Арғымаққа келесі жылы табиғи газ тартылады
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданындағы елді мекендердің жағдайымен танысуда.
Әкім жуырда Арғымақ тұрғын алабында болды.
54 гектар аумақты алып жатқан тұрғын алапта 47 үй қоныстанған. Ондағы тұрғындарға аптасына екі рет тасымалды ауыз су жеткізіліп тұрады. Бүгінде сапалы ауыз сумен қамту бойынша мердігер мекеме «Улмад» ЖШС-і тарапынан жобалық сметалық құжаттар дайындалған. Ал электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында демеушілер есебінен 29 бағана орнатылған. Қазіргі таңда 47 үй жарық желісіне қосылған. Мемлекеттік электр жарығымен қамту мақсатында жобалық құжаттар дайындалу үстінде. Одан өзге, алап тұрғындары табиғи газға келер жылы қосылатын болды.
Сонымен қатар, мұнда былтыр 1,8 шақырымға, биыл 1,2 шақырым жолға шағал тас төселген. Қалған 3,3 шақырым жолға шағал тас төсеу жұмыстары келер жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Мәселемен қаныққан қала әкімі Арғымақ тұрғын алабын табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша дайындалып жатқан сметалық құжаттарды жыл соңына дейін аяқтауды және инфрақұрылым жүйесінің сапалы орындалуын тапсырды.