Арамтамақ шенеуніктер қашан қысқарады?
«Қазақстандағы мемлекеттік қызметкер, шенеунік атаулының мақсаты біреу – бәрі ақша табу мен табыс көруге ғана машықтанған.
Ресми болсын, бейресми жолмен болсын, әйтеуір, қу құлқынның құлы болып, баю жолында жүргендер. Одан қалды, екінші өмірлік мұраты – сол отырған орнын, қызметі мен креслосын сақтап қалу. Мансабын сақтау үшін небір өтірік пен қулықтарға барады. Мемлекеттік қызметтен кетпеу үшін кісі өлтіруден де тайынбас», – деген екен белгілі саясаткер, ЖСДП партиясы төрағасының орынбасары Айдар Әлібаев ZonaKZ интернет газетінің YouTube-тегі арнасында берген сұхбатында.
Сонымен, қысқаша қайырғанда, саясаткер былай деді:
– Біздің шенеуніктер «осылай жалақымыз мен бонустарымызды ала берсек, осы тірлігімізден айырылмасақ екен» дейді. Ертең жоқ болатын пайдасыз жобаларымыз мен бағдарламаларымызды жаза берсек, ешкімге керексіз әңгімелерімізді осылай соғып жүре берсек дейді. Ал енді нақты әрекет жасайтын кез туғанда, елде бір елеулі оқиғалар орын ала қалса, біздің көретініміз – билік өкілдерінің қашанда кешігіп қимылдайтыны. Істің бояуы сіңгенде бір-ақ келіп, не істерін білмей абдырап, паника мен хаосты өздері тудырып жатады. Кешегі Жамбыл облысындағы жарылыстар да соның дәлелі. Мен әскерилердің өрт сөндірушілерге ешқандай мардымды ақпарат бермей, өрт болған қоймадан қашып кеткенін естігенде жағамды ұстадым. Бұл масқара ғой!
Менің көкейіме қайта-қайта мынадай бір сұрақ келе береді: біздің шенді-шекпенділеріміздің мына бейбіт заманда, жұмысыңа ешкім кедергі жасамайтын жайма-шуақ уақытта, ешқандай қысым жоқ кезде жұмысты дұрыс, сапалы, қауіпсіз етіп ұйымдастыра алмайтыны қалай? Әгерәки, бір жерде қарулы қақтығыстар болса – олардан не күтуге болады? Тыныш заманда мардымды тірлігі жоқ, қолдарына алған істің бәрін құртады.
Қазақстанның 30 жылдық тәуелсіз тарихында ешқандай соғыс қимылдары болмаған, бірақ бастан-аяқ орден-медаль іліп алған генералдар мен полковниктер толып жүр. Кешегі министр Ермекбаевтың қызметінен алынғаны – оны жазалау емес, жауапкершіліктен құтқарып қалу ғана.
Қазақстанда соңғы отыз жыл бойы теріс кадрлық іріктеу жүргізіліп келеді. Бір жөнді адамды жауапты қызметке қоймайды. Қай қызметке де бірінен-бірі өтетін сұмырайлар келеді. Жаңа басшы бұрынғысынан да өткен біліксіз боп шығады. Өйткені жауапкершілік жоқ, атқарған жұмысы үшін есеп сұрамайды ешкім. Министрліктер болсын, әкімдік болсын, біздің шенеуніктеріміздің бар жұмысы – болымсыз бағдарламалар мен еш нәтижесі болмайтын мән-мағынасыз жұмыс топтарын құру. Экономика министрлігі бар, бірақ жұмыс істейтін, дамып жатқан экономиканың өзі жоқ. Спорт министрлігі бар, ал спортымыздың сиқы – мынау. Бізде тіпті денсаулық сақтау министрлігі бар, ал халықтың денсаулығын сақтайық-ау деген шын пиғыл жоқ ешкімде. Барлық министрлікте жағдай осындай. Бәрі туралы солай айтуға болады.
Екінші президентімізбен өмір сүріп жатқанымызға үшінші жыл болды, түк бітірмейтін шенеуніктер санын қысқартамыз деген президенттің өзі берген уәденің орындалатын түрі байқалмайды. Аса үлкен, өте тиімсіз бюрократиялық аппарат халықтың мойнына мініп алып, жүздеген миллиард ақшаны жұтып жатыр. Сол арамтамақтардың санын ешкім азайтқысы келмейді. Есесіне елде жастар жұмыссыз, баспанасыз, жастайынан бас-басына кредитке ұрынып, қарызға батып жатыр. Өзгеріс жоқ мүлдем. Мамин бәрібір орнында қалды. Сол баяғы үкімет әлі отыр. Тоқаев соңғы жолдауында үкіметті құрығанда 30 пайызға қысқартуы керек еді, – дейді Айдар Әлібаев.