Арғынбек Қабылқақ, емші-дәрігер: Қытайда Қазақ медицинасын оқытатын факультет бар
Қазақ шипагерлігі өз елімізде медицина саласы ретінде дамымаса да, Қытай жеріндегі қандас бауырларымыздың ұйытқы болуымен дамып, ғылыми түрде медицинаның бір саласы ретінде әбден жақсы қалыптасқан.
Осындай қазақ шипагерлігін толық зерттеп, елімізде өсетін өсімдіктерден Арғынбек Қабылқақ есімді азамат дәрілер дайындап та жүр. Жалпы қазақ медицинасы қалай дамуда? Қазақстанда дамуы кенжелеп қалған қазақ шипагерлігінің бүгінгі таңда қандай мәселелері бар? деген сұрақ төңірегінде Darym Zaruat ЖШС қазақ шипагерлігін зерттеу орталығының директорыАрғынбек Қабылқақпен әңгімелескен едік.
- Қазақ медицинасы деген не? Көз алдыға не келеді? Қытай тибет медицинасымен салыстыра отырып, тарқатып айтып берсеңіз.
— Қазақ медицинасының тамыры өте терең. Түркітектес халықтардың ішінде ең алғаш шипагерлік емді өз алдына назараларлық бір жүйеге келтірген қазақ ұлты. Осыған байланысты шипагерлікті зерттеген ғалымдардың сөзінше, қазақ өзін аққу мен қазға теңеген. Яғни, «аққуға ұшу үшін екі қанаты керек. Қанатының біреуі әдебиет деп аталады. Өйткені халықтың тарихын, тұрмысын, әдет-ғұрпы жазбаша не ауыз әдебиеті арқылы сақталады. Ал халықты аман алып қалу үшін шипагерлік ем керек. Міне, аққуда осы әдебиет пен шипагерлік болса, екі қанаты тең болып, қалықтап ұша алады» дейді. Жалпы қазақ шипагерлігінде аңыз болған емшілер өте көп. Бірақ солардың ішінде аты қалған емшілердің бірі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Ол 1388-1478 жылдары өмір сүрген. Сол бабамыздың шипагерлік кітаптарында қазақы емдеу жолдарының тәсілдері мен түрлері толық зерттеліп, жазылған. Негізі кейбіреулер қазақы ем дегенде қолдарына дабыл жарғағын ұстаған жүгірген жабайы шаманизмді елестетеді. Олай елестетпеу керек. Өйткені өткен заманда кәдімгідей ота жасап, соқырішектерді алу, аяқтарын кесіп, ағаштан аяқ жасау секілді медицина дамыған. Соған дерек ретінде, қазіргі таңғыштар, дәкелер мен аяққа таңатын ағаштарды мысал келтіріп айтуға болады. Сүйек сынған кезде аяқтың өлшемімен бірдей етіп, гипстердің орнына арнайы таңғыштарды жасаған. Ал оқтарды алу үшін, ашық жараларды емдеу үшін арнайы дәрілік өсімдіктер мен түйенің жілік майларымен емдеген. Жалпы, қазақ шипагерлігі өте ауқымды. Ал қытай-тибет медицинасымен салыстырып айтатын болсақ, тибет медицинасы түрлі магиялық емге бейімделген. Мәселен, духала деген шайтан сияқты табынатын нәрселері бар. Алдымен олар адамның психологиясын емдеп алады да, содан кейін нақты емге кіріседі. Сондай-ақ тибет медицинасы магиялық түрде су, топырақ, ауа, от, жер секілді табыну арқылы медицинаны беске бөледі. Қытай медицинасына келсек, дәрілік шөптер 4-5 түрге бөлінеді. Содан кейін өсімдіктерді 20 топқа жіктеп, суықты шығаратын, ыстықты шығаратын, ащы, қышқыл, тәтті, кермек деп дәміне, жайына қарай жіктеп шығарады. Қазақ шипагерлігіне ұқсас тамыр ұстау тәсілі де бар. Жалпы әр елдің, әр ұлттың салты, ғұрпы болатыны секілді тамыр ұстау арқылы емдейтін өзіндік тәсілдері де болады. Осыған ұқсас ине салудың да түрлі тәсілдерін зерттеп, білген. Яғни соғыс алаңында жараланған адамдардың ми қыртысын зерттеп, боршалап, мыстан шиыршықтап, ине жасаған. Адамның денесіне қарай инелер күмістен жасалынған, ұшқырлы ине, кең жапырақты инелер деп бөлінеді. Осындай ұқсас емдердің барлығы біріктіріліп, болашақта Орта Азия халықтарының медицинасы жасалынады деп ойлаймын.
– Қазақ медицинасының атасы кім? Жаңа өзіңіз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы айтып қалдыңыз. Ол кісі Қазақстанда неге толық зерттелмей жатыр?
–. Ол кісіні алдағы уақытта толығырақ зерттейді деп ойлаймын. Бірақ қазақ елінде әркім бірінші өзінің руын зерттейді екен. Өзінің руын зерттеп, атасын батыр қылып шығара салады. Ал Өтейбойдақ бір ғана руға, бір ғана қазаққа керекті тұлға емес, бүкіл түркі халқына керекті тұлға. Мәселен, Қытайда медицина жақсы дамыған, зерттелген деп айтып жатамыз. Сондай-ақ қытайда Ли Чжы Ын деген дәрігер бар. Ол кісі 230-дан астам емдік шөптерді зерттеген. Емдеу тәсілдерінің барлығын белгілі бір тұлғалар кітап етіп шығарып, бүкіл әлемге дәріптеп жүр. Сондықтан да шығар Қытайдың емінің дамып кеткені. Ал Қазақстанда қазақ медицинасына көңіл бөліп, дамытып жүрген адамдарды көрмедім. Халықтың жағдайы нашар ма, әлде ынта жоқ па білмедім. Әйтпегенде, бүкіл түркі жұртына Өтейбойдақ секілді дәрігерлердің кітаптарын қайта шығарып, еңбегін дәріптесек, Қазақстан да медицина жағынан жақсы дамыр еді.
— Қытайда қазақ медицинасын оқытатын арнайы факультет бар екен. Бізде неге жоқ? Жақын тұрған қырғыз-өзбектердің біздің ұлттық медицинаға деген құрметі қандай? Еуропа мен Америка ше?
— Әрине, қытайда қазақ медицинасын оқытатын арнайы факультеттер бар. Қырғызстан мен Өзбекстанда да ашылған. Американы білмедім. Ал Еуропада болдым. Сонда қазақ шипагерлігі бойынша жұмыстар жасадым. Сонда байқағаным, еуропалықтар шөптен жасалынған дәрілерді жақсы көреді екен. Бір өкініштісі, біз оларға қазақ шипагерлігін тереңдетіп түсіндіре алмадық. Бірақ олар қазақ шипагерлігі бойынша дайындалған өнімдерге қызығушылық білдіріп, тұтынды. Себебі, олардың ойынша, нағыз дәрілер емдік шөптен жасалынатын көрінеді. Яғни, сырты жылтыр, құрамы бірдей, тек сыртын түрлі-түске бояп қойған дәрілерді химикат деп есептейді. Ал еміне келсек, адамдар дәрілерді тек «емдейді» деген сеніммен ғана ішкендіктен, жазыламын деп ойлайды. Дәріні ішіп, тұтынып жүрсе, неге ауруы жазылмай, ота жасауға дейін барады. Сол себепті, еуропалықтар табиғи дәрілердің күшіне ғана сенеді.
Ал факультет құру жағына келсек, ең алдымен қазақ шипагерлігінен хабары бар мамандар жүйесін қалыптастырып, тереңірек зерттей отырып, ары қарай оқу орындарын ашу қажет. Жоқ деп отыра беруге де болмайды. Бәлкім, біреу зерттемегенмен, біреу зерттер. Негізінде бізге халықтың арасында қазақ шипагерлігіне қызығып, балаларын оқытқысы келетін адамдар көп хабарласады. Сол себепті, медициналық университеттерге қазақ шипагерлігіне арнайы факультет ашса, артық болмайды. Кеше ғана қытай медицинасын оқытатын арнайы факультеттер Қазақстанда ашылатыны жайлы жаңалық естіп қалдым. Осындайда, қытайды емес, алдымен қазақты неге жарылқап алмаймыз? деген ой келеді. Әйтпесе, қытай мен қазақ медицинасы өте ұқсас. Тек дәрілік шөптерде ғана айырмашылығы бар. Өйткені әр жердің климаты, тұрғыны, шөптері әртүрлі болып келеді. Мәселен, біз қытайдың бір дәрісінің құрамын қарап, оның қай өлкенің дәрігері жасағанын айыра аламыз. Қытайдан бөлек, өзіміздің елді мысалға алып айтатын болсақ, Солтүстіктің емдік шөптері Оңтүстікте өспейді. Емдік шөптері де, адамдарының ауыратын аурулары да басқа болып келеді. Мысалы, оңтүстіктің адамдарының буыны қақсаса, оны ыстықтан болған аурулар деп есептейміз. Жылы, ыстық жерден буын ауырмайды деген қате нәрсе. Керісінше, ыстық қатты өтіп кетсе, сөлдері босап, адамның буыны одан әрмен әлсіреп, ауыратын болады. «Адам топырағына тартады» демекші, Оңтүстіктің тұрғындарына құмда өсетін шөптерден дәрі жасап, емдей аламыз. Ал Солтүстіктің адамдарына Солтүстіктік шөптері ем. Емдік шөптердің түріне келсек, деректерде Қазақстанда емдік шөптердің 130 түрі ғана бар делінген. Ал өзімнің көзбен көріп, суретке түсіріп, зерттеуім бойынша, 130-дан да өте көп емдік шөптерді кездестірдім. Яғни бізден барлық емдік шөпті тауып алуға болады. Жоқ болған жағдайда, егіп, өсіру де қиын емес. Қарап отырсам, Қазақстанда дәрілік шөптерді өсіріп, барын баптап, кәсіп жасауға да болады екен. Сонымен бірге, қазақ шипагерлігі дамиды.
– Енді әңгіменің ауанын өзіңізге бұрсақ, өзіңізді толық таныстырсаңыз. Қазақ медицинасын қайдан оқыдыңыз? Қазір өзіңіз адам емдеп, дәрі жасайды екенсіз. Дәрі жасау – ұзақ уақытты талап ететін процесс шығар.
– Мен алғашында қытай медицинасын оқыдым. Кейіннен қазақ шипагерлігіне ауыстым. 2013 жылы Шыңжанда қазақ шипагерлігінің қоғамы құрылды. Сол кезде ұйымдастырушылар мені шақырып, жұмыс барысымен таныстырды. Таныса келе, қазақ медицинасына қызығушылығы ояна бастады. Әрі соны зерттей жүріп, көптеген мақалалар жаздым. Сөйтіп, Алтай қаласында қытай медицинасын тамамдап кеткендерге арналған колледж бар. Сонда тегін жолдамамен қазақ шипагерлігін оқып шықтым. Оқып, зерттей жүре, 30 түрден астам дәрілер жасадым. Ондай дәрілерді Қытайда да, Еуропада да жасадым. Енді Алматыда шөптен дәрілер жасауды жалғастырып жатырмын. Оның ішінде бала көтере алмай жүрген әйелдерге арналған «Ақ бесік» деген дәрі бар. Сол секілді ер адамдардың күш-қуатын арттыратын дәрілер де жасаймын.
Дәрі жасау процесіне өте көп уақыт кетеді. Біріншіден, арнайы дәрі жасайтын материалдарды тазалап, кептіреміз. Одан соң ұнтақтап, кейбіріне ұн, кейбіреуіне бал қосып, біріктіріп дөңгелектейміз. Ұнды жай қосып қоймай, оны қуырып, електен өткізіп, ең ұсағын ғана қосамыз. Ал балды қайнатып, су қосып, біріктіреміз. Дәріні таңертең жасасақ, қай уақытта түн болып кеткенін аңғармай қаламыз. Жасап жатып, тастап кетіп қалуға да болмайды. Егер дәрі жасау процесінде үзіліс болса, құрамы бұзылып кетеді. Сол үшін үзіліссіз, көп уақытты алады. Негізі дәрі ішкен адамға пайдалы болса, ал жасаған адамға зиян болып келеді. Неге десеңіз, дәрі жасау барысында, тозаңдар ұшып, көзімізге, мұрнымызға кіріп, өкпемізге түсіп, жөтелтеді. Әрі шаршайсың. Ал адамдарға тап-таза, дайын күйінде барады. Одан бөлек, өсімдікті тек түнде тереміз. Түнде теретініміздің себебі, шөптің көбі тып-тыныш уақытта гүл ашады. Өйткені күндізгі шудан шөптер өспей, гүл ашуы қиын. Зерттей берсек, емдік шөптердің түрлері өте көп. Бір шөптің өзіне бір томдық кітап шығады. Алдағы уақытта итжүзім деген өсімдікті зерттеп жатырмыз. Кейін оның пайдасын біліп жатсақ, одан да арнайы дәрілер жасап қалуымыз мүмкін.
— Негізі шөптерді дайын күйінде жуып, қайнатып ішкен пайдалы ма, әлде, арнайы қоспалар қосып, дәрі жасап, ішкен пайдалы ма? Айырмасы не?
— Аурудың түріне қарай әрқалай. Ауру жеңіл болса, қайнатып, ішкен пайдалы. Ал асқынып тұрған ауруларға арнайы дәрілер жасап, ішкізген дұрыс. Бір жағынан арнайы жасалынған дәрі кез келген жерде өзіңмен бірге алып жүруге қолайлы. Егер шөпті алып жүрсеңіз, ол солып, қурап, дәмі бұзылып кетуі мүмкін.
— Қазақстанда қандай шөптерден дәрі жасайсыз? Нақты қандай өсімдіктерден жасайтыныңыз жайлы айтсаңыз. Жалпы біз елімізде өсетін өсімдіктердің қадірін білмей жүрген жоқпыз ба?
— Қазақстанда дәрілік шөптердің түрі өте көп. Соңғы жылдары заңсыз қазып, сататын адамдар көбейіп кетті. Көп қылып қазып алып, шетел асырып сатып та жатыр. Бірақ оны қарап, қадағалап жатқан өкіметті көрмедім. Ал бір-екі тал жұлып алған адамды көрсе, пәленбай миллион теңге штраф жазып береді. Миллиондап, тонналап, орып жатқан адамдарға тиіспейді. Соның салдарынан дәрілік өсімдіктер азайып бара жатыр. Мәселен, еңлік деген өсімдік бар. Одан қытайлар ерінге жағатын далап жасайды. Сондай-ақ ол өсімдікпен алапес ауруын емдейді. Соны Қытайға тонналап өткізеді. Бірақ оны қарап жатқан ешкім жоқ.
— Оның себебі неде? Пайдасын білмегендіктен бе?
— Әрине, біледі. Бірақ оған тиіспейді. Ал біз жай фотоға түсіріп, зерттеп жатсақ, қасымызға жетіп келіп, тергейді. Олардан әрең құтыламыз. Неге сол тонналап қазғандарға тиіспейді? Олай болмайды. Өйткені көптеген дәрілік өсімдіктерді қаза берсе, қоры тез таусылып, жоғалып кетеді. Ол түгілі көпжылдық өсімдіктердің өзі қазір таусылған. Мәселен, Қызылордада өсетін қызылмия деген өсімдік сиреп кеткен. Оны атпен жүріп іздеп, әрең табасыз. Оның барлығын трактормен орып алып, Қытайға өткізіп жіберді. Кезінде соны егіп, көбейтуіміз керек еді. Осылайша, өсімдік қорын толықтырып, шетелге сатып, экономикамызды көтеруге де болады. Байқасаңыз, екінің бірі жағдайым жоқ, жұмыс жоқ деп отырады. Ал жағдай неге жоқ? Өйткені бар нәрсені іске жарата алмай отырмыз.
— Әңгімеңізге рақмет! Ісіңіз берекелі болсын!