Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 21 Мамыр 2025

Ардагерлер алдап жүр: Қазақтың газ қоры қанша?

газ
Фото: 365info

Қазақстан аумағында барланған, бар екені расталған 3,8 трлн текше метр газ қоры бар. Одан бөлек, расталмаған болжам бойынша энергоресурс көлемі 62 трлн текше метрге дейін жетуі мүмкін деген ақпарат та айтылады.

 Осы салада өздерін әлем алпауыттары санайтын Ресей, Иран, Қатар мұндай көлемде болжам жасай алмаған еді. QazaqGaz ұлттық компаниясының бір білгені бар сияқты, осыдан бірер жыл бұрын осындай мәлімет айтып, елді біраз желпіндіріп қойды. Бірақ осының бәрі қаншалықты рас? Шынайы есепке келгенде құр сөз болып шықпай ма?

Қазақстан Өзбекстаннан көргенін істейді

Сала сарапшылары бірер күн бұрын «Өзбекмұнайгаз» компаниясының мәліметін мысалға келтірді. Олар елдің табиғи газдың мол қорына ие екенін мәлімдеген. Болжам бойынша Өзбекстан аумағында 1,13 трлн текше метр газ бар. Бұл байлықтың 940 млрд текше метрі расталған, яғни сенімді қорларға жатады. Ал қалған 195 млрд текше метрі болашағы бар ресурс ретінде қарастырылғанымен, әлі толық зерттелмеген.

Бір айта кетерлігі, Өзбекстан бұрын жылына 70 млрд текше метр газ, 8 миллион тоннаға жуық мұнай өндіріп, энергетикалық алпауыт ретінде танылған еді. Бірақ соңғы жылдары өндіріс қарқыны бәсеңдеп, 2024 жылы газ өндірісі 4,5%-ға, мұнай өндірісі 8,5%-ға төмендеп кеткен. Оған кен орындарының сарқылуы мен бағалау технологияларының ескіруі себеп болуы мүмкін деп пайымдайды сарапшылар.

Әйтсе де осыншама мол қорға қарамастан, 2024 жылы Өзбекстан газ импортын күрт арттырған. Елдің Статистика агенттігі 2023 жылмен салыстырғанда газ импорты 2,4 есе өсіп, 1,68 млрд долларға жеткенін мәлімдеді. Басым бөлігін Ресей мен Түркіменстаннан алады. Сарапшылардың пайымынша, импорттың мұншалық өсіп кетуінің бір себебі, 940 млрд текше метр деген расталған қор мәліметі асырып айтылған. Мұндай жағдай посткеңестік елдерде жиі кездеседі. Екіншісі, ел өз байлығын игеруге жеткілікті қаржы құймай отырған болуы мүмкін.

Қазақстанның жағдайына келейік. Энергетика саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің ойынша, ресми мәліметтер елдегі табиғи газдың расталған қоры 3,8 трлн текше метр екенін көрсетеді. Бұл Өзбекстанның көрсеткішінен 4 еседей артық. Ал жалпы газ қоры бойынша елдің әлеуеті QazaqGaz компаниясының деректеріне сәйкес 62 трлн текше метрге жетеді. Егер бұл расталса, Қазақстан газ қоры бойынша әлемдік көшбасшы атанып, Ресей мен Иранды екі еседен астам, ал Қатарды үш есе артта қалдырады.

Алайда нақты іс жүзіне келгенде жағдай мүлде басқаша өрбіген. Қазақстан жылына небәрі 30 млрд текше метр тауарлы газ өндіреді. Қасымыздағы Өзбекстанның өндірісінен екі еседен астам аз. Тағы 30 млрд текше метр газ кен орындарына қайта айдалады немесе электр энергиясын өндіруге жұмсалады. Оның үстіне, өткен жылы Ресейден 3,8 млрд текше метр газ ішкі тарифтен қымбат бағамен импортталды.

Ал мұндай қайшылықтың басты себебі – жер астындағы газ қорын бағалаудың ескірген стандарттарын қолданудан туып отыр. Қазақстан да, Өзбекстан да әлі күнге Кеңес Одағынан мұра болып қалған Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия жүйесін қолданады. Бұл жүйе бойынша газ қорлары құр техникалық өлшемдер негізінде ғана есептеліп, техникалық және геологиялық деректерге негізделеді. Бірақ экономикалық тұрғыдан тиімділігі, яғни нарық бағалары мен шығындары ескерілмейді. Соның салдарынан ресми мәлімделген қорлар мен нақты игерілетін газ көлемі арасында үлкен алшақтық пайда болады.

Заманауи жүйені енгізсе мұнай-газ қорымыз кеміп қалуы мүмкін

Сарапшының сөзінше, PRMS (Petroleum Resources Management System) – табиғи ресурстардың қорларын бағалаудың халықаралық жүйесі, әлемдік стандарт. Оны әлем елдері мен компанияларының кемі 80%-ы қолданады. Әлемдегі банктер, биржалар, инвесторлар да осы жүйені құптайды. Инвесторлар да PRMS-ті таңдайды. Ал Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия жүйесі бойынша есептелген қорларды мойындамайды. Себебі оның деректері 5 жылда, кейде 10 жылда бір жаңартылады, ал PRMS бойынша ақпарат жыл сайын жаңарып отырады. Онда мұнай бағасы, нарық конъюнктурасы, технологиялық өзгерістер сияқты факторлар ескеріліп, газ қорлары жыл сайын қайта бағаланады.

Инвесторлардың одақ заманынан қалған бағалау жүйесін мойындамайтын тағы бір себебі, оның есептерін тәуелсіз сарапшылар дайындайды. Олар қорлар туралы деректерге өз түзетулерін енгізеді. Мысалы, мұнай бағасын 100 немесе 150 доллар деп көрсете алады. Ал PRMS жүйесінде мұнай бағасы соңғы 12 айдағы бағадан жоғары болмауы керек деген қатаң талап бар. Оның үстіне, кеңестік жүйеде әр кен орнына әртүрлі баға белгіленуі мүмкін. Оның қитұрқы тұсы да бар. Олай дейтініміз, әлгі сарапшылар жер қойнауын пайдаланушымен келісе отырып, қорларды асыра бағалап, мұнай бағасын жоғары қойып, кен орнын тиімді етіп көрсете алады. Сосын оның арты сыбайлас жемқорлықпен бітеді. Ал PRMS-та бірыңғай ережелер қолданылады.

Бұл ескі жүйені Кеңес Одағы сонау 1983 жылы қабылдаған, соны Қазақстан 2005 жылы енгізе салған. Дегенмен еліміз кейін 2015 жылы PRMS жүйесіне көшпекші болды. Жоспар бойынша 10 жылдан соң, яғни 2024 жылы халықаралық жүйеге толық көшіп болуымыз керек болған. Бұл міндет «Ұлт жоспары» және басқа бағдарламалық құжаттарда көрсетілді. Бірақ 2023 жылы бұл мәселемен айналысқан жұмыс тобы көшпейтінімізді мәлімдеді. Себебі жұмыс тобындағылардың көбі ескі жүйеде жұмыс істейтін еді.

«Бір қызығы, бүгінде 4-5 ардагер-геологтың әрқайсының атында бір-бір институт бар. Солар ескі жүйе бойынша мемлекеттен лицензия алып алған. Сөйтіп, жыл сайын мұнай өндіруші компаниялардан жерасты байлық қорын есептеу бойынша тапсырыс алып отырады. Сол қорларды кеңестік әдіспен есептеу 20-30 млн теңге болса, ал жобалық құжаттамалар жасау 200-300 млн теңгеге дейін барады. Егер PRMS жүйесіне өтіп кетсек, сол институттар майшелпектен айырылады. Жаңа жүйеге көшуімізге бұл да бір кедергі», – дейді Абзал Нарымбетов.

Ал олардың есебін ешбір инвестор мойындамайды. Дегенмен 2024 жылы ел басшылығының нұсқауымен халықаралық стандарттарға көшу процесі жеделдетілді. Жаңа жұмыс тобы құрылып, 2026 жылы PRMS-ке көшеміз деген уәде берілді. Алайда сарапшы бәрібір өте қоймайтынымызға сенімді. Өйткені көптеген нормативтік құжатты өзгерту керек. Тек мемлекет тарапынан қатаң шешім болмаса, бұл процесс тағы созылуы мүмкін.

Енді бір мәселе, егер жаңа жүйеге көшетін болсақ, кезінде сол ардагер геологтардың барлап берген мұнай-газ қорының көлемі кемі 30%-ға азаяды. Олар содан қорқып отыр. Мысалы, «ҚазМұнайГаздың» соңғы жылдық есебінде Кеңес заманының әдісімен де, жаңа жүйемен де есептелген қор көлемі тұр. Сонда «ҚазМұнайГаздың» бір кенішінде 30% айырмашылық бар екені көрсетілген. Демек, жалпыға жариялап отырған мұнай көлемі де, 3,8 трлн текше метр газ да болмай қалуы бек мүмкін. Ондай жағдайда барлап-бағалағыш институттар мен солардың есебін қабылдаған шенеуніктердің ұнжырғасы түседі.

Сарапшының сөзінше, негізі заманауи жүйеге көшу қиын емес. Мысалы, Қатар небәрі 3-4 ай ғана жұмсаған. Тек мемлекеттің саяси ерік-жігері қажет. Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей және Әзербайжан сияқты елдер әлі де кеңестік жүйеде отыр. Ресейде тіпті көптеген компания екі жүйе бойынша қатар есеп беретін болған. Бірі – мемлекет үшін ескі жүйені, екіншісі – инвесторлар үшін PRMS жүйесін қолданады. Сондықтан егер Қазақстан PRMS жүйесіне көшсе, мемлекет қорлар туралы нақты, жаңартылған деректерді алар еді. Нақты мәліметтер белгілі болған соң инвесторлар да келе бастар еді.

Ербол Тұрымбет

Астана

Тегтер: