Аргын Ниғматулин 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін

Қазақстанның Бас прокуратурасы Арғын Ниғматулинге қатысты қылмыстық істің қандай бап бойынша қозғалғанын ресми түрде жариялады.
Оған Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету) бойынша айып тағылып отыр. Аталған қылмыс үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған. Бұл туралы КазТАГ жазды.
3 наурыз 2025 жылы Бас прокуратураның бастамасымен Антикоррупциялық қызмет Арғын Ниғматулинді халықаралық іздеуге жариялағаны белгілі болды. 6 наурызда Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев оның интерполдың «қызыл бюллетень» тізіміне енгізілгенін мәлімдеді.

Бұған дейін 2024 жылдың қаңтарында Ниғматулиндер отбасы бірнеше рейдерлік әрекеттерге қатысы бар деп айтылған еді. Сонымен қатар, олардың қылмыстық топтармен байланысы туралы да ақпараттар жарияланған болатын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ІЗДЕУДЕГІ НЫҒМАТУЛИННІҢ БИЗНЕСТЕРІ МЕН РЕЙДЕРЛІК ІСІ
Айта кетейік, Арғын Ниғматулин – белгілі саяси тұлға Нұрлан және Ерлан Ниғматулиндердің ағасы. Ол Қарағанды облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты. Нұрлан Ниғматулин – 2016-2022 жылдары Мәжіліс төрағасы қызметін атқарған. Ал оның егізі Ерлан Ниғматулин Мәжіліс және Сенат депутаты болған.
Бұған дейін қоғамда Ниғматулиндердің рейдерлік әрекеттерге қатысы, іскер азаматтардың бизнесін күштеп тартып алу істеріне араласқаны туралы көптеген айыптаулар айтылып келген. Алайда бүгінге дейін бұл айыптаулар ресми түрде дәлелденбеген болатын.