Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
22:03, 13 Желтоқсан 2018

Әр баланың жүрегіне жол тартады

2050 жыл. Ол заманда қоғам болып шешімін таппаған үлкен мәселе бар. Ол — әлемнің цифрлануына байланысты балалардың қызыққа толы шынайы өмірді өз көзімен көре алмайтын күйге түсуі.
Телефон, планшет, компьютер… Балалар тұйықталып, ешкіммен араласпайтын, артық қимылдамайтын жағдайға жеткен.«Қазақстан» РТРК» АҚ «balapan» телеарнасы «Дала ойындары», «Айдар» және «Ертемір» атты 3D форматтағы анимациялық жобаларды жарыққа шығарып, қазақтың төл анимациялық супер қаһармандарын ел назарына ұсынды. Міне, мультфильмде әлемнің белгілі бір компаниясы «Дала ойындарын» жариялайды. Табиғатпен бетпе-бет келген балалар қатер мен сынақтың түр түрін көреді. Достық пен бірліктің күші қаншалықты маңызды екенін, адам мен табиғаттың байланысы қаншалықты тығыз екенін түйсінеді. Осы сезім оларды «Дала ойындарында» жеңіске жеткізеді. Қазақы рухын оятады.Ал, «Айдар» мультхикаясында Айдар деген баланың жақсылық жолындағы жауыздықпен күресін көрсете отырып, жас ұрпақты жақсылыққа, адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелейді. Көне түркілік миф кейіпкерлері мен сюжеттерін арқау етіп, балалар мен жасөспірімдерді халқымыздың бай фольклорлық әлемімен таныстыруды көздеген анимациялық жобаның продюсері әрі сценаристі — Әннәс Бағдат.«Ертемір» де ғажайып күшке ие болған қарапайым баланың ерлік оқиғаларына құрылған. Күнделікті өмірде Темірдің өзге балақайлардан еш айырмашылығы жоқ болып көрінгенімен, еліне, айналасына қауіп төнгенде ол батыр Ертемірге айналады. Ертемір байтақ отанымыздың әр қаласын залым сиқыршы Алпаннан қорғап қалады. Отанына қауіп төндірген жауына «Туған жерімнің бір тасын да бермеймін» деп қасқая қарсы тұратын Ертемір – балалардың ерлік рухын жанитыны анық. «Ертемір» анимациялық жобасының продюсері – Серік Балтабаев, қоюшы режиссері – Дамир Құтбаев.Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін еліміздің анимациялық қауымдастығы жұдырықтай жұмылып жұмыс істеді. Осы мультхикаялар арқылы отандық анимацияның жаңа кезеңі басталарына сенімдіміз. Balapan арнасы да мазмұндық әрі сапалық тұрғыда жаңа кезеңге аяқ басып отыр. Вalapan қаһармандары «Дала ойындары», «Айдар», «Ертемір» мультхикаялары арқылы әр баланың жүрегіне жол тартады. Бұл – әр жобаны зор жауапкершілікпен жүзеге асырған, әр кейіпкерді аялап, әлпештеген шығармашылық командамыз үшін де, қазақ баласы үшін де тарихи сәт деп ойлаймыз, — дейді бұл жөнінде balapan телеарнасының басшысы, Мақпал ЖҰМАБАЙ.  
Тегтер: