Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:13, 23 Тамыз 2022

Арды қатаң сақтайық, қазақи намысты таптаттырмайық

None
None

Сөз жоқ біздің аталарымыз намысты болған әрі ар-намысты ту етіп ұстаған. Оған тарих куә.

Олар қыз намысы – ел намысы деп есептеген. Сол жолда жандарын қиып, қандарын төккен. Бірақ намысты таптаттырмаған. Біздің ағаларымыз: «Малым жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы. Малсыз болсаң да арсыз болма; әрлі болғанша арлы бол; арыңды жеме, барыңды же; ар жазасы бар жазадан ауыр; ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы» – деп өмір сүрген, өлмес өсиет қалдырған.

          Ал қазір бізге не болды? Азғындық барған сайын неге өршіп, асқынып барады?

          Неге? Неге? Неге?

          Біз осындай сұмдық жағдайға қалай қол жеткіздік және оған нелер себепкер болды деген сұрақтарға жауап іздеп көру керек? Біріншіден, жастардың ұлттық тәлім-тәрбиесі кемшін соғуда. Оның орнын баю, баю және баю деген соқыр ұғымдар басып алған.

          Бұл дегеніңіз – алдымен экономика, сосын идеология дегеннің салдары деп есептеймін. Менің пікірімше, экономика мен идеология қыран құстың қанатындай тең болу керек. Бірге жүруі, бірге мәңгі болуы керек.

          Тек сондай жағдайда ғана ұлт руханияты жоғары деңгейде болады деп есептеймін. Осындай адам жаны шошитын жат құбылысқа біз қалай жеттік? Жауабы: Қоғамдағы қалыптасқан өлсем де, ұрласам да мал тапсам болды, ар-ұятты сыпырып тастап, қайтсем де көп ақша тауып байысам болды деген қағидадан шығып отыр емес пе?!

          Аналарымызға қатысты тағы бір мәселе бар, бәріміз болып шешетін және бүгінгі тақырыпқа тікелей қатысы бар. Ол қасиетті аналарымызға тіл тигізбеу. Осыдан бастап, «шешеңді бәлен етейін» деген боқауызды сөзді айтқанның сазайын берейік.

          Келесі маңызды мәселе – атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрімізді, ұлттық тәрбиені күнделікті өмірде кеңінен қолдану болып табылады. Салт-дәстүр бізге ең керек, ең мықты академия, институт болып табылады. Мысалы, ұл мен қызды бала кезден атастыру салты. Сонда шетелдіктерге кетпейді. Қазақ: «Қыз – ырыс» – дейді. Ырысымыздан айырылмайық!

          Қазіргі таңдағы ұлтқа қажетті өрелі салтымыз осы. Қолдануымыз керек. Әйтпесе қыздарымыз қырым – қытайға, негрлерге, арабтарға, түріктерге, еуропалықтар мен америкалықтарға және де басқа ұлттардың өкілдеріне тұрмысқа шығып, елден біржолата кетуде.

          Ұсыныс: Елімізде жастар тәрбиесі мәселелерін қайта қарап, қазақтың «Ар-Ождан мәселелері» атты 2023-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылдау керек. Жаңа «Ұлт идеологиясы және жастар тәрбиесі» атты жалпыұлттық құрылым құру қажет деп санаймын.

          Екіншіден: Парламент арқылы «Ар-ождан» заңын қабылдау.

Ар-ождан полициясын құру.

          Үшіншіден: Осы «Ар-Ождан» заңының негізінде жезөкшелерді, нашақорларды қатаң жазаға тарту. Бас бостандықтарынан айырып, қоғамнан аластату.

          Төртіншіден: қаптап кеткен «сауна-хауыздарды», «түнгі клубтарды», «гей, гейша» клубтарды, басқа да «жынойнақтарды» «бордельдерді» тез арада жабу.

          Бесіншіден: елімізде лас туризмге мүлдем жол бермеу.

          Алтыншыдан: жастардың, балалардың тәлім-тәрбиесіне алдымен отбасында, сосын балабақшада, мектепте, барлық оқу орындарында, ұйымдарда, кәсіпорындарда бірінші кезекте көңіл бөлу. Барлық оқу орындарында, барлық мекемелерде «Ар-Ождан» сабақтарын өткізу.

          Жетіншіден: Қазақ: «Қызға қырық үйден тыйым» деп бекер айтпаған. «Қыздың намысы – елдің намысы». Қыздың намысы тапталса, елдің намысы ойран болады емес пе? Біз Арды бәрінен жоғары ұстаған халық едік ертеде. Қазір не болды? Ар-ұяттан неге айырылдық?

          Сегізіншіден: бір ғасыр – 4 ширек ғасырдан құрылады. Ал бір ширек ғасырда – 25 жыл бар. Сол 25 жылда қазақтың қызы оқуын оқып, өсіп, бойжетіп тұрмыс құруы керек. Сол 25 жылда қазақтың ұлы ат жалын тартып мініп, оқуын оқып, өсіп-ержетіп үйленуі керек. Олай болмаған жағдайда қоғам дабыл қағуы тиісті.

          Тоғызыншыдан: Қазақ қыздары тек қазақ жігіттеріне тұрмысқа шығулары керек, басқаларға тұрмысқа шығуларына қатаң тыйым салынуы қажет деп санаймын. Себебі, осы үрдіс әрі қарай осылай жалғаса берсе, қазақ ұлты келесі ғасырда жоғалып кетуі әбден мүмкін;

          Оныншыдан: Жоғары оқу орындарындағы қыздардың ақылы оқуын тоқтату. Біздің жастар тегін білім алулары керек.

          Он біріншіден: идеология саласында телеарна, радио, интернет салаларын қатты қадағалап, ұлттық рухымызға зиян тидірмейтін өнімдерді ғана көрсету керек.

          Он екінші: Осы жұмыстарға арналған «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысы дайындаған «25» атты маңызды бағдарламаны үкіметтік деңгейде қабылдап, ұлттың, қоғамның, әсіресе жастардың АР-ОЖДАН мәселесін басты назарда ұстау қажет деп есептеймін. Бұл менің азаматтық ұстанымым болып саналады.

          Сіз не айтасыз, ардақты ағайын?! Ой бөлісейік.

Тегтер: