Арба ма, өгіз бе?

Қазақстан үшін осы күз барлық мәселенің басын ашып береді. Биыл біз салық (басқа да түсімдер) бәрін қосқанда, 10,1 триллион теңге жинаймыз.
Бұл бюджеттің трансфертті есептемегендегі кірісі. Яғни нақты өз тапқанымыз. Сонымен бірге 18,8 триллион теңге құртамыз. Бұл бюджеттің шығысы. Сонда 8,7 триллион теңге тапшылық пайда болады. Ол – бюджеттің дефициті деп аталады. Яғни бізге енді 8,7 триллион теңге табу керек. Біз не істейміз?
Жинаған қоры жоқ елдер осы бюджет дефицитін жабу үшін сырттан қарыз алады. Ал бізде жинақталған Ұлттық қор бар. Сондықтан біз бұл ретте баланс ұстаймыз. Биыл біз Ұлттық қордан 4,03 триллион теңге алып, оны бюджетке береміз. Ол трансферт деп аталады. Сонда бюджет дефициті 4,7 триллион теңге болып қысқарды. Енді бізге осы 4,7 триллион теңге табу керек. Енді не істейміз? Бұл – 10 миллиард доллар.
Неге шығын артты? Себебі биыл «Қаңтар оқиғасы» бізді 1 триллион теңгеден астам шығынға батырды. Рубльдің құлауы, Ресейдің күйреуі девальвациялық жағдайды күшейтіп, инфляцияның өсуіне жол ашты.
Қазір жаңалықты қарап отырсаңыз, Қазақстаннан ұрланып, заңсыз сыртқа кеткен капиталдарды қайтару бойынша белсенді жұмыс басталды. Ол тегін емес. Осыдан біраз қаржы түссе, бюджет тапшылығына жаратуға болады. Бірақ әрине, оның дефицит жыртығын жаба алмайтыны түсінікті. Сондықтан үкімет қалған ақшаны қарыз алу арқылы жабады.
Бізде осы қарыз екіге бөлінеді: сыртқы қарыз және ішкі қарыз. Осы 4 триллионның шамамен 2,5 триллион теңгесін ішкі қарыз түрінде тартамыз. Ол үшін Қаржы министрі Қазақстан қор биржасында теңгелей номиналдағы мемлекеттік құнды қағаздар сатады (облигациялар, МЕКАМ, МЕУКАМ).
Ал қалған 1,5 триллион теңгені біз сыртқы қарыз ретінде таба аламыз. Былтыр біз шамамен 1 триллион теңге қарыз алғанбыз. Биыл одан сәл көбірек қарыз алуымыз мүмкін. Біздің суверенді рейтингіміз жақсы болғандықтан, біз қарызды өте тиімді, жеңіл ставкамен ала аламыз. Мысалы, қазір Ресейге ешкім қарыз бермейді.
Осы жылдың басында біздің мемлекеттік қарызымыз ішкі жалпы өнімге шаққанда 27,4 пайызды құрады. Біздегі бекітілген параметр бойынша, қарызымыз ІЖӨ-нің 30 пайызынан асып кетпеу керек. Біз ол шектен асқан жоқпыз. Ал ішкі жалпы өнімге келсек, оның көлемі 80,3 триллион теңгені құрайды.
Неге күз өте маңызды? Ресейге салынған санкцияның бізге деген салқынын әлі нақты сезінбедік. Әсері күзге таман біліне бастайды. Егер Новороссийскідегі КТК-ның істен шыққан екі танкерге құю құрылғысы жөнделмесе, онда сәуір айынан кейін мұнай сатуды шектеуге мәжбүр боламыз. Тауар тізбектері де бұзылып жатыр. Біз жаңа транзиттік жолдар таба аламыз ба? Ол да белгісіз. Сондықтан мәселе күзге таман айқындала бастамақ.
Біздің үкімет үшін – 2022 жыл ең ауыр жылдардың бірі болмақ. Бірақ осы құрамдағы тізгін қаржыгерлердің (Смайылов, Жамаубаев) қолында екені қуантады. Қаржыгерлер бізді осы тығырықтан алып шыға алатын түсінікке ие.
Дәл осы уақытта саяси билікке, әсіресе депутаттық корпусқа әлеуметтік популизмнен ары жүрген дұрыс. «Біз бәріне ақша таратып берейік!», «Кредиттерді кешірейік!» деген лозунгтар пенде ретінде бәрімізге ұнауы мүмкін, бірақ оны орындауға бар қаржысының 70 пайызын онсыз да әлеуметтік салаға (білім беру, денсаулық сақтау, зейнетақы, айлық пен жәрдемақы) жұмсап отырған бюджеттің ешқандай жағдайы жоқ. Осыны түсіну керек.