Әрекеті көп, берекеті жоқ ұйым – ҰҚШҰ
27 қараша күні Бішкекте Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының кезекті саммиті өтті. Жиынға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусь президенттері қатысты.
Ал Армения биыл да басқосуға келмей қойды. Бірақ төрде туы ілулі тұрды. Соған қарағанда, онсыз да қатары селдірей бастаған ұйым Ереванның еркелігін тағы көтеріп, оны қатардан шығарып тастауға әлі тәуекел етпеген сияқты.
Армения ҰҚШҰ-ға өкпелеп, жиналыстарына қатыспай, мүшелік жарнасын төлемей жүргеніне 2 жылдан асты. Ереван «2021-2022 жылдардағы Әзербайжанмен қақтығыста ҰҚШҰ Арменияға көмектеспеді, ұйым шартын орындамады» деп санайды. 2024 жылы ақпанда елдің премьер-министрі Никол Пашинян Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтатқанын мәлімдеген, бірақ ұйым құрамынан толықтай шыққанын ресми түрде әлі жариялаған жоқ.
«ҰҚШҰ-ның қатары селдіреді» дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. Бұл ұйым 1992 жылы 15 мамырдағы ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт негізінде 2002 жылы құрылған. ғана қалды. Арменияның жайын айттық. Ал Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда ресми билік бөтен ой танытпағанмен, оппозиция өкілдері, белсенділер ҰҚШҰ-дан елге еш пайда жоқ екенін айтып, одан шығуды үнемі талап етеді. Тіпті Қазақстанда ұйымнан шығу туралы петиция жарияланған.
Бірақ Ресейге ұйымның құламағаны, керісінше, күшейе түскені керек. Сол үшін барын салып келеді. Көпшілік ҰҚШҰ-ның Мәскеудің қалауымен құрылып, Кремльдің күш салуымен өмір сүріп келе жатқан ұйым екенін жақсы біледі. Жалпы алғанда Ресей ҰҚШҰ-да ғана емес, ТМД, ЕАЭО сияқты одақтарда да өзін көшбасшы санайды. Содан болар, ұйым жиналыстарында мәскеулік дипломаттар өз ұстанымын алға тарта, кеуде соға сөйлеуге әуес. Мысалы, былтыр қарашада Астанада өткен ҰҚШҰ саммитінде Ресей президенті Владимир Путин Украинаны, Батыс елдерін біржақты айыптап, Киевті кемсіте сөйлеген болатын. Қазақстан Ресей-Украина соғысына бейтарап позиция ұстанады, ешкімді жақтамайды. Демек Путиннің бейтарап елге келіп, өз ұстанымын таңа сөйлегенін дипломатияға томпақ әрекет деп бағалауға болады.
Ең қызығы, ҰҚШҰ-ның басты мақсаты – ұйымға мүше мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау екенін айттық. Бірақ ұйым құрамындағы елдер кейде бөтен мемлекеттен емес, ұйымның ұйытқысы болып отырған Ресейдің өзінен қауіп күтеді. Өйткені Мәскеу кейде одақтас мемлекеттерді ойландырып қоятын түсініксіз әрекеттерге барады. Кремльге жақын жүретін түрлі деңгейдегі шенеуніктері империялық амбициясын ашық көрсетіп, арандату әрекеттерін жасайды. Мұндай әрекеттер саяси қарым-қатынасты қиындатып, ұйымға кіретін елдер арасындағы достық пен өзара сенімге селкеу түсіруі мүмкін.
Бішкекте басқосқан бес ел
Қырғыздар ҰҚШҰ саммитін қабылдауға әбден дайындалған екен. Әсіресе мемлекеттік сапармен келген Путинге ерекше ықылас танытты. Тіпті президент резиденциясының қасында орналасқан Украина елшілігінің ғимаратын көрсетпей, оны жауып тұратын үлкен LED-экран орнатқан. Биіктігі бірнеше қабатты үймен бірдей LED-экран Украина елшілігі алдында желбіреген сары-көк жолақты туды көп көзінен көлегейлеп тұрды.
Сарапшылар бұл қадам Путиннің сапарымен тікелей байланысты деп санайды. Бірінші болжам – Қырғызстан билігі Украина туын Кремль қожайынына көрсетпей, жауып қоюды көздеген. Яғни, Мәскеуден келген құрметті қонақтың көз алдында «жау елдің» жалауы желбіреп тұрмасын деп, сақтық танытқан болуы мүмкін.
Екінші болжам – мұны Мәскеу талап еткен. Сарапшылар Путиннің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Ресей Федералды күзет қызметі жиналыс өтетін жерге 10 күн бұрын келіп, барлық аумақты зерттейтінін айтады. Олар Украина елшілігінен қауіп төнеді деп санап, екі ортаға қалқа қоюды талап еткен болуы мүмкін. LED-экран орнату жұмысы 20 қарашада басталғанын ескерсек, екінші болжам ақылға қонымды көрінеді. Қалай болғанда да, Ресей делегациясы келерде Украина туы жасырылғаны анық.
Мұндай жағдай былтыр Астанада да болған. Путин біздің елге де ҰҚШҰ саммитінен бір күн бұрын мемлекеттік сапармен келді. Ақорда оны құшақ жая қарсы алып, үлкен құрмет көрсетті. Астана көшелері Ресейдің үш жолақты туына толып кетті. Бірақ кешқұрым «Астана Опера» театрының жанындағы LED-экранда Украина туы пайда болып, ұйымдастырушыларды қатты састырды. Ішкі істер министрлігі бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғаса, мемлекеттік техникалық қызмет шетелден хакерлік шабуыл жасалғанын хабарлады. Қысқасы, Путин жүрген жерде Украина туының тұрғаны тосын жағдай саналатын сияқты.
Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров саммитке келген президенттерді өзі күтіп алып, киіз үйдің төріне шығарып, құрмет көрсетті. Жапаровтың Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты киіз үйге қарай бастап бара жатып «Қасым аға» деп сөз бастағанын қазақ-қырғыз жұрты жылы қабылдағаны рас. Бірақ бауырлас елдің достығы бір ауыз сөзге байланып тұрмағанын ескерген жөн.
Ал мемлекеттік сапармен жүрген Путинді қарсы алу рәсімі сәл өзгеше болды. Президенттер алдында құрмет қарауылы сап түзеп, екі елдің басшысы өзара делегация мүшелерімен танысты. «Ынтымақ Ордо» президент әкімшілігі ғимаратының алдында қаз-қатар тұрған құрмет қарауылы ротасына Путин «салам, аскер» деп қырғыз тілінде амандасты. Өзгелерден орыс тілін талап ететін Путин кейінгі кезде көрші елдердің тілінде сөз саптайтын әдет тауып алды. Жақында Тоқаевтың Мәскеуі сапары кезінде Путин «қазақ тілінде алтын деген сөзді білем» деп, қазақша тіл сындырғанын аңғартқан. Біздің пропагандашыл ағайын мұны үлкен құрметке балап, бөркін аспанға атқаны да есімізде.
ҰҚШҰ саммитінде не айтылды?
Жақында АҚШ Ресей мен Украина соғысына қатысты бейбітшілік жоспарын ұсынған. Бірақ Киев келісім талаптарын қабылдаудан бас тартты. Келіссөз әлі жалғасып жатыр. Осындай күрделі кезеңде өткен ҰҚШҰ саммиті көп назарын аударғаны анық, өйткені жиналысқа соғысып жатқан елдің президенті Владимир Путин қатысып отыр. Бірақ Бішкектегі кеңесте әлем жұртын жалт қарататын жаңалық болған жоқ, әдеттегідей «халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланған» кездесу болды.
Ал қазақстандықтар бұл саммитке ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің болашағы қалай болады екен деген қызығушылықпен ғана назар аударды десек қателеспейміз. Тәуелсіз Қазақстан тарихында аса ірі лауазымды қызметтер атқарған, кей ағайын «ауыр салмақты саясаткер» санайтын Тасмағамбетовтің ҰҚШҰ-дағы қызметі биыл 31 желтоқсанда аяқталады. Қазақ қоғамына Тасмағамбетовтің қызметтен кетуі мен оның енді қайда баратыны қызық болып отыр. Біреулер 2019 жылы зейнетке шыққан экс-шендіні Мәскеуде қалып қояды десе, екінші топ оның елге оралатынын, саясатқа араласатынын болжады. Бірақ бұл сұраққа Бішкекте жауап беріле қойған жоқ.
Тасмағамбетов ҰҚШҰ бас хатшысы қызметіне 2023 жылы қаңтарда келген. Қалыптасқан тәртіп бойынша 3 жылдан кейін қызметінен кетеді. Саммитке жиналған 5 елдің президенті Тасмағамбетовке алғыс айтып, ҰҚШҰ-ның I дәрежелі құрмет белгісімен марапаттады. Ал оның орнына Қырғызстан өкілі Таалатбек Масадыков тағайындалды. Оның қызмет мерзімі – 2026 жылы 1 қаңтардан 2028 жылы 31 желтоқсанға дейін. Сондай-ақ ұйымға төрағалық ету міндеті Қырғызстаннан Ресейге өтті. Соған сай ұйымның келесі отырысы 2026 жылы 11 қарашада Ресейде өтетін болды.
ҰҚШҰ саммиті алдында әдеттегідей қарсы алу рәсімі мен бірлескен фотосессия болды, жиын шағын құрамдағы кездесумен басталып, делегация мүшелері толық қатысқан кеңейтілген құрамда жалғасты. Президенттер Ұйым аясындағы ынтымақтастықтың қорытындысын шығарып, алдағы кезеңге жоспарды нақтылады. Саммит қорытындысы бойынша ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы және есірткі айналымына қарсы іс-қимыл туралы мәлімдемені қамтитын құжаттар пакетіне қол қойылды.
Саммитте сөз болған басты тақырыптардың бірі – ҰҚШҰ хатшылығы құрамында Ақпараттық-талдау дирекциясын құру. Жаңа бөлімше ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағындағы жағдайды жан-жақты бақылап, болжам жасауға міндетті. Сондай-ақ лаңкестікке қарсы күресті күшейту, ұжымдық қауіпсіздік күштерін нығайту, есірткі бизнесінің алдын алу сияқты тақырыптар талқыланды. Қазіргі бас хатшы И.Тасмағамбетов Ұжымдық күштердің жеке құрамы 30 мың адамға жеткенін айтты. Ал «Арна», «Нелегал» сияқты операциялар аясында 8 тонна есірткі тәркіленіп, 130 мыңнан аса заңсыз көші-қон дерегі анықталған. Бұдан бөлек, ұйымға мүше елдер арасында әскери ынтымақтастық дамып келе жатқаны сөз болды.
Жиналыста сөз алған Ресей президенті «ҰҚШҰ кейінгі онжылдықта беделді аймақтық құрылым ретінде қалыптасқанын» айтты. Путин бұл жолы Батыс елдерін сыпыра сынап, Украинаны жөнді-жөнсіз айыптаған жоқ. Барынша жалпылама сөйлеп, бейбіт көзқарас танытты. Бірақ ҰҚШҰ ұжымдық күштерін «ресейлік заманауи қару-жарақпен» қайта жабдықтауды ұсынды. Сарапшылар оның «нақты әскери іс-қимылдар барысында тиімділігін дәлелдеген ресейлік заманауи қару-жарақпен және техника үлгілері» деген сөзі Украинамен соғыста сынақтан өткен қару-жарақ дегенді білдіреді деп жазып жатыр.
Мұндай ұсынысты биыл 31 қазанда Алматыда өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері кеңесінің 85-отырысында Ресей қорғаныс министрі Андрей Белоусов та айтқан. Сол жиында Белоусов тіпті «Украинадағы арнайы әскери операция кезінде жинақтаған тәжірибемізді көрші елдермен бөлісеміз» деп айды аспанға шығарған. Бірақ әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов «Жас Алашқа» Ресей қазір өзге елге заманауи қару-жарақ бере қоятын жағдайда емес екенін айтқан. Сарапшының сөзінше, халықаралық санкцияның құрсауына түсіп, технология жағынан шектеу астында қалған Мәскеудің әскери жағдайы мәз емес.
Сондай-ақ Қырғызстанда қабылданған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясында аймақта қақтығыстар күшейіп, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің шекарасы маңына қауіп төндіре бастағаны, аймақтан тыс ойыншылардың ҰҚШҰ кеңістігіне ықпал етуге тырысып жатқаны айтылған. Біз бұл жерден де Кремльдің көзқарасын танып отырмыз. Мысалы, Украина Ресейдің Курск облысына шабуылдағанда ҰҚШҰ өкілдері «Соғыс ҰҚШҰ жауапкершілігі аумағына ойысты» деп дабыл қаққан. Ал бас хатшы И.Тасмағамбетов «Еуропа әскері Украинаға кірсе, ҰҚШҰ Ресейге көмектеседі» деп мәлімдеген. Осы жолғы декларацияда қақтығыс ҰҚШҰ шекарасына жақындады деген сөз тағы қайталанғанына қарағанда, соғысқа ұйымға мүше елдердің әскерін шақыру қаупі әлі сейілмеген сияқты.
ҰҚШҰ – бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуды көздейтін ұйым. Ал Украина мен Ресей арасындағы соғыстың сипатын көпшілік жақсы біледі. Бұл қақтығыс Қазақстан немесе ҰҚШҰ-ның емес, Ресейдің жеке проблемасы деуге болады. Сондықтан қандай жағдай болса да оған ҰҚШҰ күштерін араластыруға негіз жоқ. Оның үстіне ұйымның аймақтағы қақтығыстарды шешуге қауқары жетпейді. Тіпті ҰҚШҰ-ны «саяси салмағы төмен, болашағы бұлыңғыр ұйым» деп бағалайтындар аз емес.
«Ұйымның мақсаты – қауіпсіздікті сақтау, терроризмге қарсы күрес. Ұйымның ниеті мен ұстанымы дұрыс болғанымен, нақты саяси шешім қабылдар кезге келгенде әр мемлекет өзінің мүддесін көздеп шығады. Әсіресе Ресей ҰҚШҰ-ны өзінің мүддесіне пайдалануға тырысып келе жатыр деп ойлаймын. ҰҚШҰ әлемдік тәртіпке, халықаралық қатынастар саласына ықпал ете алатын ұйым емес. Бұл негізі НАТО-ға қарсы құрылған ұйым, бірақ НАТО-ның күшімен ҰҚШҰ күшін салыстыруға да келмейді. НАТО одан 10 есе қуатты ұйым. ҰҚШҰ тиімді жұмыс істеп, Қазақстанның, Қырғызстанның немесе Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған жоқ. Сондықтан әлемдік аренада орны бар ұйымдар қатарына қосыла алмайды деп есептеймін», – дейді саясаттанушы Сайын Борбасов.
Қуаныш Қаппас