Ар-Аға
«Інім, мен үшін таңертең тірі ояну – олжа!» – деді бірде Ар-Аға – Арынрашид Сейітбатталұлы Уақов.
Сәулетші, тарихшы. Жүру-тұруы мұң болып, тәуліктің жарық жартысын биік арқалықты орындықта отырумен өткізуге мәжбүр болған.
– Тағдырды тас бет дейміз, қатыгез дейміз. Ал сондай тағдырға сені сіңір бет, қарақшы көз адамсымақтар душар еткенде... оны да сол баяғы тағдырға, жазмышқа жабамыз ба? «Тағдыр», «жазмыш» деген ұғым суға салып, созғылай беруге болар тері ме екен? – деді және бірде.
Екеуміздің танысуымыз ерекше болған.
Ар-Ағаны бұрын сырттай танып жүрдім. Менен төрт жас үлкендігі бар ағаекем Қадес Мәскеудің Серго Орджоникидзе атындағы Геологиялық барлау институтында білім алған-ды. Сол жылдарын есіне түсіре әңгіме шерткенде ел астанасының жоғары оқу орындарындағы қазақ жастары ресми мерекелерде, өздерінің туған күндерінде, басқа да игі, немесе ауыртпалық себептер болғанда бас қосып жүретіндерін сағына айтатын. Басқа институттың студенті Ар-Аға мен Қадес, өзара қимас дос болмаса да, өмірге көзқарастары, ой-пікірлері ортақ жақсы сыйластар болыпты. Қадестің: «Арлы, намысты қазағың қайсысы? Ақиқат үшін туған Азаматың қайсысы?» – дегенге: «Ол – Арынраши Уақов, Арекең!» десең, қателесе қоймайсың» дегені есімде. Сол тұжырымы Арекеңді, бертінгі Әркенді «Ар-Аға» деуіме себепші болған...
Қадес 2002 жылы көз жұмды… Арада бірер апта өткенде газеттен парламентіміздің депутаты Қаратай Тұрысовқа ұлының қаза табуымен байланысты көңіл айтуды оқыдым. Қадес студент Қарекеңмен де жолдас болғанын айтқан-ды. Қарекеңді іздеп бардым. Қайғылы екеу танысып, құшақтасып, көзімізге жас алып, бір-бірімізге көңіл айттық. «Қадес те бақилық болды-ау… Мәскеуде бір тұста оқыған жиырма шақтыдан бес-алтау ғана қалдық… Әркен төсек тартып жатыр», деп күрсінді. Әрекеңнің үй әдрісін жазып алып, ертеңінде іздеп бардым. Есікті ашқан дөңгелек көз келіншек жылы жымиып:
– Төрлетіңіз, ағаңыз анау бөлмеде, жүріңіз, – деп ақжарқын сөйлеп, сол қол жақтағы бөлмеге бастап барды. «Кімсіз? Кімге келдіңіз?» жоқ. Таза қазақы мінез-құлық.
– Ай, Тоқа, қай інім келіпті? – деген сауал естілді. Ширақ дауыс. «Төсек тартып жатыр» делінген кісінің үні емесін анық аңдап, қуанып қалдым. Арқалықты орындықта отыр екен. «СолДат» газетінде шыққан суреттерінен таныдым. Сәлем бердім. Оң қолын соза ұсынып:
– Отырған орнымнан қозғалмағаныма ренжіме. Атаңа нәлеттер енді аяғыма жармасты, бірақ бой бере қоймаспын. Отырғын, – деп жымиды. Аққұба өңді, қаршыға көзді кісі екен. Кең маңдайы әжімсіз. Өмірінің ащысынан хабарым бар-ды. Итжеккенде, Магаданда, қатаң қыспақты түрмеде төрт жылға жуық отырып келіпті. Қаскөйлер жапқан жаланың құрбаны болыпты. Сонда да маңдайын әжім шалмаған. Рухы күшті адам-ау!
Мен кім екенімді айтып, жазушылық куәлігімді көрсеттім. Аты-жөнімді оқып, маған шұқшия қарап:
– Қадес Қабышевтың кімісің? – деді.
– Інісімін.
– Сені сыртыңнан білемін, жазғандарыңды оқып отырамын. Жеңгеңнің аты Тоқан, біраздан бері менің поштабайым. Ай, Тоқа, қайныңа шай қой! – деді, бәйбішесі жүрген жаққа қарай көңілдене дауыстап.
– Аға, сізге сәлем бере кіріп-шығуға ғана келіп едім...
– Қадестің інісі болсаң, менің де інімсің, тырп етпей отыр, тіл ал, – деп қуақылана жымиды. – Қадес Өскеменде ғой?
Кеңсірігім аши қалды.
– Аға, жолдасыңызды жербесігіне тапсырғанымызға ертең бір ай…
– Апырым-ай!.. – Ол басын шайқап, көзін төмен түсірді. Дізесін орап қойған жүн шәліні сипалады. – Азамат-ай!.. Жербесігі жайлы болсын!.. Адал, әділ жігіт еді… Ақиқат дегенде алған бетінен қайтпайтын, иә, қайтқан емес еді, қайтпайтын! – деді, маған жұбатқан мейіріммен қарап...
...Өскеменге барып, Қадестің қырқын өткізісіп, Алматыға оралсам… Ар-аға да соңғы сапарына аттанып кетіпті...
Қайран ағалар!..
Ақиқат дегенде алған бетінен қайтпаған ағалар!
Қадес облыстың Геология басқармасында елеулі қызмет істеп жүріп, лауазымы жоғарылар кезде партия комитеті хатшысының бір әділетсіздігін көріп, қарсы айтысып, ақиқатқа қолы жетпеген соң: «Сендейлер үстем партияның қатарында болмаймын!» деп, қолын бір-ақ сілтеп кете барған.
Ар-Аға ше?..
1986 жылғы желтоқсан сұрапылында кімнің-кім екеніне көзіміз жетті ғой. Д.Қонаевтан кейін өзімізде «Қазақстан партия ұйымын басқара алар кадр жоқ» болған соң (Қонаевтың Горбачевке айтқаны) шеттен Колбин деген біреу әкелініп, намысымыз таптала жаздады емес пе?!. Жастарымыз көтерілді. «Таптатпаймыз!» деді. Бірақ горбачевтік Кремльдің дүлей күші ерік бермеді. Жастарымызды, оларға жетекші, таза тілегімен жәрдемші болғандарды «1937-1938 жылдарғы үлгімен» жайпау басталды. Алматы Сәулет-құрылыс институтының кафедра меңгерушісі, қоғам қайраткері Әркен Уақов қара мылтықтылардың қарауылына бірінші болып ілікті. Арлы азаматтың басына жалған жала жаңбырша жауды: «Партия шешімін түсіне алмаған студенттерді партияға қарсы айдап салды!», «Совет өкіметінің сара саясатын аяқасты етпекші болды!», «Бұзақы студенттерді қолдады!», «Совет педагогына жат қылық көрсетті!», «Саяси сауатсыз жастарды қорғады!», «Ұлы орыс халқына тіл тигізді!» дей ме-ау...
Негізгі айқайшы да, айтақшы да – институттың оқытушысы Павел Атрушкевич. Ол желтоқсан аяқтала бере ректорлыққа тағайындалған сәтінен бастап оқытушы, студент қазақтарға қасқырша шапты. Ар-Ағаның соңына өзі де итше иіскелеп түсіп, шабармандарын шүйліктіріп түсіріп, ақырында қара пиғылдарын іске асырды. Ар-Аға тұтқындалды. Атрушкевич шошқа сияқтанып, «қорсылдауын» үдетті. Жазықсыз азаматтың соңына бүкіл ұжымды салуға аласұрды. Бірақ ұжымның басым бөлігі көнбеді, ұр да жық ректор қаншама шабынса да, штаттағы ұстаздардың ешқайсысы «институт атынан қоғамдық айыптаушы» болуға келіспеді. Коммунист емес Ар-Ағаның ұжымға адал, әділ, іскер кадр ретіндегі абыройы барлық итаршылардың дертесін қайырды. Алақұйын Атрушкевич одан ары құтырынып, «желтоқсан бүлігіне студенттері ең көп қатысқан институтта саяси-патриоттық тәрбие қанағаттанғысыз, оған кінәлілердің бірі – Әркен Уақов жастарды алаңға бастап шықты, партия мен үкіметке қарсы айдап салды» дегендей шірік сөздерді келімсек «көсем» Г.Колбинге көпіртіп жолдауды еселей түскен.
Институт ұжымы, керісінше, Әркен Уақовты қорғауға ұйымдасты. Ұжым да, Ар-Ағаның отбасы мен туған-туысқандары, дос-жолдастары да оның қайда, не халде екенінен екі айдан соң ғана хабар ала алған. Ол сонау 1937–1938 жылдары қазақ зиялыларына зындан болған КГБ түрмесінде екен. Қорғаушылар араша тілеп, Колбинге барды. Ол оқытушы Нинель Фокинаны ғана қабылдап, жылы сөйлесіп, көмектесер рай танытып, өзіне ұсынылған тілек-хатты күлімсіреп алып қалған. Екіжүздінің күлімсіреуі – суайттардың «оллаһиы» емес пе, іле-шала Әрекең сегіз жылға сотталып, Сібірге, Магаданға айдалды.
– Оның қатаң қыспақты түрмесінде күніміз де түн болды. Біздің маңдайымызға: «Орыстарға қарсы шықты» деген таңба басылғандай болды емес пе, ондағы көрген қорлықтың қайсыбірін айтарсың! Міне, аяғын әрең басатын мүгедек болып оралдым. Алайда тәуелсіздік алған республикамыздың прокуратурасы арашалаушыларымның арыздарын қолдап, сот шешіміне қарсылық білдіруі нәтижесінде үйге төрт жыл ерте келдім, – деді Ар-Аға.
Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қыршын жастарымыздың қаншасы мүгедек болды, қаншасы өмірімен қоштасты, бұл әлі толық мағлұм емес. Сол тарихи оқиғада солақайлық жасағандар билікте отырғанда жалпы шындық ашылмас. «Мен жастарды бастап жүріп кеттім!» (Н. Назарбаев), «Мен жастардың алдына шығып, тәртіпсіздік жасамауды айтып сөйлейін деп едім, басшылар шығармай, сөз бермей қойды» (Д.Қонаев, О. Сүлейменов) сияқты жалған мағлұмат ақиқатқа жол бермеді. Колбиннің қолтығына кіріп тұрып жастарды айыптай айғайлап сөйлеген шенеуніктер (партия, комсомол, кеңес, заң орындарындағы) біразы жоғарылап, шен-шекпен алып, немесе шет елдердегі елшіліктерімізге қызметке жіберілді. Атақты зиялыларымыздың қайсыбірі горбачев-колбиндерге жағына хат та жазып, жастарымыздың жан жарасын ұлғайта түсті. Оны айтамын-ау, Ар-Ағаның ешбір кінәсіз сотталуына, бірінші курс студенті Қайрат Рысқұлбековтің нақақтан өлім жазасына кесілуіне тікелей себепші болған, институттың 360 студентін оқудан, 70 оқытушысын қызметтен қуған қаражүрек Павел Атрушкевич биліктің құрметіне бөленіп, республика парламентінің әлде көсемі, әлде көлеңкесі – Қазақстан халықтары ассамблеясының төріне шығарылды. Қамқоршылары оның екі қолы иығына дейін қан екенін білетін жұртшылықтан именген, ұялған жоқ. Солардың біреуі иек қақса керек, «Юридическая газетаның» бас редакторы Ольга Бабий деген «Павел Атрушкевич» деп кітап жазып, оны Қазақстан үшін туған қайраткер етіп мадақтады. Кімге жем, кімге мазақ болмаған қайран қазақ!
Алайда ұрының бір жері қуыс қой, қазақтың «тамағын ішіп, табағын тепкен» Атрушкевич өзіне тықыр таяна бастағанда Белоруссияға қашып кетті.
Ельциндердің еріктерімен қолымыз жеткен тәуелсіздігіміздің алғы кезеңінің – анығында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіміздің тарихы әлі анық жазылған жоқ. 36 жыл өтсе де. Билік саяси-ресми баға берер емес. «Алай да былай» деумен желтоқсанның 16-күнінің өңін айналдырып жіберді. Жылда желтоқсан айы туа бере студенттерді кезексіз каникулға шығарып, ауылдарына еріксіз жіберетін тәсіл тапты. Жастарға сенбеуге ант беріскендей.
Бұғаулап апарылған Сібірден мүгедек болып келсе де, Ар-Аға биліктен Желтоқсан тарихының таза жазылуын талап етіп, әділеттілік жолындағы күресін жалғастырып, нендей болсын қыспаққа, қуғынға қайыспай, қайсарлығынан танбай өтті. Жас ұрпаққа: түзелуге тиіс тарихқа қосылар ондаған мақаласын, «Материалы геноцида, организованного Н.А.Назарбаевым против казахского народа в декабре 1986 года» атты екі том кітабын қалдырды.
Жеңгем Тоқаңның айтуынша, Әрекеңнің қолына кітабының 50 данасы ғана тиіп, қалған 1000 данасы баспаханада тәркіленіпті.
«Уақыт – төреші», Ар-ағалардың еңбектері ескерілетін, зерттелетін, есімдері құрметпен аталатын дәуір келер!