Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:28, 02 Шілде 2024

Арал өртеп аты шыққан миллиардерлер және олардың байлықтары

1
Фото: ашық дереккөз

30 маусым күні Грек прокурорлары жеке яхтадағы сегіз қазақстандық жолаушыға Гидра аралындағы өртке қатысы бар деп ресми айып тақты.

 Грек билігі Қазақстаннан көмек сұрады, себебі яхтаны жалға алушы қазақстандықтар Грекияның рұқсатынсыз елден шығып кеткен. Қазір яхтаның капитаны мен бірінші көмекшісі ұсталды, ал қалған қамауға алынған экипаж мүшелері кепілмен босатылған. Грекия билігінің қазақстандықтар деп отырғаны өткен аптада БАҚ бетінде шу болған – миллиардер Данияр Абулғазин мен оның әйелі Айдан Сүлейменова, Халық банкінің төрағасы – Үміт Шаяхметова мен күйеуі, кәсіпкер Бейімбет Шаяхметов болатын. Бұған дейін OCCRP журналистері яхтада демалып, отшашу атқан қазақстандықтардың тізімін жариялаған еді. Данияр Абулғазин орман өртінен соң жеке ұшағымен Афинадан Алматыға ұшып кеткен. 

Осындайда «атың шықпаса, жер өрте» дейтін сөз еске түседі.

Оқиға қалай болды?

Өткен демалыс күндері Грекияның БАҚ өкілдері туристер Гидра аралының жағалауында яхтадан отшашу атып, абайсызда орман өртін шығарғанын хабарлады. Өрт әп-сәтте 300 мың шаршы метр ауданға таралып кеткен. Өртті сөндіруге бірнеше өрт сөндіру бригадасы мен тікұшақ қатысқан. Алдымен туристер өртті өз беттерімен сөндіруге тырысқан, бірақ нәтиже болмаған. Көп ұзамай олар құтқарушыларды шақырып, оқиға орнынан кетіп қалған.

Оқиғаға қатысты тергеу шаралары аясында полиция дереу 13 адамды ұстады. Олардың барлығы алғашында Пәкістан азаматтары делінді. Бірақ кейіннен OCCRP орман өртенген аралда қазақстандық байлар Данияр Абулғазин әйелі Айдан Сүлейменова, Бейімбет Шаяхметов әйелі Үміт Шаяхметова, олардың 16 жастағы қызы Динара Шаяхметова және Диана Байтасовалар бар екенін жазды. Олар 1 апталық жалдау құны 250 мың еуро болатын Persephone I яхтасын жалға алып, Гидра аралына барған. Яхтада жалпы 13 адам болған.

Қысқасы, кеше Пирей прокуратурасы Гидра аралы өртіне қатысты алдын ала тергеуді бастады. Яхтаны жалға алушылардың өртке қатысы бар деген күдікке қарамастан Грекиядан кетуіне мүмкіндік берген кез келген заңсыздықты тексеріп жатыр.

250 мың еуроға яхта жалдап, демалып қайтатын бұлар кім? Қандай байлықтары бар? Ретімен тізіп көрдік.

Үміт Шаяхметова
Үміт Шаяхметова. Фото: inbusiness.kz

Үміт Шаяхметова

Ол Қазақстан «Халық» банкі АҚ-ның басқарма төрағасы. Ал бұл Акционерлік қоғам Назарбаевтың ортаншы қызы Динара мен күйеуі Тимур Құлыбаевтарға тиесілі. Екеуі «Almex Holding Group» АҚ арқылы Лондон қор биржасында (LSE) сатылатын «Халық» банкінің» (Қазақстан Халық» банкі АҚ) 69,52% акциясына иелік етеді.

2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша «Халық» банктің активтері 15,09 трлн теңге, меншікті капиталы – 2,5 трлн теңге болған. Өткен жылы банк жай акциялар бойынша 276,5 млрд теңге дивиденд төлеген. 2024 жылғы алғашқы тоқсанындағы пайдасы 178 млрд теңге. Былтырғы ақша айналымы – 6 133 351 148 947 теңге, төлеген салығы – 116 530 671 830 теңге. Жалпы салығы – 607 354 376 287 теңге. Мемлекеттен 2016 жылдан бері 9432 келісімшарт алып орындаған, оның 3602-сін тікелей бір көзден алған.

Құлыбаевтар иелік ететін Қазақстан Халық банкі АҚ-ның 14 компанияға қатысы бар. Оның ішінде АҚ Altyn Bank-тің 40% үлесін иеленген.

Бейімбет Шаяхметов
Бейімбет Шаяхметов. Фото: forbes

Бейімбет Шаяхметов

Айдан Сүлейменованың күйеуі, белгілі кәсіпкер. Қазіргі күнде оның 7 компанияға қатысы бар. Біріне тікелей иелік етсе, басқаларының құрылтай мүшесі. Оларды ретімен атап өтейік:

Kazmeal LTD
Kazmeal LTD

Kazmeal LTD ЖШС

Алғаш рет 2017 жылы, 17 мамырда Алматыда тіркеуден өткен. Директоры – Ринат Тоқпанов. Құрылтай құрамына бірнеше компаниялар кіреді. Жеке тұлға ретінде Бейімбет Шаяхметов пен олигарх Данияр Абулғазиннің әйелі Айдан Сүлейменова бар.

Кәсіпорын құрама жем өнімдерін экспортқа шығарады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 52 791 976 578 теңге. Төлеген салығы – 1 млрд-тан асады. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

Mirel ЖШС

Алматыда алғаш рет 2015 жылы, 9 қыркүйекте тіркеуден өткен компанияның директоры Нариман Жолдыбеков. Құрылтай мүшесі біреу – Бейімбет Шаяхметов.

Компания жылжымайтын мүлікті жалға алу және басқарумен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 1 815 230 315 теңге, төлеген салығы – 321 371 684 теңге.

Alnaur
Alnaur

Alnaur ЖШС

Алматыда 2018 жылы, 29 қаңтарда тіркеуден өткен. Директоры – Руслан Сарсымбаев. Құрылтайшысы жалғыз – Бейімбет Шаяхметов.

Кәсіпорын жанармай, қазба байлық, металл және химиялық заттардың көтерме саудасымен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 12 508 881 063 теңге, төлеген салығы – 255 283 287 теңге.

Бейімбет Шаяхметов Айдан Сүлейменова екеуі Bio Grain ЖШС, Farm Agro ЖШС, Agriland ЖШС, Apple World, Boxing development Centre ЖШС сынды компаниялардың да құрылтай құрамына кіреді.

Бейімбет Шаяхметовтің екі ұл, бір қызы бар. Тұңғышы Сәкен Шаяхметов 1990 жылы өмірге келген. АҚШ-тың The University of Texas білім ордасында мұнай және экономика саласы бойынша оқыған. 2020-2022 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін ол испандық Corcollada SL компаниясының иесі атанған. Кәсіпорын жылжымайтын мүлікті инвестициялау және өз қаражатына сатып алу бойынша қызмет көрсетеді.

Данияр Абулғазин
Данияр Абулғазин. Фото: orda.kz

Елімізге белгілі «долларовый» миллиардер. Forbes Қазақстан журналының рейтінгінде 380 млн доллармен 21-орында тұр. Оның атына ресми түрде 16 компания тіркелген. Олигарх бұл компаниялардың кейбірінің директоры болса, басқаларының құрылтай мүшесі. Бірақ кәсіпкердің кәсіпорындарын заңды тұлғаларды заңды тұлғаларға тіркеу арқылы есептейтін болсақ анағұрлым көп шығады. Алдымен ресми атына тіркелген компаниялардың тізімін беріп өтейік. Олар:

  1. «Қазақстан Республикасының үстел теннисі федерациясы» қоғамдық бірлестігі;
  2. «Астаналық бокс федерациясы» қоғамдық бірлестігі;
  3. Mercury Service Company ЖШС;
  4. Dostyk Grain ЖШС;
  5. Arion Invest Commerce ЖШС;
  6. Dostyk TransTerminal ЖШС;
  7. «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» қоғамдық бірлестігі;
  8. Brent Invest ЖШС;
  9. Gas Energy Trade ЖШС;
  10. SilkwayTransit ЖШС;
  11. Fizmat Endowment Fund қоғамдық қоры;
  12. Jibek joly Cargo ЖШС;
  13. Prime case ЖШС;
  14. ADD Trade ЖШС;
  15. Dostyk Trans Invest ЖШС;
  16. ADD Capital ЖШС.

(Енді, ескерте кетейік, ары қарай мұқият оқымасаңыз лабиринт сияқты компаниялар тізімінен шатасып кетесіз!).

Бұл компаниялардың кейбірінің жылдық қаржы айналымы айтарлықтай көп емес, бір млрд немесе жарты млрд теңгенің айналысында. Тек бұлардың кейбірі жүздеген млрд теңгелік компаниялардың құрылтай мүшесі. Олардың бірнешеуіне тоқталып өтейік. Мысалы, Абулғазиннің Prime case компаниясын алайық. Оның 2023 жылғы қаржы айналымы – 401 950 381 теңге, төлеген салығы – 9 млн теңгеге жуық.

PetroRetail
PetroRetail

Ал ол құрылтай құрамына кіретін PetroRetail компаниясының былтырғы қаржы айналымы – 272 683 079 263 теңге. 2018 жылдан бері 35 млрд-қа жуық салық төлеген. Аталған кәсіпорын жанармай құю бекеттерінің қызметімен айналысады. Ал PetroRetail компаниясы тағы 3 компанияның құрылтай мүшелігіне кіреді.

Сол сияқты Brent Invest компаниясын алайық. 2023 жылғы қаржы айналымы – 1 880 835 257 теңге, төлеген салығы – 39 млн теңгеге жуық. Ол құрылтай құрамына кіретін SINOOIL компаниясының былтырғы қаржы айналымы – 269 499 319 894 теңге, 2015 жылдан бері төлеген салығы – 41 350 049 495 теңге. Statsnet қызметінің мәліметі бойынша, аталмыш компания 2016 жылдан бері мемлекеттен 3 475 келісімшарт алып орындаған.

Абулғазиннің Arion Invest Commerce деп аталатын компаниясының 2023 жылғы қаржы айналымы – 694 587 887 теңге, төлеген салығы – 14 175 263 теңге. Ал оның 6 компанияға қатысы бар. Соның бірі – PTC Holding ЖШС көліктерді жалға берумен айналысады. Былтырғы қаржы айналымы – 233 561 642 684 теңге, 2016 жылдан бері төлеген салығы – 12 718 682 058 теңге. Кәсіпорын мемлекеттен 3 тендер алып орындаған. 2021 жылғы алған келісімшартының құны 16 млрд теңгеден асады. Көріп тұрғандарыңыздай, Arion Invest-тің 2023 жылғы қаржы айналымынан PTC Holding компаниясының былтырғы салығы (былтыр компания 4 437 631 211 теңге салық төлеген) 6 есеге жуық көп. Бұл компанияның құрылтай құрамында Абулғазиннің компаниясынан бөлек, Грекияда аралды өртеп жібергендер тізімінде аты аталатын Диана Байтасова да бар.

Тағы бір компанияны мысалға келтірейік. 2019 жылы Астанада тіркелген, экспедиторлық қызметпен айналысатын PTC OPERATOR дейтін компания бар. 2023 жылғы қаржы айналымы – 276 689 021 368 теңге, 2019 жылдан бері төлеген салығы – 20 872 530 019 теңге. Құрылтай мүшесі жалғыз. Ол біз жоғарыда жазып кеткен – PTC Holding компаниясы.

Бұлардан бөлек, shishkin.like telegram каналының мәліметінше, Данияр Абулғазиннің «PTC Cargo», «РТИ-АНПЗ», «Petroleum», «ТТТ Сервис», «Автогаз Трэйд» сынды компанияларға да қатысы бар екен.

Айдан Сүлейменова
Айдан Сүлейменова. Фото: forbes.kz

Айдан Сүлейменова

Айдан Сүлейменова да күйеуі сынды бірнеше компанияға иелік етеді. Оның атына ресми 21 компания тіркелген. Олар:

  1. ADD TURAN 18;
  2. Compass Astana Company;
  3. «ШАҒАЛА» тұрғын үй кооперативі;
  4. Arion Group;
  5. Viled International;
  6. Viled Group (Вилед Груп);
  7. Heritage (Херитейдж);
  8. Group Lux (Группа Люкс);
  9. Add Invest Properties;
  10. «Аяла» Жеке қоры;
  11. Viled Fashion (Вилед Фешн);
  12. Petrolex Group (Петролекс Групп);
  13. Apple World;
  14. Farm Agro;
  15. Premium Beauty;
  16. Kazmeal Ltd;
  17. Agriland;
  18. Bio Grain;
  19. Dala Project;
  20. ADD Capital;
  21. Dala Brand.

Айдан Сүлейменованың Бейімбет Шаяхметовтың бизнес серіктесі екенін жоғарыда жаздық және кейбір компанияларына тоқталып өттік. Сондықтан қайталап жазып отырмаймыз.

Ал Айдан Сүлейменова құрылтай құрамына кіретін – Viled Group, Viled Fashion дейтін компаниялардың негізгі иесі Динара Құлыбаева. Viled Fashion – әйгілі әлемдік брендтер топтамасын сататын дүкендер желісі. Директоры – Копытин Андрей Владимирович. Құрылтай құрамында «Кипрос» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Алена Сүлейменова мен Айдан Сүлейменова бар. Ал «Кипрос» компаниясының иесі – Тимур Құлыбаев. Компанияның 2023 жылғы ақша айналымы – 478 591 731 789 теңге, төлеген салығы – 9 093 242 904 теңге. Осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына 35 885 773 462 теңге аударған. Мемлекеттен 2 келісімшарт алып орындаған.

Сол сияқты Viled Group (Вилед Груп) ЖШС құрылтайшылары да Алена Сүлейменова мен Айдан Сүлейменова.

P.S. Бүгін Данияр Абулғазин Грекиядағы өртке байланысты мәлімдеме жасады. Ол 15 маусым мен 22 маусым арасында яхтаны жалға алғанын, БАҚ беттерінде жазылып жатқан өртке кінәлі дейтін айыптауларға таңғалғанын айтты.

«Яхтаны қонақтарыма Грекия аралдарына круиз ұйымдастыру үшін жалдадым. Бастапқыда 22 маусымға жоспарланған Грекиядан кетер алдында грек билігінің өкілдері бізбен сөйлесті, олар осы оқиғаға байланысты маған немесе менің қонақтарыма ешқандай кінә тақпады. Кез келген заң бұзушылықты жоққа шығарамын. Мен де, қонақтарым да өртке әкеп соқтыратын әрекеттер жасаған жоқ. Яхтада белгіленген өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтадық», – деді ол.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі Грекия аралындағы өртке байланысты қазақстандықтарға ешқандай айып тағылмағанын мәлімдеген еді.

Тұрсынбек БАШАР