Арал мәселесі әлі күнге өзекті
Арал теңізіндегі экологиялық апат аймақ түгілі, жаһандық деңгейде шешуді талап ететін ең өзекті мәселелердің бірі ретінде БҰҰ-да танылған.
Жуырда сенаторлар Асқар Шәкіров пен Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Ақмарал Әлназарова «Арал өңіріндегі қоршаған орта және халықтың денсаулығы» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, биік мінберден Аралдың экологиялық жағдайы жайында ой өрбітті.
– Қазақстан мен Өзбекстан Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық дағдарысты еңсеруде бірлескен күш-жігер жұмсап келеді. Екі елдің президенттері Арал өңіріндегі өзекті мәселелерді жедел шешуді, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалануды және қоршаған ортаны қорғауды жүйелі түрде айтып отыр, – деді А.Шәкіров.
Өңірден сайланған депутат Ақмарал Әлназарова да Арал өңіріндегі климаттың әсерін және табиғи ортаның азып-тозуын азайту мақсатында Сырдария өзені мен Солтүстік Арал теңізін сақтау мәселелерін шешуде жалпыға бірдей қабылданған халықаралық конвенциялар мен стандарттарға сәйкес түбегейлі қадамдар қажеттігін атады.
– Экономиканың барлық салаларында климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын қабылдау қажет, әсіресе ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиясы мен ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу керек. Таяу жылдарда құрғап қалған теңіз түбінің жалаңаш жерлеріне орман өсіру, мал шаруашылығын дамыту үшін суы өздігінен шығатын ұңғымалардың айналасында оазис жүйесі жасалуы қажет. БҰҰ қамқорлығы аясында терең зерттеулер жүргізіп, тиісті ұсынымдар әзірленуі керек, – деді сенатор.
Арал тағдыры бұдан өзге ЕҚЫҰ мінберінде де қозғалды. Онда ЕҚЫҰ сенатор Асқар Шәкіров Арал теңізінің проблемасына еуропалық парламентшілердің назарын аударды. Арал мәселесін шешу мақсатында ЕҚЫҰ-ның мүдделі парламентшілеріне ахуалмен терең танысуға Аралға бару ұсынылды. Өйткені Арал апаты тек 60 млн-нан астам халқы бар Арал аймағындағы мемлекеттер үшін ғана емес, бүкіл әлем қоғамдастығы үшін де сын-қатерге айналғанын көрсетеді.
Дегенмен еліміз Арал өңіріндегі ахуалды жақсартудың қамын жасап жатыр. Мәселен, Арал теңізін екіге бөліп тұрған «Көкарал» бөгетінің сызат түскен аумағы қайта нығайтылуда. Кіші Аралды сақтап қалу жобасына биыл мемлекеттен 500 миллион теңге бөлінген.
Соңғы жылдары, ғасыр құрылысы атанған бөгеттің 200 метрден астам жерін су шайып, Кіші Аралдан айрылып қалу қаупі төнген еді. Нығайту жұмыстары дер кезінде қолға алынды деп отыр мамандар.
Бүгінгі Аралда мыңға жуық адам теңізден нәпақасын тауып отыр. 10 балық зауыты жұмыс істейді. Қазіргі таңда ғалымдар Кіші Аралда жойылып кеткен су маржандарын қайта көбейту бағытында еңбек етуде.
– Бұрынғы Аралдың ең қымбат қаяз балығын теңізге қайтадан жерсіндіруге болады. Себебі, Кіші Аралымыз өз қалпына келіп жатыр. Тұздылығы да қолайлы. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырудамыз, – деді ғылыми қызметкер Майра Телағысқызы.
Арал мәселесіне әлем атсалысса – өңірдің өзегі қайта толысар ма еді...