Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:57, 23 Сәуір 2021

Арғымақ жоқ, жабы көп

None
None

Қазақстан премьер-лигасының алтыншы турынан кейін осылай деуге тура келді.

Былтыр «Қайраттың» шоқтығы биік еді. Алматылықтар кез келген қарсыласынан әлді көрінді. Әдемі ойнады және бірнеше тур бұрын чемпион атанып, өз мықтылығын паш етті. Алексей Шпилевский шәкірттері жаңа маусымда жиі сүрініп жүр. Тіпті ол жақсы шығар. Ұлттық біріншілікте текетірес пайда болды. Өзге түгіл, «Тараздың» өзі Алматының төрінде әлгі «Қайратты» тезге сала жаздады. Қайта өздерін тежеп, азулы қарсыласпен ұпай бөлісті. Одан кейін өжеттік пайда болып, Вардан Минасян шәкірттері алтыншы турдан кейін көш бастады. Рас, «Астанамен» бірдей балл жинады. Екі команданың еншісінде де 14 ұпайдан. Тек доп айырмасы Андрей Тихонов шәкірттерінің шоқтығын биіктетіп тұр. Енді сол кезекті тур ойындарына жеке-жеке тоқталайық.

                             «ТАРАЗ» – «АҚЖАЙЫҚ» – 1:0

      Педро Эуженио! Жамбыл облысына осы жігіттің еңбегі сіңіп тұр. Тур сайын гол соғатын сұрмерген Вардан Минасян сенімін ақтады. Тек қана Педро ғана ма екен, Берик Шаихов, Фейт Обилор, Елдос Ахметов қорғаныс шебін шыңдаса, Бауыржан Байтана ойынды өрбітуге әбден төселді. Шабуылда Абылайхан Жұмабек те аянбай тер төгуде. Жалпы, «Тараздың» ойыны көпшілік көңілінен шығып тұр. Енді өздері бәрін бүлдірмесе, олардың апшысын қуыратын қарсылас аз. Оралдың «Ақжайығы» да биылғы маусымды тәуір бастаған. Алты турдан кейін 6 ұпай ұстану да қазір олар үшін ерлікке пара-пар. Владимир Мазярдың салты. Біріншіліктің басында жақсы ойнайды. Ортасында ойыны сұйылып, соңына таман кім көрінгеннен жеңіледі. Әзірше Владимир бапкерге де мамандар сын арта алмайды. Алаң иелеріне қарсы қайрат көрсетпесе де, кейбір сәттерде таразы басын теңестіруге жақын жүрді. Бауыржан Омаров секілді тәжірибелі қорғаушылар болмағанда, «Тараздан» ірі есеппен ұтылар ма еді, матч кезінде қақпашы Сергей Литовченконың да сергек ойнағанын айта кетейік. Жергілікті команда Минасян күткен биіктен табылды. Қоржынға  кезекті 3 ұпайын салып, көш бастаушылар қатарынан орын алды.

                            «АСТАНА» – «ҚЫЗЫЛЖАР» – 3:1

       Жаңа маусымның жаңалығы ретінде Абзал Бейсебековтің  әдемі ойынын айтуға болады. Абзал «Астана» сапында талайдан ойнайды. Тіпті Еуропаның белді командаларымен де күш сынасып, әбден шыңдалды. Бірақ бұған дейін Иван Маевский, Патрик Твумаси, Джордже Деспотович секілді серкелердің көлеңкесінде қалып қоятын. Енді өзі алға шықты. Алға шықты дейтініміз –  барын салып командасын өрге сүйреп келеді. Алты тур өтті. Абзал – алғыр, Абзал – мерген, Абзал – әбжіл. Бейсебековтің «Қызылжар» қақпасына алыстан толғап гол соққаны да есті жігіттің епті ойыны дер едік.

        Андрей Карпович шәкірттері де қарап қалған жоқ. Бірінші таймның 40-минутында Әлібек Қасым таразы басын теңестіріп, олардың да сонау Петропавлдан ұпай үшін келгенін байқатты. Қазір Андрей Тихоновтың командасы тағы да сол Абзалдың жетегімен биікке жол тартқандай. Екінші таймда Марин Томасов пен Макс Эбонг бір-бір голдан соғып, елордалық ойыншылардың мерейін үстем етті. «Астана» құрамын нығайтып алды. Ресей асып, сіңісе алмай қайтқан Исламбек Қуат пен Абай Айымбетов командаға жаңа леп әкелді. Сол қанаттағы қорғаушы Энрике Лопес те бұған дейін негізгі құрамда жүрген Сағи Советтің сағын сындыруға кіріскен секілді. Талантты Сағидың енді таңдаулы 11-дің қатарында жүруі неғайбіл. Лопес әзірше өз орнын біреуге ұсынудан аулақ. Тиіп-қашуға бейімделе бастаған Тигран Барсегян да ойланып қалса керек. «Ендігі мақсат – үлесті алып тайып тұру», – деп жүрген Армения құрамасының жартылай қорғаушысы таяу арада команда өзгерте қоймайтын секілді. Қалай айтсаңыз да, дәл қазір «Астана» бабында. Дәурені қашанға дейін жалғасады, оны уақыт көрсетеді.

                              «ҚАЙСАР» – «АТЫРАУ» – 1:1

        «Әне кетеді, міне кетеді» десіп сәуегейлер бал ашқан Сұлтан Әбілдаев әлі де «Қайсарды» баптауда. Алтыншы турда «Атырауды» қабылдаған Қызылорда командасы ұпай бөлісті. Негізі, жергілікті жанкүйерлер жеңіс күткен. Тіпті соған жақын тұрды да.  Каролис Лаукжемис 4-минутта есеп ашып, алаң иелерінің айбынды екенін дәлелдеген. Одан кейін екі команда да шабуылды ұмытқандай болды. Алаңда мамыражай тірлік кешті. Тек 83-минутта Дмитрий Гузь таразы басын теңестіріп, ойынға бір өзгеріс әкелді. Қалған уақытта алаң иелері жеңісті жұлып алуды ойлады. Оған қонақтар көнген жоқ. Қазір «Қайсарда» 5 ұпай бар. Егер еңсе тіктей алса, бесінші орындағы «Ордабасыға» екі аттап жетіп алады. Сол екі аттауға да көп қайрат керек. Неге екені белгісіз, әзірше «қасқырлар» азуын Айға білей алмай жүр. Ал «Атырау» небары 2 ұпай жинады. Арам Восканян басына бұлт үйірілгелі қашан! Атырау жанкүйерлері Арамның орнына өзге адам іздеу жайын талап етуде. Әзірше клуб басшылары шалт қимылға барған жоқ. Дегенмен жақын арада турнир кестесіндегі жағдай түзелмесе, Восканянның өз қызметінде қала беруі күмәнді. Қабілеті жабыға тән команданың бірі – осы «Атырау». Ашылып ойнаса, 6 гол жібереді. Оған дәлел – «Астанамен» өткен кездесу. Қорғанысқа көңіл бөлсе де, жеңіске жетудің жолын таппай жүр.

                             «ЖЕТІСУ» – «ОРДАБАСЫ» – 0:4

       Осы маусымның үздігі атанудан үміткер екеу болса, соның бірі «Ордабасы» секілді еді. Сонау Беларусьтан Александр Седневті алдырған Бақтияр Байсейітов биыл кемі медаль алатын команда жасақтайтынын мәлімдеген. Әзірше Шымкент командасынан алаңда зыр жүгіруінен сүрінуі жиі көрініс беріп тұр. Мінез танытатын кезде кері бұрылады. Негізгі қарсыласы саналатын «Астанамен» өткен ойында ұтылып қалды. Сырт алаңда тіпті «Ақтөбемен» тең түсті. Талдықорғанда ұпай жоғалтса мүлде ұят болатын еді. Соны ойлаған қорғаушы Александр Симчевич 27-минутта есеп ашты. Шынын айту керек, «Жетісу» секілді қарсыласты азулы «Ордабасы» екі шайнап, бір бүркуі тиіс еді. Бірақ алаң иелері де талайға дейін терезесі тең ойын көрсетті. Тек 57-минутта Эльхан Астанов күтпеген жерден Денис Кавлинов қорғаған қақпаға соққы бағыттап, нәтижені еселегеннен кейін ғана Ринат Алюетов шәкірттері тізгін тартты. Қарсыластың сескенгенін байқаған

Жоао Пауло мен Мирзад Механович мергендік танытты. Мирзад 11 метрлікті мүлт жібермеді.

                           «АҚТӨБЕ» – «ШАХТЕР» – 0:3

      Футболшының ішкі ойын оқу, жоспарын тап басу кез келген ғылымға сын. Тіпті сырын ашып, себебін таба алмайтын да шығар. Табан астында өзгеру отандық футболда кездесетін құбылыс екенін түсіндіріп көрмек едік. Ғылым мен ғалымды іздеуіміздің сыры сонда жатыр. Қарағандының «Шахтері» бұған дейін мінез көрсету былай тұрсын, тұяқ серпуге де жарамаған. Есесіне «Ақтөбе» қарсы келгендердің осал тұсын тауып, ұпайдан тау тұрғызуға бекінді. Егер ойын алдында қонақтар ірі есеппен жеңіске жетеді деген болжам айтылса, әлгі автордың есінің дұрыстығына талайлар күмәнмен қарар еді. Шындығы сол. Осы турға дейін Алексей Баганың командасы керемет ойнады. Керісінше, «Шахтердің» кежегесі кейін тартты. Тіпті бас бапкер Әли Әлиев қызметінен кетті. Әлиевтің орнын Әдиев басты. Могамед Әдиев. Ресейден келген маман. Ресейлік Арсен Хубулов пен Андрей Буйволов сол күнді күтіп жүрген бе? Дүр сілкініп, «Ақтөбе» қақпасына лап берді. Бесінші минутта Хубулов есеп ашып, 18 минуттан кейін Жасур Нәрзіқұлов қорғаған қақпаға тағы бір гол соқты. Желдей ескен Арсен өз командасының ойынын жүргізіп, команданың ұйытқысына айналды. Әдиев келген екі күннің ішінде Арсенге бұла күш құйыла салмағаны белгілі. Сонда Хубулов Әлиевке қырсыққан ба? Түсініп көріңіз, енді отандық футболды. Бапкер талғайтын ойыншы көп. Дегеніне көндіру, айтқанына жүргізу де оларға тән мінез. Жетпіс үшінші минутта Айдос Тәттібаев гол соғып, кеншілер ірі есеппен ұтты. Бұған дейін 9 ұпай жинап үлгерген «Ақтөбе» күтпеген жерден жеңілді.

                                  «ТҰРАН» – «КАСПИЙ» – 2:2

        Стэнли Нкоби атты ойыншы бар Қазақстан премьер-лигасында. «Тұран» сапында өнер көрсетеді. Әу баста әуесқой футболшы еді. Өнерлі жігіт. Тіпті тойға шығып, табыс тапқанын да ел естіді. Енді кәсіпқой команда сапында жүр. Нкоби сондай талантты ма, әлде біздің футболда әуесқойлар да атой сала бере ме, ол жағын зерттеу керек. Сол Стэнли алтыншы турда 2 гол соқты. «Каспий» қақпасына! Алпысыншы минутта есеп ашты, жеті минуттан кейін нәтижені еселеді. Айтпақшы, бірінші таймның орта шенінде Арман Нүсіп есеп ашқан. Қонақтардың ойыны ширап, жеңіске жақын тұр еді. Сол кезде Нкоби іске араласты. Қайта «Каспийдің» бағы бар екен. Матчтың аяқталуына алты минут қалғанда Давид Караев таразы басын теңестірді.

      Жалпы, «Тұранның» бас жаттықтырушысы Әбдіғани Бөрібаевқа қатысты да әртүрлі алыпқашпа әңгіме жүр. Қазақ бапкері кезінде «Арысты» екінші лигадан бірінші топқа шығарды. Былтыр төменгі лигада да жақсы ойнады. Өз тобында екінші орын алып, биыл күтпеген жерден премьер-лигаға шақырту алды. Салған жерден шыңға ұмтыла салмайтыны анық. Әбдіғаниға да уақыт керек. Ысылу үшін. Әзірше жаман емес, алты ойыннан кейін 3 ұпай жинады. Қысқа мерзімде жасақталған жаңа команда үшін жақсы нәтиже. Екі рет жеңіске жақын тұрды. Бірақ кездесу соңына таман қарсыластары таразы басын теңестіріп кетті. Мысалы, осы ойында да қорғаныс сол соңғы минуттарда сыр берді. Әйтпесе талайға дейін «Тұран» тәп-тәуір ойнаған. Кем дегенде бірінші айналымға дейін Бөрібаевқа мүмкіндік беру керек секілді. Бұл енді біздің түсінік.

                             «ҚАЙРАТ» – «ТОБЫЛ» – 1:1

      «Қайрат» қазір былтырғыдай адуынды емес. Әсіресе, ойынды үйлестіретін футболшының жоқ екені анық көрінеді. Айбол Әбікен әлі бабына келген жоқ. Яцех Гуральский жарақат алды. Данияр Үсенов әлі «шикі». Сондықтан да Вагнер Лав қазір, негізінен, шабуылды түйіндеуге емес, ұйымдастыруға көп күш шығарады. «Тобылға» қарсы ойнағанда да Бразилия футболшысы орта тұсқа қарайлаумен болды. Әлгі Хосе Канте екінші голды соққанда шабуылды өзі бастап берді. Кантенің келгені дұрыс болған секілді «Қайратқа». Себебі Хосесіз команда ойыны тым солғын тартар еді. «Тобыл» да топ жарудан үмітті. Осы ойынға болжам айтқан мамандар «Қайрат» жеңіске жетеді дегенге жығылған. Біздің ұстаным өзге еді. Григорий Бабаян Асқат Тағыберген, Серікжан Мұжықов, Азат Нұрғалиев үштігіне сенім артады. Ортада Тони Сильва да ойнай алады. Алматыда ол 35 минут қана өнер көрсетті. Содан кейін орнын Карлос Фонсекаға ұсынды. Ал есепті 3-минутта Азат Нұрғалиев ашқан еді. Сол қанаттан оңға қарай ойыса беріп, «Қайрат» қорғаушыларының қателігін байқап, аяғындағы допты икеміне келтіріп, алыстан тепті. Стас Покатилов Азаттан ондай қимыл күтпесе керек, соққыны қақпасына дарытып алды. Жиырмасыншы минутта Хосе Канте таразы басын теңестірді. Екінші таймда өз командасын алға шығарды. Алайда 70-минутта Раде Дугалич өрескел қателік жіберіп, Неманья Николичтің гол соғуына мүмкіндік тудырды. Әуелеген допты баспен Стас Покатиловқа бергісі келген ғой. Неманьяның сол тұста жүргенін байқамай… Николич ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланды. Рас, «Қайраттың» жеңісті жұлып алатын кезі болды. Гүлжігіт Алықұловты «Тобыл» қорғаушылары шалып жыққанда. Төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Алайда қақпашы Александр Мокин Нұрәлі Әліптің соққысын қайтарды.

Тегтер: