Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:06, 19 Қараша 2019

Архив – тұнған саясат

ҚР Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары, МәрзияЖЫЛЫСБАЕВА сұхбат.

– Архив – өткен дәуірлер мен бүгінгі күннің және болашақтыңтүйіскен тұсы.

Соның арқасында кезеңдер арасындағы байланыс, қоғамдық өмір менмәдениет дамуының шежіресі сақталады. Еліміздің мұрағат ісі саласындағы көрнектімекемесі – Орталық мемлекеттік архив екені анық. Жалпы, мұрағат ісі бүгінде қаншалықтымаңызды, оның қоғамдағы орны, салмағы қандай?

– Негізі, архивтің пайда болуы өркениеттіңпайда болуымен тікелей байланысты. Архивте дәуірлер тынысы бар, яғни ол – әртүрлікезеңдердегі саяси-әлеуметтік, мәдени оқиғалар мен түрлі құбылыстарға қатысты ақпараттық,деректік құжаттардың қайнар көзі. Оның маңызы да сонда. Архив ісі дамуының деңгейітарихи таным үдерісіне ықпал етеді. Соның нәтижесінде қоғамдық сана өседі.Мемлекеттің дамуы барысында көп нәрсені қалпына келтіруге болады, ал архивматериалдары жойылса, жоғалса, оны қалпына келтіру, орнын толтыру мүмкін емес.Сол себепті де архив – баға жетпес байлық.

Адамзат тарихында жинақталған рухани-мәдени құндылықтардыңжоғалуына жол беруге болмайды. Кез келген халықтың теңдессіз мәдени байлықтарыбар. Солардың қайсысының болсын құндылықтарын жоғалту бүкіл адамзатқа зиян, ал ұлттыңөзі үшін тіпті орны толмас өкініш.

– Қазақстан ұлттық архивінің ашылғанына бір ғасырға жуықтапты. Тамыры тереңдежатқан іргелі мекемеде жинақталған тарих та мейлінше бай әрі жан-жақты болсакерек…

– Қазақстан Республикасы мәдениет министрлігі Орталық мемлекеттікархивінің тарихы сонау 1921 жылы 1 қыркүйекте Орынборда құрылған өлкелікархивтен басталады. Мекеме содан бері қазақ мемлекетіне жұмыс істеп келе жатыр.Әрине, тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде атауын өзгерткен, бізден басқа даархивтер бар. Мысалы, Астанадағы Ұлттық архив. Ол тәуелсіздіктен бері қарайғы  кезеңдегі, халқымызға қатысты құжаттарды жинақтауменайналысады. Оған жоғарғы билік, министрліктер, сонымен қатар жергіліктіжердегі, ұлттық негіздегі қорлар кіреді. Ал біз XVI ғасырдан бастап, қазіргі уақытқадейінгі аралықтағы құжаттарды сақтап отырмыз.

Жалпы, мемлекеттік архивті құру ісінде С.Сейфуллиннің еңбегіерекше болғанын айта кету керек. Ол кісі жергілікті жерлердегі архивтерді бірорталыққа жинақтау жөнінде хаттар жазып, көп еңбек етті. Сөйтіп, алғаш рет 1927жылы Бөкей ордасының тарихы әкелінді. Аймақтық тарихты жинақтау үлкен көрегендікболды. Өйткені жергілікті жерлердегі архивтерде құжаттарды тонау, ұрлау, отынғапайдалану жағдайлары болғаны жазбаларда сақталған. Мұның сыртында, билік ауысқанкезде ол келесі топқа өзінің құжаттарын бергісі келмейтіні белгілі. Сондайсебеппен құжаттарды өртеу оқиғалары да кездескен.

– Мысалы, қай жерде?

– Атап айтсақ, азамат соғысы тұсында Орал облыстық басқармасыныңқұжаттарын казактар жойып жіберген. Сондықтан ол қор бойынша қазір бізде үш-ақіс сақталған. Сол кезеңдегі саяси жағдайларға байланысты мұндай жайттар әржерде орын алып жатты. Жоғарыда айтқанымдай, Сәкен Сейфуллиннің араласуымен өңірлердегіқұжаттар мүмкіндігінше тез арада Орталық мұрағатқа жиналды.

Орынбордан кейін архив Қызылордаға, одан Алматыға көшірілді.Алғашында, әрине, қолайлы жағдай болған жоқ. Тек 1962 жылы архив мекемесінелайықталып салынған арнайы ғимаратқа қоныстанды.  Әртүрлі кезеңдік құжаттармен қатар, кино-фотодеректер,жобалық сызбалар, мемлекеттік ірі тұлғалар, қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылардыңжеке қорлары жинақтала бастады. Соның негізінде 1974 жылы Орталық архив мамандарыныңұсынысымен екі архив құрылды. Оның бірі – қазіргі ғылыми-техникалық архив. Мұндакөбінесе ғылыми-зерттеу институттарының жобалық құжаттары сақталады. Екіншісі –кино, фото және дыбыс жазбалары құжаттары архиві. Бұл да сол кездегі архив қызметкерлерініңмықты маман болғанын көрсетеді. Сол тұста мұнда қағаз құжаттарды қалпынакелтіру, түптеу, биологиялық, химиялық қоспалармен тазарту жұмыстарыменайналысатын зертхана іске қосылды. 

 Бір айта кетерлігі,революциядан бұрын да, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында да біздің оқыған, көзіашық азаматтарымызды тілмаштықтан арыға көтерген жоқ. Соның салдарынан өткен ғасырдыңорта шеніне дейін архив саласында ұлттық мамандар саусақпен санарлықтай ғанаболды.

– Ұлт тарихына қатысты бірқатар маңызды құжаттардың жойылуына мұның да әсеріболған болар...

– Көптеген құжаттардың жойылуына кеңестік биліктің оларды«бай-кулактардың ісі» деп тануы себепкер болды. Олардың ішінде төте жазуменжазылған қағаздар, сыртқы саясатқа қатысты басқа да құжаттар болуы мүмкін. Мен өзімАхмет Байтұрсыновты қазақ тілінің маманы ретінде, жойылатын құжаттарды қарап шығуғаараластырғаны жөнінде бір дерек кездестірдім. Хан, сұлтандарымыздың хаттары,сол сияқты ұлт тарихы үшін маңызы зор басқа да кейбір жазба деректер соның арқасындасақталып қалды ма деп ойлаймын. Кім біледі, «саясатқа қатысы жоқ» деп, талай құндықұжатты жойғызбай алып қалған шығар.

– Бірақ кейіннен Алаш арыстары қатарында Ахмет Байтұрсыновтың өзі дерепрессияға ұшырады. Сол кезде ол кісінің өзіне, сондай-ақ араласқан жұмысына,атқарған қызметіне қатысты талай нәрсе қайта «сұрыпталуы» мүмкін ғой...

– Қалай дегенмен де, Ахмет Байтұрсынов та, онымен иықтасыпқатар жүрген өзге Алаш қайраткерлері де өз заманында саяси-әлеуметтік және оқу-ағартусалаларында қызмет атқарған, үкіметте, ғылыми кеңестерде өздерін көрсеткен ықпалдытұлғалар болғандықтан, оларға қатысты құжаттарды түгелдей жою мүмкін болмады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін архив мамандары тарихшы ғалымдарменбірлесе отырып ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге, Алашорда қайраткерлеріне,жекелеген тұлғаларға қатысты көптеген ақтаңдақтарды ашып үлгерді. Сонымен біргекөптеген ғалымдар мен жазушылардың да атағы шықты. Олардың бәрі көктен түскенжоқ, осы архив құжаттарымен жұмыс істеу арқылы танылды.

– Алаш қайраткерлерінің жеке қоры қаншалықты сақталған?

– Негізінен, сақталмаған. Олардың мұраларын тек зерттеу,іздестіру арқылы ғана табуға болады, онда да бәрін бірдей емес.     

– Бұл тұрғыдан алғанда, архив – тек ескі құжаттарды жинақтайтын орын емес,зерттеу, зерделеу жұмысымен айналысатын іргелі ғылыми мекеме. Солай емес пе?

– Әрине. Архив мамандары кешегіні бүгінге, келешеккежеткізумен ғана емес, жинақтау, жариялау, сараптаумен да айналысады. Біз әртүрліоқиғалар, мәселелер, жекелеген тұлғалар бойынша кішігірім буклеттен бастап,кітаптар, үлкен жинақтар да дайындаймыз. Оған, мысалы, Бөкей ордасы, Исатай–Махамбеткөтерілісі жөніндегі кітаптарды айтсақ болады. Алдағы уақытта Ұ.Құлымбетовқа,Н.Оңдасыновқа байланысты кітап шығарсақ дейміз. Архивтің топтама құжаттарынегізінде өзге де жинақтар дайындау ойда бар.   

– Қандай тақырыпта, қандай еңбек шығару керектігі қалай шешіледі: арнайытапсырыспен бе, әлде архивтің ағымдық жоспары аясында ма?

– Оны кейде өзіміз анықтаймыз, кейде ғалымдар тарапынан ұсынысболады, сондай-ақ белгілі бір тұлғалардың ұрпақтары да келуі мүмкін. Сосын,архивтегі соған қатысты құжаттардың көлеміне қарай шешеміз. Өйткені  бәрінің бірдей қоры жоқ. Жалпы, 350-ден астамжеке қор бар. Ең көлемдісі – ҚР Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті,академик Қаныш Сәтпаевтың қоры. Ол 7000-нан астам істі құрайды.

Архивтік құжаттарғақарап отырып қазақтың небір ұлтшыл, намысшыл, батыл азаматтары жайлы білеміз.Мысалы, Жақып Ақбаев. Сонау 1905-06 жылдары патшалық Ресей билігінің отарлаусаясатына қарсылық танытқан. Қазақтың небір шұрайлы жерлерінің келімсектерге күшпеналынып, беріліп жатқанын ашық айтқан. Соған байланысты, мысалы, орыс экономистерініңқорғану мақсатында газетке «некий казах» деп менсінбей жазған мақаласын да көрдік.

– Сіздің архив саласында жұмыс істеп келе жатқаныңызға 30 жылдай болыпты.Алғаш көрген кезде өзіңізге қатты әсер еткен құжат есіңізде ме?

– Мен архивке жұмысқа тарихтың ақтаңдақ беттері енді ғанаашыла бастаған кезде келдім. Бүгінде есімі жұрттың бәріне мәлім небір көрнектітұлғалар, аяулы Алаш арыстары, тарихымыздағы нәубетті, зұлматты оқиғалар алдымызданшықты. Университетте оқығанымызбен, бұрын оның бірін де естімегенбіз,білмегенбіз. Сосын, әрине, оларға қатысты құжаттардың қай-қайсысы болса да, қаттыәсер етті.

Одан кейін репрессияға ұшыраған атамның аты-жөнін көргендеүлкен тебіреністе болдым. Кейін хан-сұлтандарымыздың жазбаларымен танысқанда «қандайкеремет дүние» деп, әсерден арыла алмадым.

Негізі, архив қорында XVI ғасырдан бері қарайғы уақытқа тән1,5 млн құжат бар. Оның қайсысының қандай маңызы, ерекшелігі барын айтып,жазып, жариялау, бір жағынан, мүмкін емес.

– Қазақ тарихына қатысты құжаттарды іздестіру мақсатында шетел архивтерінешығу әрекеттері қашаннан басталды?

– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары архив ісін дамытудеген бағдарлама болды. Ол кезде қарапайым қызметкерміз. Одан кейін «Мәдени мұра»бағдарламасы бойынша шетелдерге шығып, архивтік құжаттардың көшірмесін жинақтайбастадық. Ресейден, Египеттен құжаттар әкелдік.

– Онда да бәрін емес дейсіз ғой…

– Әрине. Әр елдің ішкі-сыртқы саясатына орай, берілетінде, берілмейтін де құжаттар бар. Алған күнде де көшірмесін, онда да мемлекеттенбөлінетін қаржыға арнайы сатып аламыз. Жетпіс жыл отар болғанның салдарынантарихымызға қатысты көптеген құжаттар әлі де Ресейде. Қытай мен Өзбекстанархивін мүлде жабық ұстап отыр. Келіссөздер болып жатыр.

– Ал көрші мемлекеттердегі құпия қорларда қазақ тарихына қатысты қандай құжат,дерек немесе басқа да материал барын білу мүмкін бе? Құпия қорлардағы құжаттардыңбиблиографиясы, тізімі бола ма?

– Жоқ, ондай ақпарат берілмейді. Себебі ол – әрмемлекеттің ішкі жағдайы. Оны талап етуге дәрмен жоқ. Көрсетем десе көрсетеді,көрсетпеймін десе, өз еркі.            

– Ондай аса құпия құжаттар Орталық мемлекеттік архивте де бар ма?

– Бар, бірақ соншалықты көп емес. Біз осыдан екі жыл бұрынсоңғы құпиясыздандыру жұмысын жүргіздік. Ол 1939-45 жылдар арасындағы әскерикомиссариат құжаттарына қатысты. Әрине, ондай жұмысты жүргізу де оңай емес. Бізөз тарапымыздан өткізбейміз. Кезіндегі мекемелердің бүгінгі заңды мұрагерлеріменбіріге отырып жұмыс істейміз.

– Демек, қол астындағы қандай да бір құжатты архив өздігінен жариялайалмайды ғой?

– Иә. 1998 жылы 22 желтоқсанда бізде тұңғыш рет «Ұлттық архивқоры және архивтер» атты заң қабылданды. Сол заңды сақтай отырып қана жұмысжасаймыз. Жалпы,  Еуропа мен Азияелдерінің архив ісі бойынша жұмыс істейтін, халықаралық ұйымы бар, «Евразика»деп аталады. Жылда кеңес өтіп тұрады. Жақында ғана Бішкекте өтті, соған қатысыпқайттық. Осы жиында да архивтік құжаттарға қатысты халықаралық деңгейдегі біразмәселе айтылды. Оның бәрі бірден шешіле қоймайды. Өйткені бұл, бір жағынан,саяси мәселе. Мысалы, Ресей мемлекеттік архиві қазір тікелей президентке қарайды.Негізі, архив деген – тұнған саясат. Кейде жұрттар «Архивтегі құжаттарды неге құпияұстайды? Неге ашып тастамайды?!» деп наразылық білдіріп жатады. Ол түсінбестіктентуындайтын әңгіме. Бәрін бірдей жария етіп тастасақ, ертең саяси жағдайымыз, шекарамыз не болады?! Жекелеген тұлғалардыңда бір-біріне жазысқан неше түрлі дүниелері бар. Әкесі үшін баласы жауапбермейді, әрине. Дегенмен әркімнің түсінігі әртүрлі. Сондықтан іріктеп, сұрыптамасқаболмайды. Жалпы, мемлекет тұтастығы, беріктігі үшін мемлекеттік құпияның сақталғаныдұрыс. Бізде ғана емес, бүкіл дүниежүзінде солай.

– Архив құжаттары негізінде, архив қызметкерлерінің араласуымен атқарылған қандайда бір маңызды шара немесе шаруа болды ма?

– Ондай жағдайлар көп. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрынРесей тарапынан 28 панфиловшыларға қатысты жағымсыз әңгіме шыққанын білесіздер.Сол кезде тарихшы ғалымдармен бірлесе жұмыс атқарып, нақты құжаттар, деректерарқылы айыптаудың негізсіз екенін дәлелдедік.

– Осы орайда, архивші мамандығының қиындығы неде?

– Архивші – архив маманы ғана емес, сонымен қатар тарихшы,саясатшы, психолог, тіпті заңгер де болып кетеді. Себебі мұнда әртүрлі саланыңадамдары және әрқайсысы әртүрлі мақсатпен келеді. Қай-қайсысымен де жеке жұмысістеуге тура келеді. Мұнда қаншама ғасырдың құнды құжаттарын қамтыған соншалықтыбай мұра жинақталғанының өзі архив маманы жауапкершілігінің салмағын арттыра түсетініанық.

Сонымен қатар біз қазір ел аумағында ғана емес, шетелдерменде, соның ішінде Ресей, Египет, Беларусь, Польша архивтерімен тығыз жұмыс істепжатырмыз.

– Ал Ұлттық архив үшін бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселе қандай? 

– Қазір архивтегі сандық жүйе туралы көп айтылып жүр.Бірақ цифрлаудың да жөні бар. «Қағазсыз архив» дегенді шығарып алыпты. Ол не сұмдық?Қағазсыз архив бола ма? Өз басым мұны саяси жағдайларға бағытталған шабуыл депойлаймын. Дүниежүзіндегі қай халықты алсаңыз да, мейлі Қытай, Жапония, Корея,Англия болса да, неше ғасырлық мұрағаттарын сақтап, соны мақтап етіп отырған жоқпа?! Күллі архивін цифрлап, айдай әлемге жария етіп тастаған ешкім жоқ. Бұлжан-жаққа қарап, асықпай пайымдап, өз жөнімен, орнымен істелуі тиіс нәрсе.

Қаншама жылғы тарихы арқылы қазір әр мемлекет өзінің кімекенін танытып жатыр. Бұл ретте, көп дүние архивтерде сақталған. Тарих керек. Алтарихты жасайтын, ол – архив. Кітапханада қандай да бір дүниенің бірнеше данасыболуы мүмкін. Ал архив құжатында екінші дана деген болмайды.

– Әңгімеңізге рақмет. Тарих үшін, келешек үшін атқарып жатқан күрделі қызметтеріңізгетабыс тілейміз.

  Сұхбаттасқан Роза РАҚЫМҚЫЗЫ 

Фото: time.kz

    

Тегтер: