Әр балаға тең мүмкіндік. Білімдегі әділеттілік пен инклюзия
Қазіргі өркениетті қоғамның даму деңгейі оның экономикалық қуатымен немесе технологиялық жетістіктерінен бөлек адамға деген көзқарасының тереңдігімен өлшенері анық.
Осы тұрғыдан алғанда инклюзивті білім беру – қай қоғамның да гуманистік беталысын, бүгіні мен ертеңін айқындайтын мемлекеттің бір бағдары.
Инклюзивті білім беру идеясының қалыптасуы ұзақ тарихи үдерістен өтті. ХХ ғасырдың ортасына дейін мүмкіндігі шектеулі балалар көбіне арнайы мекемелерде оқытылып, жалпы білім беру жүйесінен оқшауландырылды. Бұл сегрегациялық модель қоғамдағы «норма» мен «ауытқу» деген қатаң жіктеуге негізделді. Алайда 1990 жылдары әлемдік педагогикада жаңа гуманистік бетбұрыс байқалды. 1994 жылы қабылданған Salamanca Statement инклюзивті білім берудің іргелі қағидаларын айқындап, барлық балалардың ортақ мектепте білім алу құқығын жариялады. Бұл құжат инклюзияны қайырымдылық шарасы ретінде емес, адам құқығы ретінде қарастыруды ұсынды. Кейін 2006 жылы қабылданған Convention on the Rights of Persons with Disabilities инклюзивті білім беруді мемлекеттердің заңнамалық міндеттемесіне айналдырды. Бүгінде біздің елде де инклюзивті білім беруді жүйелі әрі кезең-кезеңімен дамыту мақсатында мектепке дейінгі тәрбие ұйымдары мен кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінде педагог-ассистент лауазымдары ресми түрде енгізілген еді. Қазіргі таңда еліміздің білім беру ұйымдарында 3,8 мың педагог-ассистент және 10 275 арнайы педагог қызмет атқарып, білім алушыларға кәсіби сүйемелдеу көрсетіп келеді. Сондай-ақ инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған білім беру ұйымдарының үлесі 93,3%-ды құрайды. Ал арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалар саны 87%-ға жеткен.
Ғылыми-зерттеулер инклюзивті білім берудің тек әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан ғана емес, академиялық және психологиялық тұрғыдан да тиімді екенін дәлелдеді. Мәселен, OECD елдерінде жүргізілген салыстырмалы зерттеулер аралас сыныптарда оқитын балалардың әлеуметтік құзыреттілігінің жоғары болатынын көрсетті. Әртүрлі қабілеттегі балалардың бір ортада білім алуы эмпатияны, төзімділікті, бір-біріне қолдау көрсету мәдениетін қалыптастырады. Америкалық зерттеушілердің мета-талдаулары да ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың жалпы білім беретін сыныптарда оқыған жағдайда академиялық жетістіктерінің төмендемейтінін, керісінше, кей жағдайда арта түсетінін көрсеткен. Бұл инклюзияның сапасы дұрыс ұйымдастырылған жағдайда оның нәтижелілігі жоғары болатынын аңғартады. Қазақстан жағдайында инклюзивті білім беру соңғы жылдары мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Арнайы сыныптар санын азайтып, жалпы білім беру ұйымдарында ерекше қажеттілігі бар балаларды оқыту үлесі артып келеді. Дегенмен өңірлер арасындағы айырмашылық, кадр тапшылығы, ата-аналардың дайындық деңгейі сияқты мәселелер әлі де өзекті. Бұл жерде инклюзияны тек нормативтік талап ретінде емес, құндылықтық бағдар ретінде қабылдау маңызды. Егер қоғам әр баланың әлеуетін мойындап, оның даралығын байлық ретінде көре алса, инклюзивті білім беру шынайы мазмұнға ие болады.
Мемлекет бірер жыл бұрын білім беретін мектептерде мүмкіндігі шектеулі және қиын жағдайға душар болған балалар үшін жеке көмекші қызметі қарастырылатын боп шешкен еді. Бұл бастама нәтижесінде 129 ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаға физикалық сүйемелдеу ұйымдастырылып, олардың мектеп ортасына бейімделуіне жағдай жасалды. Атап айтқанда, бұған дейін үй жағдайында оқуға мәжбүр болған 45 бала жалпы білім беретін мектептерде қатарластарымен бірге білім алу мүмкіндігіне ие болды. Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған инфрақұрылым да қарқынды түрде дамып келеді. Қазіргі уақытта 516 арнайы ұйым жұмыс істеп, түрлі санаттағы балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аутизм орталықтарының желісі кезең-кезеңімен кеңейтіліп жатыр, сондай-ақ балаларды ерте жастан бастап кәсіби бағдар мен мамандық игеру кезеңіне дейін жүйелі түрде сүйемелдеуді көздейтін кешенді тұжырымдама бекітілді.
Инклюзивті білім беру қоғам жүйесін адамгершілік өлшеммен қайта пайымдауға шақырады. Әр баланың қабілеті бірегей, әр тағдырдың өз мүмкіндігі бар деген сенім. Инклюзияның философиялық өзегі осындай. Дәл осы сенімге негізделген мектепте білім беру тек ақпарат жеткізу процесі болмайды, ол тұлғаның әлеуетін ашу алаңына айналары анық.
Сәруар Бақберген