеңдеріне сұраныс жасап, кезегі келмей жататынын қайтерсің. Ақынға деген халық ықыласы бәрінен де жоғары тұратын болса керек, сол ықыласқа бөленіп жүрген ақын Мұхтар Қазақ елінде бірегей емес пе? Бұл жағдайды көзімен көріп, құлағымен естіп, арасында болып жүрген азаматтардың артық айтпағаны сөзсіз, менде солардың бірімін.
Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірегейі Д.Қонаев «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты естелік эссе кітабында: «Мен үшін Олжас пен Мұхтардың (Шахановты айтамын) орны бөлек. Халқы да солай қадірлейді. Ақындығын, азаматтығы, азаматтығы ақындығын көтерген, елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған, дауласуға бар, бірақ жауласуға жоқ, осындай ұлдары бар, осындай ақындары бар халықта не арман?» — дейді. Димекеңнің жүрегін жарып шыққан осы бір баға М.Шахановтың болмысы емес, деп кім айта алады. Тізе берсек, ақынға пікір айтушылардың саны бір кітапша.
Ақын елдің ардағы болса керек. «Жаным арымның садағасы» деген ақын халқы үшін қалғып көрмеген Мұхтардай, біртуар азамат өз мүддесін ел мүддесінен жоғары қоймаған, шындықты шырылдап, қорғаудан шаршамай, айтумен келе жатқан азамат.
М.Шаханов Кеңес одағындағы тоталитарлық жүйеге қарсы шыққаны үшін түрмеге қамалып, қуғын-сүргін көрген қазақ жастарын ақтап алу жолында өз басына төнген қауіпке қарамай, ерлікке пара-пар қайрат көрсетті. Апат аймағы – Арал теңіз маңындағы адамдарды қорғау туралы әлемдік деңгейде дабыл қақты. Тіліміз бен тарихымыздың және мәдениетіміздің көкейтесті мәселелеріне ат салысып келеді. 62 жылғы үзілістен кейінгі Наурыз мерекесінің қайта оралуына мұрындық бола білді.
М.Шахановтың Ш.Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы мен «Сократты ескеру түні» атты драмасы көп тілге аударылды. Ақынның «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» атты драмалық туындысы Довженко атындағы киностудиясында екі сериялы телефильм болып түсірілді, бұл драма бірнеше мемлекеттің сахналарында орындалды.
М.Шаханов «Қырғыз республикасының Халық ақыны», «Қазақстан республикасының Халық жазушысы», «Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы мен Біріккен ұлттар ұйымы Қоршаған орта бағдарламасы» сыйлығының иегері. «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағы тағы бар, Ресей жаратылыс ғылымдары Академиясы бірлесіп бекіткен Нобельдің алтын медалімен марапатталған. Айта берсе, ондаған шет елдік академия, университеттерінің Құрметті докторы, профессоры.
1999 жылы Париж қаласында М.Шахановтың «Өркениеттің адасуы» атты романының ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде талқылануы кездейсоқ болмаса керек. Міне, біздің Мұқан қандай ақын, деген сұраққа жауабымыз осылай болары жеткілікті шығар.
Менің Мұхаңмен кездесуім, сонау 1989 жылы болды. Сол жылы мамыр айында біздер Қазақ республикасынан КСРО халық депутаты болып сайланғанбыз, мамыр айының аяқ шағында Мәскеу қаласында халық депутаттарының бірінші съезі өтті. Міне, осы жолда бір-бірімізбен жақындаса бастадық. Ондағы басты мәселе, Мұхтардың 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты сөз сөйлеуі, залда отырған депутаттарды бір сілкіп тастады. Оқиға былай өрбіген еді. Шығып сөйлейтіндер көп-ақ, бірақ әр республика өздерінің депутаттарымен келісіп, сөйлейтін кісінің аты-жөнін бір күн бұрын беруі тиіс болатын. Әрине, ол тізімге біздердің кірмейтініміз сөзсіз. Сөз алатындар – белгілі қоғам қайраткерлері немесе бірлі-жарым жұмысшы қатарындағы адамдар. Осы орайда, Мұқаң бірнеше рет мінбеге сөзге жазылғанымен, сөз бере қоймаса керек. Ендігі жерде бірнеше депутаттардың атынан қол қойдырып, президиумге апарылуы керек. Міне, осыған байланысты Қазақ республикасының 19 депутаты қол қойған қағаз, онда Мұхтарға сөз беру жөнінде өтініш айтылған, Мұхаң Арал проблемасына байланысты сөз сөйлеуі тиіс болатын-ды. Съезді жүргізіп отырған Горбачев М.С. Сөз алған Мұқаңның мінбеге шығысымен 1986 жылы Алматыда болған желтоқсан оқиғасын ойламаған жерден баса айта бастады. Залдағы отырғандар зор ықыласпен тыңдады, берілген 3-4 минут уақытында ойындағысын айтып-та үлгерді.
Келесі күні А.Лукьянов жүргізген КСРО халық депутаттары съезінде Қазақстан республика басшыларының өтініші бойынша республикада комиссия құрылып, оқиға егжей-тегжейлі сарапталып, КСРО халық депутаттарының келесі съезінде баяндалатынын жеткізді. Республикада желтоқсан оқиғасына байланысты комиссия құрылып, оның басшысы белгілі халық ақыны Қадыр Мырза-Әли, орынбасары Мұхтар болды. Комиссия жұмысы туралы Мұхаң өзі айтар, негізінен, комиссия жұмысын өзі жүргізді десем болады. Бірақ біздің білетініміз – өте ауыр жағдайда болғаны.
Азаматтық көзқарасы бар, адамгершілік жырдың аясында жар салып жүрген ақындардың саны көп емес. Бұл сөзге дәйек болатын жағдай:
Ардақты ақынның ой-парасаты, ашық үні, нақты сөздері, өткір мінезі, адами рухының құдыреттілігі дәлел бола алады. Өзінің жаратылысымен ар-намысты ту етіп көтеріп келе жатқан асау табиғаты. Сонау кеңес дәуірінде ақын жазған «12-3 алуға болмайды» өлеңі үшін бір жанжалдан аман қалғаны да бар. Бұны айтып отырғанымыз кейінгі кезде, әсіресе желтоқсан оқиғасына байланысты талай қауіп-қатерден аман шыққаны, азаттықтың бір ұшы ғана болатын.
Мұхтар Қазақстан Республикасы депутаттарының атынан Жоғарғы Кеңес мүшелігіне сайланды. 1990 жылдың ортасында денсаулығына байланысты мүшеліктен кететіні туралы мәлімдеме жасады. Осыған орай, тағы да басқа сұрақтарға байланысты Алматыда Халық депутаттарының отырысы болып, оны Н.Ә.Назарбаев басқарды. Осы сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы Мұхаңның мәлімдемесіне байланысты Жоғарғы Совет мүшелігіне Меңдібаевты ұсынатынын хабарлады. (Меңдібаев 1986 жылдары Алматы облысы обкомының бірінші хатшылығында болған).
Сол-ақ екен Мұхаң орнынан ұшып тұрып, үзілді-кесілді қарсылығын білдірді және ол кісінің желтоқсан оқиғасына тікелей қатысы барлығын ашықтан-ашық жария етті. Нәтижесінде, дауыс санымен 90-ға жуық халық депутаттарының 7-8 қалыс қалып, 2 кісі қарсы дауыс бердік.
Менің осы тұста айтпағым, Мұхаңның өжеттігі, адалдықты ту ұстап, қандай да жағдай болмасын, қарсы тұрып, ел қорғаны болатын азаматтық мінез таныта білетіні, кімді де болса, ойландырады. Нағыз ақын Алла тағаланың қалауымен қанмен тарайтын құбылыс, сондықтан да болар кейбір ақын-жазушылардың даралығы.
Халқымыздың сүйікті ақыны Төлеген Айбергенов айтқандай:
Ақын боп өмір кешу оңай дейсің бе, қарағым,
Аузында болу, бұл өзі сыздаған барлық жараның.
Иә, Мұхаң халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, жүрегі сыздап жүрген ұлт перзенті емес пе?! Меніңше, Мұхаңды ақын ретінде ел арасында насихаттаудың керегі жоқ, ол өзінің даралығымен халықты өзі насихаттап келеді.
2012 жылдың шілдесі болатын, Мұқаңның 70 жылдық мерейтойын ел-жұрт асыға күтуде. 70 жылдықты өткізуді ол кісі қалап та отырған жоқ. Өз сөзімен айтатын болсақ, «осы жас атап, мерейтой жасап жатқандарды ұната бермеймін, оның кімге керегі бар, одан да өткендерді еске алып жатса, дұрысы, осы». Иә, пендешілікке бой алдырмай, әр нәрсенің ақиқатын айтып отыратын ерекше жан екені барша жұртқа белгілі. Мұхаңның тік мінезді, сөзі өткір екені, жалпақтауды білмейтін, мақтағанды, марапаттауды ұнатпайтын қасиеттерін халық жақсы біледі.
Әсіресе мақтау сүйетін, жалпылдап, жалтақтап, екі жүзділік танытатын, сынаптай, сырғып тұратын жандарды Мұхаң «ТЖ» деп те атайды. Ал халқын, елін, тарихын, салт-дәстүрін сыйлайтын, ұлтын сүйе білетін, тілін, дінін бәрінен де жоғары ұстайтын жандарды, жанындай жақсы көріп, оларды бауырындай, туысындай сыйлап келеді. Бұл Мұхаңның тумасы бөлек, ерекше жан екенін тағы да айшықтайды.
Мұхаң басынан сөз асырмайды. Ондай адамның жолы қашанда қиын, кедергілерге толы болады емес пе? Мәселе дәуірді, қоғамды құр мақтауда емес, мәселе заманның шындығын аша білуде болса керек. Сырт көзге Мұхтар «шырт мінезді» болып көрінеді, бойына сыймайтын ұлтжандылығы. Отырған ортасында қазақтар өз тілінде сөйлегенді ұнататыны, ал әлде бір жағдайларда, әсіресе жастар жағында, бір-екі «Ұлы халықтар өкілдерінің отырғанын пайдаланып, сол тілде сөйлей бастаса, шақ-шақ етіп, айтып тастайтыны тағы бар. Ал мұндай мінез адамды ортасына аса сүйкімді етпесе де, кімді де болсын өзімен санасуға мәжбүрлейді. Өйткені Мұхаң әділдік пен ар тазалығын, адалдықты, намысты берік ұстаған Азамат.
Мұхтар Қызылорда облысынан екі рет Қазақстан мәжілісі депутаттығына сайланды. Әрине, сайлау болатын болған соң, әр жерден республикаға, облысқа белгілі азаматтар сайлауға түседі. Міне, осы жағдайда халық Мұхаңа деген азаматтық мінез көрсетіп, ықылас танытып, билік тарапынан қандай да қарсылық көрсетілгенімен, халықтың өз дегені болды. Кездесу кездерінде халықтың Мұхтарға деген сүйіспеншілігін айтып жеткізу қиын. Қаншама қолдау қағаздар, арнайы өлеңдер жазылып жатты. Бірде жазылған сайлаушының пікірі:
«Қазақ халқының маңдай бағы – ақиық ақын, аңыз ақын Мұхтар!
Сіздің ұлт мүддесін қорғап, қазіргі қоғамдағы әділетсіздікпен теңсіздікке қарсы күресіңізге сене отырып, Сізді мәжіліс депутаттығына «аса лайықты» деп, дауыс беремін және барша жерлестерімізді сізге дауыс беруге шақырамын».
Сол кезде өзімен бірге парламент мәжілісінің депутаттығына бірге түскен Мадияр Алдонғаров (қазір Қызылорда облыс әкімінің бірінші орынбасары) өзінің сайлаушыларына:
«Елдің даңқын шығаратын, қашан да ер азаматы, қазақтың аса талантты ақыны, белгілі қоғам қайраткері М.Шаханов еліміздің мерей-мәртебесін көтеріп жүрген ірі тұлғалардың бірі.
Құрметті сайлаушылар!
Сіздерден өз дауыстарыңызды қазақтың мақтанышы – Мұхтар Шахановқа берулеріңізді сұраймын» – деген үндеу тастаған болатын-ды.
Бір мысал, Қызылорда облысы Сырдария ауданы Шіркейлі елді мекенінде тұратын 5 жастағы бүлдіршін Айзат Мұхаңның «Нарынқұм зауалы» атты ұзақ дастанын жатқа айтқанда, жұрттың таңғалмағаны жоқ. Сол сияқты басқа да қала-дала, кішігірім ел арасында мектеп балалары Мұхаңның өлеңін жұлқынып, айтып жатады. Меніңше ақынға деген құрмет осындай-ақ болар.
Мұхаңның өлеңдері туған халқымен өзіндік өмір нақышымен өрнектеліп, табиғи қасиетімен қоса өрлеп келеді.
Ұлт бойындағы даналық пен даралықты қозғап жататындығын барша түркі тілдес халық жақсы біледі. Бұл менің, сол ретте, ақынның қасында жүріп байқағаным болатын.
Иә, елім деген ақын жүрегі, бүгіндері де тыным таппай, соғып келеді.
Қазақ елі егемендік алғалы, оның ішінде, Мемлекеттік тілге байланысты шешімін тапқанмен, орынсыз орындалмай жатқан дүниелер қаншама. Мұхаңның «Баба тіл төңірегіндегі машақаттар» атты өлең-эссесінде, ұлтсыздыққа құлшыну тақырыбында досы Расул Ғамзатовтың:
«Егер тілім жойылатын болса ертең,
Онда құдай мені бүгін алмай ма?» –
деген жері бар, осыған орай Мұхаңның:
«Ана тілі – бабам тілі, қасиетім қанатым,
Ғұмыр бойы бас иетін ар-ожданым, санатым», – деп жүрек жарды, нұрлы ойлары байқалып тұрғандай.
Өміріміз күнде күрес, қайшылығы, пікірі көп, тіршілікте өз мүддесі үшін таласып жатқан жандар аз ба? Кейде пендешілікке барып жатқандар жоқ деймісіз. Осындай тартыстың ортасында, ел мүддесі үшін аянбай, бел шешіп күресіп жүрген, ойы терең жігерлі ақын Мұхтар Шаханов емес деп кім айта алар екен?
Өмірде ерекшелігімен ойып орын алған, елінің намысын, қазақ халқынан рухани биіктеуіне шаршамай, үлес қосып келе жатқан бірегей ақын Мұхтар деп білемін.
Қоғамды алға бастайтын өресі биік нарқасқалар ел ішінде аз да болса бар. Бірақ тіршілікте жағымпаздықты жаратпайтын, игілікті ойларын жүзеге асыра алмайтын, жеңіске жете бермейтіндердің қашанда жолдары тар болып жататыны жасырын емес.
Міне, қанша қиын болса да осындай ортада Мұхтар Шахановтың жүрмеуі мүмкін емес. Бұл кісінің ерекшелігі – қандай қиындық болса да мойындамай, басын бәйгеге тігіп, қайсарлық мінез танытып, халқын рухтандыру жолында, жігерлене түсуінде. Бұндай жағдайдың денсаулыққа тигізетін әсері болмай қоймайды.
Алаш жұрты барда Мұхаңның өлеңдері асқақтай беретіні сөзсіз. Ақынның айтуына қарағанда, пір тұтқан адамдары Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Шыңғыс Айтматов, Т.Айбергенов және т.б. болса керек.
Мұхаң – дара бітім, дара ақын. Ешкімге ұқсамайтын өр мінезімен жазған өлеңдерінде өзіндік таңба бар ақын, асау ақын десек те болады.
Мұхтар темекі тартпайтын, арақ ішпейтін, бос сөйлемейтін, өтірік айтпайтын, тек қана халқына сенетін, әділдік үшін құлай сөйлейтін атақты ақын.
Мұхаңның өлеңдері халқына, әсіресе жастарға рухани күш беретін, жол сілтейтін баңдар болса керек.
Бұл менің ақын Мұхтар Шахановқа деген көз қарасым, әрі өз пікірім.
Адам баласы ғана емес, жаратылыс атаулының басты құндылығы болашаққа қызмет етуге бағытталған өмірдің де мәні осы болар. Өмір сүруді бағалап, абыройды өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі көрсете білу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін жайт. Адамды бағалаудың басты өлшемі қоғамға пайдалы қызмет етуінде болса, онда Мұхаң ақын ретінде, адам ретінде, өзі үшін емес, өзге үшін де өмір сүріп, мақсатты түрде өнеге көрсетіп келе жатқан Ұлы адамдардың қатарына жатады десек, артық айтпаған болар едім.
Мұхтар осы жасында қимылы да, сөзі де шапшаң, нық сөзбен, нақты жауапты талап етеді. Өмірде әділетсіздікке, жайбасарлыққа, екі жүзділікке төзбейді. Адал еңбекті, достықты, адамгершілікті, намысты ту етеді. Осының барлығын өз өмірінде, өз ісімен көрсетіп келеді.
Мұхтар Шахановтай алыптың дүниеге келуі – тәңірдің ұлтымызға берген үлкен сыйы. Халқымыздың несібесі, ғасырларда бір туатын жүректі азаматы.
Мұхтар Шаханов шындық пен әділдіктің символы десек болады.
Ақиық ақынның 70 жасқа толған мерейтойы республика көлемінде кеңінен аталып өтіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.