Әр жердің өз иесі мен киесі бар
Адам мен табиғат. Дүние пайда болғалы осы екі жаратылыстың арасы ажырап көрмепті.
Мыңжылдықтарды артқа тастап, біріне-бірі сүйеніп, бірін-бірі демеу көріп келе жатқан осы екеуінен асқан тату да, араз да жоқ секілді. Әлемге жар салып дос екенін де айтпай, мимырт тіршілік кешіп келеді. Адам баласы пенде болған соң, тілсіз табиғатқа тізесі батып кететін сәттері де аз болмайды. Ондайда өзімізді-өзіміз тежеп, бір-бірімізге тоқтау айтып, жол көрсетеміз. Бірақ сөйлемейді демесеңіз, бізге табиғаттың өзінен артық ұстаз да жоқ.
Қай мезгілдің болса да, жайбарақ күнінде су жағасында отырсаңыз да, тау басына шықсаңыз да жаныңыз жадырап, рахаттанып қалатыныңыздың себебі не деп ойлайсыз? Оның жауабын біз де білмейміз. Әйтеуір адам мен табиғат арасында керемет бір тілдесу барын ішкі түйсігіңмен ғана ұғуға жарайсың. Одан асқан жан рахаты да жоқ секілді-ау.
Қазақ даласының қай пұшпағына барсаңыз да, құнарлы топырағын, көрікті табиғатын көресіз. Ал соны біз қаншалықты бағалап, қаншалықты қастерлей алып жүрміз. Осыны білмек үшін «Қапал» орман шаруашылығының басшысы Үсен Сабырбековпен сұхбаттасудың сәті түскен.
– Үсен мырза, сіз еңбекке араласқалы бері осы орман шаруашылығы саласында қызмет етіп келесіз. Орманның сіздің өміріңізге әсері, ықпалы қандай болды?
– Орман – адамзатқа берілген аманат. Халықтың тіршілік көзі. Ата-бабамыз орманды көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына аманат етіп берген. Біз – сол бабалардың мирасқорларымыз. Орманды сақтап, қорғап, келешек ұрпаққа аман-сен өткізіп беруіміз керек.
Қазақстанда орман қоры төрт-ақ пайыз. Барымызды қорғап, көбейту қасиетті парызымыз сияқты. Бұрынғылардың «бір тал кессең, он тал ек» деген принципі болған. Жалғыз тұрған ағашты пана болар деп кеспейтін. Әр ағаштың қасиетін танып кесетін, кеспейтін түрлерін білген. Қазір осыны парықтап жатудан қалып барамыз. Ал орман мені тыныштыққа үйретті. Жалпы табиғат тыныштықты сүйеді. Үйлесімді жақсы көреді. Артық мазасын алсаң, орманның әрі кетеді. Ол өзі бір бөлек әлем сияқты. Өз тұрғындары бар, өз заңдылығы бар. Өсімдік шірісе, қара топырақ болады. Орман өзіне-өзі зияндық істемейді. Оған біз – адамдар қайта кедергі келтіріп, мазасын аламыз.
– Табиғатты сақтау, қорғау да – бір мәдениет. Қазіргі біздің халықтың орманға қарым-қатынасы қалай?
– Қазір енді-енді үйреніп келеміз. «Көкті жұлма» деген сөз бар. Мемлекет жақсы қолдап жатыр. Халық жекеменшік жер алып, орман қорынан демалыс орындарын ашып жатыр. Ғаламтор заманында табиғатты қорғау, таза ұстау акциялары да халыққа тез жетіп жатыр. Бұл әдет бізде бұрын да бар еді. Әкелеріміз жайлауға шығып, кейін көшкенде отырған жұртын тазалап кететін. Күнделікті отын-суы, тіпті ішіп-жемі орманнан, таумен байланысты болған соң, барынша таза ұстаушы еді. «Ағын судың арамы жоқ» дейміз. Ол бір жағы халықтың бәрі осы ұстанымда болған соң, оған дәрет те сындырмайды. Арам дүниені де тастамайтын. Осы ортақ сенім халқымызды ұстап тұрған. Кейін неге екені, содан айырыла бастадық. Бірақ әлі де ауыл жұрты осы ұстанымда.
Көктем шыққаннан бастап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Орман пайдаланушылардың бәріне ескерту қағаздарын беріп, ақпарат құралдарынан айтып отырамыз. Өзіміз де солардың ортасына барып тұрып, тағы ескертеміз.
Қазір өртке қауіпті уақыт. Аудан, облыс көлемінде жаттығу жұмыстарын жүргіземіз. Негізгі орманның жауы – өрт. Ол абайсызда болады. Темекіден болады. Найзағайдан да өрт шығады. Бөтелкелердің де қаупі зор. Бұрын таулардың басында, далада жай тартқыштар болған. Оның бәрі жоқ болды. Қиын шақтарда халық бәрін кесіп, темірге өткізді. Қазір соның зардабын тартып отырмыз.
– Өрттің алдын алу үшін жасалатын нақты шараларыңыз қандай сонда?
– Ең бірінші – үгіттеу жұмыстары. Жиналыстар ашып, лекциялар жүргіземіз. Үнтаспалар таратамыз. «Шалқар» радиосы арқылы хабар тараттық. Оның бәрі халыққа бірдей жете бермейді. Облыс әкімінің қаулысы бар. Өрт қаупі жоғары кезеңде орманға келушілердің санын шектейміз. Бірақ ең маңыздысы – халықтың өзі осы кезеңді саналы түрде сезініп, түсінуі керек.
Біздің жұтқан ауамыздың таза болуы ең бірінші ағаштарға байланысты. Онсыз да қазір көлік көп. Техника бар. Одан бөлек, зауыт-фабрикалардың түтін қалдықтары ауаға аз зиянын тигізіп жатқан жоқ. Бұл ең бірінші адам өмірінің қысқаруы мен ұрпақ денсаулығына зиян. Қазір ауру жасарып кетті. Бұл біздің табиғаттан, табиғи өнімдерден алыстап кеткеніміздің белгісі. Елдің тұтынушылық санасы өсіп, өзі сол тазалық мәдениетін сақтайтын деңгейге жетсе, біздің үлкен жеңісіміз сол болар еді.
– «Қапал» орман шаруашылығының негізгі ағаш қоры қандай?
– «Қапал» орман шаруашылығы өте бай. Тамшыбұлақ, Шымбұлақ, Бурханбұлақ бар. Шоқан мен Аткинсонның табаны тиген жер. Ұлы Әуезовке жар болған Фатима Ғабитова туған жер. Ғабитовалардың үйі кезінде Шаяхмет байдың үйі болған. Соны Алмасбек деген кісі қайта жаңартып жатыр. Бурханбұлаққа барудың жолын жасап, негізгі туризм аймағы жасаудың жобасы қарастырылды. Қапал таулы аймақ қой. Негізгі демалыс бағыттарын жасап жатыр.
Ең негізгі ағашымыз – шренк шыршасы. Оны біз жатаған шырша деп те жүрміз. Самырсын, тобылғы, қайың, қарағаш бар. Жабайы алма бар. Сайын Мұратбековтің туған ауылы Қоңыр да Қапал өңірінде. Қазақтың классик жазушысының туындысына арқау болған сол жабайы алманы сақтап, өсіру жұмыстарын жасап жатырмыз.
Президент 5 жыл ішінде 2 миллиард ағаш отырғызу керек деп тапсырма берді. Ауылды жерлерге 15 миллион ағаш егу керек. Қапалдың кіреберісіне 1 гектар жерге қылқан жапырақты және жеміс ағаштарын ектік. Біздің бастамамыз ауыл тұрғындарына да дем берді. Бұрынғы қоқыс орнын тазалап, саябақ жасадық. Өзі табиғаты бай өңірлердің халқы да соны негізгі байлығы, мақтанышы көреді. Әркім өз жерінің патриоты. «Отан отбасынан басталады» деген сол ғой.
– Барлық ағаштарды бір кезеңде егу мүмкін емес шығар. Оны жоспарлы түрде орындайсыздар ма?
– Бұрыннан жылда жаңа жоспар жасаймыз. Биыл 10920 түп шренк шыршасын отырғыздық. Оны «Кеген» орман шаруашылығынан алдық. Әрине, жыл сайын жоспарлап, өз масштабымызға қарай жұмыс істейміз.
– Өздеріңіз де ағаштарды кішкентайынан бастап өсіресіздер. Әлде сатып алу керек деген талап бар ма?
– «Қапал» орман шаруашылығына қарайтын 3 тұқымбақ бар. 20 гектар тұрақты тұқымбақ Арасанда орналасқан. 2 гектар Қапалда, 0,5 гектар Ақтөбе ауылында. Ол жерде қылқан жапырақты, жұмсақ жапырақты ағаштар өседі. Жеміс ағаштарын будандастырумен айналысамыз. Ағаштарымызды өсіріп, сатамыз. Өзіміздің есепшотты толықтырамыз. Қазіргі кезде есепшотымызға түскен ақшаға өрт сөндіруге арналған жүк көлігін аламыз.
Бұрын Алматы облысы мен Жетісу облысы бірге болып тұрғанда негізгі көшетті Кегеннен алатынбыз. Биыл бөлінді. Бөлек облыс болған соң, сатып аламыз. Облыс әкімі арнайы көшеттер сатып алу үшін қаражат бөлді. Ақша берген соң, тексереді. Арнайы комиссия тауға барып, ағаштардың күтімін, неше түп ағаш егілгенін – бәрін тексерді. Тұқымбақты көрді. Техниканы көрді. Оң бағасын беріп кетті.
– Техникалық жабдықтау жағы қалай? Орман шаруашылығы өзін қамтамасыз етіп отыр ғой сонда?
– Біз облыс әкімшілігіне қараймыз. Облыс әкімшілігі көмектеседі. БҰҰ ұйымының табиғатты қолдайтын арнайы бағдарламасы бар. Сол бағдарлама негізінде көлік берді, 20 гектар жерімізді қоршадық. Бір патрульдік машина берді. Биылдан бастап орманшылардың, өрт сөндірушілердің жалақысы көтерілді. Басқа қызметкерлердің де ақшасы көтерілсе деген ой бар. Қазір ауылда қарапайым тракторист таппайсың. Оларға берілетін жалақы 60-70 мың төңірегінде. Ол осы күні неге жетеді?
– Маман жағынан қиындықтарды айтып отырсыз. Жастардың орман ісіне қызығуы, жұмысқа тұру қарқыны қалай?
– Жастар ақырын-ақырын келіп жатыр. Былтыр Алматыдан Аграрлық университетті бітіріп келген баланы жұмысқа алдық. Биыл тағы бір бала келді. Ол үлкен қуаныш. Жастардың табиғат ісіне, орман шаруашылығына қызығуы өте сирек. Қазақ жерінің флорасы мен фаунасы өте бай ғой. Соны ғылым ретінде қарап, оған көңіл бөліп, келіп жатқан жастарға өз басым риза боламын.
– Орманшының жұмыс режимі қалай?
– Негізі сегіз сағаттық жұмыс. Бірақ бізде күн, түн деген жоқ. 24 сағат қысы-жазы орманды күтеміз, күзетеміз. Жұмыс болып жатса, сағат алты болды деп кетіп қалмайсың. Әр іс – жанашырлық болған кезде ғана алға жылжиды.
– Баласаз ауылынан ашық аспан астында тұрған таңбалы тастарды көріп едім. Соларға қалай қарайсыздар?
– Ол таңбалы тастар біздің орман шаруашылығына қарайтын жерде тұр. Орманшыларымыз сол тастарды біреулер бұзып, сындырып кетпеуін қадағалайды. Жергілікті тарихшылар ашық аспан астындағы музей сияқты жасаудың қамын айтып жүр. Бұйырса, ол да болып қалар.
– «Шелек» орман шаруашылығында, «Лепсі» орман шаруашылығында да істеп, басшы болдыңыз. Қандай жауапкершілік болса да бірінші басшыға түседі ғой. Оны арқалап жүрудің өзі қиын шығар.
– Бізге де басшылық сеніп тапсырғаннан кейін барынша жауапты істеуге тырысасың. Өзің жауапты адамдардың амандығын тілейсің. Орманда жүру қиын. Қызметкердің жұмысына ғана емес, өміріне жауапты болып кетесің. Қазір тексеру де қиын.
– Бір ағашты қанша уақыт өсіресіз?
– Бұл жатқан ғылым. Кейбіреулер орман шаруашылығына немқұрайлы қарайды. Ұрықты күздігүні жинап аламыз. Қарағайды айтайық. Бүрін басынан жинап аламыз. Оны әкеп жылы жерге қоямыз. Кептіреміз. Сосын дәні түседі. Дәнін елеп, тазалап, таудың басына апарып, топырақты ойып, көмеміз. Қыста қардың астында жатып, өну керек. Көктемде қайта қазып, тұқымбаққа әкелеміз. Жерді жыртып, өте жұмсақ қып дайындаймыз. Басқа бірде-бір шөп ол жерде өспеу керек. Тамырына ауа бармау керек. Тамыр, жапырақ ауруларынан сақтандырамыз. Солардың бәрін уақытылы қарап, бала сияқты өсіресің. Шренк шыршасы, бір жылда 3-4 сантиметр ғана өседі. Жүз елу жылдан кейін ғана 15 метр болады.
– Белгілі бір биіктікке, белдеуге отырғызу керек шығар?
– Әр ағаштың өз ареалы болады. Мысалы, Балқаш көлінің бойында істедім. Ол жерде сексеуіл, жиде, тораңғы өседі. Тауда шырша өседі. Шыршаның төмен жақта өсуі қиын. Әр ағаштың өз орны болады. Сол сияқты таулы жерлерде өсетін ағаштар да өз орнына егіліп, күтіледі.
– Шыршаның жетіліп, өз бетімен өсе беретін кезіне дейін қанша уақыт күтесіздер?
– Тауда болса, бес жыл күтім жасаймыз. Шөбін шауып, дәрілеп, түбін жұмсартып, әбден қараймыз. Оған дейін 5 жыл тұқымбақта өсіреміз. Сонда бір ағашқа 10 жыл уақыт кетеді.
Биыл табиғат үшін қолайлы уақыт болды. Көп жылдан бері шықпаған өсімдіктер өсті. Және жәндіктер шықты. Неше түрлі арулар да солармен бірге пайда болады. Ондай кезде орман күтушілер дабыл қағазын толтырып, хабар береді.
– Өсімдіктердің қанша түрі бар, есептейсіздер ме?
– Он жыл сайын орман орналыстыру жұмыстары жүргізіледі. Ағаштардың жасына дейін қараймыз. Өсімдіктер де сол кезде саналады.
Ағаш кесу жұмыстары екіге бөлінеді. Санитарлық кесу деген бар. Сол бойынша қураған, құлаған ағаштарды уақытында күтеміз. Күтім жұмыстарына байланысты кесу деген бар. Ол сирету үшін жасалды. Кезінде отырғызылған қарағайлар бар екен. Соны сиреттік. Оны өзіміздің цехымызға әкелеп, кесіп, саттық.
Бұл өзімізге қосалқы көмек. Онымен бірге тұқымбақтағы өсіп қалған көшеттерді сатамыз. Олар өзіміздің есепшотқа түседі. Шөп те сатамыз. Орман билеті арқылы халыққа кесуге рұқсат береді. Бірақ оның ақшасы жергілікті бюджетке түседі.
– Қапал халқы қалай?
– Еңбекқор, өнерпаз халық. Мал бағады, егін егеді. Ілияс, Тәнеке, Сара сияқты ақындары бар. Қазақтың әр жерінің иесі мен киесі бар. Әр жерден рухани азық алып келесің. Әр жердің менталитеті бар. Бір жерден бір жерге барып, істеу оңай емес.
– Семей орманы өртенді ғой былтыр. Бір орманның қалпына келуіне қанша уақыт кетеді?
– Семей орманы өрті бәрімізге әсер етті. Техниканың аздығы бар. Қаржы тапшылығы бар. Бірақ тексеру көп. Арнайы Астанадан кеп тексерді. Біздің орман шаруашылығы тексеруден жақсы өтті. Қазақтың жеріне қазақ қана қызығады. Кеңес өкімет тарағанда қанша ұлт көшіп кетті. Қазақ қана қалды. Сондықтан бұл жер бізге ғана керек. Ал бір орманның қалпына келуіне 100 жылдан артық уақыт керек. Тұқым кезінен бастап өсіріп, оны қуратып алмай, өлтіріп алмай бағудың машақатын былайғы жұрт түсіне бермейді. Бұрын бабаларымыз қарумен қорғаған жерді, біз біліммен қорғауымыз керек.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Қасым Арықбай