Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:30, 09 Наурыз 2022

Әр әлемнің өрнегін алақанына салған әйел

None
None

Қазақ ауылдарында бесаспап аналар әлі бар. Қарқаралы ауданы,  Жаңатоған ауылында тұратын көпбалалы ана Дана Ахмеджанова бір әулеттің ғана емес, мұқым ауылдың шаруасын еңсеретін дара қабілетке ие жан.

Науқандық жұмыс қызған шақта ол трактор айдап малға жем-шөп әзірлейді, комбайнға отырып егін орады. Ауыл шаруашылық техникасының ақауын  жөндеуге де, машықтанып алған.

— Адам бір іске ниет қойып кіріссе, ешқандай қиындық болмайды. Осы техникалардың ұңғыл-шұңғылын бала кезден көзбен көріп, көңілге тоқып өстім. Ауыр техниканы жүргізу маған әсте қиындық тудырмады. Себебі менің әкем кезінде кеңшарда «ТД-тракторын» тізгіндеген. Ол кәсібіне шебер кісі болды. Негізі бұл ерлер тізгіндейтін көлік дейді. Бірақ мен мұны қалыпты жұмысым ретінде қабылдаймын. Негізі трактор мен комбайн жүргізудің жеңіл машина айдаудан ешқандай қиындығы жоқ. Жалғыз-ақ ерекшелігі сайын даладаның шалғай және тастақ жерлерінде соқпақ жолдармен жүресің. Сондықтан дала жұмыстарына арналған техниканың жылдамдығын 20-40 аралықтағы межеден асырмай жүргізу керек, – дейді еңбекқор әйел.

Дана ауыр шаруаны арқалауды табиғатына жат санамайды. Жолдасы Берік Нығымановтың айтуынша, тракторды кәнігі жүргізушіден кем жүргізбейді. Жұбайы нәзік болса да, күші қажырлы деп мақтауын асырды. Бір өзі 50 келі жем салынған қапты қиналмай көтереді екен. Кейпі сабырлы келіншек қимыл еңбектен тұратынын есейгенде сезгенін жасырмады. «Кісі баласы дамылсыз әрекет ету керек» деген қағида оның өмірлік ұстанымына айналған.

— Мен үшін қимыл-тіршілік нышаны. Бала кезімде ауыр науқасқа  шалдықтым. Өз бетімше жүріп-тұруға дәрменсіз болдым. Көз алдымдағы асыр салып ойнап жүрген құрбыларымды көрген сайын қатты күйзелетін едім. Тым болмаса, қыбырлап жүрсем дедім. Ешкімге масыл болмауды армандадым. Бағыма қарай, тәңір қалауымды орындап, бір мезетте сауығып кеттім. Содан бері – бір сәт қимылсыз қалсам, мешел болардай күй кешемін. Бүгінде мол  ырызық-несібеге кенелуім – үздіксіз қимылдың нәтижесі болар, – дейді ол.

Бес баланың анасы ауыл шаруашылығын дамытуға сеп тигізіп отыр. Зайыбы екеуі Қарақаралы өңіріндегі өркендеген шаруа қожалығының иесі. Көңілі дархан өнегелі ана, аяулы әже ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдемдесіп тұрады. Қырықтың қырқасынан асқан Дана Берікболқызының бұл түздегі тынымсыз тірлігі. Ал оның қоғамдағы кәсібі – білім саласының қызметкері. Жаңатоғандағы орта мектепте музыка пәнінен сабақ береді. Сынып жетекшісі деген қосымша жүктемені қатар атқарып жүр. Шәкірттері оны тәлімгер жетекші, іздемпаз оқытушы, салауатты өмір салтын дәріптейтін мұғалім ретінде бағалайды.

— Ұстазымыз сабақ беруге кіргенде, онымен нота тілімен амандасамыз. Сабағын ерекше көтеріңкі көңіл-күймен, алуан түрлі әдістермен әсерлі етіп өткізеді. Жыл сайын сабағына бір жаңашылдық енгізеді. Сыныптастарымның көбі – ән шырқап, домбыра тартады. Оларға бұл өнерді Дана апай үйретті. Жетекшіміздің бастамасымен сынып сағатын көбіне спорт залда өткіземіз. Ол футбол, волейболды да жақсы ойнайды. Мұғалімнің өнегелі өмірі бізге үлкен мотивация береді, – дейді шәкірті

Тегтер: