Арандатушылар

Белгілі қаламгер Әділбек Ыбырайымұлы соңғы бес жыл уақытын Кенесары хан, Сыздық сұлтан жайындағы «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясын жазуға арнады.
Қазақ елінің белгілі бір кезеңін суреттейтін шығарма қалың оқырманды бей-жай қалдырмайды деп ойлаймыз. Сондықтан, жаңа туындының 2-ші кітабынан шағын үзіндісін жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Өзінің ақылы көздегенге дөп тигенін білген Ладыженский генерал-губернатордан да бетер марқайып жүрді. Өйткені өңір басшысының бұған деген ықыласы артып, бұрынғыдан да іштарта түсті. Ал князьдің ойы – бақталасы Перовскийді қайткенде де омақаса құлатып, ақ патшаның алдында абыройын айрандай ақтару. Петербордағы патша сарайына жақын жолдастарынан білгені әскери министр Чернышевтің көздегені Перовскийдің орнына өзінің сенімді досы артиллерия генерал-майоры Обручевті әкелу екен. Мұны естіп қуанып қалды. Егер бұл жаққа бір мүддедегі адам келсе, қолға алған істің барысы жылдамырақ ілгерлемек. Діңкесін құртқанда Кенесары да шабуылын үзілді-кесілді тоқтатып, Орынбор губерниясы аумағында тым тырс жатыр.
Батыс Сібір губернаторы алдына шекара бастығы Ладыженскийді шақыртты. Қайқы қылышы тобығын қаққан полковник ентелей табалдырықтан аттап:
– Генерал мырза, пәрменіңізбен құзырыңызға келіп тұрмын! – деп, сымдай тартылып, оң қолын селтең еткізіп шекесіне апарды.
— Горчаков «отырыңыз» деген ишараны қимылымен аңдатып, иегімен қарсы алдындағы орындықты нұсқады. Шекара бастығы нық басып кеп, етегін түзей тізе бүгетін әйелдердей қылышының ұшын еденге тигізіп тарсылдатпас үшін қынынан ұстап, абайлап жайғасты.
– Біздің ұстанымды Петербордың түпкілікті қолдағанын көрдік. Бірақ іс сыра бұқтырған бөшкедей тығындалған қалпы тұр. Соны орнынан қозғап жіберу үшін қандай ұсыныс айтасың?
– Ең қиынынан өттік, Петр Дмитриевич, патшадан бастап бәрі бізді қолдап отыр, енді қорқатын ештеме жоқ. Тек ақылмен, айламен іске көшу керек.
– Ол іс қандай тұрғыда өрбиді?
– «Қара құйынды» інінен шығару оңай, оған тиесілі ауылдарға шабуылдарды бастау керек. Урядниктерді, есаулдарды, жүзбасыларын арнайы қамданған жасақпен әр тараптарға жіберейік, сұлтанды жақтаушыларды жазалап, тұтқындайтынын тұтқындап, мал-мүлкін тартып алайық. Сонымен шаруа дөңгеленіп жүре береді. Тұс-тұстан тұщы етіне қылыштың жүзі тиіп, соққы жанына батқаннан кейін Кенесары өзі-ақ қан майданға әскерін ертіп шығады. Сөйтіп, ақ патшаға берген уәдесі бұзылады.
– Дәл осындай бағытта әрекетке көшуді ойлап едім, жарайсыз, Михаил Васильевич, империялық деңгейде ой қорыта алатыныңызға тағы да куә болдым. Бұл аңғарлылығыңыз ескерілмей қалмайды.
Полковниктің көзі ризашылықтан күлмің етті.
– Онда осы шаруаға кіріс те нәтижелі жүруін қолға ал.
– Құп болады, генерал мырза!
… Бұл кезде ақпанның ақшұнақ аязды күндерінің ақыры таянған. Арқаға әлі көктемнің ауылы алыс, көлденең жатқан қурай жаман тоқтыға ас болатын уақ. Бірақ ат құлағы көрінбейтін боранда да ерден түспейтін қазақ сәл күннің көзі жылынса барыс-келіс тіршілігін қызу бастап кете береді. Батыс Сібір губерниясы шекара бастығы полковниктің миына кіріп алған нәрсе – жәй қатардағы ауылдарды шаппай, ақыр болды – орданың өзіне ат қойған әлдеқайда абыройлы көрінді. Егер өзі ойлағанындай болса, генерал-губернатордың алдында абыройы тіпті асқақтамақ. Осындай байламға іштей бекігеннен соң көңілін алаңдататыны – жер аяғы кеңісе, Кенесарының жасағы төңірегіне жиналып үлгереді. Ондай кезде онымен шайқасу қатерлі. Сондықтан өздері оңаша отырғанда тұтқиылдан басқан жөн. Мәселені әр қырынан пісірген ол есауыл Сотниковты шақырып алып, бәрін тәптіштеп түсіндірді.
– Кенесарының өзін қолға түсіре алмассың, бірақ ең жақын адамдарын тұтқындап әкел. Содан кейін оның біздің айтқанымызға қалай көнбейтінін көрейік! – деп, есауылға жұтына қарап, оң жұдырығымен үстелін бір түйіп қойды.
– Ұшы қиыры жоқ далада әрі қыстың кезінде жолды қайтеміз? – деді есауыл абдырап.
– Сен немене, бүгін ғана шешеңнің бұтынан түстің бе?! – Полковниктің көзі ақиып, креслосынан көтерілді де үстелді түйгіштеп-түйгіштеп жіберді. – Амалын қарастыр, көзін тап! – Жаңа ғана қалпында отырған Ладыженский құтырған бурадай аузынан көбігі атқалақтап, көзі шатынап жынданып кетті.
– Құп болады! Айыптымын, полковник мырза! – Есауыл орнынан атып тұрып, сымдай тартыла қалып, шолтаң еткізіп қолын шекесіне апарды.
Үлкен орда Торғай бойының оңтүстік жазығындағы Ақшиде қыстап отырған. Қаперсіз тіршілігін күйттеген ауылға қоқырайған қаракөл бөріктеріндегі қызыл жолағы алыстан айғайлаған аузытүктілер тұтқиылдан лап берді. Кілең жирен қасқа ат мінген солдаттар қылыштарын төбелеріне көтеріп, құйындата шабады. Кенеттен үйірілген үрейден ит үріп, айқай сүрең басталды.
– Жау шапты! Аттан, аттан!
– Ойбай-ай, соғыстың тоқтағаны қайда еді?..
Үй арасында ары-бері жүгіріс білініп, әлдекімдер белдеудегі құрық пен сырықты суырды. Төтелей шүйліккен жау жасағынан қатын-қалаш улап-шулап, шошынған балалар жылап, ұйлықты да қалды. Мылтықтарын тарсылдатып, қылыштарын жалаңдатып жеткен жендеттер ешкімді аямады. Алдынан қарсы ұмтылған бірлі жарым еркек кіндіктілерді ат омырауымен қағып, сойылға жығып, қылышпен шауып өтті. Шекелері жарылып, қан шашылды. Әп-сәтте әлекедей жаланған жендеттер ауылдың шат-шәлекейін шығарып, ойран-асыр жасады. Адамдарды қақаған суықта есік алдына қидай тұрғызып, төбелерінен қамшы үйіріп, ортаға жиды. Үйлердің ішіне баспалай еніп, көк көздері ежірейе қадалып, жылт еткен нәрсені қоймай сыпыра тонап келеді.
Үлкен ордадағы Күнімжан бәйбіше беске таянған Ахметті көтеріп, бір қолымен тоғыздағы Тайшықты жанына тартып, сыртта босағаның аузында тұрып қалды. Жапар кеше Қаңлыбай батырмен жылқышылар қосына аттанған. Орданы жағаттап ойнап жүретін басқа балалар осы тұста аулағырақ өзге үйдің маңына қарай ойысса керек. Бәйбіше соларға алаңдап, жан-жағына абдырай көз жүгіртті.
– Әбубәкір, Жегей! – деп айғай салды. Сол кезде ғана олардың нағашылап кеткені жадына оралды. Әйтсе де күллі ауылдың балалары бірге ойнайтынын күнде көріп жүрген ол «бүлдіршіндер жау атының аяғының астында қалмады ма екен?» деп, жуыр маңды, іргелес үйлердің төңірегін мойнын соза қарады. Өйткені, шошына айғайлаған, жылаған кішкенелердің дауысы құлағына жетіп жатты. Бірақ сапырылысқан қалың әскерден ештемені бағамдау мүмкін болмады.
Осы кезде алааяқ жиренін шаужайлап, өзіне қарай күйек сақалды бір көк көз дүлей тұра ұмтылды. Қолындағы қылышымен бәйбішенің білегіндегі күмістен қақтап істелген, маржан көздері алуан нұр шашқан үзік білезікті нұсқап, әлдене деп сөйлейді. Жендеттің тілін түсінбесе де келіншек оның «білезігіңді шешіп бер» деп тұрғанын ұға қойды. Әйткенмен хан бәйбішесі жәреукенің пәрменін ерен көрмей, «балаларым шошып қалмасын» деген оймен сабырлы қалпынан жаңылмады.
Сөйткенінше әлгі жендеттің сыртынан атын бастырмалата жеткен екінші жау әскері әй-шай жоқ, хан әйеліне қылышын шошаңдатқан әпербақанды жон арқадан қамшымен тартып жіберді де әлдене деп айқайлай зекірді.
– Дурак, эта же султанша! Нашел кого ограбить!
Арқасы қайқаң еткен солдат, ту сыртына көзі бағжаң етіп мойнын бұрып қарады да, со беті безіп жөнелді. Өйткені, өзіне шүйлігіп, жазалаушы жасақтарды бастап келген есауыл Сотников тұр еді.
Күнімжан көз алдындағы жойқын қырғынға өзегі өртеніп, іші қалтыраса да сыртқа сырын алдырмай, бейқам қалпынан танбады.
Жініккен әскер қидай тізіп тұрғызған адамдардың арасынан он кісіні тұтқынға алды, көбі - әйелдер. Солардың ішінде ханның бәйбішесі Күнімжан да бір баласын көтеріп, бір баласын жетектеп бара жатты.
Қолынан қаққан ешкім болмағандықтан, аузы түкті кәпірлер бастарындағы бөркі қайқайып, өздері ер үстінде шалқая мадиықсыды. Дүние-мүлікті тонап, алдына түскен ірілі-ұсақты малды өрістен айдай жөнелді. Жау шапқан жұртта анасын жоқтап, әкесін іздеп жылаған балалар өкси булығып, үрейге тұншықты. Қайсыбір ашынған жаулықтылар ауылды басына көтере кәпірлерді қарғап-сілеп жатыр.
– Оңбаған қанішер жауыздар, жазықсыз елді қан қақсатып… Құдай тапсын сендерді, жетпей желкелерің қиылсын!
Оны ерен көрген есерлер жоқ, мейманасы тасып, хан ауылын шауып, жолы болғандарына қарқ-қарқ күледі. Қыстың көзі қырауда бастап әкеп, орданың үстінен түсірген жаппас руының Алтыбай сұлтанының адамдарына дән риза. Олар дәл бүгін Кенесары ханның ауылда жоқ екенін де ұзынқұлақтан біліп алған. Солардың арқасында орыс империясын тітірентіп отырған «Қара құйынның» бәйбішесін қос ұлымен тұтқындап әкеле жатқанына, әсіресе, есауыл Сотниковтың шоқтығы көтеріліп, өзін ерекше бақытты сезінді. Өзге урядниктер мен жүзбасыларында бұрын-соңды мұндай дәрежесі жоғары тұтқындар болмаған. «Осы ерлігіме қандай сый-құрмет көрсетеді екен» деп, тәтті қиялдың жетегіне еріп, әуре. Өзін жауапты шаруаға сенім артып жіберген полковник Ладыженскийді жақсы көріп, оған жетуге асығып, атын қамшылай түсті.
Бұл кезде хан Кене бір топ төлеңгіттерімен тыста болатын.
Орынбор губерниясымен бейбіт тұрмыс кешу салтын ұстануға келісімін бергеннен кейін шабуылын доғарғанымен, хан да істің аңысын бағып орыс шонжарларының ауанын бақылады. Орынбормен байланысып тұратын Әбілғазы былтыр күзде «Перовский Петербордағы сыбайластарымен қырбай болып жүргенге ұқсайды, оның да аяғынан шалатын жауы үстем боп тұрса керек. Сондықтан қызметінен ауысатын уақыты таяп қалған тәрізді» деген. Негізі Кенесары қолындағы тыңшылық жұмысты Таймас жүргізетін. Ол майсараның әңгімесінен кейін көп ұзамай Орынбор әскери губернаторы болып Перовскийдің орнына Обручев тағайындалғанын жеткізді. Осыдан соң онысыз да алаң ханның көңіліне қыпыл енді. Артиллерия генерал-майоры Обручевтің орыспен арадағы орнаған сыпайы қатынасты бұзатынын ұқты. Үнемі ой-толғақтың үстінде жүретін Кененің бұдан кейінгі ойлары тіпті сапырылысып кетті. Арада бір жұмадай уақыт өткенде маймене мен майсараны[1], хатшылары әрі ақылгөй серіктері Сидақ пен Гербурт-Жүсіпті «ереуіл кеңес-үйіне» шақырды.
Ханның төрт ақылманы кеңеске келгенде қақ ортаға қойылған қазақы үстелдің басында Кене оңаша отыр екен. Әуелі табалдырықтан аттаған маймене Таймас:
– Армысыз, алдияр! – деп, оң қолын кеудесіне қойып басын иді де өзінің орыны тақсырдың оң жамбасына таяу отырды. Оның ізінен енген өзгелері де тәжім етіп, ханмен амандасты. Майсара – Әбілғазы сол қапталына беттеді, оның соңынан Гербурт-Жүсіп ерді. Сидақ – маймененің жанына жайғасты.
Ханның қабағы түксиіңкі екен. Басын көтеріп бұларды бір шолып өтті: қызыл көзі қоңырқай тартып, жасыл көзі шегірленіп кеткендей.
– Арада орнаған аз ғана бейбіт тұрмыс бұзылатын түрі бар. – «Тағы да тықыр таянды» дегенді аңғарта сөзін бөліп, ақылдастарына бажайлай қарады. – Обалы не керек, Перовский қолынан келгенінше шарапатын тигізді, Алла разы болсын. Бірақ қазақ халқына бүйрегі шынайы бұра қоймады. Өйткені, біздің ықпалымыздағы Торғай, Ырғыз, Сарысу, Сырдария өзендерінің бойындағы жұрт диханшылықпен айналысуға бейіл. Мен де олардың егін шаруашылығын жылдам қолға алуларын талап етіп отырмын. Бірақ бұған Перовский мүлде қарсы болды. «Егіншіліктің қыр-сырын үйрететін мұжықтардың оншақтысын біздің ортамызға жібер» деп едім, келіспеді.
– Орынбор әскери губернаторына қарайтын қазақтар, жалпы қазақ ауылдары көптеп егін салса, ептеп болса да орысқа кіріптарлықтан құтылар еді, – деді Гербурт-Жүсіп.
– Бұл мәселеге Перовскийдің алдындағы Орынбор әскери губернаторы граф Сухателен де қырын қарады. Екеуі де қазақтың тек мал баққанын жақсы көрді. – Әңгімеге майсара араласты.
– Сухателеннің пиғылы тіпті жауыз еді, – деді Гербурт-Жүсіп, ол: «Қазақтар еш уақытта да астық екпеулері керек, ешбір ғылым түгіл, тіпті бірде-бір кәсіп білмей, өмір-бақи мал бағып қана көшіп жүрулерін бар жан-тәніммен тілер едім», – деп айтқан әрі осы қағиданы ұстанған. Өйткені сауатсыз, өнер-білімді үйренбеген халықты құл ету, боданға айналдыру оңай. Сонау 1822 жылғы ұстаптарында да күллі қазақ даласын біріктіріп, бір хандықтың құзырына беру – өте қауіпті екені ашық жазылған. Сондықтан орыс шонжарлары қазақтың ыру-дырду болып, ру-руға бөлініп жүргенін көздейді. Мұны қай-қайсы да ешқашан жадынан шығармайды, себебі ол – орындалуы міндетті заң.
– Сондықтан болар, біз іштартатын Перовский де егінді тек казак-орыстарға салдыртып, қазақтарды астықты солардан қымбат бағамен сатып алып тұруға мәжбүр етуді дұрыс санаған. – Сидақ та көңіліне қонбаған нәрсесін ортаға тастады.
– Әрине астықты қазақтар өздері еккеннен гөрі, орыстардан сатып алып тұрса, Ресейге байлаулы бұзаудай тырп ете алмайтынын жақсы білді әрі солай бейшара халде кіріптар болғанын қалады, – деп Әбілғазы Сидақтың ойын тірілте түсті.
– Егіншілік халықты отырықшылыққа бейімдейді, отырықшылық өнер-білімге бастайды. Сондықтан Орынбор шекарасында отырықшы қазақ поселкелері пайда бола қалса, оларды алдыменен граф Сухателен, одан кейін генерал-адъютант Перовский жойып отырды. Міне, масқара қайда? – Поляк ақыны Гербурт-Жүсіп биліктің тарапынан жасалып жатқан соншама қиянатқа күйіне сөйледі
– Бітпейтін барымта, жайсыз жылғы жұт, оған қабат ақ патшаның үстем әскері мен біздің сарбаздардың шабуылынан қараша жұрттың жүнжіп, жүдеп кеткені қабырғама батады, – деді хан Кене қабағы түйіліп. – Егер, егіншілікпен айналысса қарапайым елдің тары мен талқаны, бидайы мен көжесі болар еді-ау. Мына жауыздар қазақ ауылдарының егін егумен шұғылдануы тұрмыстарын түзеп қана қоймай, теңдікті жақтайтын қалың қолды астықпен қамтамасыз етеді деп зәрелері кете қорқады. Халықтың өмір бақи мешеу, өнер мен білімнен жұрдай, тек құлақкесті құл болуын ғана қалайды. Осы пиғылын біле тұрып, оларды қалай жақсы көруге болады?
Ақ сары өңді Таймас жөткірініп, тамағын бір-екі кенеп ап, тосыннан бір әңгіме бастайтынын аңғартты.
– Хан ием, бұратана жұртты бұлар менсінбейді, түземдіктерді есектей «күші – адал, еті – арам» деп есептейді. Сондықтан бізді күш-көлік ретінде ғана көреді және сол ретте ғана қолданғысы келеді. Ал ол пиғылға қарсылық танытсаң, жақпайсың. Біздің тыңшылар арқылы құлағымызға жеткен құпия жайт, Орынбор әскери губернаторы Обручев сіздің қолды талқандауға қыс басынан дайындалуға кірісіпті.
Кененің солғын тартқан жанары жалт етіп, оң жағында отырған майменеге иығының үстінен қарады. Соңғы күндері көңілі бекер қобалжымаған екен.
– Онда қарамағымыздағы рулардың басшыларына ат шаптырыңдар! – деді, Таймасқа сабырлы қалпы. – Көк шығуына қарап отырмай, жылдағыдан ертерек Қаракеңгірдің жағасындағы Алаша ханның кесенесінде бас қосайық. Алаша ханның басында ақсарбасымызды айтып, Жошы бабамыздың басына түнеп, медет сұрап, атқа қонайық.
– Айтқаныңыз болсын, хан ием!
«Ереуіл кеңес-үйіндегі» әңгіме осындай бітіммен аяқталды.
Кене хан бұрын Перовскийдің қақпайлауымен әзер жүрген Аршабақтың[2] енді шабуылға көшетінін бірден ұқты. Жанына оннан астам төлеңгіттерін ертіп, Қаракеңгірдің бойына бара берейін деп, өзі межелеген мезгілінен ертерек аттанып кетті. Әрі сол маңды мекендейтін бағаналы-балталы еліне бір жағы бес ұлын нағашылатып қайтайын деп, екінші әйелі Жаңылды ерте шыққан.
Бейбіт өмір мен татулыққа уәде байласқан соң арқаны тым кеңге салып жібергеніне, мына жайтты естігенде барып опынды. Бәйбішесі Күнімжан мен кішкентай екі ұлының тұтқындалып кеткеніне қабырғасы қайысты, өзінің ауылда болмай қалғанына өкінді. Одан кейін де араға оншақты күн салған казак-орыстар Ақсақалтөбедегі ел-жұртын – Наурызбайдың қарауындағы Саржан мен Есенкелдінің ауылын қанға бөктіріп, тағы да сан соқтырды. Жүзден астам адамын өлтіріп, жиырма бес кісіні байлап-матап әкетіпті. Оның сыртында мың түйе, үш мың жылқы, он мың қойды олжалаған.
Сөйтіп, ымырашылдықты жақтаған Перовскийдің ұйғарымына ашуланған Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков керісінше, Кенесарының ықпалындағы ауылдарға қарулы шабуылдарын үдетті.
«Ереуіл кеңес-үйіне» шұбыртпалы Ағыбай мен Әбілғазыны, Наурызбайды шақыртты. Мұндай шұғыл жиындарға әдетте Жүсіп қатысады. Себебі, мәслихат барысында хатшының қажет болып қалатын тұстары жиі ұшырасады.
Межеленген мезет сәскеде атан түйедей Ағыбай «ассалаумағалейкүм!» деп табалдырықтан аттады, соңында ілескен Наурызбай бар. Салқын қабақты хан «әлейкүм» деп сәлемін алды. Сырт ауылдан келетін қолбасыларды бағып отырса керек, оның ізінше майсара мен ақылманы да төбе көрсетті. Кеңеске қажетті кісілердің төрт көзі түгел жиналғаннан соң хан жиынды бастап кетті.
– Орынбормен қан төгіспей бітімге келеміз деген ниеттің ақыры неге апарып соққанын өздерің көріп отырсыңдар. Тек маған тиесілі үлкен және кіші ордадан отыз бес адамнан тірі айырылып, жүзден астам адамды жер қойнына бердік. Үлкен және ауыр қаза. Жарайды, бір ғана шабуыл болса кешіруге болар ма еді, амал қанша, айналасы оншақты күнде екі қайтара қанға бөктірді. Егер жаппастың Алтыбай сұлтаны мен Жаңғабыл билері болмағанда қақаған қыс аяғы бітпей олар біздің қияндағы ауылға жол тауып келе алмайтыны белгілі. Сондықтан дәл қазір біздің тәубесіне түсіретініміз басымызға қатер әкелген жаппас жұрты.
Бір қалыпты нық сөйлеп отырған хан сөзін үзіп, төңірегіндегілерге бажайлай қарады.
– Бізге қылыш көтеріп, қанға бояп отырған Аршабақтың жендеттері, – деді Ағыбай батыр Горчаковты елдің қойған атымен атап. Бірақ олармен ауыз жаласып, қарау ниетін ашық таныта алмай астыртын жол көрсетіп, шапқыншылыққа дем берген Алтыбай мен Жаңғабыл екені мәлім. Біздің жылқышылар жоқ іздеген болып, жаппас жұртының арасынан сыр тартып, байқастап көрген. «Бос жатқан жер – жау шақырар» деген осы екен, қасымызға қанды бәле келді де төбемізге бұлт үйірді. «Орыс араласса бұлардан тезірек құтылармыз» деп, жол бастатып, адамдарын қосқан екен.
Кене Орынбор губерниясының аумағына табан тірегелі ықыласты да, бетке күліп сырт айнала тыжырынғандарды да көріп келеді. Әсіресе жаппас руының билері Көбектің – Алтыбайы мен Төлегеннің – Жаңғабылын Торғайға көшіп келгелі жақынырақ таныды. Жалпы, қайда болсын орысқа жағынған бай мен байшыкештердің ниеті мен мінезі бір-бірінен алшақ емес. Бұлардың жаны қыстығып бара жатқаны: ел – ереуілшілер сапына ағылып, ықпалындағы халқынан айырылды; орысқа төлеп келе жатқан салығының сыртынан Кене ханның зекеті қосылып, қалтасына үстеме салмақ салды; жайылымы тарылып, бұрынғыдай аяқты еркін көсе алмайтын болды. Осындай жандарына тікендей қадалған жайттар, көңілдерін алабұрттырды. Реті келсе қалта қарындай жабысқан Кенесарының хандығынан іргесін аулақтатқысы бар. Сондықтан Аршабақтың адамы келгенде, жол көрсетуге қуана келіскен. Тезірек Кенесарыдан құтылса, баяғыдай үстіне бозторғай ұялаған тұрмысқа жылдамырақ жетер едік деген пиғыл биледі.
– Біз басқа губернияның аумағына қоныс аударсақ та Аршабақтың шабуылына ұшырадық, сонда қалай, құзыры жүрмейтін өңірге әскер аттандыратын ол жарты патша болғаны ма? – Наурызбай ақылына сыймайтын сауалына жауап іздей төрге қарады. – Бұл бір, – деп сөзін жалғады, – екінші, қан төгіспейміз деген бітімді Орынбор губерниясы арқылы жасадық, ол мәнәпөстің[3] күші Омбы губерниясына жүрмей ме? Үшінші, бітімгершілікті бірінші болып бұзған кім?
– Біз айтқанымызға тоқтап, уәдемізге берік болдық. Енді қарайлайтын дәнеме жоқ, атқа қонамыз! – деді хан екі көзі апыраш-шапыраш жана. – Жауды алыстан іздеудің қажеті жоқ, жаппас ауылдарын шабамыз. Бізге казактарға қылыш көтерді не, олардың аузын жалаған кәззаптарға қылыш көтерді не бәрібір, екеуі де – жау. Өйткені, орысқа тиіссең де, оның жандайшабына тиіссең де кінәлісің.
«Атқа қонамыз» деген сөз бәрін елең еткізді. Аз ғана уақыт орнаған тыныштықтың баяндылығына нана қоймайтын, уақыт ілгерілеген сайын бір тықыр таянып келе жатқандай көрінетін.
– Жаппас ауылының тұтастай күнәсі жоқ, – деді Кене сөзін сабақтап, – Алтыбайдың өз ауылы мен соңынан ерген елді тию керек. Сұлтандары тапсырмаса, жол көрсеткіштері Сотниковке жәрдемдеспес еді. Сондықтан соққы жаппастың жақсыларының төбесіне үйірілуі тиіс. Олардың астыртын қиянат жасап, ақырында қанға бөгіп итше қыңсылағанын көріп, ар жағындағы шекті бізге қосылмаса да ондай арамдыққа бармай аяғын тартып отырады.
– «Асыққан шайтан ісі» деген сөз бар қазақта, тағы бір ойланайық. Ақ патшаға берілген төре мен бидің ауылын шауып, Обыріштің қаһарына ұшырамайсыз ба? – деді Жүсіп Обручевті ел аузындағы атымен атап, әрі хатшы әркімнің көкейінде тұрса да ашып айтпаған шетін мәселенің шетін шығарды. – Олар сіздің қазір жанды жеріңізден ұстап отыр, қолдарында екі бірдей балаңыз бен Күнімжан ханшайым бар.
– Жоқ, олай істей алмайды! – деді хан бірден кесіп, менің қолымда да орыстың офицерлері мен есауылы, оған қоса Барон Уйлер тұтқында отыр.
– Алда-жалда сіздің жеке басыңызға деген өшпенділікпен қатыгездікке барып жүрсе ше?
– Егер, дәл қазір үн-түнсіз отырып қалсам, онда менің хандығымның қандай қадірі бар? Баяғыда құр көп болып көтерілген ереуілшілер ғана едік, бүгін ел билеген ханбыз. Олар қатын-баламды тұтқынға түсіріп, маған айтқанын орындатып, мені қолжаулық еткісі келсе, қателеседі. Елдік мұраттың жолында қатын-баламды да құрбан ете алатынымды жауларым көрсін. Обыріш пен Аршабақ «бала-шағасы біздің уысымызда, тырп ете алмайды» деп, дәл сен сияқты ойлап отыр. Керісінше, басқыншылардың даладағы арқа тұтар Алтыбай сияқтыларын парша-парша ету керек. Сонда зұлымдар бұрынғыдан да бетер менен үрейленетін болады. Хандықты сақтау үшін өзімнен бастап, ешкімді аямауым тиіс. Жұрт – қорықпағанмен ғана санасады. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп, осындай жайтқа қатысты айтқан шығар. Олар тәңір көріп отырған ақ патшасы мен заһарлы билігінен біз несіне қорқуымыз керек?
Әңгіме зілмен аяқталды. Бұдан кейін ешкім тіс жармады. Кеңестің қорытындысында хан пәрменімен жорыққа қол сайлау жөнінде Ағыбайға табысталды да мәжіліс тарады. Хан өзінің жанына ақылманын алып қалды.
– Мына сойқанды бастамас бұрын, біз екеуміз істейтін бір амал бар.
Көзі көкшірейіп поляк жігіт ханға аңтарыла қарады.
– Перовский кетіп, Орынборға Обыріш келгелі тырс етіп белгі бермедік. Бірақ үстімізден арыз-шағым қарша борап түсіп жатқанын біліп отырмын. Жаңа Науан дұрыс айтты, шаужайымыздан алып Аршабақтың жендеттері қояр емес. Бірақ бұл Обыріштің қатысуынсыз істеліп жатқан әрекет емес. Орынбор орнықты қалпын танытып отырғаны, әзірше қызметіндегі ең жанашыр досымыз «Кеністің[4]» тоқтатуынан. Ол кетсе – ең соңғы үмітіміз үзіледі. Сондықтан, арыз-шағым түсірушілердің айтқанын ісімізбен көрсетіп дәлелдегендей болмай, жаппастың ауылын шаппас бұрын Обыріштің өзіне хат жазып, ол бейхабар даладағы тұрмыстың жайын айтып, алдынан өтейік. Біздің хатымыз қолына тиді-ау деген мезетте атқа қонамыз.
Жүсіп Кененің мына сөзінен кейін ханның қатыгездігімен ақылы қатар жүретініне сүйінді.
– Оған айтатын ойымыз қай бағытта болмақ?
– «Алдыңғы жылы Орынбордың әскер губернаторы мен шекара бастығы арасында келіссөзіміз жүріп, қарулы қақтығысты тоқтатуға мәмілелескенбіз. Осы бітімгершіліктің нәтижесінде, губерния басшылығы сенім білдіріп, патша ағзамға бар күнәмізді кешу жөнінде ұсыныс түсірген. Ол Петерборда қолдау тауып, маған рақымшылықпен мәнәпөс жарияланған. Патшаның құзіретті құжатын қолымызға алғаннан кейін уәде құдай аты деп, орысқа қарсы мылтық ату мен қылыш жұмсауды тоқтатқан едік. Содан бері бейбіт өмірдеміз. Алайда осы тыныштығымызды биыл наурыздың жиырма бірінде Батыс Сібір губерниясы бұзды. Біз аңға шығып кеткенде ауылымызға Сотников есауыл басқарған жасақ Омбыдан келіп, қарулы шабуыл жасады. Бір емес қатарынан арасына он күндей салып, екі дүркін шабуылдап, жүзден астам адамымызды өлтіріп, отыз бес кісімізді тұтқындап әкетті. Олардың арасында менің бәйбішем Күнімжан сұлтанша және екі ұлым бар. Онымен қоймай үй-жайымызды тонап, мал-мүлкімізді талап кетті. Бұдан кейін ақ патшаның құзіретімен мөрі басылып берілген рахымы мен кепіліне сыйластықпен қарамайтын орыс шонжарларына сенімім сейіліп отыр. Әлі де болса бітімгершілікке келуге болады деп санаймын» деген ресми көзқарасымызды аңғарт.
– Өте орынды ұсыныс.
– Егер бұған құлақ аспаса, біз де алған бетімізден қайтпаймыз. «Жауды аяған – жаралы болады» деген халқымыздың айтқан сөзінің кебін басымызға киіп отырмыз.
– Ұқтым, айтқаныңыздың шып-шырғасын шығармай қағазға түсіремін, бұйырса.
– Ақыры хат жазуды жанаралдан бастадық, бізге қосылмай сырдаңдыққа салып жүрген және бірнеше би мен ру ақсақалдарына дұғай сәлем жаз. Назар руының сүйектілері Байтөре мен Қаракүшік қалып қоймасын.
– Сәлеміңіз қандай бағытта болмақ?
– Бір-ақ мәселе ғой. «Мені ханымыз деп тән алсын. Айтқанымды екі етпей, ыңғайыма көшсін. Сөйткенде ғана біз де оларға қамқорлықпен қарап, қорғанымызға аламыз. Бұрынғы білместікпен немесе қиястықпен жіберген кемшіліктерінің бәрін кешеміз. Ал бұлай еткілері келмесе, алдағы қалған ғұмырымда да діземе салып, жазалаумен өтемін» дегейсің.
Осы тақілеттес хатты бізге ішін бермей жүрген кірқабақ жаппас руларының билері мен ел ағалары сияқты өзге билерге де жазыңдар.
– Мақұл.
Жүсіп орнынан тұра беріп, қайта дізесін бүкті. Бағанадан бері көкейіндегі бір мәселе оның хан алдында іркілуіне мәжбүрледі.
– Хан ием!
Кенесары ақылманының бетіне аңтарыла қарады, бұл жолы оның қызыл көзінен гөрі жасыл көзі тұтанып кеткендей көрінді.
– Ұзынқұлақтан жеткен сыбыс бойынша Күнімжан ханшайымды балалармен үшеуін Ор қаласынан Орынбор шәріне апарды деген әңгіме бар.
Хан одан сайын еңсесін сала тыңдады.
– Әскери жанарал-губернаторға оларды қолымыздағы тұтқын орыс офицерлерімен айырбастайық деп хат жазсақ қайтеді?
– Бұл ақылың – жөн ақыл, бірақ біз жанаралға бір хат жазып отырып, оған міңгестіріп екінші мәселені қозғаған хат ұсыну болмайтын шаруа. Айырбас жөнінде сөз қозғаудың уақыты әлі піспеген.
Сол күнгі әңгіме осымен аяқталды.
Күндер ілгерлей берді. Мал төлдеп бітті, қырқым науқаны аяқталды. Орынбор жақтан еш хабар жоқ. Елдің алды жайлауға көше бастады. Кене хан бұдан әрі күтудің қисынсыз екенін ұғып, сыпайларын атқа қондырды.
Жаз шыға Торғай бойы құлпырып, әр-әр тұстан үйір-үйір жылқы, түтіні сыздықтаған боз үйлер көрінер еді. Жайма-шуақ тіршілік басталып, жайлаудың рахатын ел басынан кеше бастайды. Міне, жаңа келіп қоныстанған жаппас жұрты да шадыман шаттықты күйге ене берген. Кенеттен тапа-тал түсте қара-құрым болып қаптай жеткен қалың қол Алтыбай сұлтанның ауылының қазанын төңкеріп, шаңырағын ортасына түсірді. Сұлтанның өзін ат бауырына алып сабап, жанын көзіне көрсетті. Елге қастандық жасаған орыс басқыншыларының бұралқысы деп, ханның алдына жүгінтіп, тізерлетіп отырғызды.
– Мені ханымыз деп ұққың келмей теріс қарап ұлығаныңда тапқаның, аузы түкті казактың есауылы ма? Еліңді маған қосқызбай, зекетіңді төлемей, жүре сөйлегенің қай менсінбеушілігің?! Кеудеңе піскен қандай нан?! Астыртын Сотниковтің жасауылын он жігітіңе бастатып менің ордамды шаптырғаныңда, ертең иығымдағы басым кетеді деп қорықпағаның ба? Әлде, ақылыңның жетпегені ме?! Бір емес екі қайтара тигенің, Абылай ханның аруағын ұмытқаның ғой! Осы жазаң үшін қызыңды қатын ғып, босағаңды отын ғып, шаңырағыңды ортасына түсірем. Даладағы малыңды, кеудеңдегі жаныңды жаһанамға жіберемін. Тұқымыңның соңына түсіп, тұздай құртамын! Ханның қаһарына ұшырадың, саған енді жер басып жүру жоқ!
Бет-аузы дал-дал, басы жарылған сұлтан әлдене деп баж-бұж етті. Айыбын естірткеннен кейін Кене онымен әрі қарай тілдесуді мін санады. Тізгінін қағып, жүріп кетті.
Күнәлі ауылдың сазайын тартқызған сыпайлар дүрлігіп, ауылды шауып, дүние-мүлкін сыпырып алды. Алтыбайдың бой жетіп отырған қос бірдей бұрымдысын ат артына мінгізіп, Ақшилідегі ауылға алып келді. Сосын Кенесары осы жорықта жүректілігімен көзге түсіп ерекшеленген екі сарбазына зорлап қосты. Оның бірі өздерін Қаратауға іздеп барған бағаналының батыры Құдайменді еді. Ел алдында «ойбай кім, Алтеке болған» Алтыбай сұлтан мұндай қорлыққа шыдай алмай үйінде дөңбекшіп жатып, көп ұзамай құсадан қайтыс болды. Өлер алдында қатыны арқылы немере інісі Жанғабылға «тірі жүрсе Қасым балаларынан менің кегімді алсын» деп, аманат айтыпты.
Әуелден Кенесарыға жаны қас Жанғабыл ашуға булығып, ішіне түйілген ызасын баса алмай діңкесі құрыды. Қайткенде де Кенесарыдан кек алатын амал іздеді. Оның бір-ақ жолы бар, ол – Орынбордан орыстың әскерін әкеп, қыру. Басқадай айласын таба алмады. Өздігінен қол жинап, ханның ауылын шабуға десі бармады. Сол, орыс әскерін әкеп жаппаса, Қасымның балаларына әзір ешкімнің шамасы жетпейді.
Осындай өз төтелі байламға бекіген би әскер сұрап Орынбор жанаралдарына шапты. Бірақ Кенесары хандығын біржолата құрту мақсатындағы үлкен ауқымдағы науқанға әзірленіп жатқан әскери губернатор көңіл алаңдатып, уақыт алатын бұл іске мойын бұра қоймады. Хан әскері тікелей бекіністерге тиіспеген соң, Алтыбай үшін соғыс ашуды ақылға сыйдырмады. Қанша жанашыры болса да Жанғабылды «қоя тұр» деп бос қайтарды. Әрі, осы тұста шонжарлар Орынбордағы Күнімжанға бұрынғыдай қысым көрсетпей, жағдай жасап, қасындағы қос ұлына орысша оқуына мұрсат берді.
Хан ордадағы уақытын көбіне «ереуіл кеңес-үйінде» өткізеді. Осы шаңырақта жұмысына қатысты барлық жай бар: тиісті қағаздар да, өзіне қажетті бұйымдар да, тіпті қару-жарағы да осында. Кейде қазақы үстелде отырып, қайсыбір көңілінде пісірген шаруаларын қағазға түсіріп, пысықтайтыны бар. Бүгінде сөйткен, жаңа әлгінде келіп күтушілер бес тараптан жанатын шамын жағып кеткен. Үйдің іші самаладай жарық. Өз ойымен өзі арпалысып отырғанда «Ассалаумағалейкүм, хан ием!» деген құлағына таныс дауыс созыла шықты.
– Уағалейкүм-массалам, Таймас! Кел, төрлет, кештетіп қайдан жүрсің? – деді хан сенімді серігіне.
– Орынбордан жасырын шапқыншы хабар әкелді.
«Балаларыма бірдеме болды ма?» деп, Кененің өңі құп-қу болып кетті. Оны түсіне қойған Таймас:
– Балалар мен Күнімжан ханым аман, алаңдамаңыз, – деді.
– Қызыл іңір жамылып, деміге жетуіңе қарағанда жанға жайсыз тиетін нәрсе ғой...
– Орынбордан «Кеніс» кетсе хабар атаулыдан мақұрым қалатын түріміз бар ғой, Обыріш пен екеуінің басы бір қазанда піспей жатыр екен. Түбі анау көзін құртып тынады-ау… Екі жанаралдың жағаласуы – қазақтың тағдыры баяғы, жаңа құрылған қазақ хандығы...
– Жөйіттердің жағаласуынан, жағаласпауынан бізге келіп кететін жақсылық байқалмайды. Сондықтан олардан ештеме күтпеймін, тек жамандық болмаса...
– Орынбормен мәміле табу керек, хан ием. – Таймас естіген хабарын қалай жеткізерін білмей алыстан орағытты.
– Мен ымыра іздемей отыр дейсің бе, бәтуаға келмей отырған өздері. Осыдан үш ай бұрын жазған хатыма әлі жауап жоқ. Алдына шақырса, жүзбе-жүз жолығуға да барар едім. Көзбе-көз сөйлескенге не жетсін? Ишара танытқаныңа илікпей тұрған өктем билік иелеріне не істейсің? Тіл табудың өзге қандай жолы бар?
– Білмеймін, білмеймін… Қазіргі білетінім, сіздің хандықты, яғни біздің көзімізді жоюға мына Обыріш Петербордан он төрт мың қаржы сұрапты. Оның сыртында алты мың сом сіздің басыңызды кесіп әкеген адамға сыйлыққа берілмек екен...
Хан езу тарта күлді. Таймас «мұны естігенде хан түрі бұзылып, шамданар» деп ойлаған. Олай болмады, жайдарылана жайбарақат отыр.
– Менің басымның құнын арзан бағалағандары қалай?
– Сондықтан қайткенде де тіл табу керек.
– Мәнәпөсті қаперлеріне қыстырмай отырған жөйіттермен жөн табу еш мүмкін емес!
– Басыңызды бәйгеге тігіп отырған солар, осылардың райынан қайтуға ықпал ету керек.
– Мен олар күшті екен деп, басымды алады екен деп тіземді бүгем бе? Жоқ! – Ханның даусы саңқ етіп шықты. – Петербордан менің көзімді жоюды мақсат етіп келген адамды райынан қайтарар, енді ешкім жоқ! Тек құдайға салдық.
Дәл осы хан майменемен пікір алмасып отырған күні Орынбор шекара бастығы Генс орнынан алынып, ол лауазымға Горчаковтың сенімінен өткен әрі князьдің Орынбор генерал-губернаторына берген ұсыныс-кепілімен Батыс Сібір губерниясының шекара бастығы полковник Ладыженский тағайындалған еді. Реформаны қарқынды жүргізуді ниет еткен Обручевке осы аймақты жақсы білетін, әбден ысылған Михаил Васильевич тәрізді адам қажет болатын. Сондықтан оның тағайындалуына қатысты әскери министрлікке ұсыныс-қағаз жөнелткенде, министрмен тікелей байланысы бар Орынбор әскери губернаторы Обручев полковниктің патша империясына сіңірген еңбегін ескеріп, генерал шенін де беруді сұраған еді. Міне, бәрі өздері жоспарлағандай болып, Ладыженский жаңа қызметке жанарал шенімен кеп жайғасты.
***
Тақта отырған ханның оң жағындағы адамды маймене, сол жағындағыны майсара атаған. Бұл екеуі ханның оң қолы мен сол қолы сияқты сенімді адамдар.
Жергілікті елдің айтуындағы Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков.
Петорборда қабылданған Кенесарыға рахымшылық жарияланғаны жөніндегі манифест.
Орынбор шекара комиссиясының бастығы генерал Г.Ф. Генс