Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:54, 31 Тамыз 2021

Ақынынан әкімі төрге озған

None
None

                      29 тамыз  оғаш көріністерімен есте қалды

     Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай, Семей қаласында арнайы және шағын шара өткізілді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатарласа келген атаулы датаны семейліктер демдеріне ішіне тартып күткенімен, ауыз толтырып айтарлық істің нышаны көрінген жоқ. Алғашында «қос отыздың» қосылған қос өзендей келгеніне қарап, үміттенген жұрттың көңілі «Бейбітшілік» аралына барғаннан кейін су сепкендей басылып сала берді. Шығыс өңірде, жалпы, идеологиялық, рухани-патриоттық саланың аяғына жем түскен аттың кейпінде екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

       Ертіс өзенінің ортасындағы аралға «Бейбітшілік» атауы осыдан бірер жыл бұрын берілгенімен, тарихи атауы «Түйемойнақ» еді. Шын мәнінде айтулы датадағы парадокстың көкесі осы тұста бірнеше рет көлденеңдеп тұрды. Ат төбеліндей азғана жұрт қарасы «Өлімнен де күшті» монументінің төңірегіне келіп, санитарлық талапқа сәйкес, сап түзеді. Бірақ Семей ядролық полигонына қатысты арал төріндегі негізгі нысан – «Бейбітшілік» монументіне мүлде назар аударылған жоқ. Тіпті ұмытыла бастады десе де болады. Бұл нысан облысты Бердібек Сапарбаев, қаланы Айбек Кәрімов басқарып тұрғанда жоспарлы түрде жүзеге асқан еді. Алайда қазіргі облыс әкімі Даниал Ахметов бастаған үш-төрт шенеунік қаңтарыла күткен шағын топты «Өлімнен де күшті» монументінің маңына жинағанды жөн көріпті. Күннің ыстығында ұлықтардың жолына қарап, көз талдырғандардың дені қарт адамдар екені байқалады. Араларында таяғына сүйеніп, төзімі таусылып тұрған ардагерлер  де бар.

      Әкімдіктің атқосшылары таратқан бір-бір тал гүлді қолдарына ұстап, құда күткендей кейіпте тұрған қауымның ортасына асықпай аяңдап келген Даниал Ахметов Қазақстан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет екенін және бейбітшілікті сақтауда зор рөл атқарғанын атап өтті. Облыс әкімі сөйлеп тұрған шақта «Қырық жыл ядролық сынақ зардабын тартқан семейліктерге көрінуге үкіметтен ешбір ұлықтың келуге жарамағаны қалай?» деген сұрақ көкейімізде кептеліп қалғанын жасыруға болмас. Жай уақытта Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты туралы айтқанда жағы айырылып кете жаздайтын жоғарыдағы «дөкейлердің» біреуі төбе көрсетуге жарамағанына қарап, олардың Семейге көзқарасы қандай екенін аңғарғандай болдық. Әйтпесе Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуы бейжай қарайтын дата емес еді ғой.

         Қызықтың көкесі Д.Ахметов сөз сөйлеп болған соң, монументке барып арнайы гүл шоқтарын қою кезінде болды. Төселген қызыл кілем үстінде венокты қолдарына ұстаған шенеуніктер соңынан ілесе берген жұртшылықты Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев қолын сермеп, кейін қайыруға барын салды. Басқасы басқа, Садырбаевтың ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімовтің жолына көлденең тұрып, тоқтатқаны өте ерсі көрініс болды. Шындығында, қазақ поэзиясын жаңа биікке көтеріп, өзгеше леп әкелген ақынның ядролық сынақ алаңы болған Абай ауданының топырағында туғанын ескерсек, перзенттік парызын орындауға келгені түсінікті еді.

Жер төсіне сол жақта атом сына қаққан-ды.

Мекендейтін халқы да – қара халық, ақ қанды.

Жаратқанға сенгендей, өздері тым аңғал-ақ:

Мал баққан боп жүр әлі, маңдай тері сорғалап.

Өмір көші – баяғы өткен жылдар тұсында.

Соңғы аршаның қаны бар – семсер-сәске ұшында... – деп «Қара дала» өлеңінде шер толғаған Тыныштықбек ақынды жолынан кідірткен Айдар Садырбаевтың қандай деңгейдегі идеологиялық орынбасар екені көрініп қалғандай болды.

      «Өлімнен де күшті» монументінің алдына жетіп, гүлдестесін қойған шенеуніктер көпшілікке қарап, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыстан құрбан болған боздақтарды еске алды. Алайда бір минут үнсіздік жарияланғанымен, онысы 7 секундтық дыбыстан асқан жоқ.

Хош, сонымен, ылдым-жылдым өте шыққан шараның 10 минутқа да жетпегенін қайтерсіз?! Ахметов бастаған «дөкейлерді» сағаттап күткен жұртшылық көңілі олқы соққан қалпы аралдан жаяулап шығып, жөндеріне кете барды.

Тегтер: