Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:05, 23 Желтоқсан 2025

Әр нәрсенің басын бір шалатын Үкіметке қашан ес кіреді?

үкімет

Үкімет пен Ұлттық банк, әдеттегідей, жылдың соңында келер жылға жоспар, мақсат құрып жанығуда. Енді 2026 жылдан бастап бас банк пен үкімет халықтың жылдық табысын инфляциядан асыруды көздеп отыр.

 Бұл межеге жету үшін «2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі» бірлескен бағдарлама бекітіліп те қойды. Бағдарлама бойынша мақсат айқын: инфляцияны тежеу және азаматтардың нақты табысын тұрақты түрде арттыру.

Осы мақсатқа жететінімізге сендіргісі келетін бас банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияға қарсы саясат әрі қарай жалғасатынын, валюта нарығының теңгерімділігін қолдау саясатынан танбайтынын, алтын сатып алуда валюталық операцияларды теңестіру жоспарланғанын айтты. Сүлейменовтің сөзіне сүйенсек, келер жылы активтерді басқару шеңберінде Ұлттық қорда табыстылығы жоғары активтердің үлесі ұлғаяды. Зейнетақы қорының кірістілігін арттыру бойынша жұмыстар да жалғасады.

Алайда бас банкирдің мұнысын жылда айтылатын «жауыр» болған жоспарларға теңейтіндер көп. Үкімет пен Ұлттық банктің халықтың әл-ауқатын арттыру тұрғысында бекіткен бұл жолғы бағдарламасына қатысты «мұнысы да басқа бағдарламалар тәрізді сай жағалап кетпей ме» деген күдік те жоқ емес.

Баянсыз бағдарлама, тұрлаусыз жоспар

Негізінде, бізде қаржы тапшылығына, жоспарлау мен жобалау қатесіне, жемқорлық пен бақылаудың әлсіздігіне, сыртқы экономикалық факторлар мен инфляцияның әсеріне байланысты мәренің соңына жетпей доғарылып қалған бағдарламалар жетерлік. 2024 жылғы есеп бойынша Қазақстан үкіметі 10 ұлттық жобаны және 2 мемлекеттік бағдарламаны ресми түрде тоқтатты. Бұл туралы кезінде қаржы министрі Мәди Тәкиев арнайы мәлімдеген. Олардың ішінде кейбір жобалар мақсатқа жетпей, қайта құрылымдауға келмей қалды. Жаңа «ұлттық жобалар» бағдарламаларға қайта енгізілгенімен, бұрынғы жоспарланған жобалар іске аспады. Бұдан бөлек, Қазақстанда бірнеше миллион долларлық инфрақұрылымдық жобалар ұзақ уақыттан бері аяқталар емес. Соның ішінде Бұқтырма су қоймасының үстіндегі көпірдің құрылысы – 64,9 млн долларлық жоба. Астанадағы Термаль электр станциясы №3 құрылысы – 73 млн доллар тұратын жоба. Екі жоба да бірнеше жыл бойы тоқтап қалды.

Жалпы, бізде Үкімет пен Ұлттық банк бұрқыратып жоспар құрудан, жоба жасаудан алдына жан салмайды. Түптеп келгенде, нәтижесі құмға сіңгендей, су сияқты.

Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков «бағдарламаны соңына дейін жеткізбеген, мақсат пен жоспарды орындамаған шенеуніктерді жазалап, заң жүзінде жауапқа тартқанда қазіргідей «жалақымыз өспеді, халықтың жағдайы артпады» деп жылап отырмас едік» дейді. Әйтсе де, Қазақстанда бағдарламаларды орындай алмағаны үшін жазаланған шенеунікті көрген жоқпыз.

Бейсенбек Зиябеков
Фото: ашық дереккөз

Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ, экономист-ғалым: «Алдымен экономика, саясат одан кейін» дегенді қою керек!

– Үкімет осы уақытқа дейін қазақ халқының менталитетіне, табиғатына, мінезіне, тарихына негізделген реформаларды қолданысқа енгізген жоқ. Әр нәрсенің басын бір шалып жүр. Сондықтан бірінші кезекте үкімет халықтың ойынан шыққысы келсе, елдің табиғатына сай келетін теорияларды ұстанып, мақсат қойып алғаны жөн. Отыз жыл бойы біз «әуелі экономика, одан кейін барып саясат» деп халықты алдарқат­тық. Негізінде, экономиканы, әлеумет­ті, саясат­ты бір-бірінен бөліп тастауға болмайды. Бірінші саясат болуы керек. Саясат – бұл мақсат қоя білу. Мақсатқа жетудің механизмдерін саясат арқылы ойластырып алсаң ғана экономика мен әлеумет­тің жағдайын жақсарта аласың. Алайда біз бірінші экономика, одан кейін барып саясат дедік те, әлеумет­ті қалтарысқа қалдырдық. Міне, мақсатсыз экономиканы осылай жасадық. Осыдан барып халықты кедейшілік қысты. Экономикамыз алға жылжымай қалды. Үкімет айшықты бір саясат­ты, нақты мақсат­ты ұстанбай, экономика мен әлеумет­тік ахуал көтерілмейді. Керісінше, ел кедейленіп, шынайы статистиканың деңгейі жасырылып, халыққа сол баяғыша «өркендеп келеміз» деген өтірікке толы өрекпіген есеп-қисаптар айтыла береді.

Маманның айтуынша, Қазақстанда 2009 жылы экономиканы дамытуға қатысты үлкен бір бағдарлама әзірленді. Ол бағдарламаны аяқтамай жатып екінші құжат – 2010-2020 жылдарға арналған үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы пайда болды. «Біріншісін аяқтамай, екінші мемлекеттік бағдарлама не үшін басталды?» деген сауалға үкімет «біз алдыңғы бағдарламада ескерілмеген мәселелерді осы екінші құжатқа қостық» деген уәж айтты. Әрине, екінші бағдарлама да тамырланып, жайқалып жеміс бере қоймады. Одан кейін қазіргі бас банкир Тимур Сүлейменов ұлттық экономика министрі болып тұрған кезде 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар деген құжатты ұсынды. Бірақ Сүлейменов министрліктен кеткеннен кейін ол құжат ұмыт қалды.

– Міне, осындай баянсыз бағдармалар көп болғандықтан жоспар да тұрлаусыз болды. Осыдан барып еңбек өнімділігі артпады. Халықтың табысы өспеді. Соған қарамастан, Үкімет пен Ұлттық банк алдағы екі жылда табысты өсіруге уәде береді. Бұған сену қиын, – дейді экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков.

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова да экономист-ғалымның сөзін жоққа шығармайды. Оның пайымдауынша, бізде «Жұмыспен қамту-2020», «Жол картасы-2020», «Дипломмен – ауылға», «Жастар тағлымдамасы» және басқа мемлекеттік бағдарламалар бар. Осы бағдарламалардың бәрі әлеуметтік саясатты белсенді жүргізудің формалары еді. Әттеген-айы, қазір осы бағдарламалардың нәтижесін көре алмай жүрміз.

Айсұлу Молдабекова
Фото: Айсұлу Молдабекова

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА, экономист-ғалым: Кедейліктің қақпанына мықтап түсуіміз мүмкін

– Өйткені аталған бағдарламалардың басым көпшілігі тек қағаз жүзінде қалып жатыр. Мұндай бағдарламаларға қатысатындар зейнетақы жарнасын өтірік бір кәсіпорындармен келісіп аударып отырады да, төлемді алып алғанша ғана жанталасады. Ал төлемді алып алғаннан кейін оны басқа мақсаттарға жұмсаған фактілер де кездесті. Мемлекеттің субсидияларын, гранттарын осындай жолмен жұмсайтындар да бар. Кейбір жергілікті әкімдіктер мен жұмыспен қамту орталықтары да бюджеттен бөлінген қаражат игерілді деп көрсету үшін де осындай көзбояушылыққа барады. Бұл дегеніңіз – халыққа уақытша ақша берумен шектеліп отырмыз деген сөз. Мысалы, кәсіпорын бірнеше адамды қайта оқытуға өтініш берді делік, оған мемлекеттен қаражат бөлінеді. Кейбір кәсіпорындар сол қаражатты алу үшін өзінде бар адамдарды қайта оқыттық деп рәсімдей салады. Міне, осылай жалған есеп беріп, реформаны қағаз жүзінде ғана жүзеге асыру белсенді әлеуметтік саясатты жүргізуге қатты кедергі болып отыр. Осыдан барып саланы дамытуға бөлінген мемлекеттің ақшасы құмға сіңгендей кетіп жатыр. Егер жағдай бақылаусыз осылай кете беретін болса, біз «кедейлік қақпанына» мықтап түсеміз.

«Жас Алашқа» пікір білдірген сала мамандарының айтуынша, қазір халыққа ең алдымен «өкімет өлтірмейді» деген қағиданы естен шығару керек. Енді мұндай қағидалар жүрмейді. Сондықтан әркім өз күнін көруге талпынып, қолынан келгенше кәсіп істеп, үкіметтен нан сұрамауға тырысуы қажет. Қаржыгер Арман Мусиннің пайымынша, халық үкіметтен берілетін гранттарды алып қалуға тырысуы керек. Әрине, оларды алу үшін құшақ-құшақ құжат, қаншама табалдырықты тоздыруға тура келеді. Бірақ осы гранттарды қарапайым халық қалайда иемденуі қажет.

Арман МУСИН, қаржыгер: Қарапайым халыққа сауатты, іскер болатын сәт жетті

– Бізде мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттар бар. Бизнес-жоспар ұсынып, сол гранттарды алып, кәсіп бастап жатқандар да бар. Қазір үкіметке сенетін уақыт емес. Кеңес заманында халыққа кеңшілік болды. Мәселен, кеңестік кезеңде ауданның немесе облыстың әкімінде басы артық көлік болса да бірден тексеріліп, партия талқылауына салынып, оның қайдан келгені әбден қазбаланатын. Ол кездегі шенеуніктер басы артық дүниені иемдене алмайтын. Қазір, керісінше, үкіметтегі шенеуніктердің шетелде үйлері, оффшорда қаражаттары бар, бір емес бірнеше маркалы қымбат көліктері, бизнесі бар. Ал халық мұның барлығынан жұрдай. Қазақстанның байлығын тек қалталылар ғана иемденіп алған. Бізге қарапайым халыққа сауатты, іскер болатын сәт жетті. Қаржылық сауаттылықты арттырудың маңызы зор. Үкімет халыққа «өз күніңді өзің көр» дегенді ашық айта алмаса да, қазіргі жағдай соған әкеле жатыр. Сондықтан болашақта өзіне-өзі жұмыс істеудің, кәсіп ашудың, маңызы арта түседі.

Жалақы өскенмен, инфляция жеп қояды

Қаржыгердің ойынша, келер жылы жалақы өссе де, ол инфляциядан аспайды. Сондықтан Ұлттық банк пен Үкіметтің халықтың табысын инфляциядан арттырамыз дегеніне сенудің қажеті жоқ. Деректерге жүгінсек, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда орташа айлық номинал жалақы 433,3 мың теңгеге жетіпті. Бір жылдағы жалақының өсімі – 10,6 пайыз. Бірақ жылдық инфляцияны ескерсек, нақты жалақы 0,4 пайызға төмендеген. Осылайша Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында нақты жалақысы қысқарған жалғыз мемлекет болып отыр. Ал көрші елдерде жағдай мүлде басқаша. Осы кезеңде Қырғызстанда нақты жалақы – 10,9 пайызға, Беларусьте – 10 пайызға, Ресейде – 4,5 пайызға өскен.

Сала мамандары «Қазақстанда жалақының бір жылдық көлемінің өспеуіне негізгі себеп – экономика, инфляция және еңбек нарығындағы құрылымдық мәселелер әсер етіп отыр» дейді. Мысалы, жалақы 10 пайызға артса да, инфляция одан жоғары болғандықтан, адамдардың сатып алу қабілеті төмендеп барады. Бұл дегеніміз – шынайы жалақы өспейді, керісінше, төмендейді деген сөз. Бұдан соң еңбек нарығындағы теңсіздік пен секторлар бойынша айырмашылықтардан да жалақы өспей қалған. Кейбір салаларда жалақы жоғарылайды, ал басқаларында төмендейді. Үшінші бір фактор –ең төменгі жалақы ұзақ уақыт көтерілмей келеді.

– Осы ретте айтсақ,минималды жалақыны үкімет 2026 жылы да көтеруді жоспарламайтынын айтты. Ең төменгі жалақы өспесе, төмен табыс табатын жұмысшылардың табысы да өспейді. Сонда Үкімет пен Ұлттық банк «келер жылдан бастап жалақы өседі, елдің әл-ауқаты жақсарады» дегенді қалай айтып отырғаны түсініксіз. Бұдан кейін келер жылы кәсіпорындар жалақыны көтеруге икемсіз. Қолданысқа енетін Жаңа салық кодексі оған мүмкіндік бермейді. Мемлекет жеке сектордағы жалақыны «міндетті түрде» көтере алмайды. Қазір көп жұмыс беруші экономикалық қысым жағдайында отыр. Кірістің төмендігіне қатысты олар жалақыны жылдам көтеруге дайын емес. Сондықтан мұндай жағдайларды ескермей жатып халықтың табысын арттырамыз деуге болмайды. Бізде қазір нарықта 8 трлн теңге артық ақша жатыр. Бұл қаражаттың дұрыс игерілмейтінін көрсетеді. Қаражат бөлінсе де, өндіріс өсіп жатқан жоқ. Өндіріс өспегеннен кейін жұмыспен қамту да реттелмейді. Бұдан соң халықтың да табысы өспейді. Мұның соңы экономиканың «қызып» кетуіне әкеле ме деген қауіп те жоқ емес. Сондықтан қазір бізге экономиканы «қызып» кетуден сақтандыру қажет, – дейді қаржыгер Арман Мусин.

Мақсатсыз жоспар құра беретін Үкімет пен Ұлттық банк экономиканың «қызып» кетуінен, елдің «кедейлік қақпанына» түсуінен неге қауіптенбейтіні түсініксіз. Әлде қолдарынан тек «бәрінен озып, қара үзіп келеміз, елдің табысы артады, экономика өседі» деп алаулатып-жалаулатып есеп беру ғана келе ме?..

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: