"Арандатудың қажеті жоқ". БҚО-дағы дронға қатысты сұраққа қорғаныс вице-министрінің жауабы

Қазақстанның Қорғаныс вице-министрі Хасан Жазықбаев Мәжіліс кулуарында Батыс Қазақстан облысына құлаған дрондарға қатысты пікір білдірді.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, ол "дронға ұқсайтын заттың" табылуына байланысты тергеу жүргізіліп жатқанын айтты. Алайда, басқа мәліметтерді ашып көрсеткен жоқ.
Журналистің мұндай жағдайлар бұған дейін де орын алғанын еске салуына Жазықбаев: "Арандатудың қажеті жоқ" деп жауап берді. Ол халықты "алаңдамауға" шақырып, Қазақстанның әуе кеңістігі ҰҚШҰ-ға мүше елдермен біртұтас жүйеде екенін мәлімдеді. Тергеудің қашан аяқталатыны туралы сұраққа жауап бермеді.
Айта кетейік, 24 наурызда Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында пилотсыз аппараттың сынықтары табылды. Ал ақпан айында, Бөкейорда ауданы Ұялы ауылдық округі маңында белгісіз дрон табылған болатын. Жергілікті тұрғындар оқиға орнынан түсірілген суреттерді әлеуметтік желіде бөлісті. Кейінірек бұл ақпаратты аудан әкімі Нұрлыбек Даумов растады, бірақ түсініктеме беруден бас тартты. Ұзындығы шамамен 120 см болатын бұл аппараттың қандай мақсатта қолданылғаны белгісіз. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен құтқарушылар барып, тексеру жүргізді. Кейіннен дронның ресейлік "Орлан-10" екені айтылды. Бірақ бұл мәлімет ресми расталмады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАҢҒЫҒАН ДРОН, БІЗДІҢ ЖАҚҚА ҚАЛАЙ КЕЛДІҢ?
Тасқала ауданында екінші дрон анықталды
Кейінірек, 18 наурыз күні сағат 17:35-те, Тасқала ауданының Атамекен ауылы маңында тағы бір белгісіз нысан табылды. Ауыл тұрғындары бұл туралы полиция бөліміне хабар берген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бұл да құлаған пилотсыз ұшу аппараты. Ұзындығы шамамен 300 см-ге жететін нысанның нақты қай елге немесе ұйымға тиесілі екені әзірге белгісіз. Бірақ дронның сыртында "Герань 2" деген жазуды көруге болады. Бұл атаумен Ресейде арзан дрон шығатыны белгілі.