Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:45, 11 Сәуір 2024

Әр кандидаттың сайлауалды бағдарламасын мұқият оқу керек

сайлау

Бүгінде көпшілік елдер сайлау жүйесін жетілдіруге барынша мән беруде. Бұған қатысты көне тарихына жүгініп, ежелгі тәжірибелерін бүгінгі заманауи бағытпен ұштастырып жатқандар да бар. Мысалы, ежелгі Грекияда елдің негізгі мәселелерін «халық жиналысында» шешу тәжірибесі болған.

Мұндай жиналысқа қатысатындар бірыңғай ақ жамылғы киіп жүрген. Сол тәрізді қазақ тарихында да Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қағидалары бар. Билердің, жүздердің, рулардың қатысумен болған сайлаулар да болған. Сайлаған ханын ақ киізге көтеру де қазақ тарихында кездескен. Ал қазіргі сайлау жүйесі қандай болуы керек?! Кандидаттар заманға сай сайлауалды қандай бағдарламаларды көтерген жөн. Осы сауалдарды біз саяси ғылымдар докторы, Алма Демеуоваға қойып көрдік. 

– Алма ханым, Қазақстандағы сайлау жүйесі заманға сай дамып жатыр ма?!

– Әрине, сайлау жүйесі технологиялық тұрғыда да, құқықтық жағынан да дамып жатыр деп айта аламын. Бұл ретте сайлау науқаны барысында ешкім ешкімнің құқын бұзбайды. Елдің көзқарастары ашық айтылады. Халық өз таңдауын жасай алады.

– Соңғы жылдары халықтың сайлауға баруға белсенділігі төмен дегенпікірлер айтылып қалады. Мұнымен келісесіз бе?!

– Халықтың сайлауға баруы әр аймақтың белсенділігіне қатысты деп ойлаймын. Және халық саяси сауатты, өз пікірін, көзқарасын білдіре алатын болуы керек. Елдің тағдырына бей-жай қарай алмайтын болса, халықтың сайлауға бару деңгейі артады. Бұл тұрғыда ұлттық идеология, насихаттау жеткілікті болса сайлаудан ешкім қалыс қалмайды. Сондықтан елдің дүние танымы кеңейген сайын болашағына алаңдайды. Өз басым, керісінше, соңғы жылдары халықтың саяси науқандарға барудағы белсенділігі артты деп ойлаймын.

– Қазір елдің сайлауға келуін арттыру үшін түрлі шаралар атқарылып жатады. Бұған байланысты сайлау бөлімшелерінде концерттер, сайлауға бірінші келген адамдарға сыйлықтар беріледі. Мұндай шаралар керек пе?!

– Бұл халықты ынталандырудың амалы. Керек дүние. Негізінде 2005 жылдан бері әлемдік тұрғыда Дүниежүзілік сайлау күнін атап өту туралы шешім қабылданды. Бұл Будапеште өткен конференцияда айтылды. Содан бері әлем елдері бұл күнді атап өтеді. Жыл сайын сол күні сайлауға қатысты заманауи тәсілдер, халықтың белсенділігін арттыру, кандидаттардың ұтымды бағдарламалар ұсынуы жайлы семинарлар өтеді. Біздің Қазақстан да елден қалмай, түрлі іс-шаралар өткізеді. Азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, сайлау саласындағы жетістіктерден халықты хабардар ету, жас сайлаушылармен кездесу, қоғамдық бірлестіктермен, мектеп оқушыларына сайлаудың мәнін түсіндіру шаралары жыл сайын атқарылады. Референдум дегеніміз не, оның маңыздылығы қандай? Мұның барлығы халыққа, мектеп оқушыларына түсіндіріледі. Сонымен қатар бұл науқандар аясында сайлау процесіне қатысушыларды, оның ішінде сайлау комиссияларының мүшелерін электораттық оқытулар жоспарланған. Жалпы, бізде сайлау комиссиясының қызметін әкімшілендіруге, оларды облыстық және ішінара аудандық деңгейлерде толық кәсібилендіруге мүмкіндіктер бар. Сондықтан келешекте халықтың да сайлауға баруға белсенділігі артады деп ойлаймын. Өйткені бұл тұрғыда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

– Сайлауға бару үшін ұтымды саяси бағдарлама керегі де даусыз. Маман ретінде, болашақта сайлауға түсетін кандидаттар қандай бағытты дамытуға басымдық беруі керек деп ойлайсыз?

– Қазір елімізде түрлі жағдайлар болып жатыр. Су тасқыны, жер сілкінісі, ғаламдық жылыну жайлы жиі айтылып кетті. Меніңше, келешекте ғылыми жаңалықтарды дамытуға мән беру керек. Осы салаға қатысты бағдарламалар қабылдануы қажет деймін. Мұны қазір сайланған депутаттар келесі сайлауды тоспай-ақ, үкіметке ұсынғаны жөн. Оларда мүмкіндік бар ғой. Мәжіліс қабырғасында су басу қаупінен сақтануға қарсы ғылыми жобалар талқыланып, еліміздің гидротехникалық әлеуетін арттыруға басымдық берілгені дұрыс.

Жалпы, қандай да бір жаңалықтарды енгізу үшін сайлауды тосу емес, сайланған депутаттардың мәселені үкіметке жеткізе білуі маңызды. Сайланып алғаннан кейін бағдарламаларын ұмытып кететін депутаттар, партиялар да бар. Мұның барлығын халық та талап ете білуі керек. Халық сайлаушы ретінде өзінің ұсыныстарын депутаттарға жазбаша түрде жеткізіп отыруға машықтанғаны жөн. Қазір барлығы жетілді. Электронды түрде хат, өтініш, арыз жазуға мүмкіндік бар. Мәселен, мен өзімнің өтінішімді электронды блогына шығу арқылы президентке, үкімет басшысына жеткізе аламын. Сондықтан мұндай мүмкіндіктерді пайдалану керек. Заманауи көштен қалыспаған абзал. Елдің тағдыры сол елдің өзіне маңызды болуы керек. Қоғамда болып жатқан жайттарға үн қосуға мүмкіндік мол. Сайлау – бұл дұрыс таңдау жасауға берілген мүмкіндік. Сондықтан әр кандидаттың сайлауалды бағдарламаларын мұқият оқу керек. Әр өңірде ол депутаттың сенімді өкілдері болады. Солар да сайлаудан кейін депутаттармен тығыз қарым-қатынаста болғаны жөн. Қазір депутаттар су басқан аймақтарды аралап, барып көріп жүр. Мұндай бұрын-соңды болмаған. Демек, өзгеріс бар деген сөз. Депутаттардан да, үкіметтен де жұмысын көрсету талап етіліп жатыр. Осы сәтті пайдаланып, халық та сауатты болуы тиіс. Ешқандай айғай-шусыз-ақ үкіметке үніңді естіртуге болады. Қазіргі қоғамда технологиялық дамыған адамның ұпайы түгел болмақ...

Қарлығаш Сайлауова 

Тегтер: